Ынтымақтастық арта береді
Мемлекет басшысының атына шет ел мемлекет және үкімет басшыларынан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 19 жылдығымен құттықтаған хаттар келуін жалғастыруда, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтенің хатында: «Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті кезіндегі біздің кездесуімізді және ашық әңгімемізді үлкен қанағаттанушылық сезіммен есіме аламын, Сізге жылы шырайлы қабылдауыңыз және іс-шараны жоғары деңгейде тамаша ұйымдастырғаныңыз үшін алғысымды айтамын. Мен Қазақстанның әсем елордасында өткен Саммиттегі достық байланыстар және шешімнің қабылдануы ЕҚЫҰ-ға мүше барлық елдердің арасындағы қарым-қатынастарды, сондай-ақ біздің мемлекеттеріміз арасындағы екі жақты қатынастарды одан әрі дамыту үшін мықты іргетас болатынына сенемін. Литва Қазақстаннан төрағалық тізгінін қабылдай отырып, Сіздер тарапынан берілген төрағалықтың жоғары стандарттарын сақтайтын болады. Мен ЕҚЫҰ «үштігі» аясында Қазақстанмен тығыз және жемісті ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынына сенімдімін», деп атап өтілген.
Түркия Президенті Абдулла Гүл Қазақстан Президентіне жолдаған хатында: «Сіздің көреген саясатыңыздың арқасында Қазақстан дамыған әрі халықаралық деңгейде өте беделді мемлекетке айналды. Қазақстан жетістіктерінің арқасында, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Астанада өткен Саммит қазақстандықтардың бейбітшілік пен тұрақтылыққа деген ұмтылысын көрсетіп берді. 2010 жыл біздің екі жақты стратегиялық маңызды қарым-қатынастарымыздың жемісті жылы болды. Сіздің бастамаңыз бойынша 2011 жылы Қазақстанда өтетін Түркітілдес елдердің ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің бірінші саммиті біздің халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп санаймын», деп жазады.
Украина Президенті Виктор Януковичтің хатында: «Сіздің жаһандық сипаттағы бастамаңыз Қазақстан Республикасын әлемдік қоғамдастықтың ықпалды мүшелерінің қатарына қосты, жетекші халықаралық ұйымдардың қызметіне едәуір қарқын берді. Біздің тарихымыздың ортақ беттері, екі жақты стратегиялық мүдделеріміздің болуы Қазақстанды Украинаның аймақтағы сенімді серіктесі жасайды және біздің халықтарымыздың игілігі үшін Украина-Қазақстан қарым-қатынастарының ертеден келе жатқан әлеуетін іске асырудың кепілі болып табылады», деп атап өтілген.
«Тату көршілестік және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар екі ел халқының игілігі үшін және Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мүддесіне алдағы уақытта да қызмет ететініне сенемін», делінген Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтің құттықтау хатында.
Мемлекет басшысын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 19 жылдығымен Молдова Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Михай Гимпу құттықтайды. «Молдова мен Қазақстан Республикасы арасындағы сындарлы үнқатысу мен тығыз ынтымақтастық келешекте де достық пен өзара түсіністікті нығайтуға, біздің халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды дамытуға қызмет ететініне сенім білдіремін», деп атап көрсетілген құттықтауда.
Австралия Достастығының генерал-губернаторы Квентин Брайс өз хатында: «Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастар саяси, ресми және іскерлік байланыстарды кеңейте отырып, оң сипатта дамуын жалғастырады. Австралия Қазақстанның төрағалығы қарсаңында, 2009 жылғы желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастық жөніндегі азиялық серіктесі болды. Бұл біздің екі жақты байланыстарымызды нығайту және халықаралық мәселелер бойынша өзара іс-қимылымызды күшейту үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызады», деп жазады.
Сондай-ақ Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтауларды Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Патшайымы Елизавета II, Сан-Марино Республикасы капитан-регенттері Дж.Ф.Уголини мен А.Зафферани, КХДР Жоғары Халық Жиналысы Президиумының Төрағасы Ким Ен Нам жолдаған.