Жеделхат
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановқа
«Егеменнің» беттерінде халқымыздың ізгі ой-мақсаты, арманы, тілегі, тірлігі ұдайы жан-жақты да терең көрсетіліп келеді, сондықтан да қалың әлеуметтің сүйікті басылымына айналып отыр. Мысалы, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төбебилігі мен өз елордасында ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізуінің барлық кезеңінде «Егемен» бұл тақырыптарды біліктілікпен, білгірлікпен жазып, оқырман қауымның пайымын, білімін молайтты, салмақты сөзін айтты.
Өз ауданымыздан бір-екі жақсылықты айтсам, мәселен, қазақтың ақиық ақыны, біздің жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтың 90 жылдығына орай еске алу шаралары өткізіліп, туған жерінде әлеуметтік сала нысандары жаңартылса, аудан орталығында ағамызға еңселі ескерткіш орнатылды. Бұл игі шаралар «Егемен» арқылы барша қазақстандықтарға жетті.
«Жол картасы» бойынша ауданымызда біраз ғимарат жасандырылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылдарымызға 117 жас маман келді. Немесе, «Балапан» бағдарламасына сай, бала саны аз алты шағын елді мекеннен басқа барлық ауылдарымызда мектепке дейінгі мекемелер жұмыс жасауда. Соңғы 4 жылда денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне 20 баспана берілсе, соның ішінде биыл келген ақ желеңді жандар – 12. Осындай барлық көкейкесті тыныс-тіршілігімізге «Егеменнің» сөзі қуат береді, үлкен ауданымыздың өмірі бас газетте жазылып та жүр.
Отанымыз баспасөзінің қарашаңырағына жұртымыз әманда құрметпен қарап, газетке жазылуға да ықыласпен атсалысып келеді. Мұны да, әрине, біз елдегі үлкен істерге үлесіміз деп білеміз. Келер жылға «Егеменге» 1234 данаға жазылым хатталып отыр, бұл – өткен кезеңдердегіден көтеріңкі көрсеткіш. Елбасы саясатына, ел-жұрттың еңбегіне бірінші кезекте қам жейтін бас газетіміз дәуір талабына сай, баршамыздың рухани тірегіміз болып табылады. Сіздерге шығармашылық мол табыстар, толайым қуаныштар тілейміз!
Абай ИМАНҒАЛИЕВ, Ақжайық ауданының әкімі.
Батыс Қазақстан облысы.