Баршаға белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті үстіміздегі жылдың 11 қаңтарында Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойған болатын. Содан, іле Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков жетекшілік ететін, құрамында Парламент, Үкімет, Жоғарғы сот, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ, заңгерлер мен ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері енгізілген жұмыс тобы құрылып, олар өздеріне тапсырылған тиісті міндетті жүйелі түрде атқаруға кірісіп кеткен-ді. Міне, кеше Ақордада Елбасының басқаруымен ұйымдастырылған отырыста аталған жұмыс тобының іс-қимылы кеңінен талқыланып, бірқатар мәселелер сөз болды.
Басқосуда Мемлекет басшысы бірінші кезекте уақыт талабынан туындап отырған бірқатар мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылғанын айта келіп, Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Конституциядағы барлық қағидалардың орындалуы нәтижесінде Қазақстанда көптеген табыстарға қол жеткізілгеніне тоқталды. Одан әрі Елбасы еліміз аман, жұртымыз тыныш екенін, тұрақтылықтың арқасында орнықты дамуға жол ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар, Президент елімізді осы бағытынан ажыратпай, ілгері бастыра беру үшін бес институттық реформа арқылы елді демократияландырудың өзектілігін жеткізді. Елбасының сөзіне қарағанда, қазіргі жағдайға қарап, Президенттің бірнеше өкілеттігін Үкіметке қарай жылжыту мәселесін қарастыру уақыт талабы болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырыс барысында мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынына екпін берді.
– Мен ұсынған бес институттық реформаның бірін іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздейді. Бұл орайда, қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала береді, – деді Елбасы.
Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев бұрыннан Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше құзырына жатқызылған өкілеттіктер санының азаятынына назар аударды.
– Бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламенттің құзырына берілуі мүмкін, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы мемлекеттік басқару жүйесінде Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейту қажеттігінің маңыздылығын атады.
– Біздің жағдайда Үкімет жеңіске жеткен партиядан немесе фракциядан жасақталады. Осылайша, көптеген мәселелер бойынша Парламенттің Үкіметке қатысты рөлі қайта қаралуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіліп отырған реформалар мен олардың сәтті іске асырылуына мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мәселесіне арнайы тоқталды.
Өз кезегінде аталған жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков Президентке мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде әзірленген ұсыныстар туралы баяндап берді.
– Сіздің тапсырмаңызбен құрылған жұмыс тобы алға қойылған міндетке сәйкес үш бағыт бойынша ұсыныстар әзірледі.
Бірінші. Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейтін, Мемлекет басшысының заңмен белгіленген өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі ұсыныстар.
Бұған қатысты мемлекеттік органдардың ұсыныстары жүйеленді. Жалпы, ұсыныстар әлеуметтік-экономикалық сала мәселелері реттелетін өкілеттіктерге қатысты. Олар – экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері, әкімшілік-аумақтық құрылымның жекелеген мәселелерін шешуге байланысты өкілеттіктер.
Екінші. Жоғарғы сот пен Бас прокуратура сот және құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар берді. Олар да Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейді. Бұл сот бақылауын күшейтуге, прокурорлардың азаматтық және әкімшілік процеске қатысуын одан әрі шектеуге қатысты ұсыныстар. Барлығы сот-құқықтық сала бойынша конституциялық өзгерістерді қажет етпейтін 13 ұсыныс жасалды.
Үшінші. Жұмыс тобы Конституция нормаларын түзетуді көздейтін 40-қа жуық ұсынысты жеке қарады. Бұл мәселеде депутаттық корпус, ғылыми-сарапшылық қауым белсенділік танытты. Енгізілген ұсыныстар Парламент пен оның палаталарының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді, соның ішінде олар Үкімет құрамын жасақтауға да қатысты. Сонымен қатар, Үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есептілігін күшейту ұсынылды, – деді Ә.Жақсыбеков.
Сондай-ақ, ол Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар келіп түскенін айта келіп, сот-құқық саласын жаңғыртуға бағытталған ұсыныстардың да бір бөлігі Конституцияны өзгерту мәселесімен байланысты екенін мәлім етті.
