31 Желтоқсан, 2010

Ұлт келбеті

1631 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

«Елді Ер танытады», – деп халық ежелден айтады. Бұл ұғым адам санасымен бірге оянып, бүкіл өмірінде оның шындығына, тұрақты құндылығына көзін жеткізіп жүреді. Ұлттың, елдің, халықтың қабілеті де, сапасы да жекелеген тұлғалардың іс-әрекеті, өнері, қайраткерлік еңбегімен, оның кескін-келбеті, мінез-құлқымен өлшеніп, сол тұлғаға қарап, бүкіл ұлтқа баға беріліп жатуы да заңды құбылыс. Бұлай болуы – сондай-ақ әр қоғамның өзіне тән ерекшеліктерінің де көрінісі. Қазақ қоғамы ежелден «Сөз бастайтын шешен мен қол бастайтын батырдың» болуына айрықша мән берумен келеді. Қоғам да осы талап тұрғысынан қалыптасты. Орынды сөз сөйлеп, ұтымды әрекет бастай алған, тіршілігі таза, еңбегі адал, төрелігі әділ адамға көпшілік қолдау көрсетеді. Қазақ халқы ежелден ондай озық тұлғаларға бай. Үлесіне сондай Бақ пен Абырой тиген қазақтың ұлттық тұлғаларының бірі – академик Салық Зиманұлы Зиманов. Салық ағамыздың өмірбаянына зер салсаңыз – оның әуел бастан отаншылдық дүниетанымының берік қалыптасқанына көз жеткізу ешқандай қиындық туғыз­бай­ды. Жиырма жасқа жаңа толып, қоғамның ал­дына шығуға ұмтылған қайрат, жігер толы жігіт шағы екінші дүниежүзілік со­ғысқа тұспа-тұс келіп, оның басталған алғашқы күнінен жеңіске жеткен соңғы күніне дейін «от оранып», «мұз жаста­нып», әскери міндетін, отан қорғау пары­зын қаяусыз, мінсіз атқарып, еліне сағы­нышпен аман оралған Ердің бірі болды. Ол кездегі адамдардың рух күштілігін, Отан сүй­гіштігін біздің ұр­пақ өз ата-ана­ларымыздан, олардың өмірі­нен, еңбегі­нен, әңгімелерінен, алдыңғы тол­қын аға буынның жақсы істерінен, қоғам­ның тыныс-тіршілігінен сезіп, біле алдық. Төрт жылға созылып, әлемді қырғын­дық­пен шарпыған алапат соғыстан қайт­қан жас жауынгерлер қанды майданнан әбден мезі болып, бейбіт өмірге деген ерекше сағынышпен, елдегі жасампаздық еңбекке жанашырлықпен жұмылып еді. Аға ұрпақтың айрықша жігері, өмірге деген құлшынысы әсіресе білімге құштар­лығымен толықты. Сол құштарлық олар­ды білімнің тереңіне бойлатып, шыңына өрмелетті. Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақ­станда елдің білім дәрежесі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, ғылымның жаңа са­ла­лары дами бастады. Салық Зиманов та соғыстан қайтқан жас қазақтар қатарында бірден ғылым жолын таңдап, бүкіл өмірін білім мен ғылымға, ғылымның адам өміріне, қоғам­ға, мемлекет ісіне кызмет етуіне арнаған мемлекетшіл ғалым дәрежесіне көтерілді. Ол елімізде заң ғылымының қалыптасып, өркендеуіне, қо­ғам­ның, мемлекеттің адам құқығын сақтап, әділеттік қарым-қатынас тұрақтануына ары­май-талмай, қалтқысыз еңбек етумен келеді. Қазақстандағы заң ғылымы саласындағы ең көрнекті зерттеулер мен ғылыми ең­бектер Салық Зиман­ұлының шығармашы­лығынан туындады. Заң ғылымына байланысты жаңа