«Қазағым, қайда барасың?»
Өз қайығымызды өзіміз шайқамайық
(«ЕҚ». 3 қараша, 2010 жыл.)
Біреудің қатесі - біреуге сабақ
Мен өзім көптен бері білетін абзал азамат Өмірбек Байгелдидің үстіміздегі жылғы 3 қарашадағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қазағым, қайда барасың?» деген мақаласына осы басылымның тұрақты оқырманы ретінде өз пікірімді білдіргім келеді. Бұл шығармасында автор Қазақ елінің сонау көне тарихтан қандай орын алғандығын, ұлтымыздың қазіргі жағдайы қандай екендігін және қоғамымыздағы кейбір келеңсіз жағдайларды дөп басып айтқан. Тарихта үш Майқы би болған. Оның біріншісі – ата Майқы би, екіншісі – ұран Майқы би, үшіншісі – ұлы Майқы би. Бұлардың әрқайсысынан біздің халқымыз айта жүретін аталы сөздер қалған. Мәселен, ата Майқы биден: «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш, қазақтан туған халықпыз», деген сөз. Бұл кешелі бері емес, сонау мыңдаған жылдар бұрын айтылған ұлы ұғым. Мағынасына қарап отырсаң, қазақ қандай халық екенін айдай анық айтып берген. Қараңызшы, қазақтан туған халықпыз дейді. Түгел қазақ бір адамның кіндігінен тарапты, бір ұранмен өмір сүріпті, бір тілмен сөйлепті, бір дәстүрмен өмір кешіпті. Түсінген адамға бұл сөз бекер айтылған сөз емес. Ол кісілер келешекті көре білген, кемеңгер адамдар болған. Сондықтан осыны әдейі ұрпақ адаспасын деп шегелеп айтып кеткен. Әрине, кейінгі шежірелерді де білген жөн. Бірақ бәріміздің түп тамырымыздың бір екендігін жарқыратып, жария еткен бабалардан қалған осы бір қасиетті сөзді әрбір қазақ жадына сақтап, жиі-жиі айтып жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал «аттан» деген сөз айтылса, сол бір ауылдың ер азаматы түгел атқа мінген. Мұндай жағдайда ешкім бұғып қала алмаған. Әркімнің беліне найзасы мен қылышы, белдеуіне бір аты үздіксіз байлаулы тұрған. Аттан деген сөз бүкіл бір елді атқа қондыратын, бірлікті бұзып, тірлікті талқандағысы келген қараниеттерге соққы беріп, қалыпты күнді орнататын ұран екен. Асар деген сөз де қазақтың күнделікті өмірінде жиі кездесіп отыратын тіршілікті білдіретін ұғым. Ел бірігіп арық қазса, біреу үй салса немесе әйелдер киіз басып, кемпірлер жүн сабап, күбі пісіп, тары ақтаса осындай жұмыстарға ауыл адамдары түгел жиналып ақысыз жәрдем етуге тиіс болған. Мұндай жұмыстарға біздер де бала кезімізде жиі қатынасып өстік. Бұл өзі көңілді өтетін, елдің бірлігін нығайтатын, татулыққа шақыратын иманды іс болатын. Алас сөзі, керісінше, ел ішінде қатаң тәртіп орнатуға бағытталған шараны білдіретін ауыр сөз. Қалыптасқан салт, әдет-ғұрыптарды бұзғандарға қатал жазалар қолданылып отырған. Мысалы, бір ауылдың жетімі, жесірі қаңғырып кетсе немесе ол ауыл құдайы қонақты қондырмаса, жетесіз