80 жылдық тарихы бар Жамбыл аудандық «Атамекен» газеті бұған дейін бұрынғы темекі сарайдың орнындағы ескі баспананы мекен еткен-тін. Соған қарамастан, журналистер ұлы жыраудың бейнесін бойтұмар еткен басылымды оқырман сұранысына орай шығарып келді. Дегенмен, қоңырқай күй кешкен ұжым сәулетті ғимаратты армандап, әйтеуір оның бір болатынына сенімді еді.
Жаңа жыл қарсаңында осы жақсы істің тиянағы келтіріліп, редакция ұжымы мәре-сәре болды. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстарына 23 млн. теңге бөлініп, төрт айдың ішінде редакция ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Тағы бір қуаныштысы – ол енді табиғи газбен жылытылады. Бюджет қаржысы есебінен жұмыс кабинеттері заманауи жиһаз, компьютерлермен, тағы басқа техникалық құралдармен жабдықталды. Құрылыс жұмыстарын осы салада тәжірибе жинақтаған Сартан Мимикенов басқаратын «ПМК-7К» құрылыс серіктестігі жүргізіп, ұжым журналистерінің алғысына бөленді. Бұл да рухани салаға деген қарымды қамқорлықтың дәлелі.
Жаңа жыл қарсаңында жамбылдықтар және бір орайлы істің орамын келтірді. Атап айтқанда, шалғайда жатқан Қастек ауылында дәрігерлік қосын ашылса, Беріктаста мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Жалпы жұртшылықтың қажетін ашқан жоғарыдағы нысандар «Жол картасы» бағдарламасының жергілікті жерлерде ойдағыдай орындалып жатқанын көрсетті.
– Ауылымызда өнерлі жастар көп. Тоқырау жылдарында сыны кеткен рухани орын Елбасының байыпты бағдарламасының нәтижесінде жаңарып шыға келді. Тіпті, ескіні жарқыратқан бұл бастамаға қуанбаған жан қалмады. Өнерпаздар өнерлерін ортаға салып, ауылды ән мен жырға бөледі. Енді жастардың жұмыстан кейін баратын жерлері осы болады. Біз де ұл-қыздарымыздың өнерін тамашалап, үйде отырмайтын болдық, – дейді еңбек ардагері, қарт ұстаз Кеңес Көкеев.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.