28 Желтоқсан, 2010

Адам өмірін сақтайтын тәсіл

1835 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жол-көлік оқиғаларынан жылына 1,3 млн. адам қаза тауып, 50 млн. адам түрлі дәрежеде жарақат алады немесе мүгедек болып қа­лады екен. Мәселен, біздің жақын көршіміз Ресейде 2007 жылғы деректер бойынша 33 308 адам көз жұмып, 292 206 адам жара­қаттанған. Одан келген экономикалық шығын 34 миллиард АҚШ доллары кө­лемінде болса, біздің елімізде бұл шығын мөлшері 3,5 миллиардты құ­ра­ған. Ал зардап шеккен адамдар 32 988-ге жетіп, 4 365 адам бақиға аттанған. Ендеше, жол апатын болдырмаудың жолы қайсы?! Біздің тілшіміз әңгімелескен өнертапқыш Алмат САЛҒАРА өзі жол апатына ұшырағаннан кейін, осы өкінішті оқиғаның алдын қалай алуға болады деген оймен біраз ізденіпті. Ақыры дегеніне жеткен ол жол-көлік апатының алдын алуға көмектесетін құрал ойлап тауып, оған Швейцариядан патент алыпты. – Алмат Қойшығараұлы, өзі­ңіз ойлап тапқан өнертабыс жа­йын айтып беріңізші. Оның осы­ған дейінгі жол қауіпсіздігін сақ­тауға көмектесетін құрал­дар­дан ерекшелігі қандай? Сіз­дің өнер­та­бысыңыздың шетелдік ізденістерден айырмасы неде? – Қазір кез келген көшеде келе жатқан адамнан жол-көлік оқиға­сынан (ЖКО) зардап шеккен та­ныс­тарыңыз, туыстарыңыз болды ма деп сұрап көріңізші, жоқ, деп жауап беретін адам таба ал­май­сыз. Мен де осы көлік апа­тына ұшыраған адаммын. Оқиға­дан кейін маған осының алдын алуға бол­май ма деген сауалдың төңі­регінде ойлануға, оған жауап іздеуге тура келді. Неге жол-кө­лік оқи­ғалары жиі болады? Неге дені сап-сау адамдар бір оқиға­дан кейін қалған өмірін мүге­дек­тікте өткізеді. Рас, жылдан жылға осы оқи­ғаларды болдырмау үшін, оның алдын алу мақсатында түрлі шаралар өткізіліп, қондырғылар да қо­йы­лып жатады. Олардан белгілі бір дәрежеде көмек бар, алайда ЖКО-ны түпкілікті жоюға дәрменсіз. Мәселен, жұртшылық “жолда жатқан полицей” деп атайтын әдіс­ті алайық. Дұрыс-ақ, бірақ осы “полицейлер” жатқан жерлерге белгі қойылмайды, егер жүргізуші жолда жаяу жүргінші жоқ па екен деп бір сәт алаңдап қал­са, биік жатқан полицейге кө­лі­гінің астын ұрып со­ғып алады. Енді көше­лер­де орна­тыл­ған жыл­дам­дық өлше­гіштерді қарас­ты­райық. Олардың қай көше­лерде орналасқанын қа­ла­ға сырт­тан кел­ген адамдар ғана білмей қал­ма­са, қаладағы көлік жүргізуші­лер қай көшеде, қай жерде осын­дай құрал тұрғанын жатқа біледі. Оған таянған кезде жылдамдығын баяу­латып, өткен соң бәз-баяғы зау­ла­ған күйіне тү­сіп кете бара­ды. Жүр­гізу­шілердің радарлар­дың қолына түспеудің де неше түрлі әдіс-тәсіл­дерін игеріп алғаны аян. Енді өзім тапқан өнертабысқа оралайын. Оның негізі жол қауіп­сіздігін сақтайтын белгілер мен