«НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ
«Нұр Отан» ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы төралқасының отырысы өтті. Отырысты Мәжіліс Төрағасы, аталған партияның фракция жетекшісі Орал Мұхамеджанов жүргізді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Төралқа отырысында Парламент Мәжілісінің депутаттары – «Нұр Отан» ХДП фракциясы мүшелерінің 2010 жылғы 25 қараша мен 4 желтоқсан аралығында республика өңірлерінде атқарған жұмыстарының қорытындылары қаралды. Отырыста «Нұр Отан» ХДП фракциясы жетекшісінің орынбасары Владимир Нехорошев: «2010 жылғы 25 қараша мен 4 желтоқсан аралығында біздің фракцияның депутаттары елдің ағымдағы әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы туралы, республиканы үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың бесжылдық жоспарын түсіндіру және 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасын дамытудың Стратегиялық жоспарында жүктелген ауқымды міндеттері тұрғысында оның іске асуын заңнамалық қамтамасыз ету туралы сайлаушыларды ақпараттандыру мақсатында ел өңірлеріне барып қайтты», – деді өз есебінде. Оның мәлімдеуінше, сапар барысында фракция мүшелері 377 елді мекенді аралап, 89 500-ден астам адамның қатысуымен шамамен 898 кездесу өткізген. Депутаттар сайлаушыларды экономиканың дағдарыстан кейінгі дамуы туралы, оны модернизациялау, елді индустрияландыру картасы шеңберінде инновациялық жобаларды пайдалануға беру, тұрғындардың өмір деңгейі мен сапасын арттыруға бағытталған шаралар жайынан да хабардар еткен. Жұмысы қарқын алып келе жатқан Беларусь, Қазақстан және Ресей Кеден одағының қызметі туралы ақпарат бере отырып, депутаттар Бірыңғай экономикалық кеңістікті құруға алғышарт болатын интеграция үдерістерінің оң нәтижелері жайынан да сайлаушыларды хабардар еткен. Кездесулер барысында әлеуметтік қорғау және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлік секторды одан әрі сауықтыру және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін «Бизнестің жол картасы–2020» мен Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының (Жол картасы-2010) іске асу барысы туралы да пікір алмасулар болған. Тауарларға бағаның өсуі тұрғындарды толғандырып жүргені ескеріле отырып, депутаттар азаматтарды бағаның шарықтауына жол бермеу үшін бұл мәселені заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралармен таныстырып өтті. Депутаттар сайлаушыларға Парламент Мәжілісінің заң шығарушылық қызметі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша шаралар туралы» Жарлығына сәйкес дайындалған, құқық қорғау мен сот жүйесін модернизациялаудың құқықтық базасын қалыптастыру бойынша заң жобалары топтамасын қабылдау, олардың тиімділігін арттыру туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Кездесулер барысында депутаттар қазақстандықтардың биік патриотизмін, олардың үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астана қаласында ЕҚЫҰ Саммитінің сәтті өтуіне деген мақтанышын аңғарды. Бұл планетааралық ауқымдағы іс-шара Қазақстанның жұлдызды сәті, Қазақстан мен ел Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделін әлемдік аренада тану болды. Саммит пен «Қауіпсіз қауымдастыққа қарай» ЕҚЫҰ Астана Декларациясы тарихқа «Астана рухы» ретінде енсе, республика азаматтары оны Қазақстанның бұл танымал әрі беделді халықаралық ұйымды сәтті басқаруының шарықтау шегі деп қабылдады. Депутаттардың сайлаушылармен атқарған көшпелі жұмысы «Нұр Отан» ХДП өңірлік филиалдарымен тығыз қарым-қатынаста ұйымдастырылды. Партияның қоғамдық қабылдауларында және азаматтардың тұрғылықты жерлері бойынша Мәжіліс депутаттары 1 700 сайлаушыны қабылдап, 389 мәселе орынды шешілді. Өңірлердегі сайлаушылардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, аграрлық сектор, кәсіпкерлік, жолдар құрылысы, сапалы білім мен медициналық көмек алу, жастарды жұмысқа орналастыру, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа мемлекеттік деңгейде шешімін табуы тиіс мәселелерін көтерді. Осындай көкейкесті жайларды фракция мүшелерінің өңірлерден келе сала 8 желтоқсанда өткізген Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдардың атына жолданған депутаттық сауалдарда да өз көрінісін тапты. Фракция мүшелерінің 347 мақалалары мен сұхбаттары бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді. Бірқатар жарияланымдар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының мәселелеріне арналған.* * *
ТӨЛҚҰЖАТ ПЕН ЖЕКЕ КУӘЛІК БІР ҚҰЖАТ ЕМЕС ПЕ?!
