22 Желтоқсан, 2010

Байырғы байланыс мектебі

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздегі ең байырғы және ал­ғаш ашылған техникалық оқу ор­ындарының бірі – қазіргі Қазақ-Америка университеті жанындағы Алматы байланыс колледжі білім ор­дасы болып қалыптасқанына бү­гін­гі күндері 80 жыл толып отыр. Осы аралықта отандық оқу орны Қазақстанда ғана емес, жақын және алыс шетелдерде де өз беделін бекемдей білді. Қалыптасқан дәстүрі бар көне оқу шаңырағының мерейтойына Білім және ғылым министрлігінің, Ал­­маты қаласы әкімдігінің, “Қа­зақ­телеком” АҚ, “Алма­тыте­ле­ком” жә­не “Қазпошта” АҚ өкілдері мен өз­ге де жоғары оқу орын­да­рының өк­ілдері ортақтасты. Қалай десек те, осы уақытқа дейін сан мыңдаған жоғары білікті мамандарды үздіксіз даярлап келген колледждің орны бөлек. Ал­ма­ты байланыс колледжі 1930 жылы КСРО Пошта мен телеграф халық комитеті коллегиясының шешімімен №14 мектеп базасы негізінде Алматы политехникалық байланыс техникумы болып ашылды. Оқу мер­зімі 3 жылға шектелген оқу ор­нында алғашқы түлек саны 130 адамды құрайды. Содан бері Қа­зақстанда 80 жыл бойы білім беріп келе жатқан оқу орны саусақпен са­нарлықтай. Бастапқыда техникумның өзін­дік дара оқу орны, зертханалары мен жатақханалары болмаған. Ал­ғашқы оқытушылар да басқа оқу орын­да­рынан келіп дәріс беріп, негізгі кәсіптік пәндерді өндірістегі мамандар жүргізген. Ұлы Отан со­ғысы жылдарында да техникум өз жұмы­сын тоқтатпай, майдан да­ла­сына ауадай қажетті байланысшы­лар мен халық шаруашылығы ма­мандарын даярлауын жалғастыра береді. Қазір, міне, заман ахуалы өз­гер­ді, ақпараттық технологиялар дә­уі­рінде тыныс алып отырған жайы­мыз бар десек те, байланыс –мем­лекеттің басты стратегиялық бағыт­тарының бірі болып қала бермек. Қай кезде де байланыс пен ақ­па­раттық технологиялардың дамуы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайды. Ал Алматы Байланыс колледжі 40 мыңға жуық маман дайындап, байланыс саласын білікті қызмет­керлермен қамтамасыз етумен келеді. Қазіргі таңда аталмыш колледж­дің түлектері байланыс саласының дамуына қомақты үлес қосып отыр. Түлектердің келесі легі ғылыми жұ­мыстармен айналысса, біразы өз мамандықтарының майталманы ретінде танылып, шәкірт дайындап жүргендері да бар. Еліміздегі ең байырғы техника­лық оқу орны барлық кезде сту­дент­тердің білім сапасына жоғары талап қоя отырып, өзінің қалыптас­қан көне дәстүрін мақтан тұтады. Қазір колледждің техникалық база­сы жақсы жабдықталған. Қазақ-Америка университетіне қарасты колледжде студенттер мемлекеттік талапқа сай оқиды және мемлекеттік дәрежеде диплом алады. Сонымен өзінің 80 жылдық ме­рейтойын ауқымды түрде атап өтіп жатқан колледж таяу күндері “Қазақстан Республикасының қа­зір­гі әлеуметтік-экономикалық жағ­дайда техникалық және кәсіптік білім берудің мәселелері” тақыры­бын­да мәжіліс өткізіп, секциялар ба­рысында байланыс саласының да­муы мен білім беру үрдісіндегі өзгерістерге қатысты мәселелерді жан-жақты талқылады. Сондай-ақ, мерейтойы аясында аталмыш білім ордасында табан аудармай қызмет еткен, дәріс берген оқытушылар Білім және ғылым министрлігі, Алматы әкімдігі тара­пы­нан Алғыс хаттармен, Құрмет гра­мо­таларымен марапатталды. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.