25 Желтоқсан, 2010

Олег Смирнов: «Сбербанк» әрқашанда әріптесінің жағдайын ойлайды

387 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Сбербанк» АҚ ЕБ активтері 2010 жылдың 1 желтоқсанында 250,0 млрд. теңгеге жетіп, 2010 жылдың 1 қаңтарындағы 221,3 млрд. теңгеден 13,0 пайызға артты. Соның ішінде заңды тұлғалардың салымдары 30,0 пайызға, ал клиенттерге берілген кредиттер 59,7 пайызға өсті. Осындай табыстың сыры неде және «Сбербанктің» Қазақстандағы алдағы уақыттағы жоспарлары қандай? Осы жөнінде біз «Сбербанк» АҚ ЕБ Басқармасының төрағасы Олег СМИРНОВПЕН әңгімелескен едік: – Олег Евгеньевич, осындай жақсы та­быс­тар­ға жетудің сыры неде және Қазақ­станның қаржылық рыногында өздері­ңіздің биз­нес­те­рі­ңіз­ді дамыту үшін алдағы уақытта алдарыңызға қан­дай мақсаттар қойып отырсыздар? – Жақсы нәтижеге қол жеткізудің бірінші сыры – ры­ноктың 5 пайыздық үлесін қамту жөнінде алға қо­йылған мақсаттың айқын­дылығынан болса керек. Со­дан кейін әрине, клиенттердің, әріптестердің сенімі, банк командасындағы барлық мүшелердің кә­сі­би біліктілігі. Бүгінгі күні «Сбербанктің» алға қо­йып отырған стратегиялық мақ­саттарының бірі – ры­ноктағы үлесімізді дамыту. Сонымен бірге Қа­зақ­стандағы, Белоруссиядағы, Украинадағы халық­ара­лық банктеріндегі түсімнің «Сбер­банктің» 2013 жыл­дың аяғында шыға­тын жалпы таза түсімінің 5 па­йыздық үлесін қамтуға қол жеткізу мақсатымыз бар. Осы позициядан алғанда әрбір елдің ау­ма­ғын­да­ғы бизнесімізді арттыру қа­жеттілігі айқын. Бү­гін­гі күні біз Қа­зақстан рыногының 2 пайыздық үлесін алып отырмыз, ендігі жерде өзіміздің ішкі кү­ші­міз­ді пайдалана отырып, жо­ғарыда айтқанымдай оны 5 пайызға жеткізу мақсатын алдымызға қойып отырмыз. – Рыноктағы үле­сі­ңіз­ді арттыру жол­дары қан­дай болмақ? Өз өнім­де­ріңізді, құрал-жаб­дық­та­рыңызды, немесе қыз­мет көрсетудің жаңа түр­лерін ашасыздар ма? – Осы айтқан­да­ры­ңыз­дың бәрі де маңызды. Қа­зақ­станда істеген 4 жыл­дың ішінде біз 0,2 па­йыз­дық үлес­тен, жоғарыда айт­қа­нымдай 2 пайыздық үл­ес­ке қол жеткіздік. Мақ­­­са­тымыз оны ай са­йын арт­тыра түсу. Біз ал­дағы жыл­дарда қа­зақ­стан­дық клиенттерімізді тран­с­­­шек­ара­лық аумақтарда да кредиттеу мүмкіндігін қа­растыруды жоспарлап отырмыз. Мен бұл жерде Өзбекстан, Тә­жік­стан сияқты жақын шетелдер туралы айтып отырмын. Қазақстанның кейбір ірі компа­ниялары сол жерлерде өздерінің бизнесін ашқан, сондықтан олардың биз­нес-жоба­ларын қаржыландыру керек. Біз өзі­міз­дің клиенттерімізге өнім жасауға мақсатты түрде қадам басамыз және әрқашанда әріп­тес­те­ріміздің жағ­дайын ойлаймыз. – Трансшекаралық аумақтар туралы сөз болып қалған соң мен Орталық Азия рыногына деген қызығушылық­тарыңыз­ды білгім келеді. Сол жақ­та да бизнес жасау жоспарларыңыз бар ма? – Бізді бірінші кезекте сол жақтарға жұмыс істейтін клиенттеріміз қызықтырады. Басқа ры­нок­тар­ға шы­ғу үшін біз олардың жағдайын сараптап ала­мыз, со­ның ішінде сыйымдылығын, тен­ден­ция­ла­рын зерттей­міз. Әрине, Тәжікстан, Өзбекстан, Түр­кіменстан эконо­ми­ка­ларын қарастыратын бол­сақ, соңғы 3 жыл­да оларда өсім бар екені көрініп тұр. Бірақ, мен тағы да қайталап айтайын, біздің бірінші кезектегі міндетіміз, сол елдер­дің резиденттерімен жұмыс істеу емес, алдымен өзі­міз­дің клиент­теріміздің бизнестерін қам­та­масыз ету. Бүгінгі күні Қазақстанның Орта­лық Азия­дағы орна­­ласу жағ­да­йы біздің клиенттерімізге жақын шетелдерде белсенді жұ­мыс істеуіне мүмкін­дік беріп отыр, ал «Сбербанк» оларды әріптес ретінде қолдайды. – Олег