Биыл жазда ашылып, осы күнге дейін 40 нөмірін шығарып, барлық әріптестеріне қырқымыздан шыққан күнге куә болыңыздар деген «Халық сөзі» газеті мен «Шығармашылық билет» бірлестігі ұйымдастырған конференция екі мақсаттың төңірегіне арналған екен. Оның алғашқысы – БАҚ пен халық арасындағы байланыс, қазақ басылымы мен дизайн болса, екіншісі– «Халық сөзін» қырқынан шығару.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов, Байланыс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерден, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Нұр Медиа» холдингі бас директорының орынбасары Альберт Төлегенұлының сөздері қазақ тілді басылымдар көтеретін тақырыптарға, олардың дизайнына арналды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып тұсаукесер, беташар тәрізді рәсімдерді көргенін айта келіп, газеттің қырқынан шығуына бірінші келуім, деп жұртшылықты бір күлдіріп, желпінтіп тастап, жаңа басылым шынында да бүгінгі сөз етіп отырған тақырыпқа жауап беретін, безендірілуі өзгеше, бояулы газет екен, жақсы басылым дүниеге келіпті, соған қуандық және оны шығарушылардың барлығы менің шәкірттерім, жастар екен, деді.
«Халық сөзі» жақсы шығып жатыр, бірақ осы қалада қазақша газет сатылатын екі-ақ дүңгіршек бар. Барсаң, кейде ол өтіп кетіп қолға тимей жатады, сондықтан бізге газет тарату мәселесін де қарастырған дұрыс», – деді ақын Серік Тұрғынбеков.
Сонымен, құрметті оқырман, қазақ тілді жаңа бір басылым қырқынан шықты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.