Әр жылғы тарихқа сіңген алабөтен атауларына қарамастан, осы «Егемен Қазақстан» газетінің үшемі десек, жарасар бұл үшеуін... Уақыт бөлген жас алшақтығын ескермегенде – қызметтес, идеялас, үміттес еді бәрі. Үшеуі де меншікті тілші. Яғни, «Егеменнің» меншігіне жан-жүрегін, ой-дүниесін, арман-мүддесін, күш-қуатын қайтарымсыз, жүдә біржола берген қалам иелері болатын. Шалғайда жүріп-ақ шындықтың жебесін кере тартып, дәл көздеген сыпыра мергендер ғой шетінен. Жүрек қанымен жазғандары сағынышты да толассыз күздің сарғыш жапырағындай жауа берер, мәңгі көктемнің келешекке тапсырған аманатындай боп бүршік жара түсер...
... Үш жорналшы. Үш қалам. Үш тағдыр. Үш әріптес: бірі – Сәбитбек Елеуов; екіншісі – Төлеубай Ысқақов; үшіншісі – Боранғали Ырзабаев!
Сәбитбек Елеуов
Тамырын «Еңбекші қазақтан» («Егемен Қазақстан») тартып, отызыншы жылдардың басы мен орта шенінде, нақтырақ айтсақ, 1930-1934 жылдары қазақ журналистикасының көрнекті өкілі атанған Сәбитбек Елеуов 33 жас ғұмырында соңына мол мұра қалдырған айрықша талант еді. Өкінішке қарай, әр жанрға жазған дүниелері бытырап шашылып, жинаусыз күйінде қалған. Еленбей қалған Елеуов десек, дөп келер. 1993 жылы бұрынғы Торғай облысының Аманкелді ауданында қаламгердің 90 жылдығы жетім қыздың тойындай болып атап өтілді. Содан бергі он жеті жылда ол туралы ләм-мим деген жан пендесі жоқ. «Егеменнің» 90 жылдық тойында да еске түсе қоймады. Қысқасы, көзден тасаланып қалған тілші болып тұр. Өкінішті-ақ!
Бірақ елдің ертеңі үшін еткен еңбек, жасаған қалам тірлігі өшпек емес. Ел іші Сәбитбек десе, елең ете қалады. Оның қара мақаладан тысқары жазған фельетондары мен өткір материалдарында ұжымдастырудың кеселі ашық сыналған. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген шымшымасында Ақтөбе, Торғай даласындағы өресіздіктердің буынына балта шабуға тырысқан. Немесе «Батпаққараның бетпаққаралары» деген фельетонында халықты күйзеліске ұшыратқан ақсирақ аштықтан кейін ел басқарған адуын да дүлей басшылардың жөнсіздігі әшкере етілген. Осы материалға байланысты «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясынан арнаулы комиссия шығып тексеріп, фактілер расталып, кінәлілер қызметтерінен қуылған. Сәбитбектің «... Алапаев аздырды, Тортаев тоздырды, Ибрагимов еңіретті» деген сондағы уытты сөз тіркестері күні бүгін де мәнін жоғалтпағандай болып, ел аузында жатталып қалыпты. Ауданды солақай басқарған үш дөкейді сөйтіп еңіреткен ғой Елеуов!
Оның өткір де уытты сөздері елге газет арқылы жетіп, сананың оянуына, саясаттың жемі болмауға, күштінің күлбілтесіне айналмауға, жаңа өмірге сай жасампаздықпен еңбек етуге үндеді әркімді. «... Белсенді, белсенді, белсенді, Белсендіге ел сенді. Ақырында ел күңіреніп теңселді...» деп, сөзіне сендіре білген талантты қаламгер елді «бармақ басты, көз қыстыдан» сақтандыра білді. Алданбауға, арбалмауға шақырды.
