25 Желтоқсан, 2010

Жаңа елшімен жүздесті

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Пәкстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Ахтар Туфаильмен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Мәжіліс Төрағасы Пәк­станда орын алған жаздағы су тасқыны кезінде және екі рет лаңкестік салдарынан опат бол­ғандарға байланысты елшіге көңіл айтты. Айта кету керек, бұл жүз­десу Пәк­стан елшісінің Қазақ­стандағы дипломатиялық қыз­меті­нің бас­та­луына орай өтті. Мәжіліс Төр­аға­сы елшіге «Өзіңіз­дей тәжіри­белі дип­ломат Қазақстан мен Пәк­стан ара­сындағы ынтымақ­тастық бай­ла­ныс­тарды нығайту жолында үл­кен еңбек сіңіретініне сенемін», – деді. Мәжілісте Пәкстанның заң шы­ғару органымен арадағы дос­тық тобы құрылған, оның құра­мына 33 депутат енген. Екі ел ара­сындағы сауда айналымы мен инвестиция көлемі әзірге жоғары емес. Дегенмен, келесі жылы бұл олқылықтың орнын толтыруға жақ­сы мүмкіндік болады. Мәжіліс Төрағасы 2011 жы­лы Қазақстан Ислам Конферен­циясы Ұйымына жетекшілік ететінін, ислам елдерімен ынтымақ­тастықты нығайтуға басты назар ауда­рылатынын айта келіп, елімізде 2011 жылы 7-ші Ислам эконо­микалық форумы өткізілетінін жеткізді. Және де осы шараға Пәкстан тарабы белсенді қатысатынына сенім білдірді. Халықаралық ынтымақтас­тық жайлы сөз қозғалғанда, елші М.Ту­­фаиль әлемдік қоғам­дастықтың қол­дауымен ЕҚЫҰ Саммитін жо­ғары деңгейде өт­кіз­ген Қазақ­стан­ның жалғас­ты­ру­шы көпір болуы­ның арқасын­да Шығыс пен Ба­тыстың ара­сында үнқатысу қамта­ма­сыз етілгенін атап өтті. Әңгіме барысында Ауған­станға жасалып жатқан гумани­тарлық көмек жөнінде айтылды. Қазақстан әлем назарын ауған еліне аудара білді және өзі де қол­дау көрсетті. Қазақстанның қол­дауымен бір мың Ауғанстан азаматы елі­міз­дің жоға­ры оқу орындарында білім алаты­ны көзделген. Бүгінгі таңда соның алғашқы легі – 155 студент келгені белгілі болып отыр. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы елшінің Қазақстандағы мәртебелі қызметіне табыс тіледі.