Өскеменде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде республикалық ынталы топтың жиыны болып өтті.
Бұдан бұрын да Елбасына ерекше сенім көрсетіп, оның өкілеттігін ұзартатын референдум өткізу жөніндегі пікірлер естіліп қалатын. Сондықтан да Шығыс Қазақстан облысының ынталы тобы жасаған ұсыныс көпшіліктің көңілінен шықты. Ынталы топтың төрағасы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Е.Сыдықов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Бердюгин, Шемонаиха ауданындағы «Қамысты» шаруа қожалығының төрағасы В.Акулов, жол салудың шебері, «Құрмет» орденді, облыстық мәслихаттың депутаты Т.Исабаев, Семейдегі орыс мәдени-әлеуметтік қоғамының төрағасы, профессор М.Панин, А.Томошенко, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Н.Түсіпова – барлығы жеті адам Елбасының тәуелсіз Қазақстанға сіңірген еңбегіне жоғары баға бере келіп, бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде бастама көтерді.
– Соңғы жылдары қоғамдық пікір Елбасына сенім көрсетіп, референдум өткізу арқылы өз көшбасшымызды сайлап алу төңірегінде өрбіп келеді. Қазір Қазақстанның атақ-даңқы бүкіл әлемге танымал. Күні кеше аяқталған Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Саммиті еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды желбіретті. Елімізде 140 этнос өкілдері татулықта, ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр. Қазақстан экономикасы алға басып келеді. Шынымды айтайын, бүгінгі жиынды бүкіл халық қызу қолдайды деген сенімдемін. Жиынға еліміздің 16 өңірінен 850 адам қатысып отыр, – деді Ерлан Бәтташұлы.
Бұдан кейін жиналыстың күн тәртібі белгіленді. Онда республикалық ынталы топты құру, ынталы топтың төрағасы және орынбасарларын сайлау, Қазақстан халқына Үндеу қабылдау көзделіпті.
Профессор М.Панин өз сөзінде Елбасының беделі мен іскерлігі, бүкіл әлем жұртшылығының Елбасына деген құрметі жөнінде айта келіп, күні кеше Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Саммиті Қазақстанның беделін бүкіл әлемге паш еткенін жеткізді. Экономика өркендеп келеді. Ендеше Елбасымызға сенім көрсетіп, оның өкілеттігін ұзартатын бүкілхалықтық референдум өткізу әбден піскен мәселе, деді шешен.
– Бұдан біраз уақыт бұрын «Свобода слова» газетінде Елбасының көмекшісі Е.Ертісбаевтың тілшімен сұхбаты жарияланды. Газет редакторы Гүлжан Ерғалиева маған телефон шалып, сұхбат жөнінде пікірімді сұрады. Аталмыш сұхбатта Елбасының Президент сайлауына түсу жөніндегі ниеті бар екендігі айтылған болатын. Мен ойымды айтып, сайлау өткізудің орнына бүкілхалықтық референдум өткізудің тиімді жақтары жайлы айттым. Оның бірнеше себебі бар. Елбасының беделі, дүние жүзіндегі мәртебесі сайлауда да жеңімпаз болатынын айтпаса да айғақтап тұр. Демек, референдумның тиімді жақтары аз емес. Мәселен, шағын ғана мемлекет Сингапурды алайық. Ол елдің Президенті 30 жыл бойы халықты іскерлікпен басқарып, экономикасын әлемде бірінші орынға шығарды. Тіпті мықты деген Еуропа елдері қаржы дағдарысы кезінде экономикасы шайқалып, күйзеліске түсті. Мен Елбасына сенемін, әлі де халықты ұзақ жылдар іскерлікпен басқара береді деген сенімдемін. Яғни, референдум өткізу жөніндегі шығысқазақстандықтардың идеясын толық қолдаймын, – деді ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.
– Құрметті отандастар, мен саясаткер емеспін, сондықтан көп сөзге жоқпын. Отанымды қорғау үшін Бас қолбасшы Н.Назарбаевқа ант бергенмін, сол сертке беріктігімді дәлелдегім келеді. Еңбегімді ескерді, «Халық Қаһарманы» деген жоғары атақты берген кезде, Елбасына бұл маған емес, бүкіл ауған соғысына қатысушыларға көрсетілген құрмет, Сізге адал қызмет етемін дегенмін. Бүгінгі жиынға қатысып отырған азаматтар көтеріп отырған мәселе өте орынды. Елбасына құрмет көрсетсек, өзімізді де сыйлағанымыз, – деді «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың сөзін көпшілік ынта қоя тыңдады. Еліміздің жетістіктері туралы, елді сол биіктерге көтерген Елбасының еңбегі туралы айта келіп, газет басшысы еліміздің абзал ағасы Бәйкен Әшімовтің көзі тірісінде берген сұхбатында көрегендікпен келтірген пікірін жеткізді. Бәйкен аға барша қазақстандықтарға аманат ретінде былай деген екен: «Екі тізгін, бір шылбырды қолына еркін бергеннің арқасында, ел бастаған еріміз деп бүкіл халық болып сенгеннің арқасында, азаматымыз алға апарады деп соңынан ергеннің арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы елдің көшін бір белестен бір белеске биіктетіп алып бара жатыр. Ана талапты сақтаймыз, мына жердің көңілінен шығамыз деп жүріп, саяси тартыстарды қолдан ұйымдастырып, көш қарқынын қолдан кідіртетін,.. халықты текке ырың-жырың ететін, жасампаздық істен алаңдататын қадамдардың ешқайсысының да қажеті жоқ. Елдің тізгіні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында барынша ұзақ болуы үшін біз қолда бар мүмкіндіктердің бәрін де жасауымыз керек... Тоқсаннан жасы асқан мына маған енді ештеңенің де керегі жоқ. Тек елдің тыныштығы, жердің бүтіндігі, елдің мерейі керек. Соның бәріне халқымызды жұмылдыратын, алыс асқарларға ұмтылдыратын Азамат бізде бар. Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен біздің алар асуларымыз әлі алда. Елбасымыздың бергені көп, берері одан да көп. Ендеше азаматтың тілеуін тілейік».
Жиында ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Геллерт, Р.Халмұрадов, А.Башмаков, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты А.Қажыбаев, Батыс Қазақстан облыстық саз мектебінің директоры С.Погодин, Қызылорда облысындағы «Риза» АҚ-тың төрағасы С.Имандосов, Қарағанды қаржы-экономикалық университетінің ректоры Е.Аймағамбетов, Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры А.Мәметов, тағы басқалар сөз алып, Елбасы басқаруымен еліміз талай белестерден асып, алға қарай батыл ілгерілеп келе жатқаны жайлы ойларын ортаға салды. Олардың барлығы Елбасының өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды қолдайтынын айтты.
Бұдан кейін Г.Бердюгин жиынның Қазақстан халқына Үндеуін оқып берді. Әр облыстан келген ынталы топ өкілдерінің аты-жөндері аталды. Ынталы топты «Қамысты» шаруа қожалығының төрағасы В.Акулов басқармақ, оның орынбасарлары бекітілді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.