«Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ президенті Мейрам ҚАЖЫКЕНМЕН әңгіме
– Мейрам Зекешұлы, әңгімені сіз басқаратын институттың құрылу мақсаты және оның зерттеу нысаны нелер болмақ деген сауалдан бастасақ...
– Өткен жылдың көктемінде Қазақстанға ресми сапармен Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак келді. Елбасымен әңгіме барысында ол Оңтүстік Корея экономикасы өркендеуінің ғылыми негізі – Корея даму институты әзірлеген даму бағдарламасы екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке индустриялық даму тәжірибесімен танысу үшін Кореяға арнайы делегация жіберуді тапсырды. Мен осы топ құрамында Оңтүстік Кореяда іссапарда болдым. Сапар барысында біз Қазақстанда Корея даму институты сияқты мамандандырылған ғылыми ұйым құру туралы қорытындыға келдік. Қазақстандық институт өнеркәсіпті дамытуды қамтамасыз етуге қажетті қолданбалы сипаттағы зерттеулермен айналысады.
– Бірақ, Қазақстанда әртүрлі стратегиялық жоспарлау және даму институттары бар екені мәлім? Бұл мәселелер олардың құзыретіне кірмей ме?
– Қазақстанда әртүрлі жеке, салалық немесе ведомстволық институттар бар. Олар өнеркәсіптің ағымдағы проблемаларын құзыретті және кәсіби тұрғыдан зерттеуге, даму перспективларын болжауға және басқа да қысаң ғылыми зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді. Алайда, мемлекет қандай да бір проблемалар бойынша зерттеу жүргізу үшін түрлі ғылыми ұйымдарды тартқан кезде сабақтастық жойылады, ал ол ғылым үшін тиімді емес. Өнеркәсіп саласындағы тәжірибе, әдістеме немесе тіптен, бұрын жүргізілген көптеген зерттеулер, өкінішке орай, толық көлемде сақталмаған немесе қайтарымсыз болған. Яғни, мемлекеттік инвестициялар босқа шығындалды деген сөз. Менің көзқарасымша, мамандандырылған өнеркәсіп институтын құрудың басты аргументтері де осылар. Біз өнеркәсіпті дамытудың ағымдағы жай-күйін бағалаумен немесе мониторингпен ғана шектелмейміз. Бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге, шешімдерді дайындауға және басқа мәселелерді ғылыми әзірлеуде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жәрдемдесу институттың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасынан бұрын қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың осалдығы дәл болжамды есептеулерді жүйелі талдау сапасының төмендігіне байланысты болды. Біздің міндетіміз – өнеркәсіп салаларының проблемаларын анықтау және зерттеу, олардың әлемдік экономика үдерісімен өзара байланыста даму перспективаларына болжам жасау.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бекітілді және ол ішінара іске асырылуда. Сіздің институттың бұл үдерістегі рөлі қандай?
– Біз атқаратын жұмыстар өте көп. Біріншіден, экономикалық саясаттың ондаған көрсеткіштерін және нақты шараларын қамтитын салалық бағдарламаларға мониторинг және талдау жүргізу қажет. Екіншіден, оқиғалардың алдын алып, жеке түйінді индикаторлар бойынша болжамдар беру керек. Бұл Үкіметке тиісті шешімдер қабылдап, үлкен де күрделі жобаларда болмай тұрмайтын қателіктерді уақытылы түзеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, микродеңгейде, нақты кәсіпорындар деңгейінде және инвестициялық жобаларда проблемалар жеткілікті. Бұл жерде институттың консультант ретіндегі рөлі өте маңызды.
Сол сияқты біз Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің тапсырмасы бойынша Қазақстан өнеркәсібін ынталандыру мен жаңғыртуды қолдаудың жүйелі шараларын әзірлеумен айналысудамыз. Қазіргі кезде нәтижелер жоқ емес.
– Алдын-ала белгілі болған қорытындылар қандай?
– Мүмкін болса мен бұған кейінірек, 2010 жыл қорытындысын шығарған кезде, технологиялық аудиттің барлық деректері өңделіп, нақты ұсыныстар негізі жасақталған кезде жауап берсем деймін. ҮИИДБ нәтижелеріне пікір білдіруге әлі ертерек, бірақ біраз жәйттерді айта кетуге де болады. Жалпы, ҮИИДБ-ні әзірлеушілер мақсатты көрсеткіштерді жеткілікті түрде дұрыс анықтаған. Олардың көпшілігіне қол жеткізуге болады және экономиканың алға жылжуына негіз бола алады. Сонымен бірге әрі қарай өңдеуді, оның ішінде өнімділік пен энергия тиімділігін талап ететін бірнеше көрсеткіштер бар. Олар бойынша салалар сегменті шегінде деректерді жинау және өңдеу жұмыстарын бір жүйеге келтіріп, бағалау мен болжау әдістемесін енгізу керек.
Жалпы, экономика – қарқынды дамитын орта, сондықтан онда болып жатқан өзгерістерді уақытылы байқап, бағасын беріп және оларға қатысты шұғыл шешімдер қабылдай білу керек. Біздің түпкілікті қорытындыларымыз осы талаптарға жауап беруі тиіс.