құ­ры­лымдар мен қоғамдық ой-сананың өсуі­не ықпал ете аларлық тың пікірлер мен назар аударарлық табысты жаңалық­тар­ға, сондай-ақ азаматтық, мемлекеттік құқық кеңістігін қалыптастыру бағытын­да талай рет «тұң­ғыш» деген орынға ие болды. Сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Қазақ КСР Ғылым академиясында құрыл­ған Философия жә­не құқық институтының тұңғыш дирек­торы, Ұлттық университетте ашылған Заң факультетінің тұңғыш деканы да Сәкең болды. Тұңғыш ғалым-заңгер, ғылым докторы, профессор, академик биігіне жеткен де осы біздің Салық Зиманұлы. Әрине, Салық Зиманұлының осынша­ма құрметті лауазым, абыройлы атақ төр­іне көтерілуі – ең алдымен телегей теңіз білім­дарлығының, оқымыстылығының, қажыр­лы еңбекқорлығының айғағы, нәтижесі. Өткен ғасырдың соңғы қырық, елу жылының көлемінде академик Зиманов­тың ғылыми еңбектері үнемі қоғам наза­рында көрініп, ғылым саласында, қоғам­дық өмір­де елеулі оқиға болып, жұрттың пікірін туғы­зып, жарылқанып жататын. Ғалымның әртүрлі конференция, беделді жиындардағы сөздері де жұрт санасына қозғау салып, құнды бағасын алатын. Қандай мінберде де Салық Зиманұлы ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән айрықша мәнермен, сөздік қорын өте тиімді пай­даланып, аудиторияның зейінін аударатын екпін береді. Сәкең – қазақ, орыс тілдерінде еркін төгіліп, бірдей сөй­лейтін шешен. Сөздерін де, ойын да қайта­ламастан, ежіктеп, іркіліп, мүдірместен, шымырла­тып, шиыршық аттырып, түйдек­те­тіп, түйіндеп өрбітеді. Тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, сұрақ пен сезімін нандырып, шешендік өнерінің үлгісін көрсете көсіліп, түрлендіріп, тіл, сөз мәр­тебесін көтеріп сөйлейді. Университет ауди­то­рияларында оқыған лекцияларын тыңдау­ға тек студенттер ғана емес, оқыту­шылар, ғалымдар, профессорлар ықылас білдіріп, көптеп қатынасады. Ғалым аға­мыз бүгін де дәл сол кездегі интеллек­туалдық тұрпаты­нан танған емес. Ол кісінің табиғатынан жаралған шешендік шеберлігі терең, жан-жақты білімдарлы­ғы­мен қуаттанып, құлақ салып, зейін қойған көкірекке шәрбат су­сындай құйы­лып, нәр береді. Салалас, са­бақ­тас сөй­лем­дері көтеріңкі екпін, үзілмес жүйемен, сөз мағынасын ашып, анықтап, тайға таңба басқандай жалғасып жатады. Академик Зиманов заңгерлік тұрғысы­нан қоғам мен мемлекеттің құқықтық негіздері мен қатынастары туралы көптеген еңбектер жазды. Оның «Бөкей Ордасы­ның саяси құрылымы», «Қазақтардың XIX ға­сырдың бірінші жартысындағы қо­ғамдық құ­рылымы», «Россия мен Бөкей хандығы», А.