Ал «Өкілдер сыпаты» деген мақаласында әкімгерліктің жоғарыдан төмен қарайғы жең ұшынан жалғасқан сиықсыздығын жіліктеп шағып, олардың долбарлы, жөнсіз әркетінен түңілдіреді. Кімнің кім екеніне халықтың көзі айқын жетеді. Бәрі ортақ тірліктің оңды болуы үшін жасалған қарекет еді. Орақ тілді тілшінің от көсеген сөздеріне елі имандай сенетін еді. Түзелмекке бағыт ұстап, ширығар еді.
Баспасөзге жазылу науқаны қай кезде де оңай жүрмеген ғой. «Еңбекші қазақ» та сондай қияметті басынан өткерген. Молынан таралуына жер-жердегі меншікті тілшілері жанын салып баққан. Сондай белсенділерінің бірі Сәбитбек «Ашуы жоқ ашық хат» деп, Ырғыз ауданының хатшысына тілек-өтінішін арнап, тұралап қалған таралымның өсуіне себесін болады.
С. Елеуовтің кезінде түрлі ой-пікірлердің шарпысуына ұласқан Батпаққара ауданын Аманкелдіге өзгертуге байланысты дау-дамайды тыйып, оңды шешімін табуға қосқан үлесі ерекше екен. Сонымен қоса оның ұлт-азаттық қозғалыс тарихын дендетіп зерттегенінен де хабардармыз. Мұндай іргелі еңбектерін ол тілшілік тарпаң қызметтің қысымынан бір сәт босамай жүріп-ақ тындырған екен. Неткен жанкештілік. Ұлты үшін арпалысып өткен қайран қаламгерді ескеріп жүргеніміз жөн-ау! Ол да бір бүгінгі «Егеменнің» кешегі құнарлы алаңқайына шыққан қайыспас шынарындай емес пе?! Ұмытпалық! Ұрандатпай-ақ, ұлықталық! Ескеруге тұратын Елеуов қой ол!
Төлеубай Ысқақов
Әкесін бордай егіліп іздеп, ыстық аңсап сағынады екен баласы. Төлеубай әріптесіміздің Мұрат баласын айтамыз да. Кезінде Торғай облысының полиграфия, баспа саласында қалтқысыз еңбек еткен, ортасына сыйлы, еліне жақсы аты шыққан. Елгезек, шыншыл, жүзіне күлкі үйірсек. Қабағыңды шытып жүргенде, алдыңнан шыға келіп сәлем берсе, өңің жылынып, жүрегің шаттанып, лебізіне майдай ерірсің. Бөлек бітімді, иманжүзді азамат. Әкесін көрмесек те Төлекеңнің бар болмысын ұлынан танығандай болып, марқайып қаламыз. Қазір Мұрат та үлгілі отағасы, Алтынай келін екеуі балаларын өсіріп, Астанада еңбек ырыздығын көріп, шат-шадыман тұрып жатыр.
Он алты жасынан жазуға жанығып, жүрегінде булыққан қаламға деген іңкәрлік Төлеубай Ысқақовты (1929-1990) тыным таптырмай, журналистика деген қасиетті табалдырықтан имене аттаттырған еді. Төбешіктен бастап, төбеге көтерілді. Тобықтай тастан – таудай жүк көтерді. Әсіресе «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші болып істеген жылдары Төлекеңнің екінші тынысы ашылып, алысқа сермеді. Қыран қанаты талмады, көтерген тақырыбы қалмады. Биікте самғап, тұғырын да шың басынан нық сайлап алыпты... Елдік сөзін жаза білгеннің есімі ұмытылмайды екен...
Мұрат әке алдындағы қарызы мен парызын өтеп, жыр жинағын кітап етіп шығарды. Өмірінің бала белгісі – кітап белгісіне ұласыпты. Содан жалындаған жиырма жастың шоғына қыздырылған, уыз махаббаттың табына шыжғырылған бірер өлеңдерін қосылып оқып көрсек, 61 жасында өмірден өткен әріптесіміздің рухына көрсеткен құрметіміз болар дейміз.
Орамал
Жүрегімнің тұсындағы қалтамда,
Сақталады сұлу берген орамал.
Арқау етіп әңгімеме айтарға,
Жай ғана емес, оның терең сыры бар.
