Атырау жылу-электр орталығының төртінші кезегі іске қосылды
Атырауда электр қуатына сұраныс артып келеді. Осыған орай Атырау жылу-электр орталығының қуатын одан әрі ұлғайту жобасы қолға алынған еді. Жобаның құны – 16,5 млрд. теңге. Кәсіпорынның өз есебінен шығарылған осынау қомақты қаржыға іске асырылған жоба Атырау жылу-электр орталығының қуатын бұрынғыдан 75 мегаватқа арттырмақшы. Аталған жобаның 25 мегаваттық бастапқы қуатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы өңірге келген сапарында іске қосып, облыс энергетиктеріне табыс тіледі. Осы жоба толық қуатында жұмыс жасағанда өңірді электр энергиясымен қамтуда 2012 жылға дейін еш қиындық туындамайды. Ал, жылу энергиясының қажеттілігі қазіргі қуаттармен-ақ өтеледі деп сендірген кәсіпорын басшылары мұнымен шектеліп қалуды көздемейді. Алдағы жылдары тағы да 75 мегаваттық электр және 169 гикакалориялық жылу энергияларын қатарға қосуды жоспарлап қойған. Бұл жаңа қуаттар пайдалануға берілгенде 2015-2018 жылдарға дейінгі сұранысты толығымен қамту мүмкін болмақ. Дегенмен, мұнайлы өңір экономикасы жыл сайын қарқынды дамуда. Демек, электр энергиясын тұтынуға сұраныс арта бермек. Демек, 2020 жылға дейінгі мүмкін қажеттілік осы кезден назарға алынып, келешекте тағы да қуаты 75 мегаваттан кем болмайтын екі бу турбинасын салу жайы талқылануда.
Кеше Атырау жылу-электр орталығының 75 мегаваттық қуат беретін төртінші кезегі пайдалануға берілді. Мұның өңір үшін қандай маңызы бар? Атырау жылу-электр орталығы АҚ президенті Мұхамбетқали Қалиевтің айтуынша, бұл алдымен, еліміздегі серпінді жобалардың бірі. Елбасының өзі бұған айрықша маңыз беріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік жасайтын жоба ретінде атады. Сонымен қатар, жыл санап өсіп келе жатқан мұнайлы мекеннің энергетикалық қуаттарға деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі. Қатарға қосылып жатқан жаңа кәсіпорындар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар электр және жылу энергияларына сенімді қосылады. Осы мақсат үшін Ресейдің Калуга қаласынан жаңа үш бу турбинасы әкелініп, орнатылған.
– Бүгін өңір үшін ең маңызды жоба іске қосылды, –деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев жобаның пайдалануға берілу салтанатында. –Бұл биыл біздің облыста іске асырылған жеті жобаның бірі. Енді өңірімізде электр энергиясының тапшылығы болмайды. Жаңа өндіріс ошағында жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазірдің өзінде 117 адам жұмысқа қабылданды. Олардың бәрі де кәсіби біліктілігін жетілдірген осы жердің адамдары. Ал, құрылыс жұмыстарына 300-дей адам тартылды. Ең бастысы, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Себебі, осы жобаны іске қосу арқылы Атырау облысы іргелес Ресей мен Маңғыстаудың энергетикалық қуаттарына деген тәуелділіктен құтылады.
Атырау энергетиктері электр және жылу энергияларын тұтынушыға таратуға баса мән беріп отыр. Қысқа мерзімде ғана бір мың шақырымнан аса жаңа электр желісі тартылып, 90-ға жуық электр энергиясымен қамту нысандары қатарға қосылды. Олардың ішінде 55 трансформатор бар. Қолданыстағы электр жабдықтары жоспарлы түрде күрделі жөндеуден өтіп келеді. Өйткені, Атырау жылу-электр орталығының бастапқы жобалануы сонау 1953-1955 жылдары қолға алынып, 1963 жылы бірінші кезегі қатарға қосылды. Ал, оның екінші кезегі 1969-1970 жылдары пайдалануға берілсе, үшінші кезегі 1976 жылы пайдалануға тапсырылған екен. Енді міне, жарты ғасырдан кейін Атырау жылу-электр орталығының төртінші кезегі іске қосылды.
– Бұрын біздің орталықта 215 мегаваттық қуат өндірілетін. Бұл өңірдің электр энергиясына қажеттілігін толық өтей алмады. Сол себептен көршілес Маңғыстау облысынан, Ресейден қосымша қуат алып келдік. Енді бұрынғыға қосымша 75 мегаваттық қуат өндіретін жаңа жобаны іске қостық. Сөйтіп, Атырауда өндірілетін қуат көзі 290 мегаватқа жетіп отыр. Бұдан былай өңірдің электр энергиясына қажетті қуатты өзіміз өндіре аламыз. Сонымен бірге, электр энергиясының қоры да жасақталады, – деді газет тілшісіне «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ президенті Мұхамбетқали Қалиев.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.