көліктің интерактивті болуы. Ол не? Мәселен, көшеге қойылған бел­­гілер осы күнгідей тек көрініп қа­на тұрмауы керек, онда көр­се­тіл­ген белгіні кез келген көлік бұй­рық тәрізді орындауы тиіс. Және бұл белгілердің өзі қатып қалмай тәулік мезгілдеріне, күн ра­йына (боран, тұман, жауын) қа­рай қажетті жыл­дам­дықты көрсе­тіп тұруы тиіс. Мы­­салы, қала­лар­да балабақша, мек­­­­т­еп жақын орна­лас­қан маңай­лар­да ол оқушы­лар­дың сабаққа кіретін және сабақтан шығатын уа­қыттарында жылдам­дықты шектеп, қалған уақытта ол жерге басқа жылдамдықты қоя алады. Сонымен өнертабыс өміріміз­ге енген жағдайда жүргізуші емес, көліктің өзі көшеде орна­тыл­ған бел­­гіден келіп түскен бұй­рықты орын­­дайды. Және ол қазіргідей көлік­тер­ді оның нөміріндегі бір ар­тық­шы­лық белгілерге қарап, бас­тықтың кө­­лігі, болмаса жәй қарапайым адам­­­ның көлігі деп бөлмейді. Қон­дыр­ғы­ның тағы бір артықшылығы – көлік ұрлау қылмысының құрық­талуы. Ол арқылы жоғалған көлікті тез-ақ тауып аласыз. Мен “Алаш” деп атау беріп отыр­ған патенті алынған өнерта­быс­тың ерекшелігі мен артық­шы­лығы сол, көлік көшедегі көр­­се­тілген жылдамдықтан титтей де артық жүре алмайды. Жә­не бір ай­та кететін нәрсе, осын­дай қон­дыр­ғысы бар көлік жүр­гізуші ішім­дік ішкен жағ­дайда ор­нынан мүлдем қозғалмайды. Өзіңіз білесіз, негізінен жол-көлік апаты­ның басым көпшілігі осындай ішімдік ішіп, тізгін ұстаудың сал­дарынан. Бұл негізінен әмбебап жүйе. Оны көліктің қай түріне де, мопедтен бастап жүк тасымал­дай­тын үлкен көліктерге, олардың қан­дай отын түрімен жүретініне қара­мас­тан, орнатуға болады. Қон­­­дырғы­ны орнатқаннан көлік­тің ешнәр­сесі де өзгермейді, тек жол ережелері белгісін оқи білетін, бұйры­ғын бұлжытпай орын­дайтын қо­сым­ша қондырғысы ғана болады. – Өте қызық екен. Сонда бұл тек көліктерге ғана орна­ты­ла­тын қондырғы емес қой. Ол өз дә­­режесінде жұмыс ат­қаруы үшін оған бұйрық беретін “ақыл­ды” белгілер орнату да керек емес пе? Сонда бұл өзі тұтастай жүйе болды ғой. Ендеше, жүйені орнату белгілі бір дәрежеде қаражатты талап етеді. Оған мемлекет те, жеке кө­лік иелері де ақшасын шы­ға­руы тиіс қой. ­– Дұрыс түсініп отырсыз, шы­нында да мұны тұтас жүйе, ағза деуге келеді. Иә, оны енгізу үшін саяси күш-жігер қажет десем, ар­тық емес шығар. Бірақ бәрі­нен де адам өмірі қымбат екенін ескерсек, осы жүйені ор­натқан мемлекет ұтады. Мәселенің өзі де осы жүйені орнатуға кететін қаражатқа келіп тіреледі. Ал жұмсалған қаражат­тың қайтып келетініне еш күмән жоқ. Осы арқылы МАИ қызмет­керлерінің саны азайып, олардың еңбекақыларын ұлғайтуға бола­ды емес пе. Жеке меншік көлік­тер үшін оны орнату шамамен 300 АҚШ доллары көлемінде болады. Шетелдерден