Ол белгісі ұлы достық сезімнің,
Көкейімнен кетпей мәңгі сақталар.
Ол белгісі берген
Ойыл қызының,
Ескерткіш деп кезеңімде аттанар.
Алақандай болса да ақ шүберек,
Елестетет көзге сұлу келбетін.
Мәңгі өзіммен
бір жүргендей көрінет,
Орамалдың ашсам әсем өрнегін.
Шүберек қой, тозар мүмкін орамал,
Кетпес бірақ көкіректен әсері.
Сенемін мен колхоз қызы – сүйген жар,
Адал жүрек аңсап досын күтеді.
Айтылмаған сырым қалды...
Айтылмаған сырым қалды, қымбатты бір құрбыма,
Талай рет айта алмадым, тығылса да ұртыма.
Мен болат та ол магнит, тартты еріксіз өзіне,
Өкінемін сол сезімді шығармадым сыртыма.
Қарақаттай қара көзін маған қарап тіккенде,
Қызыл гүлдей жайнап жүзі шешек атқан көктемде.
Алматының апортындай колхозымның сол қызы,
Дегендейін мұндай тәтті жемісті кім жеп көрді?
Сан сұлуды көрсем-дағы мұндай сұлу көрмедім,
Сезбей қалдым мұнша қалай құмарлықтың төнгенін.
Махаббаттың оты шарпып, алды арбап денемді,
Бірақ сезім іште қалды, қыз кетерін білмедім.
Қайда менің сол сұлуым, қайда, достым, көрдің бе?
Кездеспеді көп жыл болды, талай жерді кездім де.
Көз алдымнан кетпей кейпі елестейді күн сайын,
Айтылмаған сырым қалды сол сұлуға кеудемде.
...Балауса жастық шақтың аңсары мен құмары, сазы мен сағынышы, мұңы мен мұраты, реніші мен шаттығы осылайша өріледі. Қара сөзден қажығанда, сәулелі маржан тіркестер күмбір кеудеден моншақтай төгіледі. Ұзын-сонар жорналшылық жолда осы ғадетінен танбапты. Қос қанатының сыңарындай екен ғой, поэзия! Төлеубай тілшінің артықшылығы да осында болып шықты.
Боранғали Ырзабаев
Шағын денесін қаңбақша үйіріп жеңіл қимылдайтын, өткір жанарынан әлдебір сұс пен ақылдылық қатар өріліп қалып, ақиқатпен суарылған өз дегеніне өзгені иліктірмей қоймайтын аңғал да, алғырт, біртоға, мәрт мінезді ақынжанды азамат еді-ау, Боранғали ағамыз. Бес жылдай «Егеменнің» намысын жыртыстық. Ол – Оралда, мен – Торғай облысында дегендей. Жыл сайын Алматыда тілшілердің бас жиналысына жиналатынбыз. Есімде қалғаны – Борекең өз ісіне мығымдығын сезіп, сеніммен жүретін. Әлдеқалай басшылар тарапынан сын ұшқыны шарпып кетсе, ақталмайтын, істің байыбын жайлап түсіндіретін. Небір идеяның, бастаманың көрігі еді. Жазғанында жылылық, шуақ төгіліп, адам жанын мейірлендіріп жіберетін. Оның қаламынан сын туса, кейіпкерлері туырлықтай қағылатын. Небір дөкейлерің сөз зауалынан санын соғатын. Қызметтен ұшып кеткендері не сан. Мұқатам деп жазбайды сынды, мұратқа жеткізем деп жазады. Сол себепті де облысы санасатын онымен. Мұндай қаламгерлік қолтаңбасы оның «Лениншіл жастың» («Жас Алаш») Тың өлкесі бойынша, кейін «СҚ»-ның Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болғанда да айқын сезіліп, қалыптасқан-ды. Оралда оның тілшілік, жазушылық, ақындық алғырлығы мейлінше асқақтаған отты күндері өтіпті. Берері мол дер шағында, Пайғамбар жасында жоғалтып алыппыз.
