Баршаға аян, еліміздің қасиетті де қастерлі төл мерекесі –Тәуелсіздік күніне орай бірқауым жұрттың мемлекетке сіңірген еңбектері бағаланып, жоғары наградалармен марапатталған болатын. Солардың арасында ҚР ҰҒА және РМҒА академигі, ДДҰ-ның кеңесшісі, Леон Бернард атындағы ДДҰ-ның жоғары марапатының және ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ тағамтану және профилактикалық медицина академияларының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов та Мемлекет басшысының қолынан 1 дәрежелі Достық орденін алған-ды. Жуырда редакцияның Алматы қосынына Қазақ тағамтану академиясының бір топ қызметкерлері: «Басшымыздың биік беделі жөнінде еліміз біле түссе» деген тілек айта келіпті...
Иә, көрнекті ғалым, білікті ұйымдастырушы Т.Шарманов өзінің саналы ғұмырын түгелдей дерлік ғылымға арнап, оның ішінде отандық медицина саласын дамытуға, халық денсаулығын нығайту мен жақсартуға сіңірген еңбегі, қосқан үлесі орасан. Осы елеулі еңбегін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ғалымның 80 жасқа толған мерейтойына жолдаған құттықтауында да атап өтті. Онда былай делінген: «Құрметті Төрегелді Шарманұлы! Сіз еңбек жолыңызды ауыл дәрігері болып бастап, еліміздің денсаулық сақтау министріне дейінгі қызметтердің бәрін де абыроймен атқарып, жұртшылықтың шынайы алғысы мен құрметіне бөленіп келе жатқан азаматсыз. Қай істе де өзіңізді білімді маман, дарынды ұйымдастырушы, қашанда ел мүддесін басты міндет санайтын, жан-жүрегіңіз таза тұлға ретінде таныта білдіңіз. Ғылым жолындағы қызметіңіздің де өте жемісті екеніне сүйсінеміз. Ғылым докторы, профессор, медицина институтының ректоры, КСРО Медицина ғылым академиясының академигі бола жүріп, бірнеше жүздеген ғылыми еңбек жаздыңыз. Әлемдік медицина ғылымы саласына қосқан үлесіңіз ДДҰ-ның Леон Бернард атындағы халықаралық сыйлығымен аталып өтілді. Кейінгі жастарымыз әрдайым өзіңіздей абзал ағалардың жолын ұстап, өнегесін үлгі тұтып өссе екен деймін. Аман болыңыз, Төке! Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін».
Көрнекті ғалым, профессор Т.Шарманов бүгінде әлемдік қоғамдық денсаулық сақтау саласының аса ықпалды тұлғасының бірі ретінде де танылып отыр. Оның білікті ұйымдастырушы ретінде 1978 жылы Алматыда 146 мемлекет делегациясы қатысқан атақты ДДҰ-ның халықаралық конференциясын өз дәрежесінде өткізіп, ХХ ғасырдағы ұлы хартия – Алматы Декларациясының қабылдануы елдің мәртебесін көтеріп, мерейін үстем етті.
Т.Шармановтың тағы бір игілікті ісі – жақында Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде Талғардағы ана мен балаға арналған дәрумендерге бай, таза табиғи сүт өнімдерін шығаратын «Амиран» зауытының тұсауы кесілді. Балалар мен аналарға арналған емдік-профилактикалық тағам өндіретін зауыт – Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі бұл бағытта алғаш іске асырылған жоба. Мұнда Қазақ тағамтану академиясының ғалымдарының көп жылғы ғылыми еңбегінің негізінде жасалған 8 түрлі балалар мен аналарға арналған емдік-профилактикалық және диеталық тағам өндіріледі. Мұндағы шығарылатын өнімнің шеттен әкелінетін бала тағамынан айырмашылығы – табиғи шикізат көзінде, яғни фермерлік шаруашылықтардан әкелінетін сиыр сүті қолданылады. Мұндай шаруашылық өнімдері мұқият таңдаудан өткізілген. Толығымен автоматтандырылған өндіріс күніне 15 тонна өнім өндіріп, Алматы қаласы мен Алматы облысының бала мен ана тағамына қажеттілігін өтейтін болады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.