Отанымыздың ұзақ мерзімді экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін басым бағыт ретінде Елбасы білім жүйесін дамытуды мақсат етті. Бүгінгі күні ел халқының өркендеуіндегі негізгі индикатор ретінде бағаланып отырған білім оны оқытатын жоғары оқу орны бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастырады. Міне, сондай оқу орны Астанамыздағы Назарбаев Университеті дер едік.
Бұл оқу орны елорданың сол жағалауында, қаланың экологиялық таза бөлігінде 80 гектар алқапқа орын тепкен. Ғимараттарының көлемі 143 мың шаршы метрді алып жатыр. Онда студенттерге арналған жатақхана, оқытушылар үшін тұрғын үй, өзге де қосымша құрылымдар бар. Мұндай игілікті іс қазақстандық жастардың алыс-жақын шетелдерге бармай-ақ, өз Отанында әлемдік стандарттарға сай білім алуына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған осы жоғары оқу орны болашақта білім берудегі ұлттық жүйенің және үздік әлемдік ғылым-білім тәжірибесінің барлық озық жетістіктерін жинақтаған Қазақ елінің ұлттық брендіне айналуы тиіс. Білім ордасы ел дамуының индустриялық-инновациялық мәселені шешу үшін ұлттық инженерлік-техникалық және ғылыми қызметкерлерді даярлауда сапалы серпінді қамтамасыз ету үшін жасақталып, биыл жүзден жүйрік шыққан бес жүзге таяу талапкер студент атанып білім алып жатқаны мәлім.
Мемлекетіміздің мерейін өсірген университеттің ашылу салтанатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқу орнының әлемде теңдесі жоқ, Қазақстандағы тұңғыш халықаралық дәрежедегі білім мекемесі екенін баса айтқан еді. Еліміздің болашақ зияткерлік элитасын қалыптастыру мақсатында құрылған оқу орны екенін алға тартып, бұл жастарға, елдің болашағына тартқан тарту, деген болатын.
Тағы бір айтарымыз, университеттің академиялық және ғылыми саясаты оқу орнына кіретін әрбір мектепке (факультетке) әлемнің жетекші жоғары оқу орындары қатарынан шетелдік академиялық әріптесін табуды және қуатты ғылыми, өндірістік базасына ие болуды мақсат етеді. Бұл елдің индустриялық-инновациялық даму міндеттерін шешу мақсатында білім, ғылым және өндірістің арасындағы өзара байланысты қамтып, сондай-ақ тиімді академиялық ортаны құруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде университетте 484 адам білім алып жатыр. Лондон Университеті (University College London) Foundation бағдарламасы бойынша 55 оқытушыны іріктеп алды, оның ішінде экономика және физика пәндері бойынша екі қазақстандық оқытушы бар. Сондай-ақ, университетте сенбі күндері қазақ тілі сабақтары өткізіледі (МЖМБС стандарты бойынша).
Жақында, нақтылай түссек, заман талабына, уақыт өлшеміне сай жұмыс істеп келе жатқан білім ордасы 2010 жылғы 15 желтоқсанда «Назарбаев Университеті» АҚ және «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті» жеке мекемесі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі салтанатты жағдайда өтті.
Осы Меморандумның негізгі мақсаты білім беру саласында ынтымақтастықты дамыту, университеттер арасында өзара түсіністікті нығайту болып табылады.
«Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті» Назарбаев Университетімен ынтымақтастықта «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ кіретін барлық еншілес құрылымдар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, ұлттық және ірі бизнес компаниялары үшін жоғары дәрежедегі білікті басқару кадрларын дайындауға көмек көрсетуге қызығушылық білдіреді. Аталған Меморандум бойынша бірлескен іс-шаралар өзара мүддені білдіретін жұмыстарды әзірлеу және жүзеге асыру, ғылыми симпозиумдар, конференциялар, семинарлар, тұсаукесер рәсімдерін, дөңгелек үстелдер және іс барысындағы кездесулерді өткізуге бағытталады. Біз бұл ынтымақтастық екі тарап үшін де жемісті және пайдалы болатынына сенімдіміз» – деді меморандумға қол қою салтанатында «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің» директоры Гүлмира Болатқызы Раисова.
«Назарбаев Университеті біріншіден, ұлттық, сондай-ақ, дүниежүзілік деңгейде білім беруді қалыптастырып, Отанына қызмет ететін жастардың ой-санасын өсіріп, білім білігін арттыруды мақсат тұтады. Университет қызметінің басты мақсаттарының бірі болып, білім беру және ғылыми мекемелермен ынтымақтастықты, серіктес байланыстарды дамыту болып табылады. Осы тұрғыда білім беру сапасын жетілдіріп, Қазақстанның жеке және ұлттық компанияларында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру ісінде, сол секілді тәжірибе алмасу барысында бұл келісімнің маңызы ерекше деп білемін. Біз «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетімен» ынтымақтастықты осылайша жолға қою жұмысындағы мүмкіндіктерін жоғары бағалай отырып, оны болашағы мол жемісті қадам деп есептейміз» – деді «Назарбаев Университеті» АҚ басқарушы директоры Стивен Грин.
Сүлеймен МӘМЕТ.