– ҮИИДБ-ні сынаушылар салалық бағдарламалар көрсеткіштеріндегі айырмашылықтар туралы жиі айтуда...
– Мұндай проблема жоқ емес. Шағын, теңдестірілмеген, оның ішінде жеке инвестициялық жобаларды таңдауда қауіп тууы мүмкін. Мемлекеттік қолдау шаралары мен көрсеткіштер қатары бойынша теңдестірілмеу проблемасы бар. Оны түзетуге болады және біз оларды түзетіп те келеміз. Статистика агенттігімен бірлесіп дерекқор жинақтап, ақпарат жинауды бір ізге салудамыз, үлгілер кешенін, оның ішінде теңдестіру үлгілерін құрып жатырмыз. Жақын келешекте барлық ҮИИДБ жобаларының панорамалық сипатқа ие болу мүмкіндігі бар.
– Кәсіпорындардағы технологиялық аудит пен жаңғырту мәселелері жөнінде айта кетсеңіз.
– Жоғарыда айтып кеткенімдей, кәсіпорындарға технологиялық аудит жүргізілуде, бұл дегеніміз кәсіпорындар пайдаланатын техника мен технологиялар жағдайын зерттеу. Бізге университеттер мен қауымдастықтар үлкен көмек көрсетуде. Зерттеу әдістемесі Бүкіләлемдік банк сарапшыларымен келісілген. Аудиттен ерікті түрде өтуге 187 кәсіпорын келісім берді, олардың ішінен 160-ы іріктеліп алынды. Алғашқы қорытындылар бар және олар министрлік үшін «Өнімділік-2020» бағдарламасын әзірлеу кезінде өте маңызды. Аудит нәтижелерін жалпылама қорытындылауға қазақстандық және шетел сарапшылары тартылмақ.
– Зерттеу барысында Қазақстан өнеркәсібі дамуының қандай проблемалары анықталды?
– Олар бұрыннан белгілі проблемалар. Біз 70 кәсіпорынға аудит жүргізген кезде өнеркәсіптің өңдеу саласының жекелеген кәсіпорындарында негізгі қорлардың тозуы 70%-дан асатынына көз жеткіздік. Кейбір кәсіпорындар менеджменті даму келешегін болжай алмай, тек мемлекеттен тапсырыс күтеді. Көптеген кәсіпорындар басқару және маркетингтік-өткізу технологияларының бар екенін де біле бермейді. Бірқатар кәсіпорындарды үмітсіз ретінде қазір-ақ жаба беруге болады. Зерттелген кәсіпорындардың жалпы санының 30 пайыздан астамы ғана шартты түрде жаңғырту жүргізудің алғышарттарына ие. Олардың техникалық ахуалын қанағаттанарлық деп бағалауға болады, бірақ олардың да барлығы бірдей сақадай-сай емес.
– Сонда не айтқыңыз келеді?
– Кәсіпорындардың жаңғыртуға дайындығы менеджменттің қай бағытта алға жылжу керектігі туралы нақты түсінігінің болуымен айқындалады. Бұл сондай-ақ, белгілі бір дайындығы бар кадрлардың, инженер-техникалық қызметкерлердің және орта буын менеджерлердің бар екендігін білдіреді. Ол кәсіпорында өздері шығаратын өнімді өткізу бойынша нақты жоспар бар, сарапшыларды немесе кеңесшілерді тарту үшін ресурстар жеткілікті деген сөз. Өкінішке орай, көптеген кәсіпорын басшылары мен қожайындары өмірден кешеуілдеп қалған. Олар өздерінің жеке, отбасылық бизнесі болып табылатын кәсіпорынның қазіргі ахуалына риза. Қолда бар 20 станоктың 15-інің істеп тұрғаны оларға жеткілікті. Кәсіпорын табысы қызметкерлердің шағын еңбекақысына, ағымдағы жөндеу мен иелерінің кірісіне жетеді. Көп жағдайда олардың өндіріс пен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіндегі көзқарастары шектеулі. Оларды сілкіндіретін бір қуатты күш керек болады деп ойлаймын.
– Сіз негізгі қорлардың тозуы туралы айтып өттіңіз. Жағдай қаншалықты күрделі?
– Апат жағдайы туралы айтуға әлі ерте әрине. Бірақ негізгі қорлардың сапалы жаңартуды қажет ететіні – факт. Салалар бойынша жағдай әр түрлі. Мәшине жасау мен химия өнеркәсібінде негізгі құралдардың тозуы 70%-дан астамды құрайды. Өңдеуші салалардың бірқатар кәсіпорындарында қуаттардың жартысы тіпті іске де қосылмаған. Станоктар, жабдықтар, тұтас цехтар сол күйінде тұр, жұмыс істемейді. Тіпті қорлары салыстырмалы түрде қалыпты дегендердің өзінде басты проблемалар бар, ол-кәсіпорын басшыларында келешекке деген нақты іс-әрекет жоспарының жоқтығы.
Бұл алдын-ала алынған деректер. Талдау 2011 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Бірақ қазірдің өзінде көрініс көңіл көншітерлік емес, жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қажет болады.
