Мәдениет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитеті «БАҚ-тың конфессияаралық келісімді бекітудегі рөлі» деген тақырыпта семинар өткізді. Оған барлық БАҚ өкілдері қатысты. Семинар жұмысын Дін істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Лариса Броватая жүргізіп отырды.
Қай күнгі семинарлардағыдай, мұнда да бірнеше тақырыпта дәрістер оқылды. Одан кейін журналистердің сұрақтары жауып кетті. Соның ішінде, әсіресе, бүлікшіл діни ағымдарға қарсы арнаулы органдардың жүргізетін әрекеттерінің тиімсіздігіне сын айтылды. Дәріс оқығандар Еуропа елдеріндегі осындай ағымдарға қарсы әрекеттердің тиімділігі туралы айтса да біздегі осындай жұмыстардың осалдығына келгенде «заң сондай» дегеннен артыққа бара алмады. Көптеген Еуропа елдерінде басқа конфессиялардың өкілдері қаптап тұратынына қарамастан, бір-ақ діннің тіркелу құқығы бар екен. Мәселен, Норвегияда.
Неге екені белгісіз, адам құқын қорғаушылар осындай елдерге сын айтпай, барлық әлемдік және дәстүрлі діндерді ғана емес, көптеген мемлекеттерде бүлікшіл деп танылған ағымдарды да діни бірлестік ретінде тіркейтін Қазақстанды адамның діни бостандығын бұзуда деп сынайтындығы туралы мәселеге сөйлеушілер нақты жауап бере алмады. Ол – ол ма, дәріс оқығандардың бәрі біздің журналистерге діни ағымдар туралы қатты айтуға болмайтынын, әсіресе, «секта» деген сөзді ауызға алмаған жөн екенін айтып бақты. Кез келген діни бірлестік әрекетінің бағасын сот қана бере алады, тек сот қана олардың «секта» екендігін анықтай алады деген сөздер де айтылды. Сот кез келген істің құрамында қылмыстық немесе заң бұзушылық әрекет бар-жоғын ғана анықтамайтын ба еді? Ал діндердің құрамындағы аз ғана топтар ұстанатын ағымдар «секталар» деп аталатыны ежелгі діни әдебиеттерде бар түсінік емес пе? Осындайдан да қорғалақтап тұрған адамдардың діни біліктілігі жоғары деп айту қиын.
Сонымен бірге, бүлікшіл ағымдардың, әсіресе, нені уағыздайтынына, олардың қатарына қосылушылардың көбею себебі неде екеніне де жауап берген ешкім жоқ. Мұндай сұраққа бұрын жауап іздеген бір әріптесіміз ғана олардың нені уағыздайтынын жазсаңыздар, әрекеттеріне жарнама жасаған боласыздар, сондықтан оны жазудың керегі жоқ деген арнайы қызмет маманының айтқанын ауызға алды. Керісінше, олардың нені уағыздайтынын ашып көрсетіп отырса, халықтың көзі ашылып, ондайдың маңынан жүрмес еді ғой.
Бүлікшіл ағымдардың кейбірі адамдардың басына күйзелісті жағдай туғанда «жанашырлық» білдіріп, сол адамның өз бойындағы қасиетін асыра сілтеу арқылы сенімге кіріп, артынан барлық дүние-мүлкінен жұрдай қылатындығы, кей жағдайда тіпті өлім халіне жеткізетіндігі туралы Л.Броватая ғана айтып берді.
Семинарға қатысқандарға Конституция мен Азаматтық кодекстегі дінге байланысты баптар, діни тақырыптарды жариялау жөніндегі әдістемелік кеңес, мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы туралы мәліметтер, республикалық және аймақтық діни орталықтар басшыларының тізімі сияқты деректер берілді.
Жақсыбай САМРАТ.