Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына ел азаматтарынан Астана Саммитінің жоғары деңгейде өтуіне және Тәуелсіздіктің 19 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының атына Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Жамбыл Дүйсеновтің Елбасына арнаған «Періште-тілек» атты өлеңі келіп түсті. «Нұр-Атам менің, намысын отқа қайраған, Күндіз де түнде халқының қамын ойлаған. Қазақтың атын танытып әлем жұртына, Байрағын ұлттың басына шыңның байлаған, Нұр-Атам менің, маңдайдан бағы таймаған!», деп жырлайды жас талапкер өлеңінде.
Елбасының атына Алматы қаласынан А.Қырықбай, А.Ақанова, Г.Байбақова, Б.Құлшынбаев, Г.Көбеева, М.Садуақасова, т.б. жастар атынан жолданған құттықтау хатта Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі Тәуелсіздіктің нақты жемісі екені айтылады.
Жамбыл облысының тұрғыны З.Қамшыбаев өз хатында ЕҚЫҰ Саммитін табысты өткізудің нәтижесінде қазақ халқын күллі әлем танығанын мақтанышпен жазады. Ал Тараз қаласының тұрғыны А.Дүйсенбекова ЕҚЫҰ Саммиті жоғары деңгейде өткенін айтып, Елбасы және Тәуелсіздік туралы жыр жолдарын жолдаған. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Г.Тұрсынбекова хатында Елбасының елдегі бейбітшіліктің баянды болуы, тыныштықтың орнығуы, еліміздің дамуы жолында атқарып келе жатқан іргелі істерін атап айтып, Мемлекет басшысына игі тілектерін жеткізген. Сондай-ақ мұндай мазмұндағы хат Қостанай облысының тұрғыны Г.Колесниковадан да келді.