жастары жеті атаға жетпей үйленсе, ондай ауылға немесе жеке отбасына айналасы алас жариялаған. Сүйегімізге таңба салды деп олармен қарым-қатынас жасамаған. Үйлеріне бармаған, үйіне кіргізбеген, қыз алысып, қыз беріспеген. Содан кейін мұндай үйлер бөтен елге көшіп кетуге мәжбүр болған. Қатты жаза. Бірақ халықты тәртіпті ұстайтын әділ жаза. Міне, осыларды білгеннен адамға да, қоғамға да келер пайда көп. Адамзат жаралғаннан бері біздің қазақтың қыздарының басына орамал салынбаған еді. Ал, әйелдердің жүзі ашық, өңдері жарқын болып келді. Бірақ еркектер де, әйелдер де өзінің денесін ашпаған, көрсетпеген. Шын мәнінде шалбар киюді әлемге таратқан сақтар-тын. Кім қалай киінеді, әрине, әркімнің өз жұмысы. Бірақ біреулердің бір халыққа өзінің салт, әдет-ғұрпын, түрі-басын өзгертіп, тез арада басқа елдікіне көшеміз деуі ешқандай ақылға келмейтін тіршілік. Жастар қай уақытта да жаңалықтарға еліктегіш қой. Мүмкін ерекше киініп, өздерін ерекше ұстап, басқа халыққа мақтанғысы келетін шығар. Бірақ, ондай ерекшелену, бөліну, мақтану, қаншалықты имандылыққа тура келер екен? Біз негізінен мұсылмандар тұратын елміз. Екінші жағынан біз өркениетті елдің азаматтарымыз. Дәл бүгін біздің халқымыз дүние жүзіндегі әдемі, жарасымды, тіпті, сылқым киім киетін халықтардың бірі болып саналады. Оны барлық елдер де солай баға беріп айтып жүр. Бір заманда қазақтың даласына дәруіштер қаптап кетіпті. Халық өзі қабылдай қоймаған соң, олар кеткен екен келмеске. Біраз жыл бұрын біздің қыз-келіншектер де басқа жаққа ауытқып, денесін жалаңаштап жүруді сәнге айналдырып алған еді. Оны да халық жақтырмай, ерсі тіршілік деген соң, ол да қалып бара жатқан сияқты. Осы ары-бері ауытқып, астымыздағы қайықты шайқалта бермей, қалыпты жағдайымызды сақтап, алдыңғы қатардағы елдердің бірі деген атаққа ие болғанымыз дұрыс сияқты. Алла адамдарға: «Мына дүниені жасап, сендерді ие еттім. Осыларды дұрыс пайдаланып, бақытты өмір сүріңдер», – деген екен. Кейінірек бейбіт өмір деген ислам дінін түсіріпті. Міне, осы қасиетті нәрсені сақтасақ, қателеспейміз. Әркім өз еліне, өз жеріне, өз халқына еңбек ету керек. Біреудің алдауына түсіп алжасып, басқа бір елдің қанын төгіп, күнәһар болған адам оңбайды. Адам баласы бақытты олай іздемейді. Бақытты отанына, халқына, жанындағыларға жақсылық істеу арқылы ғана табады. Сондайларға ғана Алла жұмақтың есігін ашады. Адасқан, бөлінген, елін бүлдірген адамдардың ақіреті жаман болады, қарақтарым. Біз дұрысын айтамыз, сеніңдер бізге. «Адасқанның – алды жөн, арты – соқпақ» демей, қайтыңдар райларыңнан. Қара нәрседен қашық болсаң аман боласың. Онсыз да біраз боздақ босқа кетті дүниеден. Бізге әрқайсыңның өмірің алтыннан да қымбат. Біздің шамалы халқымызға соның өзі де көп болып отыр. Ол оның үстіне жаман үлгі. Енді Алла ондайды біздің басымызға бермесін. Тыныштық бәрінен де қымбат.Алла да бізге соны тілеген. Дүниеден құрып кетпеуің үшін ұлтымыз күшті болу керек, біреуге құл болып кетпеуің үшін отанымыз қуатты болу керек. Мықты мемлекет болу үшін бірлік бар болу керек. Сондықтан да бәріміз: «Иә, Алла тағала! Біздің қай уақытта да бірлігімізді бере гөр, Иә, Алла тағала! Біздің мәңгі тыныштығымызды бере гөр, Иә, Алла тағала! Бізге өзіңнің тура да, ақ жолыңды бұйырта гөр» – деп тілеу тілейік, ағайын. Осындай отанның, елдің бірлігін тілеген елдің ардақты азаматы Өмірбек Байгелдидің осы ойлы мақаласын Қазақ елінің барлық жанашыр азаматтары оқып, түсініп, ұрпақтарына ескертсе, нұр үстіне нұр болар еді.Интернеттегі ілеспе жолдар
Өмірбек Байгелди аға сөзі – бұл қазақтың келешегіне жаны ашыған адамның сөзі. Ислами арнаның басшыларын министрлік арқылы қазақтың ұғымына жан діни түсінік бергені үшін хабар тарату лицензиясын алғашқыда уақытша, сонсоң біржолата қайтарып алуға әрекет ету керек. Әйтпесе, діни арнада былай деді, мынаған тыйым салынады-мыс дейтін жастар көбейіп барады. Діни уағызды бұрмалап жүргізген арнаның не қажеті бар? Одан да оның жоғы жақсы емес пе, айналайындар-ау!!! * * * Қазіргі таңда, дұрыс насихат беретін дуалы ауыз ақсақалдарымыздың сиреп бара жатқаны рас. Өмірбек Байгелди ақсақалдың мақаласының қазақы діни-танымдық пікірлерінен Имам Ағзам Абу Ханифаның мазһабындағы мұсылманның иманың бекіп, жүрегіңмен қазақ болып туғаныңа шүкірлік етіп, қазақы рухың қуаттанбауы мүмкін емес. Алла сізге денсаулық, амандық, отбасыңызға береке берсін. * * * Орал қаласында жат пиғылдағы діни ағымдардан жапа шеккен адамдарға көмек көрсету мәселесіне арналған жиын болды. Қаладағы мектептердің бірінде 10-сыныпта оқитын қыз бала бір-ақ күнде хиджап киіп, намаз оқымайтын адамның қолынан ас-су ішпеймін, деп өзін тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анасына қарсы шығып, ұшқан ұясынан безіпті. Абырой болғанда, әлгі қыз баланы ата-анасы ішкі саясат басқармасының қызметкерлерімен, имамдармен, дінтанушы ұстаздармен, психологтармен сөйлестіріп жатып, істеп жүрген әрекетінің дұрыс емес екендігіне көзін жеткізіпті. Ол қыз кері тартпа ағымның жетегінде кеткенін түсінген, ал соны түсінбей жүрген қаракөз қандастарымыз қаншама. Егер газет беттерінде Өмірбек Байгелди ағамыз жазған осындай танымдық мәні зор мақалалар жиі жарық көріп тұрса, сөз жоқ, олар да ойланады, санасына сәуле құйылады. Өмірбек ағамызға, «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына көп-көп рахмет! Кәкімжан КӘРІБОЗОВ, Жангелдин аудандық мәслихатының депутаты. Қостанай облысы.Тәубе дейікші, ағайын!
Қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелди ағаның өмір-деректеріне сыртынан қанықпын. Жазған материалдарын үзбей оқып тұрамын. Қай мақаласын алсаң да сөзі дуалы, айтары қонымды, адамды баурай түседі. «Сұрау – сырқат, сұрағаныңды алсаң – жазыласың, бермесең – өлесің» деп бір жазғаны есімнен кетпейді. Сонан соң адамның мейірімсіздігі жайында «Егемен Қазақстан» газетінде «Неге?» деген сұрақпен мәселе қозғағанда төбеміз шымырлап, көрші-қолаңға жүгіріп, осы дүниені жабыла оқығанымыз бар. Ойпыр-ай, қатыгездіктен табиғат, аң-құс бізден жери бастады, басқа өңірге бауыр басуға ыңғайланды-ау?! деп күрсінгенбіз. Сол аға мақаласында «Қазағым, қайда барасың?» деп жар салып, жанайқай білдіріпті. Толғанбай, күйзелмей оқу мүмкін емес. Адамды тебірентеді, сай сүйегің сырқырайды. Жалпы, қазақтай бауырмал халық аз. Бізде жатсыну жоқ. Сұрапыл соғыс жылдарында чешен, корей ағайындар бізге паналап келді. Төрімізден орын беріп, бір түйір нанды бөліп жедік, балаларымен бірге ойнап, бауыр бастық. Таяуда бір ардагер ағамыз дүниеден өткен сәтте сонау Кавказдан бір чешен ақсақал келіп, қоштасу сәтінде көз жасын төкті. Бәріміз көз жасымызды төгілттік. Әлгі жігіт Сыр елінің азаматтарына ризалықпен бас иді. Тағы бір мысал. Мына іргедегі «Ақжарма» атты ауыл бар, сонда «Чешен ауылы» атты қоныс түгелдей солар. Бұлардың көбісі қазақ ағайындармен құдандалы-жекжат болып кеткен. Үлкен жолдың бойындағы бұл ауылға бұрылмайтын адам жоқ. Қармақшыдағы «ІІІ интернационал» атты ауылда түрік ағайындар тобын жазбай ұл-қыз өсіріп отыр. Бір кездері «Авангард», «Гигант» атты колхоздар түгелдей корейлер болды, сыр күрішінің даңқын асырған корей ұлты ел мақтанышы бола алды. Міне, осының бәрі бірліктің, берекелі ел тамырының тереңде жатқанын байқатады. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – елдің тыныштығы. Елбасымыздың берік саясатының, болашақты әріден ойлайтын болжампаздығы – іргелі елдің тұтастығына даңғыл жол ашып отыр. Ұлттар мен ұлыстарды құрметтеу тұрғысында қаншама сөз айтылды. Баға жетпес құндылықтар тереңнен қозғалған сәтте Елбасымыздың күш-жігеріне алыс-жақын шетелдегі қандастарымыз талай рет қол соқты емес пе! Міне, үлкен қасиеті бар қазақ атты халықтың салтын, дәстүрін, сыйластығын дамыта түссек ұтылмаймыз. Өмекең айтпақшы, «Күшті мемлекет болу үшін бірлік керек». Бүлінген, бүлдірген елдің ақырының не болғаны тарихтан аян. Әділетсіз істен опық жеп, Алла қаһарына ұшыраған елдер баршылық. Бала кезімізде тәртіп қатал еді. Бір түйір дән шашау шықпайтын. Ел болып, еңбек етпейтіндерді елден аластап, басқа ауылдарға жер аударатын. Ал қазір құда да тыныш, құдағи да тыныштың кейпіне көштік. Әділдіктің түбіне жетем дегенше, сақал-шашың түседі. Адам жақсы қартаюы керек. Өсер ұрпаққа өнеге қалдыр, қадіріңді кетірме! Бір зейнеткер ағамыз белсенділік көрсетейін деп үй жағалап, бір азаматтың үстінен арыз жазып, өңшең зейнеткерлерге қол қойдырып, әлгі азаматты ығыстырып, орнына екінші бір зейнеткерді отырғызуға мұрындық болдық. Не болды? Таяуда бұл зейнеткер де қызметінен қош айтысты. Кім ұтты, кім ұтылды? Жалпы, жазықсыз жанға күйе жағу өріс алмаса деп тілеймін. Бұл да бір сырқат. Қазақ «Бөлінгенді бөрі жейді, бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп өсиет қалдырған. Ел бірлігі, сыйластығы – ертеңгі күннің жарқын болашағына жол ашады. «Егемен Қазақстан» газетіндегі Ө.Байгелди ағаның толғанысын оқып отырып, «Тәуба, тәуба!» деп ой қорыттым. Бұл ойды таяуда жазушы Дулат Исабеков одан әрі тереңдетті. Міне, осындай дүниелерді жоғары оқу орындарында, мектептерде насихаттап, диспут өткізуді өрістету керек. Артық-кемін өзің толтыр, оқырман! Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, ардагер журналист. Қызылорда.