31 Желтоқсан, 2010

Жаңа жылға қару асынып кірмек

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Корея түбегінде қиын жағдай қалыптасып отыр. Екі мемлекетке бөлінген кәріс халқы өзін-өзі қыру қауіпінде. Бір-біріне мылтық кезенген Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның қайсысы айыпты десең де, соғыс бола қалған жағдайда, қырылатын корей халқы. Бұлар неге со­­ғысқысы келеді де­генге қи­сын­­ды жауап беру қиын. Сөйтсе де, бұ­лар­дың бір-біріне қар­­сы тұ­­руы, бір-бірін жау санауы екінші дүние­жү­зі­лік соғыстың қо­ры­тындысына, саяси жүйелердің қақтығысына барып тірелетіні белгілі. Бір корей елін жапон отар­шы­ла­ры­нан азат етуге екі жүйе қа­тыс­ты да, бір халық екіге бөлініп, бір-біріне жау болып шыға келді. Жүйе бір болғанда, олар әлде­қашан бірігіп кетер еді. Про­блеманы 1950-1953 жыл­дар­дағы соғыс та шеше ал­ма­ды, «қырғи-қабақ» соғыстан ке­йін­гі қарама-қайшылықтың бәсеңдеуі де шеше алмады. Керісінше, соңғы жыл­дар­да олардың бір-біріне қарсы тұруы күшейе түскендей. Оның басты бір себебі – сол­түстік жақтағы коммунистік билік өзін сақтау үшін әскери психозды қоз­ды­руға мәжбүр. Басқалардың бә­рін жау қылып көрсетіп, ел басына түскен қи­ындықты, ха­лықтың аш­құр­сақ өмірін соған жапқысы келеді. Халықаралық қоғам­дас­тық­пен, әлемнің жетекші елдерімен келіссөзде ымы­раға келмеуі, ядролық қа­руды қал­қан қылып ұс­тауы, сірә, бұл жүйе барда созыла бер­мек. Екі жақ та өздерінің күш­­терін есепке алып, жо­ғын тү­­ген­деп жа­тыр. Кей­бір мә­­­лі­мет­терді келтіре кеткен жөн шығар. КХДР – мықтап ми­литарланған ел. Оның қа­рулы күшінде 1106 мың адам бар (халқы 22,4 миллион). Құрғақтағы әскері – 950 мың, әскери-теңіз күші – 46 мың, әскери-әуе күші – 110 мың. 3500 танкісі, 63 сүңгуір қайығы, 388 ұшағы бар. Әскери бюджеті – 5 миллиард доллар. Корея Рес­пуб­ли­ка­сында 687 мың әскер бар болса, құрғақтағы әскері – 560 мың, әскери-теңіз күші – 68 мың, әуе күші 64 мың адам. 2750 танкісі, 13 сүңгуір қайығы, 467 ұшағы бар. Әскери бюджеті – 24,5 миллиард доллар. Бұған қоса онда АҚШ-тың 17 мың солдаты, 7800 адамдық әскери-теңіз күші ор­на­лас­қан. Әрине, олардың қару-жарағы сай. Соғыс оты тұтанып, оған осынау күш қатысар болса, біраз дүниенің астан-кестеңі шығары даусыз. Екі жақ та орасан көп шығынға батады. Тіпті бір жағының жеңуі мүмкін еместей. Ядролық қаруым бар дегенмен, экономикасы қалт-құлт еткен КХДР соғыстың тауқыметін көтере алмайды. Өзіне деген қауіпті сейілткені болмаса, бұл соғыстағы жеңістің Сеулге де түкке керегі жоқ.