Атишевпен бірлесіп жазған «Шоқан Уә­ли­хановтың саяси көзқараста­ры», тағы басқа ғылыми зерттеулері – біз қандай қоғамда өмір сүрсек те өзінің құн­дылығын жоймайтын, керісінше, елі­міз­дің рухани қоры мен мүмкіндігін байы­тып, дамытып отыратын айрықша маңыз­ға ие, өлшеусіз деректер мен құбы­лыс­тарға толы өте ау­қымды монография­лық еңбектер. Ғалым ең­бек­те­рінің ерекшеліктері – ғылыми са­рап­та­луын­да ғана емес, сонымен бірге зерттелген үде­ріс­тердің, қоғамдық-саяси күш­тер­дің, ресми оқиға­лар мен сол оқиғалар ор­тасында жүр­ген адамдардың тарихи шындығында, дерек­көз­дерінің жүйелі нақ­ты­лығында. Ол еңбектерді қай қоғамның, қай заманның да мем­лекетшілдері, зерттеуші ғалымда­ры, студенттері тәжірибе үшін де, тарихи шындық­ты білу үшін де, құқық пен қо­ғам­ның даму заңдылықтарын түсіну үшін де оқып, зерттесе – көп білімді қамти алары хақ. Біз әлі күнге дейін саяси науқаншыл­дыққа бейім тұратынымыз белгілі. «Саясат өзгерді» деп, кейде барлық мәселе­лерге саяси билік тұрғысынан қарап, ғылыми, мәдени, рухани құндылықтарды да сыпыра салу – жадағайлық, шолақтық, білместік, білімсіздік, нақтырақ айтсақ – тарихи зердеге қиянат. Біздің қоғамды тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары Н.Назарбаев осындай сыңар­жақтықтан сақтан­дыр­ған. Өз билігіне дейінгі тарих құнды­лықтарын жаппай жой­ған боль­ше­виктер­дің қателіктерін біз қайта­ламауы­мыз керектігі үнемі әңгіме болып келеді. Бүгінгі қоғам – жаңа қоғам. Жаңа қоғам­ның жаңа талаптары болары да еш­кімнің дауын туғызбас. Осынау әлемдік бәсекелес­тік өршіп тұрған заманда, халық тұрмысын көтеретін экономика, нақты өндіріс орын­дарын модернизациялау ісінде бұрынғыдан мүлде жаңа технология өндіріп, пайдала­нуға ұмтылуымыз қажет. Қасаң идеолог­ия­дан құтылдық. Тәуелсіз­ді­гіміз­ге тән рухани бостандықты қамта­ма­сыз ететін жаңа құқықтық, саяси жүйе, жаңа қоғамдық қа­ты­настар қалыптасып келеді. Сол жаңа технология дамуы мен жаңа құқықтық, ізгілікті мемлекет мүдде­сіне сәйкес мүлдем жаңа білім қажет екені де анық. Ал осы құбы­лыстарды түсіну үшін де қоғамдық сана мен азаматтардың тарихи зердесінің тия­нақ­ты, әрі күшті болуы үшін де еліміздің өсу, даму жолын, тарихын, сол тарихты жа­саған адамдар­дың еңбегінің біздің бола­шағымызға пай­дасы мол екенін естен шы­ғармағанымыз абзал. Салық Зиманұлының өткен дәуір­де, немесе бүгінгі заманда жаз­ған ғылыми құқықтық еңбектері біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге нәтижелі қызмет етіп келеді. Өйткені, Сәкеңнің жаңа заман­дағы мол еңбегін айтпағанның өзінде социализм тұсындағы ғалым зерттеулері еш­қан­дай саяси партияның мүддесінде, немесе конъюнктура (бақай есеп) мақса­тында жазылмаған. Зиманов еңбектері – ғылым­ның, тарихтың, қоғам дамуының мүдде­сін­де жазылған терең, тамаша ғылыми зерттеулер, орасан бай, халықтың рухани мұрасы. Сондықтан да соңғы жылдары «Заң» медиа-корпорациясы сараптап, жарыққа шығарған академик Салық Зимановтың 10 томдық шығармалар жинағын рухани өміріміздің аса құнды табысы деуге негізіміз бар. Бұл – біздің ұлттық заңгер­лері­міздің қатарында шыққан еңбегі он томға топталған тұңғыш шығармалар жинағы. Мәселе, оның тек көлемі мен шығарма­ларының санында ғана емес, мазмұнында. Ғалымның он томдығының әрқайсысы, тіпті әрбір еңбегінің өзі бірнеше мақала, зерттеулерге арқау боларлық дүниелер. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіз­ді­гін өзінің кемеңгерлік кемел шағында қар­сы алған Салық Зиманұлы ұлтымыздың бұл ұлы жетістігінің қадірін көпшілігіміз­ден артықтау сезінген болар. Өйткені, Сәкең, біріншіден, ХХ ғасырдың ең алапат қырғын­дары мен қайшылықтарын ба­сынан өткіз­ген, қолдан жасалған ашар­шы­лық пен саяси қуғын-сүргінді, адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстың дәмін де татып, зардап­тарының ауанында өмір үшін күресе білген аға ұрпақтың белді әрі көрнекті өкілі. Екіншіден, Сәкең – тек бір дәуірді ғана емес, өткен ғасырлардағы қазақ қоғамының қилы кезеңдері мен қа­терлі өткелдерінің тарихы мен табиғатын, бостандық жолындағы ұлт-азаттық қозға­лыстардың, мемлекеттің құ­қық­тық сипат­тарын жан-жақты зерттеп, көп­теген ғылы­ми еңбегімен, қоғамдық қайрат­керлігімен елге, сол кездегі Одақ көлеміне, халық­ара­лық дәрежеде танылып, мойындал­ған қайраткер Тұлға. Үшіншіден, Мәскеудегі орталық саяси билікке бағы­нышты болу­дың жылымығы мен қасаңды­ғын да бірдей көріп, ұлттық бостандықты, тәуел­сіздікті іштегі арман етіп, сол арманын жария етудің қауіптілігін көзімен көрген адам. Ұлттық бостандығымыздың, тәуелсіз мем­лекеттігіміздің туын желбіретіп, ірге­та­сын қаласып, тұғырын тұрақтандырып, қа­быр­ғасын көтеруге Салық Зиманұлы кәсіби заңгер-ғалым, жанашыр азамат, ұлт патрио­ты ретінде де белсене кірісіп, мейлінше атсалысты. Ол бірден еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың стратегиялық бағытын, реформалар жүргізудегі бастамашылдығын қолдап, оның құқықтық кеңістігін жасауға бастаған үлкен керуенінің кедергісіз жү­руі­не қолма-қол араласты. 1990 жылы Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақыры­луының депутаты болып, сол жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы Декларация жобасын жазып, оны Жоғар­ғы Кеңесте талқылап, қабылдауға баста­машы болды. Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары­ның тоғысында қоғамдағы әртүрлі ағым­дар мен көзқарас, пікірлер қақтығысып, «үлкен қа­зан» бұрқылдап, қайнап тұрды. Ондаған жыл­дар, бірнеше ұрпақ ұстанып келген құндылықтар күйреп, жойылып, жұрт жаңа өмірге ұмтылды. Жаңа сенім, жаңа құнды­лық іздеді. Аласапыран дү­ние­нің таласында неше түрлі ойдан шығарылған мақсаттар мен жобалар да болмай қалған жоқ. Осындай дағдарыс кезінде ел бастаған, елге ізгілікті жол көр­сет­кен Президент Нұрсұл­тан Назарбаев­тың жанында да өзара пікір салыстырып, арқа сүйер әріптестері, кеңес салар ақыл­мандары, көмекшілері, білікті оқымысты­лары, жұрт сенетін беделді тұл­ға­лардың болуы – заңды қажеттілік еді. Президент академик Салық Зимановтың сөзіне құлақ асатын. Өйткені, Сәкең нені айтса да біліп айтады. Қай кезде де Сәкең­нің