– Сонда қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?
– Жеке өз басым қазір асығудың керегі жоқ деп санаймын. Проблемалардың барлық кешенін жете салмақтап және тереңнен зерттеп, жағдайды әлемдік тәжірибе тұрғысынан қарастыру керек. Қытайда, бірқатар Шығыс Еуропа елдерінде, Түркия мен Корея Республикасында индустрияландырудың жақсы тәжірибелері бар. Біз Германия, Корея, Жапония институттарымен, басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыстамыз. 30-40 қанатқақты кәсіпорындарды таңдап алып, оларға жаңғырту жоспарларын әзірлеуге көмектесіп, мемлекеттік қолдау шараларының толық пакетін ұсыну қажет, оның ішінде менеджерлер мен кадрларды да қайта даярлау керек.
– Қазақстан кәсіпорындарының алдына қойылған міндеттерді нақты тұжырымдауға бола ма?
– Жаңғырту үш міндетті немесе экономистердің айтуынша комплиментарлы міндеттерді шешкен жағдайда ғана мүмкін болады, олар: техника мен технологияны жаңғырту, кәсіпорынды басқаруды, оның ішінде фирмаішілік өндірістік қатынастарды жаңғырту және маркетинг пен өнімді өткізу технологиясын жаңғырту. Осы міндеттерді бір мезгілде шешпей жаңғырту ісі алға баспайды.
– Бұл міндеттерді шешу үшін қанша инвестициялар қажет?
– Инвестициялардың толық көлемі туралы барлық есептеулер жүргізіліп болғаннан кейін ғана айта аламыз. Біздің алдын-ала бағалауымыз бойынша 46 кәсіпорынды жаңғыртуға ғана 145 млрд. теңге қажет болады. Негізгі қорларды, өндірістік күштерді, инфрақұрылымдарды жаңарту жеке инвестициялардың шамамен 72-75%-ын талап етеді деп есептеймін. Жаңғырту үшін қажетті қаржы ресурстарының жалпы көлемінде мемлекеттік бюджет қаражатының үлесі 6-10% шегінде болады да, қалған ресурстар нарықтық көздерден келіп түсуі керек.
– Тікелей инвестициялар тартудың келешегі қандай?
– Бірінші кезеңде тікелей инвестициялар аз болады деп санаймын. Инвестициялар белсенділігін тек бес-алты жылдан кейін болжауға болады. Одан соң, яғни 7-8 жылдан кейін меншікті капитал сияқты құрал іске қосылатын болады. Ол қазір жоқтың қасы, кәсіпорындар мүмкіндігінше ресурстарды айналымға жіберіп, өлместің күнін кешіп отыр.
Бірақ пайдаланылмай отырған үлкен резерв бар, ол – халықтың есепке алынбаған жинақ ақшалары. Өкінішке орай, олар көп жағдайда «көлеңкелі» рынокқа жұмсалып, жылжымайтын мүлік, әшекейлер, қымбат автомобильдер сатып алу, шетелге саяхат түрінде көрініс табады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша жыл сайын «көлеңкелі экономика» бір миллиард АҚШ долларына тең қаржы ресурстарымен толығады. Пайдаланылмаған қаржы ресурстары қатарына азаматтардың зейнетақылық жинақтарын да жатқызуға болады. Ірі кен игеру компанияларының үстеме табыстары да жеке тақырып.
– Егер қаражат бар деп есептесек, барлық проблемалар бірден шешіле ме?
– Проблема қаражат тапшылығында ғана емес, бірегей менеджерлердің де тапшылығында. Жоғарыда айтып кеткенімдей, қазақстандық кәсіпорын басшыларының көпшілігінде жаңғырту жоспары жоқ, олар осынау ау_қымды үдеріске дайын емес. Сондықтан мемлекеттің қатысуымен жүзеге асатын жаңғырту стратегиясы қажет.
– Бұл проблеманы қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Алдымен үздіктер «жиырмалығына» кіретін шетелдік инжинирингтік компанияларды тартқымыз келеді. Олардың кейбіреулерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олар ірі инвестициялық жобаларды, оның ішінде жаңғырту бойынша жобаларды іске асыруға үлкен тәжірибесі бар фирмалар. Басқа да нұсқалар қарастырылуда.
Шетелдіктердің біздің рынокқа өз әдістемесімен келуі қазақстандық компаниялардың жылдар бойынша есептелген жаңғыртудың ауқымды, өлшемді жоспарын қалыптастыруына көмектеседі.
– Жоспар әзірленді делік, әрі қарай қалай болады?
– Дайындалған жаңғырту жоспарларына түпкілікті қорытындыны арнайы құрылған мемлекеттік комиссия береді. Көптеген жоспарлар бірден мақұлданатын болады деп ойлаймын. Олар үлкен әлеуетке ие кәсіпорындар. Кәсіпорынның жаңғырту жоспарының мақұлдануының өзі компанияның мемлекеттік қолдау шараларынан үміт күтетіндігін білдіреді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
_________________________________
Суретті түсірген Игорь Бургандинов.