Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысының күн тәртібінде сегіз мәселе қаралса, соның алғашқы үшеуі халықаралық құжаттарды бекітуге арналды.
Депутаттар «Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясын ратификациялау туралы», «1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияны толықтыратын Еуропа келісімін ратификациялау туралы» және «Доңғалақты көлік құралдарына, доңғалақты көлік құралдарында орнатылуы және/немесе пайдалануы мүмкін жабдықтау заттары мен бөлшектерге арналған жаһандық техникалық қағидаларды енгізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын қабылдады. Сондай-ақ депутаттар «Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасын қарап, Мәжіліске қайтарды. Мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды енгізетін заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Заң жобаларының мақсаты – мемлекеттік мүлікті тиімді басқарудың тетіктерін қарастырып, мемлекеттік мүлікті басқаратын мемлекеттік органдар құзіретінің аражігін ажырату. Сол сияқты ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік мүлікті корпоративтік басқарудың құқықтық негіздерін белгілеу болып табылады. Тарқатып айтқанда, жергілікті атқарушы органдар құрған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға (ӘКК) ұлттық компаниялар мәртебесін беру. Депутаттар тек белгілі бір аумақта жұмыс істейтін аталған компанияларға ұлттық мәртебе беру қаншалықты дұрыс дегенді өткір қойды. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова олардың жер учаскелерінен бастап, өзге де мүліктерге ие болуымен байланысты екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, компаниялардың резервтік капиталының қаражаты есебінен бюджеттік кредиттер мен сыйақылар бойынша бюджет алдындағы міндеттемелерді атқаруды болдырмайтын нормалар енгізіліп отыр. Бұдан басқа заң жобасында білім беру, денсаулық сақтау салаларында қадағалау кеңесі болса, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорында міндетті аудит жүргізу көзделген.
Шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасы екі оқылымда қаралды. Заңдық құжат ауыл шаруашылығы мақсатындағы үйлер мен ғимараттар орналасқан жер учаскелерінің құнына қатысты қатынастарды реттеуді жетілдіруі тиіс. Онда елді мекендердің шегінен тыс орналасқан жер учаскелері бойынша кадастрлық (бағалау) құны жер учаскелерін ауыл шаруашылығы мақсаты үшін жеке меншікке берген кездегі төлемақының базалық ставкаларының мөлшеріне негізделе отырып айқындалады. Бұдан өзге шаруа немесе фермер қожалықтары субъектілеріне мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жасау мүмкіндігі беріледі. Аталған мүліктер сатылған немесе сыйға тартылған жағдайда ұзақ мерзімге уақытша жер пайдалану құқығын беру заңнамалық тұрғыдан бекітіліп берілмекші. Осы ретте сенаторлар жердің шетелдіктерге берілмейтіндігіне көз жеткізіп, осыған қатысты өз ой пікірлерін ортаға салды.
Ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасы да екінші оқылымға шығарылды. Жеке тұлғаның ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша тиісті жазбаша бас тартуы болған жағдайда, сондай-ақ микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестер тарапынан тұрғын үй орналасқан жер учаскесі болып табылатын кепілге қойылған мүліктерді соттан тыс өткізуге тыйым салу көзделіп отыр. Бұдан басқа заңдық құжатта кепіл нысанасын сатып алушыға қарыз алушы (кепіл беруші) ұсынған соттан тыс тәртіппен өткізу мүмкін болған жағдайда кепіл ұстаушының тәуелсіз бағалау жүргізу міндеті енгізілген. Ең бастысы – банктік қарыз шарты бойынша талаптарды біржақты өзгертуге тыйым салуды белгілеу қарастырылған. Кез келген валютаның баламасына таңылып төлемдерді индекстеуге және банктік қарыздың шарты бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбының мөлшерін шектеуге тыйым салу көзделеді. Қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты кредитор алатын сыйақыны, комиссиялардың және өзге де төлемдердің барлық түрлерін қамтитын сыйақылардың жылдық тиімді ставкаларының шекті мөлшерін белгілеу де назардан тыс қалмаған.
Сөйтіп, бірінші оқылымда мақұлданған соңғы үш заң жобасы да күн тәртібіне қайта енгізіліп, он минуттық үзілістен кейін екінші оқылымда қарауға қайта шығарылды. Депутаттар салыстырма кестеге енгізілген баптар бойынша жүріп өтіп, ұстанымдар барысын шолып шықты. Нәтижесінде бірқатар түзетулерімен заңдық құжаттар Мәжіліске қайтарылды.