22 Желтоқсан, 2010

Заң ғылымдарының атасы

681 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміздің ең қастерлі ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қар­саңында мемлекетке сіңірген ай­рықша еңбегi үшiн академик Са­лық Зимановтың Мемлекет бас­шысының Жарлығымен жоғары дәрежелі «Отан» орденiмен ма­ра­патталуын заңгерлер қауымы аса зор қуанышпен қарсы алып, Ел­ба­сының заңгер-ғалымға көр­сет­кен ықыласын тұтастай құ­қық қор­­ғау саласына жасалған құрмет ретінде ризашылықпен қа­был­дады. Саналы ғұмырын заңгерлік­тің қыр-сырын терең зерттеуге арнап, құқық саласының да­муы­на орасан зор үлес қосқан ға­лымның Тәуелсіз Қазақ­стан­ның аяғынан тік тұруына қосқан үле­сі ұшан-теңіз. Салық Зиманұлы өткен ға­сыр­дың 90-шы жылдары ХII жә­не ХIII шақырылған Жоғарғы Ке­ңестің депутаты болған кезең­де саяси және құқықтық жүйе­нің теориясы мен тарихының, конституциялық құқықтың білгір маманы ретінде мем­ле­ке­тіміздің құқықтық негізін қалау­ға және заңдарды жетiлдiруге бағытталған заңнамалық рефор­м­алардың бастауында тұрды. Академик Ата Заңның әрбір бабын айқындау мақсатында өл­шеусіз еңбек етіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің дұрыс жолды таңдауына зор ық­пал етті. Ғалымның тікелей жетекшілігімен жинақталған салт-дәс­түр­лер мен әдет-ғұрып норма­ла­рын, хандар заңнамасы мен ха­лық арасында жоғары беделге ие болған би-қазылардың сот тө­ре­ліктерін, қазақтың ортаға­сыр­лық «Жарғы» құқықтар жүйесін зерттеген «Қазақтың ата заңда­ры» атты жинағының ғылыми құндылығы ерекше. Ақсақалдың жарты ғасырдан астам уақыт жинақталған заң­гер­лік саладағы терең теория­лық білімі мен мол тәжірибесі, кішіпейілділік пен парасатты­лық­қа тұнған өмір жолы ізба­сар­лары мен шәкірттеріне тәлім-тәрбие болатындай үлгі-өнеге еке­ні сөзсіз. «Салық Зиманов – Қазақ­стан­да заң ғылымдарының не­гi­зiн қалаушы», – деген жоғары бағаны академик Қаныш Сәт­ба­ев берген болатын. Абзал азамат, парасатты ғалым, көрнекті қо­ғам қайраткері ретiнде кеңінен танылған заң ғылымдарының пат­риархы Салық аға Зима­нов­тың «Отан» орденінің иегері ата­нуы ерен еңбек пен ха­лық­тың шынайы ықыласынан ту­ындаған құрмет деп ұғынамыз. Мемлекет зерттеушісі, қо­ғам­дық-саяси ой тарихының шежірешісі, оқу-ағарту ісінің ұй­ымдастырушысы академик Са­лық Зиманұлының ерен еңбе­гі­нің лайықты бағасын алып от­ырғаны ел үшін үлкен қуаныш. Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.