пікірі, ойы ашық, анық. Ненің болса да шындығын айтады. Қажетінде дәлелдейді. Сәкеңнің осы қасиеттерін жоғары бағалаған Елбасы оның жаңа, жас мемлекетіміздің іргелі, ең маңызды мәселелерін жүзеге асы­рып, қоғамның құқықтық кеңістігін қалып­тас­тыру ісіне мейлінше араласуына мүмкін­дік туғызды. Сәкең Президент жанынан құрылған бірнеше консультациялық кеңес­тер, жұмысшы топтарына мүше бо­лып, әртүрлі құқықтық, мемлекеттік жобалар жасап осы бағытта жаңа заңдардың әзірленіп қабылдануына белсенді түрде қатынасты. Әсіресе, Жоғарғы Кеңесте қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру, «Қазақстан­ның мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» заң жобаларын талқылап, қабылдауда академик Зимановтың атқар­ған рөлі айрықша зор. Сол мәжілістерде Сәкең бірнеше рет сөз алып, жұртты бір мәмілеге келтіретін орын­ды да дәлелді сөздер айта білді. Бөлініп, жарылып отырған көпшілік депутаттардың кереғар пікірлеріне орынды уәж айтып, бір арнаға түсуіне шешуші ықпал етіп жүрді. Сондай-ақ Сәкең Н.Назарбаевтың бас­шылығымен құрылған конституция­лық кеңес­тің мүшесі болып, тәуелсіз Қазақ­станның 1993 жылы қабылданған тұңғыш Конституциясын әзірлеуші шығармашыл жұмысшы тобының жұмысына белсенділікпен қатынасты. Бұл да тарихи жағдай, тарихи оқиға. Сәкең Жоғарғы Кеңес мәжілістерінде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да, жұрт жиналған әртүрлі қоғамдық аудито­рия­ларда да тәуелсіз мемлекеттігіміздің қа­лып­та­сып, азаматтық қоғам, құқықтық ел болу жолдарын насихаттау, түсіндіру бағы­тында қыруар жұмыс атқарып келеді. Ол кісінің баспасөзге шыққан сұхбат, мақала­лары ешқашан қоғам назарынан тыс қал­майды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылда­ры қоғамда біздің мемлекет болуы­мыз­ды, елдің тұтастығын қаламайтын әр­түрлі күш­тер, саяси топтар болды. Олар­дың кейбіреуі тіпті заңды түрде тіркеліп алып, ашықтан ашық біздің мемлекеттік тілімізге қарсы шығып жүрді. Ондайлар онысымен қоймай, еліміздің басқа этнос өкілдері көбірек тұра­тын өңірлерінде референдум өткізіп, Қазақ­станның құрамы­нан шығып, басқа көрші­лес мемлекетке телінуге шақырып, жұртты азғырды. Бұ­рынғы Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі әсіресе экономикалық дағдарысты, әлеу­мет­тік тұрмыстың тым төмендеп кеткенін пайдаланып, «Қазақстан өз бетінше мемлекет бола алмайды» деп сәуегейлік уағыз жүргізіп, жаңа құрылып жатқан мемлекеттік билік институттарына, Үкіметке, Жоғарғы Кеңеске, тіпті кей жағдайда Президентке де соқтығып, сенімсіздік туғы­зып, ел ішіне жік салып, мемлекеттігімізге қарсы әрекет жасады. Міне, осындай қиын кезеңде Президент Н.