Менің қолыма қалам алуыма «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауы кезінде келген бір топ жас әйелдердің мәлімдемесі себеп болып отыр. Жас аналар қазіргі уақытта өздерінің жеке куәлігінің болмауына байланысты бала туған соң төленетін бір жолғы жәрдемақыны ала алмай отыр екен. Өкінішке қарай, олардың барлығының төлқұжаттары бар. Бірақ, ол Қазақстаннан тыс аумақтарда ғана күшіне ие, ал Қазақстан аумағында тек жеке куәлік күшіне ие болып отыр. Мен Қостанай қалалық зейнетақы төлеу орталығының бастығы Хасанова Гүлсімнен сұрадым, ол: «Шындығында да барлық жәрдемақылар тек қана жеке куәлік бойынша беріледі, қазіргі қалыптасқан тәжірибе бойынша төлқұжатты қабылдай алмаймыз, өйткені, прокуратура тексерген жағдайда біз ескертпе аламыз», – дейді. Ақылға сыйматын жағдай: төлқұжат пен жеке куәлікте – бір адам, тиісті анкеталық мәліметтердің барлығы біреу, мекен-жайы да бір, бірақ жеке куәлігіңді беруің керек. Ал жеке куәлік мамыр айынан бері Халыққа қызмет көрсету орталығында жатыр, олар жұмыстарының көп екенін айтып, құжаттарды тек 2011 жылдың басында ғана бере аламыз дейді. Дәл осындай мәлімдемелер Солтүстік Қазақстан облысы «Нұр Отан» ХДП филиалында да болды. Қазақстанда халықты әлеуметтік жағынан қолдау үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ жәрдемақыны ресімдеу құжаттарының тізіміне төлқұжаттың қосылмауы себебінен халық заңда көзделген жәрдемақыларын инстанцияларға жүгіру арқылы зорға алуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған мәселені қарап, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес тиісті түзетулер енгізу керек-ақ.Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Мәжіліс депутаты.
* * *
ПАЛАТАНЫҢ ҚАРАУЫНА ЖІБЕРІЛДІ
Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Жетінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары талқыланды. Комитеттің сондай-ақ кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Сауда қызметін реттеу туралы», «Импорттық тауарлар жағдайында ішкі нарықты қорғау шаралары туралы», «Агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Лицензиялау туралы» және «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңдарға өзгерістер енгізілмек. Заң жобасымен енгізілетін өзгерістер сауда қызметін жүзеге асыру және экспорттық тауарларды ілгерілету үдерістерінде пайда болатын қатынастарды реттеудің тиімді жүйесін жасауды мақсат етеді. Жоба аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында оларға бөлшектік саудаға шығару бағасының шегін белгілеу құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметіне берілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.* * *
АЯГӨЗ ӨҢІРІНІҢ АРДАГЕРЛЕРІ
мен мектеп мұғалімдері Мәжіліс үйінде болды
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданынан келген еңбек ардагерлері мен мектеп мұғалімдері Парламент үйіне келіп, депутаттардың заң шығарушылық қызметімен танысты. Шығысқазақстандықтарды Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Мәжіліс үйінде қарсы алды. Айта кету керек, депутаттың арнайы шақыруымен Шығыс Қазақстан облысынан келген еңбек ардагерлері мен мектеп ұстаздары елорданың көрікті жерлерін аралап көрді. Шығысқазақстандық қонақтар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, Астана қаласының іргесіндегі Қабанбай батыр кесенесінде, Президенттік мәдениет орталығының мұражайында, Сәкен Сейфуллин мұражайында және «Думан» ойын-сауық орталығында болып, үлкен әсер алды. Депутатпен кездесу кезінде Төлеубек Жұмабайұлы жасы сексеннен асқанын, елорданы көруді армандап жүргенін, міне, бірінші рет Астанаға келіп, сәулетті шаһардың көкпен таласқан ғимараттарын көріп, көңілі марқайып тұрғанын айтты. Елбасының бастамасымен іргесі қаланған Астананың 12 жылдың ішінде осындай көркейіп, әлемдегі ғажап қалалардың біріне айналғанына шын жүрегінен қуанатынын жеткізді. Еңбек ардагері Ешен қажы Қырықбаев Мәжіліс депутатына батасын берді. Кездесуде Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Парламенттің құрылымы, Мәжілістің заң шығару қызметі жайлы айтып берді. Мемлекет басшысының парламентшілердің алдына қойған міндеттеріне тоқталып өтті. Қонақтар Парламенттің бірлескен отырыс залын және Мәжілістің жалпы отырыс залын аралап көрді. Кездесуде ұзақ жыл ұстаздық етіп келе жатқан Алмагүл Омарова, Гүлия Тұрғанбаева «Нұр Отан» партиясынан сайланған халық қалаулысына ризашылықтарын айта келіп, туған жерінің тілегін жеткізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.