Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәмиді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қ.Мәми Мемлекет басшысына ағымдағы жылы атқарылған жұмыс қорытындылары және алдағы жылға белгіленген басым міндеттер, еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жағдайы туралы баяндады.
2010 жылы прокуратура органдары еліміз Президентінің құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруға және жетілдіруге, қылмыстық заңнамаларды ізгілендіруге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға кепілдікті күшейтуге бағытталған тапсырмаларын іске асыру мақсатында еңбек етті.
Прокуратура органдары тарапынан сондай-ақ қаржылық дағдарыстың салдарын еңсеру, соның ішінде банктік жүйені қалпына келтіру, үлескерлік құрылысқа қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету, бизнесті қорғау жөніндегі шараларға баса назар аударылды. Бас прокуратура қызметінің және бір маңызды бағыты ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, экология саласындағы құқықтық проблеманы шешу болды.
Прокуратура органдары қабылдаған шаралардың нәтижесінде 552 мың заң бұзушылық жойылды, 685 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Заңсыз қабылданған 50 мыңнан астам құқықтық актілер өзгертілді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстар жалғасын тауып, олардың қызметін тексеруге байланысты мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Барлық аумақтық прокуратура органдарында шағын және орта бизнес субъектілерінің құқығын қорғау жөнінде арнайы жедел топтар құрылды.
Ағымдағы жылы 2809 заңсыз тексерулердің алды алынды, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Шаруашылық субъектілерінің қызметін тексеру туралы 2000-нан астам актіні тіркеуден бас тартылды.