24 Желтоқсан, 2010

«Жерұйықта» жәрмеңке қызып тұр

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қала халқын азық-түлікпен қамтама­сыз ету мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып, әр сенбі сайын Талдықорған қаласындағы «Жерұйық» коммуналдық базарында жәрмеңке өткізілуде. Базарға қала маңындағы алты ауданның шаруа қожалықтары ет, сүт, май, құрт-ірімшік, балық және басқа да өнімдерін әкеліп, төмен бағамен тұтынушыларға ұсынуда. Қалалықтар сенбі сайын жәрмеңкені асыға күтетіні сондықтан. Талдықорған қаласының тұрғыны Сара Кәденқызы қол дорбаларын толты­рып, алдағы мерекеге азық-түлік қорын дайындағанын жеткізді. Жәрмеңке  халықтың қамы үшін жасалғанын көріп жүрміз. Мұнда азық-түлік бағасын тұрақтандыру мен экологиялық жағынан таза өнімдерді саудалауға назар ауда­рылғаны қуантады. Біз керегімізді алсақ, ауылдан келген шаруалар еңбектерінің қайтарымын көргендеріне риза, дейді. Базарда  жылқы мен қойдың, сиыр еті мен балық өнімдерінің түр-түрі табы­лады. Осыдан-ақ аудандардан келген­дердің дайындығы бірден байқалады. «Жерұйық» базарының сөрелері азық-түлікке толып, сауда қас қарай­ғанша қызды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып, шаһарлықтар қажетін өтеу жолға қойыл­ған. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.