«Сырын ұғу әлемнің – түзуінен сәлемнің» деген қағиданы еске алсақ, халқымыздың арғы-бергі тарихы, мемлекеттік қалыптасу саясатымыздың әрқилы кезеңдері көз алдымызға келеді. Қазақ елінің ұстанымы – бейбітшілік, мұнда ешқашан басқыншылық бопсалау болған емес. Тәуелсіздігіміздің басты тірегі мен тілегі де осы. Қазақстанның жаһандық жақсылықты қалайтын жүрек дүрсілі халықаралық аса беделді ұйым – ЕҚЫҰ төрағалығына жеткізіп, өзінің әсем Астанасында Саммит шақыруға алып келді. Бұл бағзыдан бергі далалық жиындарымыздың, құрылтай кеңестеріміздің әлемдік деңгейдегі жаңғырық жетістігі мен жемісі екендігі ақиқат. Халықаралық саяси топтардың мұны Қазақстан төрағалығының ғана емес, ЕҚЫҰ-ның табысы ретінде бағалауында үлкен мәніс барлығы да осыдан.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Саммиттің беташарын: «Құрметті мемлекет және үкімет басшылары, делегация жетекшілері! Ханымдар мен мырзалар! Тәуелсіздігін таяуда алған мемлекеттердің ішінде Қазақстан тұңғыш рет осы маңызды халықаралық форумды ұйымдастырып отыр. Мен біздің елімізге сенім білдіргендеріңіз үшін, барша әріптестеріме, Сіздерге зор алғыс айтамын», деген жалынды сөздермен бастағанда теледидар алдындағы университет ұжымы қуаныштан дүр сілкініп, көңіл көгершіндерін биік қалықтатқаны айтып жеткізгісіз көрініс еді. Тәуелсіздігін жариялағанына жиырма жыл да толмаған, ЕҚЫҰ-ға 1992 жылы ғана мүше болып қабылданған Қазақстан Орта Азия тарихында бірінші төраға атанып, 11 жыл бойы өтпей келген Саммитті жаңа Астанасында ұйымдастырып отыруы көне мемлекеттердің көпшілігінің маңдайына жазылмаған мерей.
Төрағалыққа Кавказдағы оқиғалар зардабы сейілмеген, ұйымның геосаяси жанжалдарды реттеуден шеткері қала бастаған, жалпыеуропалық қауіпсіздік тұжырымдамасының кемшін тұстары байқалып, жаңа жағдайларға бейімділігі әлсіреген, тағы басқа күрделі кезеңде кіріскен еліміз ойлау және саяси сараптау жүйесінің сонылығымен, баянды бастамаларымен, оны жүзеге асырудағы табандылығымен тәнті етті. Көшбасшымыздың ЕҚЫҰ-ға бейнеүндеуінде жарияланған сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік қағидаттары халықаралық қатынастар үрдісінде қозғаушы термин ретінде қалыптасуы жауапкершілік ұғымын тереңдете түседі. Бұл еліміздің төрағалық тұғырының салмақтылығына, абыройының асқақтығына берілген баға. Сөйте тұра, Қазақстан Президенті жыл жүгінің жеңілдемегенін, әлемді алаңдататын проблемалар азаймағандығын, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының белсенді әрі ықпалды қызметін жандандыру, оның жаңа құрылымдарының әлеуетін айқындап, әріптестік ниетте орналастыру қажеттігін атап көрсетті. «Халықтарымыздың қауіпсіз болашағы үшін бірлескен қимылдарымыз 35 жыл бұрын басталғанымен, ол тоқтаусыз жалғаса бермек, – деді ол. Әуелде «Атлантикадан Оралға дейінгі» жолды мақсат еткен Хельсинки процесі ЕҚЫҰ құрылуымен еуропалық қауіпсіздік мұраттарын «Ванкуверден Владивостокқа дейін» ұзартты. Қазір қозғалыстың үшінші кезеңі басталды. Біз кең шеңберлі «Мұхиттан мұхитқа дейінгі» деңгейге аяқ басудамыз. Араға 11 жыл салып Астана саммитінің шақырылуы Ұйымның қайта жаңғырғандығының белгісі».
Нұрсұлтан Әбішұлы Астана Саммитінде еуро-атлантикалық және еуразиялық қауымдастықтың бірыңғай және бөлінбес қауіпсіздігін қалыптастыру бағыттары тұжырымдалатынына екпін түсірді. Мұнда Хельсинки қорытынды актісі мен принциптері негізінде құрылған жаңа мемлекет – Қазақстанның өзіндік ықпалы болмақ. Еркін даму, тәуелсіздік және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ете білген еліміз, әлемнің бұрын шын мәнінде демократия атаулы болмаған бөлігінде демократиялық ұстанымдарды құрып жатыр. Осы орайда Елбасының: «Біз жас демократиямыздың еңсесін түсірмес үшін алдымен экономиканы дамыттық. Еліміздегі тұрақтылық та осыған негізделген. Қазақстан қоғамының діңгегі – барлық 140 этнос пен 46 конфессияның бейбіт қатар тіршілігі мен ынтымақ-түсіністігінде. Біз айрықша институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық. Азаматтық дамуда батыс құндылықтары мен шығыс дәстүрлерін кіріктіре алдық», деген сөздері баршамыздың патриоттық рухымызды көтереді.