Назарбаевтың жас мемлекетімізді тұрақ­тан­дырып, ел бірлігін қалыптас­тырып, қо­ғамдық келісім арқылы елдегі тыныштықты қамтамасыз етуге нақты шаралар ұйымдас­тырып, сабырлы, тия­нақ­ты саясат жүргізуін қолдап, сол сая­саттың ел, мемлекет мүдде­сін қорғайтын­ды­ғын дәлелдеп халыққа жеткізетін ин­тел­лектуалдық топтың ең алдың­ғы қата­рында осы Салық Зиманұлы жүрді. Сә­кең­нің мерзімді баспасөзде жарық көрген өткір мақалалары, теледидарда, әртүрлі жиын­дарда сөйлеген сөздері өзінің заңна­ма тұрғысынан негізділігімен, ой, пікір нақты­лығымен, нанымдылығымен көпші­ліктің жүрегіне жетіп, түсінік тауып жата­тын. Олай болатын себебі ол мақалалар мен сөздер ең алдымен мемлекет мүдде­сін батыл қорғайтын. Әділі өмірдің, қоғамның қаншалықты аумалы-төкпелі, аласапыран замандардың ешқайсысында Сәкең Ғалым, Азамат, Заңгер ретінде өзінің табанды мемлекетшілдік ұстаны­мы­нан тайған емес. Мемлекет ісін ұйым­дастырушы құзырлы орын­дардың қызме­тін сараптап, оның жетістіктерін айтып, кемшіліктері болса, әділ сынап, оны жақ­сартудың жолдарын көрсе­тетін маңызды ұсыныс, көзқарасын білді­руінің өзі де ортақ мүддеге мол пайдасын тигізері хақ. Онысы жанашырлығы. Жақсы болсын дегені. Сондықтан да ғалымның ары таза, жүзі жарқын. Ұлағатты ағамызды жұрт осы қа­сиеті үшін де ерекше сыйлайды. Академик Салық Зиманұлының мемлекеттік тәуелсіздігіміздің өткен осы он тоғыз жылында тындырған еңбегі орасан. Жоға­ры­да айтылғаны – ардагер қоғам қайрат­керінің шығармашылық еңбегінің ширегі­нің шеті ғана. Өзінің тоқсанға тақаған жасында бүгінге дейін ақыл, сана­сы сергек, ойы жинақы, зердесі күшті, жүрісі ширақ, сөзі қуатты. Әзілі де, қағы­лез­дігі де бәз қалпы. Мемлекет, қоғам өмірінде күнделікті сапырылысып, өтіп жататын әртүрлі маңызды оқиғаларға үн қосып, көзқарасын білдіріп жазған ма­қала, сұхбаттарынан тыс бұрынғысынша ірі-ірі монографиялық зерттеу еңбектері бүгінгі заманның талаптарына жауап бере алатын құнды оқулықтар дәре­жесінде. Олардың бәрін тізбектеп шығу мүмкін болмаса да «Конституция және республика Парламенті», «Құқық қорғау жү­йесіне түбегейлі өзгеріс», «Абай – ұлы би­лер­дің соңы және оның білім-биліктері ту­ралы», «Мемлекет және мұнай сала­сын­дағы келісімдер», «Қазақтың билер соты – ай­рық­ша сот жүйесі», «Қазақтың «Жарғы құқы», «Қазақтың академиялық университеті және мемлекеттік-құқықтық ғылым» сияқты ірі монографияларын атамай кету мүмкін емес. Академик Салық Зимановтың қоғам­дық қызметіне тоқталғанда ұстаздық ең­бе­гін ерекше бөліп айту орынды болар еді. Бү­гінгі жаңа Қазақстанның құқықтық кеңісті­гінде еңбек етіп, республика, өңір­лер­дің әртүрлі деңгейлерінде құқықтық лауазымды мыңдаған қызметкерлер Зимановтан дәріс алғанын мақтанышпен айта­ды. Күнделікті жұмыстарында ғалымның теориялық ең­бектеріне сүйеніп, сілтеме жасап жүреді. Сәкеңнің ғылыми жетекшілігімен ондаған, жүздеген заңгерлер ғы­лы­ми диссертациялар қорғады. Ардагер ғалым жаңалыққа жаны жақын, ғылымға, заң өңіріне келген жастарға қамқор. Сәкең болмысынан реформатор, ізденгіш. Ғылымға, өмірге қызығушылығы басым. 