қымбат бағаға жылдамдық өлшегіш қондырғы­ла­рды, радарларды, алкометрлерді сатып алу тоқтатылады. “Жолда жатқан полицейлерді” орнатудан арыламыз, ауруханаларға, ем­ханаларға жол-көлік оқиға­сы­нан зардап шеккен азаматтардың жү­ріс­тері азаяды, дәрі-дәрмек са­тып алу, мүгедектерге арнап мем­­лекет қоржынынан ақша төлеу мен ата-аналарынан айрылып балалар үй­леріне келіп тәрбиеле­ну­шілердің бір бөлегі азаяды. Тағы бір маңызды жағы, егер осы өнертабыс іске қосылған жағ­дайда бұл Қазақстанды әлем­ге та­нытатын бренд бола­тыны сөз­сіз. – Дұрыс екен, бірақ сіз ай­тып отырған өте сезімтал қон­дырғы өзге коммуни­кацияға әсерін тигізіп жүрмей ме? – Бұл сұрақты орынды қойып отырсыз. Белгі беруші жүйенің таралу ауқымы 100 метр шең­бе­рін­де, сондықтан оның өзге ком­му­никацияларға әсері кәдімгі қал­тафонның шамасында ғана. – Ал ашылған, Швейцариядан патенті алынған өнер­та­быс­ты елімізге ендіру жағы қа­лай болып жатыр? – Қазір жүйенің көрсетуге (демонстрация) арналған кішкентай үлгісі жасалынғаннан кейін оның зауыттан шығарылатын үлгісін жасау жұмысы басталды. Түбі бір қайтарылар деген ниетпен қал­там­ды тегіс қағып, зыр жү­гіріп де­меуші іздеп, түбі мемлекеттен грант алсам қарыз­да­рымды қай­тарамын ғой деп қарманып жа­тырмын. Ал жүйені өз елімізде жа­сатудың мүмкіндігі жоқ бол­ған­­дықтан, оған Украина зауыты­на тапсырыс бердім. Қа­зақ­станда қажетті радио­электрон­ды қон­дыр­ғылар мен микроба­қы­лау­шы­ларды тапсырыс бойынша жасап беретін мамандар жоқ. Менің ендігі бір арманым, елімізде осы жүйені сынайтын ең бір қауіпті саналатын белгілі бір жол аумағын алу. Ал әзірше еститінім не­месе ресми түрде жазыл­ған өті­ніш хаттарыма алатын жауа­бым “бізге патентіңіз бен тәжірибелік үлгіңізді алып келіңіз” деуден ас­пайды. Патент дегеніңіз менің зият­керлік құқығымды қорғайтын құ­жат. Ал тәжірибелік үлгіден шенеунік не көреді? Жазған хатыма қоса мен Ішкі істер министрлігінің ғы­лыми-зерттеу институтының ре­­цен­зиясын және өнертабысты қол­­данудың қажеттілігін айтқан ұсы­нымды қоса тіркеп жіберіп отыр­мын ғой. “Егемен Қазақстан” газетінің мүмкіндігін пайдаланып, депу­тат­­тарға, әкімдерге, өзге де өкі­летті органдарға және қарапа­йым адам­дарға мынаны айтқым келеді, мен ойлап тапқан өнер­табыс жол-кө­лік оқиғаларын тү­бірімен жоятын 100 пайыздық кепілдік емес, өйт­кені оны бүкіл республика бо­йын­дағы барлық жолдар­ға орнат­ып шығу түбі бол­маса жақын арада мүмкін емес. Алайда, ол халық тығыз қо­ныстанған жерлерде адам өмірін сақтауға көмектеседі. Апаттың ал­дын ала­ды, яғни ешкім қыр­шы­нынан қиыл­майды немесе мүгедек бо­лып қалмайды. Біздің еліміздің әлемдік мә­ши­не жасаушылардың алдың­ғы легіне жете алмайтыны түсі­нікті. Алайда, біз осы көліктердің қыз­мет ету мерзімін ұзартатын қон­дырғылар орнатумен, қарсы келе жатқан көліктің көзді қарық­тыруы­нан, жоғары жылдамдықта келе жатқан көлікті аударылып қа­лудан сақтайтын немесе көп қа­батты үйлерде оқыс жағдайлар бол­­ғанда адамды құтқаратын тә­різді өнертабыстарды ендіру ар­қылы Қазақстан осы салада көш­басшы болар еді. – Айтып отырғаныңызға қа­ра­сам, бір ғана “Алашпен” өнер­та­бысыңыз шектеліп қал­ма­ған­дай. – Жоғарыда айтқандай, ЖКО-лардың себептері мен оның ал­дын алу жолдары қандай деген ойға кіріскеннен кейін мен бірнеше өнертабыстар ойлап тап­­­тым. Соның біреуіне ғана ке­ңірек тоқталып өтейін. Қазіргі МАИ қызметкерлері жүр­гізушінің ішімдік ішкенін анық­тайтын құралы бойынша қымыз немесе квас ішкен адам да ішкен адам болып көрінеді. Ал егер сол түтікке нашақор немесе әлдебір психо­троп­ты жүйке жүйесіне әсер ететін затты қол­дан­ған адам үрлесе, ол ештеңе көр­сетпейді. Сол сияқты ұзақ жолдан шаршап келген ауыр жүк көлігін жүргізушінің демалмастан тағы да жолға шығуының қа­терлі екені белгілі. Соны анық­тай­тын құрал бар ма? Ал мен ойлап тапқан құрал адамның қандай күйде екенін анықтайды. Ешқандай иіскемей-ақ алдан­бай­тын бұл құрал егер жүр­гізуші әл­дебір себептермен жүргізу қабі­леті төмендесе, көлікті әрі қарай жүргізбей қояды. Сонда көлік те, жүргізуші де, жаяу жүргінші де дін аман. МАИ қызметкерлеріне де жұмыс азаяды, әрі “бармақ бас­ты, көз қысты” әрекеттердің ады­мы қыс­қарып, пара алу да азаяр еді. Енді бір ноу-хау – көлік­ті жүр­гізуге қо­лында сенімхаты жоқ, болмаса ұрлықшы отырған­да кө­лікті жүргіз­бей қоятын құрал. – Алмат Қойшығараұлы, өнертабысыңыз шынында да өте қажет екен. Алайда оны ендіру үшін алдымен оның заң­дық негіздері қалануы қажет сияқты. Оны орнату жағы қа­лай болуы керек? Бұл міндеттеле ме, әлде әркімнің қа­лауын­ша жүруі тиіс пе? – Әрине, онсыз болмайды. Жол қауіпсіздігі жүйесіндегі то­лып жатқан айыппұлдардың ор­ны­на осы жүйені орнатуды міндеттеу қажет. Және жаңағыдай қон­дырғы орнатылған көлік жол ор­та­сында тоқтап қалған күнде ереже бұзған жүргізушіге салы­натын айыппұл мөлшерлері белгіленуі тиіс. Ал қандай ереженің бұзыл­ғанын құрал көрсетеді. Қазіргі кезде жасыратыны жоқ, жүргізушілердің көбі са­лық­­тарын уақытылы төлеуден қаш­қақ­тайды. Ал мына жүйеде салық төлеу мерзімі біткен күні көлік жүрмей қалады. – Жарайды, сәл алға озып, жү­йені орнатуға келісім алын­ды дейік, сонда оны кімдер ат­қарады? – Онымен арнайы сертификат алған мемлекеттік байқау өткені жө­нінде куәлік беретін орындар мен тех­никалық қызмет көрсету орта­лық­тарының мамандары ай­на­лы­са­ды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.