Оның қаламы жүрдек болды. Тілшілік міндетінен жаңылмай жүріп, газет жанрының баршасын қамти алды. Баспасөз-домна пешінің өңешінде қақталса да өлеңдер мен поэмалар жазып, көркемдік алауын тұтатқанына таң қалмасқа болмайды. Қалай сапалы кітаптар шығарған? Қалай үлгерген? «Тұңғыш», «Қадірлі қалалар», «Ұшуға қанат керек», «Жер жүрегі соғады», «Бақ жұлдызым», «Самғау», «Жан жылуы» т.б. жыр жинақтары өз оқырмандарын тапқан өрелі дүниелер еді.
Борекеңнің тұстас жазушы, ақын достары ол дүниеден өткен соң жылы-жылы лебіздер білдіріп жатыр. Әр қырынан айтып, тұлғаландыра түседі. Көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ «Келмес күндердің елесі» ғұмырнамалық романында Боранғалидың Павлодар өңіріндегі тілшілік өмірінен тағылымды мысалдар келтіреді. Айтқыштық дара мінезі айқындалады. Адамдардың қу тірлікке бағынған мүсәпірлік кейіптерін әзіл-қалжыңмен осқылауда оның мысқылшылдығына ешкім теңесе алмайды екен. «Бұл жерде тірі жүргеніңе де шүкіршілік ет!» деген ескертпесін естіп, ойға берілген Қалихан жазушы Дегелеңде жарылған атом бомбасының шығыс көкжиекте төбені тіреп тұрған қызыл-күрең саңырауқұлағын көргенде ғана тәубесіне келіпті-мыс. «Бұл жерден аман құтылсаң, жоқ дегенде гастрит алып кетесің», – деп шошытыпты. Бұл 1957 жылдың қыркүйегі болса керек.
Есіме Борекеңмен соңғы кездесуім түсіп отыр. 1993 жылы Алматыда, редакцияда барлық облыстардың тілшілері бас қостық. Өткір-өткір сөйлейтін еді Борекең, тауып айтатын, қисынды жерінде шымбайға батырып айтатын. Бірде «Алматы» қонақ үйіне жайғастық бәріміз. Бөлмелерді жағалап, әр облыстың дәмін тататын дәстүріміз бар. Сондай сәттерде Борекең өте елгезек, тіпті боркемік мінез көрсететінін қайтерсің... Таңертеңгілік түн ұйқысы қанбай, аздап басы ауырып тұрса керек, бөлме есігін қағып, ішке кірді де «дәмханаға барып келе қойшы, маған шарап та жарайды» деп өзімсініп жүгіртіп жібергені бар. Бір жолы дастарқан үстінде лебіз айтып тұрып, көз жасын тыя алмағаны бар... Соңғы көріскеніміз екен...
Табиғи қалам қайраты оған талай марапаттарды дарытыпты. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін, «Құрмет Белгісі» орденін омырауына таққан журналистика саңлағын өмірден озған соң да адал еңбегі елеп, еске алдырып келеді. Тілші ағасын тілші інісі іздейтін болып шықты. Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілші Темір Құсайынның ұйытқы болуымен Боранғали Ырзабаевты еске алу кеші ұйымдастырылып, келелі жиын өткізіліпті. Бұл шара өңірдегі ұрпақтар үндестігінің жарқын мысалы ретінде әлі күнге ауызға алынып жүреді.
... Үшеудің үлгісі. «Егеменнің» кешегісін еске түсіріп, бүгінінде көңіл марқайтып, ертеңіне газетпен бірге аттанған бұл үшеудің өнегесі өмірлік болуымен құнды екен. Аңсаған мұраттары – қазағының тәуелсіздігі, бейбіт өмір, жарасты тұрмыс, көкірегіне ұлағат дәні тасталған ұрпақ керуені. Осы үміт жолында қаламсабын сорған үшеу. Дәм таусылғанмен, өнеге-үлгіде шек жоқ екен, туы жығылмай, тауаны шағылмай жалғасып жатыр! «Егеменнің» әр санымен, саптағы тілшілердей боп алғы күндерге ілесіп бара жатқаны қандай медет көңілге!
Қайсар ӘЛІМ.