2010 жылдың 6 шілдесі күні Астана қаласының мерекесі аталып, қаладағы көп­те­ген жаңа нысандарымен бірге ең еңселі әрі мүлде жаңа архитектуралық үлгідегі «Хан Шатыр» көп салалы кешені ашылып, оның үлкен алаңында мыңнан астам адамдар қатынасқан салтанатты қабылдау болды. Оған сондай бірнеше елдердің президенттері қатынасты. Әри­не, ол салтанат­тың өз сәні қатынасқан, көрген адам үшін әсерлі-ақ. Бірақ сол кешке қатынасқан көп адамның есінде қалғаны – үлкен мінберден сөйлеген академик Салық Зиманұлының сөзі. Қазақ­стан­нан жалғыз Сәкең сөйлеуінің өзі де ғалым заңгерге көрсетілген қоғамның аса зор құрметі еді. Лауазымы, дүние­танымы, әртүрлі мыңдаған адам гуілдеп отырған стадионға лайық үлкен аудиторияда сөй­леу де, сөз тыңдату да қиынның қиыны. Мұндай жерде Елбасынан басқа кез келген мықтының сөз сөйлеп, көпшіліктің назарын аудара алуы өте сирек жағдай. Бірақ Салық Зиманұлы саңқылдап сөз бастағанда жұрт тынышталып, құлақ түріп қалды. Бір сәтке ғана емес – толық тыңдады. Мінберге ширақ көтерілген шешен – құқықтық, ізгілікті мемлекет құру ісінің күрделілігін, сол күні мерейлі жасқа толған Мемлекет басшысының атқарған айрықша қызметі мен тап­қыр­лығын, көре­ген­дігін, мемлекет беделінің ха­лық­ара­лық дәрежеде көтерілгендігін айтып, соңында: «Менің Сізден жалғыз-ақ артық­шылығым – Сізден 20 жас үлкендігім. 90 жасқа келгенше еліңізбен бірге болып, елімізді басқа­рыңыз» деген қазақи дәстүрлі, бауырлық тілекпен сөзін аяқтады. Жұрт ри­зашылықпен қол соқты. Сәкеңнен кейін сөйлеген Ресей Президенті Дмитрий Медведев сөзін қазақ тілінде бастап: «Менің алдымда сөйлеген профессор Зиманов барлығын жеткізіп айтты», – деп бір жағынан Сәкеңе сілтеме жасап, екінші жағынан ол кісінің сөзіне қолдау көрсетті. Тәуелсіздігіміздің 19 жылдығы қар­саңын­да Елбасының Жарлығымен көп адамдар мемлекеттік наградалармен мара­пат­тал­ды. Қандай орден немесе медаль болса да ол алдымен мемлекет тарапынан нақты адамға көрсетілетін ерекше құрмет. Ал олардың ішін­де ең жоғарғысы да, ең мәртебелісі де әрине «Отан» ордені. Басқасын айтпағанда – Отан деген бір сөздің өзі неге тұрады? Осы 19 жылда «Отан» орденіне ие болған адамдар да санаулы-ақ, әр жыл сайын ары кетсе бір, екі-ақ еңбегі ең айрықша сіңген Тұл­ғалар ғана. Салық Зиманұлының осы жолы «Отан» орденімен марапатталуы көпшілік қол­дауына ие болды. Сәкеңдей Тұлғаға ең жоғарғы қандай марапат, құрмет болса да жарасады, жұртшылық көңілінен шығады. «Қоғамда, елде Сәкеңдей адамдар көбірек болса», – деп тілейді халық. Міне, нағыз ғалымның, Академиктің, таза зиялы Тұлғаның өмірі мен еңбегінің кейбір көріністері, көз алдымыздағысы, көңілімізге терең бойлап, ұялағаны. Салық Зиманов – бүкіл болмысымен өзінің шығармашылығымен, айрықша қай­рат­керлігімен ұлтымыздың еңсесін кө­теріп, бейнесін көріктендіріп жүрген келісті тұлға. Ұлтымыздың келбеті. Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор.