Төрағалықтың тамаша табысы – жасампаздықтың жарқын жеңісі
Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын, Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда Тәуелсіздігіміздің туын әлем аспанында желбіреткенімізге 19-ақ жыл болғанымен, Еуропа мен Азияның, Солтүстік Американың 56 мемлекеті мүше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммиті Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ ТМД мемлекеттерінің ішінен бірінші болып Қазақстанда, Астанада өтті. Бұл еліміз үшін, халқымыз үшін жауапты әрі абыройлы, саяси һәм тарихи оқиға болғаны болғаны даусыз. Әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі арқылы Қазақстан мемлекетінің, Қазақ елінің тәуелсіздігі төрткүл дүниеге түгел танылып қана қоймай, оның дүрбелеңге толы дүниежүзілік саясат сахнасының төрінен берік орын алғаны дәлелденді. Түркия саммитінен 11 жылдан кейінгі саммиттің Астанада өтуі, сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі көшбасшы, аса дарынды саясаткер Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың беделінің, еліміздің даңқын шығарып, экономикалық әлеуеті мен мүмкіншіліктерін әлем алдында көрсетемін деп жүрген жанқиярлық еңбегінің нәтижесі екенін өз елімізбен бірге, бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Елбасымыздың бастамасымен Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылы кірді. Хельсинки (1992), Будапешт (1994), Лиссабон (1996), Ыстамбұл (1999) саммиттерінде Қазақстан Президенті белсенді қатысушы болып қана қойған жоқ, өзінің әлемдегі мемлекетаралық келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу, ядролық қарудан жаппай бас тарту, ұлтаралық, конфессияаралық шиеленістерді болдырмау, ұлттық, нәсілдік зорлық-зомбылықтарға қарсылық, сондай-ақ нашақорлық пен адам баласын аздыратын түрлі әрекеттердің бәріне тосқауыл қою, т.б. төңірегіндегі ойлары мен пікірлерін, ұсыныстарын ЕҚЫҰ күн тәртібіне батыл қоя білді. Адамзаттың болашағы бөлінуде емес, бірігуде екені адамның өмір сүруі үшін қажетті қазіргі уақыттағы зәру мәселелердің әлемдік, ортақ сипат алуынан көрінеді. Ортақ мәселені бірігіп шешу керектігін барлық мемлекеттік дәрежедегі басшылар, ғалымдар, дінбасылар, зиялы қауым өкілдері түгелге дерлік біледі. Осы орайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп атауға БҰҰ шешімінің шығуы үлкен оқиға болды. Қазақстан Президентінің, Қазақ елінің бейбітшілік сүйгіш бастамаларының осылайша қолдау табуы әлем жұртшылығының назарын бізге аудара түсті және мұндай қадам әлемдегі беделді Ұйым – ЕҚЫҰ-ны басқаруға бағытталғанымен құнды еді. Президент Н.Ә.Назарбаев әлемдегі саяси ахуалды, экономикалық жағдайды жақсы түсіне отырып, үлкен державалардың назарын Қазақстанға аудару бағытында қолдан келгеннің бәрін істеді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үшін Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның барлық жағынан осы мәртебеге лайықты екенін іс жүзінде дәлелдеп көрсетті. 19 жыл – тарих үшін қас-қағымдай ғана уақыт. Қазақстан мемлекетінің осы аз уақытта адам айтса нанғысыз толағай табыстарға жетуінде ұлттық менталитетіміз, қиын-қыстау кезеңде жұдырықтай жұмыла білетін, ақыл мен сабырлылық көрсете алатын табиғи қасиетіміз маңызды рөл атқарды деп ойлаймыз. Қазақ халқының кеңпейілдігі, өзінен бұрын өзгелерге болсын дейтін жан жомарттығы, жаңалыққа, білімге құштарлығынан көрінетін жасампаздығы, міне, осындай ұлттық сипаттар аз уақыт ішінде Қазақстанды үлкен жеңістерге жетеледі. Біздіңше, әлем жұртшылығының назарын Қазақстан өзіне 130-дан астам ұлт пен ұлысқа құт мекен бола отырып, олардың бір адамның баласындай тату-тәтті өмір сүруіне жағдай жасай алғанымен аударды. Әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз өміріндегі тыныштық пен татулықтың белгісіндей болып отыруы, оның 9 мүшесінің Парламентке сайлануы мемлекет пен халық арасындағы байланысты, қазақтардың ғана емес, басқа да ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің мемлекеттік билікке араласатынының дәлелі бола алды демекпіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттар достығының лабораториясы атанған еліміздің ішкі тұрақтылығын көрсетсе, мұның негізінде басқаларды бауырындай көретін, жатсынбайтын халқымыздың ұлттық болмысы, бітімі жатқаны ақиқат. Әлем назарын аударған, біздіңше, екінші жағдай Қазақстанның Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен дүние жүзі бойынша алғанда 4-ші ядролық держава бола тұра, ядролық қарудан бас тартуы болды. Адамзат тіршілігі, болашағы үшін жасалған аса маңызды мұндай оқиға да халықтың еркімен жасалды. Бастаушы болғанымен, қостаушы болмаса қалай болар еді. Осы тұстан да адамсүйгіштік, бейбітшілік аңсаушылық, тыныштық тілеушілік қазақ жаны қылаң беріп қалып отырған жоқ па? Ұлт неғұрлым ұлағатты, парасатты болған сайын, соғұрлым бүкіл адамзаттық зәру мәселелерді шешуге ұмтыла бермек. Бұл – бір. Екіншіден, ұлт болып ұйысу мен басқалармен бас біріктіру, терезені тең ұстау, өзгеге өктемдік жасамау сияқты сындарлы сипаттар ата-баба дәстүрінен бастау алып жатқан шығар-ау... Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуіне байланысты: «Ядролық полигонды бірінші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тартқан біздің халқымызға деген құрметтің көрінісі болар еді», – деуінде Ұлт Көшбасшысының өз елін құрметтеуді басқалардан талап ететіні көрініп-ақ тұр ғой. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанада өткен съездері (2003, 2006, 2009) біздің еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтындығының, осы орайдағы бастамашылдық іс-әрекетінің дәлелі болса керек. Бұл да 11 жыл үзілістен кейін ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуінің кездейсоқтық емес, Елбасымыз бастап, еліміз қоштаған көптеген салиқалы да салмақты қызметтің нәтижесі екенінің дәлелі. 16-18 қазан аралығында Астанада тұңғыш рет өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы да Қазақстанның Астананың әлем алдындағы беделіне, халқымыздың төрткүл дүниеге түгел танылғанына, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелерді оңтайлы шешуге талаптанатынына дәлел бола алды. Еліміздің еңсе көтеріп, әлемдегі беделді ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық жасағанының жалғасындай болып өткен саммиттің үлкен нәтижесі Астана Декларациясының қабылдануы болғаны тағы аян. Бұл саммиттен кейін, әлемдік деңгейдегі сарапшылардың айтып отырғандарына ден қойсақ, ЕҚЫҰ-ның негізгі жұмысы енді Балканнан Кавказ өңірі мен Орталық Азияға қарай бағытталатыны байқалады. ЕҚЫҰ күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі, сондай-ақ, есірткімен күрес болатыны да белгілі. Болашақта тек есірткі ғана емес, адамзаттың бүгіні мен болашағы үшін басқа да қауіпсіздік мәселелері туралы келелі әңгіме қозғалатыны анық. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде шешімін таппай келе жатқан Таулы Қарабақ, Днестр жағалауы, Қап тауы, Ауғанстан проблемаларының оңтайлы реттелуіне көп еңбек сіңірді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басталған тұста: «Ұйым ХХІ ғасыр әлемінің сан алуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде «Венадан Шығысқа қарай» кеңістігінен дәстүрлі Батыс дараланып тұратын, блоктарға жіктелген Ұйым болып қала бере ме?» – деген болатын. Президенттің осы айтқанын Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ұстанып қана қойған жоқ, алдағы уақытта осы бағыттың басымдық алатынын қазірдің өзінде дәлелдеді. Саммитте де осы тұжырым тиянақтала түсті. Қазақстан көршілес, туыс мемлекет – Қырғызстандағы сәуір төңкерісінің салдарын үнемі бақылауында ұстады, төңкерістің соғысқа айналмауына күш салды, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде ғана емес, іргелес ел, ағайын мемлекет тұрғысынан экономикасы тұралаған Қырғызстанға 11 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек те көрсетті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қазіргі ұстанып отырған саясатына сайсақ, ЕҚЫҰ болашақта тек мемлекеттер аралық шиеленісті жағдайларды шешумен шектелмей, экономикалық дағдарыстарға әсер ете алатындай әлеуеті мол күшке айналуы тиіс. Қазақстан Үкіметі жүргізген экономикалық реформалар, әлемдік дағдарыстан аман-есен шығуымыз еліміздің ішкі тұрақтылығы мен экономикамыздың ұдайы даму үстінде келе жатқанын дәлелдеп берді. Әлемдік өркениеттің озық үлгілеріне өршелене ұмтылу еліміздің Парламентінде қабылданған заңдардан да анық байқалуда. Әсіресе, демократиялық нұсқалы қоғам құру үшін аса қажет, ЕҚЫҰ-ның негізгі шарттарына сәйкес келетін «Сайлау туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдар қабылдап, осыларды іске асырып келе жатқанымыздың өзі Еуропа мен Азияның дамыған мемлекеттерінің назарын аудармай қойған жоқ. Ойымызды қорытындыласақ, ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі Қазақ елінің, Қазақстан мемлекетінің Еуропаға, Азия, Америка елдеріне ғана емес, адамзат болашағы үшін прогрессивті ой-идеяларымен, озық та озат экономикасымен, ғылыми, саяси зор шығармашылық әлеуетімен әлемдегі озық елдердің қатарында көрінуінің дәлелі болып табылды. Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қызылорда.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32