– Атап айтқанда, ол Жоғарғы соттың мәртебесі мен функцияларын нақтылау мүмкіндігіне және судьяларға қойылатын талаптарды анықтауға қатысты. Прокуратура органдарының мәртебесі мен өкілеттігін анықтайтын нормаларға түзету енгізу ұсынылды. Конституциялық бақылау тетігін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді.
Осылайша, Сіздің қарауыңызға Конституцияны өзгертпей, заңнамамен белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейтін базалық ұстанымдар енгізіліп отыр. Сондай-ақ, Конституция нормаларына бірінші кезекте Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, сонымен бірге, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу мүмкіндігі жөнінде ұстанымдар әзірленіп, Сіздің қарауыңызға ұсынылып отыр, – деді Ә.Жақсыбеков.
Жұмыс тобының мүшесі, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зинаида Федотова ұсынылған түзетулердің сындарлы сипатына тоқталды.
– Біз негізінен Үкімет иеленуге тиісті ұйымдастыру-атқару функцияларын беріп жатырмыз. Бұл – Үкіметтің де жауапкершілігі. Парламенттің жұмысына қатысты алсақ, біз Мәжілістің көп жағдайда келісім беру жөніндегі өкілеттікке ие екенін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда аталған мәселенің қолға алынуы көңілімізден шығады. Өйткені, мемлекеттік басқару ісіндегі Президент пен Үкіметтің, Парламенттің және өзге де органдар арасындағы өзара қарым-қатынас уақыт талабына сай болғаны жөн. Сондықтан да біз бүгінгі жиынымызда Президенттің бірқатар өкілеттігін Үкімет пен Парламентке беру жөніндегі ұсынысты талқылауымыз ол өте орынды деп санаймын. Шын мәнінде ұйымдастыру-атқарушылық істер негізінен Үкіметтің құзыретінде болғаны жөн. Солай еткенде Үкіметтің ел алдындағы жауапкершілігі де жоғарылайтын болады. Сонда Үкімет өзінің жауапкершілігі туралы көбірек алаңдайды, – деді Мемлекеттік басқару академиясының профессоры.
Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшесі, Әділет министрі Марат Бекетаев Президенттің өкілеттігі бекітілген нормаларды анықтау жөніндегі Үкімет жүргізген талдауды жариялады.
– 11 конституциялық заңға, 20 кодекс пен 298 заңға талдау жасалды. 11 кодекс пен 80 заңда Президенттің өкілеттігін белгілейтін нормалар қарастырылған. Үкімет жұмыс тобымен бірлесіп, Мемлекет басшысының өкілеттігін қайта бөлу жөнінде 32 ұсыныс әзірледі. Бұл ұсыныстар Конституцияға өзгерістер енгізбей-ақ, басқа заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді, – деді министр.
Сондай-ақ, жиын барысында «Қазақстанның заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахмет Мұқашев жүргізілген талдаудың негізінде барлық филиалдарда талқылаулар өтіп жатқанын сөз етті. Оның айтуынша, заңгерлер қауымы жүргізіліп жатқан реформаның өзектілігіне мән беріп, оның дер кезінде қолға алынғанына қолдау білдіруде.
Ал Қазақ гуманитарлық заң университеті Азаматтық-құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры Төлеш Қаудыров өз сөзінде билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу ісінде барлық шаралар нақты, әділ, сауатты жүзеге асырылуы тиіс екеніне тоқталды.
Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири өз кезегінде алға қойылып отырған міндеттердің өте орынды екенін атап өтті.
– Өтпелі кезеңде мемлекеттік басқарудың бір қолда болғанының дұрыстығын уақыттың өзі көрсетіп берді. Бұл 25 жыл ішінде еліміздің аяқтан тұрып, алға жылжуымызға мүмкіндік берді деп айта аламын. Ал қазіргі кезде президенттік бірқатар өкілеттікті Парламент пен Үкіметке берудің кезегі келді деп санаймын. Өйткені, қазіргі жағдайда барлық міндет Президентке жүктеліп, соның салдарынан Үкіметтің жауапкершілігі төмендеп кетті, – деді ол.
Жиын барысында жұмыс тобының өзге де мүшелері сөз сөйлеп, мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу ісінің дер кезінде қолға алынғанын, бұл мәселені уақыттың өзі туындатып отырғанын жеткізді.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»