Евгеньевич, сіз Қазақстан эконо­мика­сы­ның перспективаларын қалай ба­ға­лайсыз? – Әрине, кез келген компанияның кез келген стратегиясы алдымен макроэкономикалық бол­жам­ға сүйенеді. Бүгінгі күні экономи­ка­ның дағ­да­рыс­тан көтерілуін көрсететін нақты факторлардың бар екенін қуанышпен атап өтуге болады. Біріншіден, ІЖӨ бірінші жар­тыжылдықта ғана 8 пайыздан ар­тық өсімінің өзі экономиканың оңалып келе жат­қа­нын көрсетеді. Екіншіден, біз Министрлер ка­би­не­тінің, Ұлттық банктің реттеуші ретіндегі күш-жі­герінің арқасында эконо­ми­ка­ның, банк секторының оңа­луына жағдай туғы­зылғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар маған, Қазақстанда тұрып, жұмыс істейтін адам ретінде «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өте көп кредиттік тапсырыстардың беріліп жатқанын бақылаудың өзі жағымды әсер береді. Біздің банкке ғана осы бағытта 18 тапсырыс түсті, соның ішінде 4,934 млрд. теңгенің «бизнес-бастаманы қолдау» және «экспортқа шыға­ру өн­дірісін» ұйымдастыру бағыты жөніндегі 8-ін ма­құлдадық. Осының өзі дағдарыстың кәсіп­керлікке деген құш­тар­лықты жоя алма­ға­нын көрсетеді. Жалпы алғанда «Сбер­банк­тің» Қазақстан экономикасы нақты секторын қаржы­лан­­ды­руы 2010 жыл­­дың қыр­күйек айында та­мызға қа­ра­ғанда 3 па­йыз­ға, ал қа­зан­да қыр­кү­йекке қара­ған­да 6 па­йыз­ға артты. Біздің бол­жа­мымыз бо­йын­ша заңды тұлғаларды қар­жы­ландыру порт­фе­лі­нің өсімі 2010 жылдың қо­рытындысы бойынша 2009 жылмен салыс­тыр­ғанда 45 пайызға артуға тиісті. Ал жеке тұл­ға­лар­ды қаржы­лан­ды­рудың өсімі осы уақыт ара­лы­ғын­да 9,5 пайызға артпақ. – Біз жаңа Қазақ­стан эконо­ми­ка­сы өсі­мі­нің оң жақтарын атап өт­тік. Ал сіздің ойы­ңыз­ша қан­дай сала­лар қазіргі кезде артта қа­лып отыр? – Егер бюджет түсімінің құры­лы­мын қа­рас­ты­ратын болсақ Ресейде де, Қазақстанда да ол негізінен шикі­затты сатудан түсетін табыстан тұрады. Ал күшті эко­номика әртараптандырылған, бәсе­ке­ге тө­теп бере алатын экономика екендігі дау­­сыз. Сон­дықтан Президент Н.Назарбаев өткен жылы үде­мелі индустриялық-иннова­циялық даму жө­нін­дегі бағдар­ла­маға қол қой­ып, оны іске асыратын негізгі са­лаларды белгіледі. Осының өзі өте ма­ңыз­ды. Бүгінгі кү­ні Қазақ­станның дүкендеріне енсеңіз, же­ңіл өн­ер­­кә­сіпте өндірілген тауарлардың 2/3 Түр­кия мен Қы­тайда шығарылғанын көре­міз. Ал со­лар­ды шы­ғаратын шикізат қоры өте бай Қа­зақ­­стан өздерінде шығарса, шет елдердікінен сапасы кем болмас еді деп ойлаймын. Ол үшін әрине, бағ­дар­ламалар қа­был­данып, жаңа техноло­гия­ларды мең­геру керек. Міне, бізге бүгінгі күні жетпейтіні осылар және оны еңсеру жолында бәріміз біріге жұмыс істеудеміз. – Әңгімеңізге үлкен рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ. * * * 2010 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша  «Сбербанк» АҚ ЕБ активтері 2010 жылдың 1 қаң­та­рымен салыстырғанда 13 пайызға артып, 221,3 млрд. теңгеден 250,0 млрд. теңгеге дейін өсті. Осы мерзімде заңды тұлғалардың салымы 30%-ға артып, 115,1 млрд. теңгеден 150,1 млрд. теңгеге жетті. Клиненттерге берілген кредиттер 59,7%-ға артып, 96,5 млрд. теңгеден 154,1 млрд. теңгеге дейін өсті. 2010 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша банктің өз капиталы 37,8 млрд. тең­гені құрады, жыл басынан бергі осы мерзімдегі таза табысы 806,6 млн. теңгеге жетті. 2010 жылдың 1 қара­шасында Қазақстандағы рейтингі бойынша банк өз капиталы бойынша – 8 орын, таза табыс бойынша – 11 орын және активінің көлемі бойынша 11 орын алады.