31 Желтоқсан, 2010

Ұлттық дүниені ұлықтаған

477 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Журналист-жазушы Сүлеймен Мәмет – әманда ұлт ісіне жан-тә­німен араласып, ұлттық құн­ды­лық­та­ры­мыз­дың аяққа тапталмауын, жо­­ғалтқан асылдарымызды қайта ті­рілтіп, ұлттық мүдделеріміздің қол­ға алынуын, сөйтсе ғана хал­қы­мыз­дың басы аман, бауыры бү­тін болатынын шырылдай айтып жүре­тін қазақтың адал ұлдарының бірі. Қолымызға тиген «Уақыт үні» атты жинағында да оның осы та­қы­рып­тағы алуан түрлі пайымдары жи­нақ­талыпты. Ондағы сыр-сұх­бат­­тары мен публицистикалық ой-толғам­да­ры тегісімен осы мәсе­ле­нің төңі­ре­гінде топтастырылған екен. Кітаптың бірінші бөлімінде қа­зақ­тың ойшыл, ұлт болашағына жа­ны шырқырап жүретін жандармен түрлі проблемалар төңірегінде жа­са­ған сұхбаттары орын алған. Со­ның беташары белгілі абай­та­нушы ғалым, бауыржантану ілімінің негізін салушы, бар болмысымен ұл­ты­ның жоғын жоқтап келе жатқан көзі тірі абыздарымыздың бірі Мекемтас Мырзахметовпен жасаған сұх­бат­тан басталыпты. Ата-баба, зәу-затымыздың бастан өткерген зоба­ла­ңын түпкі тамырынан тартқан ғалым әңгіме орайында қазақ жұр­ты жеті басқыншылықты бастан кешіргенін айтады. «Бірінші – ғұндар заманында Қытаймен шатыстық, екін­ші – парсымен арпалыстық, үшін­ші Ескендір Зұлқарнайын бас­та­ған гректер келді, төртінші – араб­тар андағайлап жетті, бесінші – моң­ғолдар, алтыншы – қарақұрым қалмақтар қаптады, жетінші – ор­ман­дай орыс жайлады», дей келіп, солардың бәрінен де аман қалған қазақ енді тәуелсіздікке қол жеткізген заманында өздігінен жойылып бара жатса, оған өзінен басқа ешкім кі­нәлі емес дегенді айтады. Осы­ның өзі тамыры тереңде жатқан тұ­жырым емес пе? Мұның себебін абыз қазақтың рухани болмысының азып бара жатқандығынан, Абайдай данышпанын айнымас темірқазық ретінде ардақтай ұстаудың орнына өзгенің ортаңқол дүниелеріне елік­теп-солықтай бергеннің салдары екендігін дәлелді пікірлерімен өр­нек­тейді. «Абайды жүрдім-бардым емес, ойлы көзбен оқысаң, бәрі кө­ңіл айнаңда анық көрініп тұрады. Бүкіл болмысың тұнық айдынға түс­кендей анық тұр», дейді. Кітаптағы басқа сұхбаттардың, ма­қалалардың да негізгі өзегі, тоқ­таған пайымы осы. Өзгеге еліктеп-со­лықтап жүргенде өзіңнің қо­лың­дағы алтыннан айырылып қалма, ал­ды­мен өзіңнің болмысыңа терең бой­ла, өзіңді терең танып алған соң ға­на басқаның жақсылығын бойыңа тарт дегенге саяды. Мәселен, «Қа­зақ қайтсе, қалады қазақ болып» деген тақырыппен берілген белгілі ұлтжанашыры Берік Әбді­ғалимен, Алаштың ардақты ұлдары жәйлі түркиялық қандасымыз, атақты та­рих­шы ғалым Абдуақап Қарамен және т.б. әңгіме өрбіткенде де осы өзек­тен айнымайды. Тіліңді тазалау ар­қылы діліңді тауып, рухыңды жан­дандыру жолдарын да ол Абай даналықтарынан табады. Мәселен, Берік Әбдіғалимен сұхбатында Үкі­мет­тің бір кезде қазақша сөйлей бас­тағанын «түзелу үшін «әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек» деген данышпан сөзі осы емес пе екен деп те үміттеніп қа­лады. Сондай-ақ Б.Әбдіғалидың: «Ұлттың рухы оянса, ұлттық намыс оянады»; «ұлт мықты болмай тілдің бағы жанбайды»; «бодандық ру­хың­ды жұрдай еткен, одан құтқа­ра­тын ұлттық намыс қана» деген секілді тұжырымдары да қазақ үшін үнемі жадынан шығармайтын қа­ғи­да­лар екені даусыз. Барлық сұхбаттар мен ой-тол­ғам­дар «бойға жұқпай сырғанай­тын» құрғақ ақыл, құр ділмәрсу емес, «адамның бар тамырын қуа­лап», «ынталы жүрекке» жететін жан­ды деректерге, тынысты бол­жам­дарға, салыстырмалы фактілерге толы. Бұлар да кітаптың құн­ды­лы­ғын арттыра түскен. Кітаптың екінші бөлімі «Кісілік келбеті» деп аталып, онда адамдар арасындағы түрлі қатынастар кезіндегі адамгершілік асыл қасиеттің жоғары тұрғанына мысал боларлық дүниелер топтастырылыпты. Соның ішінде қарапайым адамдар мен белгілі тұлғалардың жеке басы мен істерінде болған бір үзік үлгілі сырлар айтылыпты. Өмірбек Байгелди, Равиль Шырдабаев, Тұ­ман­бай Молдағалиев, Өмірзақ Сұл­тан­ғазин, Әбіш Кекілбаев, Кемел Тоқаев, Абдул-Хамид Мархабаев, Ақселеу Сейдімбеков және бас­қа­лар­ға қатысты оқиғалар осы қатарда баяндалған. Мұндағы негізгі идея да алғашқы бөлімдегі өзек­тен айнымаған. Олар «қазақты көр­гің келсе міне осы, деп көрсетсе дүниеге ұялмайтындай» азаматтар болуымен қатар ұлт мүддесіне сай орны бар, атқарған айтулы істері бар тұлғалар болған соң да олар Сүкең қаламына іліккен сияқты. Кітаптың соңғы бөлімі алғаш­қы­лардағы ұлттық дүниеге қатысты терең толғамдарды іс жүзіне асы­ру­дың тура жолдарын айтқан шағын мақалаларға, өзіндік тұжырымдарға толы екен. Мәселен, «Күрессек, на­мыс­сыздықпен күресейік», «Де­мо­графияны деміктіріп алмайық», «Сингапурды Сингапур еткен ұлт­тық, рух, адал қызмет», т.с.с. мақалалардың тақырыбының өзі-ақ айт­пақ ойларды айқайлап жеткізіп тұр. Жалпы айтқанда, кітаптың оқыр­манға салар ойы тым өзекті, жетеңе тимей қоймайтын жетелі сөз­дер екені даусыз. Жақсыбай САМРАТ.