Біздің Президент ЕҚЫҰ-дағы әріптестерін ядролық қарусыз әлем Жалпы декларациясының қабылдануы жөніндегі бастамамызды қолдауға шақырды. Халқымыз Семей полигонының қасірет зардаптарын бастан кешірді. Оны жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы Елбасы Жарлығы Қазақстанның ғана емес, жалпыеуропалық даму процесіне қосылған маңызды қадам болды.
Саммиттің бірінші сессиясына төрағалық еткен Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі басқосудың Еуразия жүрегінде өтіп жатқандығы еуропалық қауіпсіздік парадигмасындағы өзгерістерді бейнелейтіндігін еске салды. ХХІ ғасырдың басында Еуропа континентіндегі тұрақтылыққа қауіп тудыратын ошақтар одан тысқары аймақтарда тұтанғаны белгілі. Ауғанстандағы түйінді мәселелерді шешуге ЕҚЫҰ-ға қатысушы 43 мемлекет жұмылдырылды. Қырғызстандағы саяси дағдарыс Орталық Азиядағы жаңа қақтығыстарға жол ашпауы үшін АҚШ, Ресей басшылығының ұстанымдарымен қатар, Еуроодақтың барлық мүмкіндіктері тиімді пайдаланылғаны ортаға салынды. Қазақстан Президенті қазір есірткі транзиті, жасырын миграция, адам саудасы, сондай-ақ, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтар тарату Еуропадан тысқары аумақтарда жүріп жатқанымен, әлемнің өзге бөліктеріндегі жағдай энергетикалық, экономикалық ортақ қауіпсіздікке нұқсан келтіретінін айту артық. Сондықтан, Астана саммиті ЕҚЫҰ перспективасын саралап, талдаудағы қолайлы пікір қорыту алаңы болатыны анық. Осыған қатысты Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ның алдағы онжылдықтағы басты міндеттері қатарына халықаралық бірлестік аясындағы пікір қайшылықтарын шешуді, өзара сенім мен түсіністікті нығайтуды қосты. Қазақстан іргелі құрылымдық өзгерістер кезеңінде еуразиялық қауіпсіздік мүдделерін байланыстырушы міндетін атқаруға дайын екендігі мәлім болды. Еліміздің 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалығы да осы мүдделерге қызмет етпек.
Саммитке қатысушылар біздің еліміз өз төрағалығында Ұйымды дағдарыстан шығару міндетін табысты атқарғандығын атап көрсетті. Осыған байланысты Елбасы ендігі жерде төрағалық қызметін атқаратын мемлекеттердің белсенділікті күшейте түсетініне сенім білдіріп, өзі ұсынған бес бағытқа жан-жақты сипаттама бергендігі алдағы кезде де беделді ұйымдағы қазақстандық үлестің үдей түсетіндігін айқындайды. Саммитке ұсынылған Астана декларациясы мен іс-жоспарлар жобасы Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау тапқаны ел мерейін асқақтатқан көрсеткіш екендігіне қуанамыз. Халқымыз үшін осынау ерен басқосудың тарихи маңыздылығы да осында.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиу, Еуроодақ Төрағасы Хорман Ван Ромпей сияқты ірі тұлғалар Саммит қожасы қазақстандықтардың, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қонақжай ықыласы мен халықаралық форумды жоғары деңгейде ұйымдастырып отырғандығына алғыс айтып, Астанада ЕҚЫҰ-ның жаңа тарихы жазылып жатқанын мәлімдеуі ел халқын толғанысқа бөледі. Әсіресе, Пан Ги Мун мырзаның Қырғызстандағы жағдайды шұғыл реттеу халықаралық қауымдастықтың бірге қызмет ете алатындығын дәлелдеді деуі Қазақстан төрағалығының абыройын биіктетіп тастады. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысының әйел қайраткерлермен кездесуі еліміздегі демократиялық, демографиялық ахуалға қызығушылық танытқанын білдіреді. Оның үстіне, ЕҚЫҰ Бас хатшысының жаңа өмірді жайнатып отырған қазақстандықтарға рахмет, деген сөзді қазақ тілінде айтқаны қадамы нық, болашағы жарқын Қазақстанға көрсетілген жоғары құрмет ретінде қабылданды.
Астана Саммитіне сапарын Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінен бастаған АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның сөзін біздің оқу орнының ұжымы ерекше ықыласпен тыңдады. Ол Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ Саммитін өткізіп отырғанының өзі Ұйымның қағидалары тек адамдардың кейбір топтарына ғана емес, барлық адамзатқа керектігін көрсететініне назар аударды. «Мен елде күшті демократия мен өркендеген экономиканы жасау тек биліктің ғана қолынан келмейді, ол дамыған азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыс жасағанда ғана нәтижелі болады деп есептеймін. Сонда ғана қоғам өзінің алдында ХХІ ғасыр ұсынған сыбағаларды еңсере алады», – деді мәртебелі ханым. Бұл тұжырымдар білім сапасын арттырудағы халықаралық Болон жүйесін енгізген біздің университетіміздің оқытушы-профессор құрамы мен студенттеріне де қаратып айтылған аманат екендігін түсініп, жауапкершілікті еселейтін боламыз. Оқу орны қазірдің өзінде Астана Саммитінің маңызын ашып көрсететін насихаттық шараларды жалғастырып, жаңа ғылыми-көпшілік жұмыстарын бастап кеткенін де айтқым келеді.
Сағынтай ЕЛУБАЕВ, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты.
Көкшетау.