Алматыда қоғамдық көліктің жұмысын жолға қойып, оны одан әрі жетілдіру бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, Алматы қаласында муниципальды автобус паркіне арналған газ отынымен жүретін автобустардың алғашқы легінің келуі – соның айғағы. Жаңа және озық үлгідегі автобустардың тұсаукесерінде сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жиналғандарға бүгінгі күнгі және келешекте жолаушылар тасымалдау саласын жақсартуға арналған жұмыстарды тілге тиек етті. Атап айтқанда, қала әкімдігінің шешімімен құрылатын муниципальды автобус паркі жеке көлік компанияларына мықты бәсекелес бола алады.
– Жасыратыны жоқ, алматылықтар тарапынан қоғамдық көлік жұмысына шағымдардың көптеп түсетіндігін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шындығында да, қазіргі уақытта қоғамдық көлік түгелге жуық жеке меншіктің қолында. Сонымен қоса, қалада жол тығынынан туындайтын күрделіктер де жеткілікті. Ал, енді газ отынымен жүретін жаңа автобустардың қалыптасып отырған ауыр жағдайды жеңілдетуге ықпал ететіндігі сөзсіз. Тендермен алынған бұл автобустар жолаушылар үшін де өте қолайлы және қала жағдайына негізделген. Қала тұрғындарына қоғамдық көлік қызметін көрсету бойынша біздің стратегиямыз осындай, – дейді Ахметжан Есімов.
Сала мамандарының есептеуінше, қоғамдық жаңа көліктер барлық техникалық талаптарға сай келеді. Ең бастысы, бұл автобустар табиғи газбен жұмыс істейтіндіктен қаланың экологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартады. Алматы қаласы әкімдігі «British petroleum» компаниясымен бірлесіп, қалада газ құю стансалары құрылысын салумен қатар, автобус паркінің орнын да белгіледі. Жаңа көліктің сыйымдылығы жалпылай алғанда – 110 орын, оның ішінде отыз орын отыруға арналған. Қазіргі кезеңде Алматыда жолаушылар тасымалдаумен 1841 автобус айналысады.
Соңғы мәліметтер бойынша, өткен тоғыз айда қалада қоғамдық көліктің барлық түрімен екі жарым миллионға жуық адам тасымалданған. Оның ішінде бір жарым миллион жолаушы автобус қызметін пайдаланған. Әзірше, Алматы қаласына әкелінген табиғи газбен жүретін жиырма автобус жаңа жылдың алғашқы айында іске кіріседі. Ал, көктемге қарай алматылық жолаушылардың игілігіне арналған екі жүз қоғамдық жаңа көліктер жеткізілмек. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Үкіметтің жақындағы шешімімен Алматы қаласының сұранысына орай қазіргі жоғарғы талаптарға сай келетін жаңа 200 троллейбус сатып алу туралы мемлекеттік кепілдік берілгенін де хабарлады. Сонымен, жаңа көліктердің барлығы дерлік табиғи газбен жұмыс істеуі қала экологиясы үшін, әрине, өте маңызды.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.
------------------------------------
Суретті түсірген ерсінбек СӘРСЕНОВ.