Астанада алғаш рет жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Шабыт - 2010» байқауы ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары белгілі болды.
«Шабыт» қоғамдық қорының мақсаты – жылды үздік жетістіктермен аяқтаған талантты жастар мен олардың шығармашылығына қолдау көрсетіп, мәдениет пен өнер саласында аянбай қызмет етіп жүрген ұжымдарды одан әрі ынталандыру десек, «Шабыт-2010» сыйлығын тұңғыш рет қазақстандық өнерпаздар иеленіп отыр. Бұл орайда «Шабыт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Талант Төлебеков: «Байқаудың іріктеу кезеңінде мықтыларды таңдауда зерттеу және әлеуметтік сауалдарды жүргізу әдісі қолданылды. Зерттеу барысы қараша айының бірінші жұлдызынан басталып, желтоқсан айының біріне дейін созылды. Ондағы мәліметтерді өңдеу барысы 15 күнге жалғасты. Қазақстанның беделді қайраткерлерден құрылған тәуелсіз қазылар тобы «Ең үздік» деп танылған қазақстандық мәдениет және өнер саласының 2010 жылғы майталмандарын анықтады», – деді.
Үш номинация бойынша іріктелген байқау жеңімпаздары Қазақ Ақпарат агенттігінің баспасөз конференциясына арналған залында мәлім болды. Осыған сәйкес, «Мәдениет саласына сіңірген еңбегі мен жастар шығармашылығының өркендеуіне айрықша үлес қосқаны үшін» Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Жыл үздігі» атанды.
2010 жылы «Мәдениет пен өнер саласында жеткен жетістігі үшін» елордалық филармонияның хореографы Әділ Еркінбаев пен белгілі балет бишісі Гүлфайруз Құрманқожаевалар марапатталса, «Жаңа толқын» байқауында күміс көмей әнші Қайрат Түнтеков пен жас режиссер Қанағат Мұстафин жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, кино әлемінде ерекше көзге түсіп жүрген қыздардың бірі Қарлығаш Мұхамеджанова мен цирк өнерінде сайқымазақ бейнесін шебер сомдаушы Мұрат Мұтұрғанов мәдениетті жандандыруға қосқан үлестері үшін аталған номинацияның жүлдегерлері деп танылды.
Ал «Жастар шығармашылығына қолдау көрсеткені үшін» номинациясы бойынша жас өнерпаздарымыздың бір жыл ішінде Еуропаның бірнеше елі мен АҚШ сахналарынан көрінулеріне мол мүмкіндік жасаған скрипкашы Айман Мұсақожаеваның аты алдымен аталды. Сонымен қоса, Өнер академиясының тізгінін ұстап отырған Арыстанбек Мұхамедиұлы, жақында ғана экранға жол тартқан «Жұлдызды коктейль» фильмін түсірген продюсер Баян Есентаева дарындардың көзін ашқан тұлғалар ретінде БАҚ өкілдеріне жария етілді. Жаңа есімдерді халық арасында танымал етуде ақпарат құралдарының еңбегі зор екендігі баршаға мәлім. Осы тұрғыдан алғанда, «Казахстанская правда» газеті, «Қазақ Ақпарат агенттігі» ҰК» АҚ, «Тенгри» радиотолқыны мен «Хит ТВ» арнасы да алдыңғы толқыннан көрінді.
«Мәдениет пен өнер саласында сапалы қызмет көрсеткені үшін» мәдени ошақтар, театр мен мұражай ұжымдары марапатталды. Олардың қатарында Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, «Құланшы» қазіргі заман өнері орталығы, «Қазақ әуендері» АҚ мен «Кинопарк» кинокомпаниясы да бар.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.