Қарағандыда салынатын спорттық ғимаратқа Головкиннің есімі берілмекші
Арқа жұрты атақты Геннадий Головкинді «Майқұдықтың мұзбалағы» деп әспеттейді, алақанына салып, көкке көтереді. Иә, қазақтың атын айдай әлемге жайып жүрген әйгілі боксшы Қарағандының іргесінде жатқан осы бір елді мекенде кір жуып, кіндік кескен.
Зады, Майқұдықтың атағы өр кеуде, мінезі кесек ұлдарымен шыққан. Рас, арасында аз-маз тентектігі болған шығар... әйтсе де бөрі тектес өрендерінің өмірдің әр саласында, әсіресе, спортта бойға біткен бұла күш, қайсар рухтың арқасында бұзып-жарып жол салып, абырой-беделге бөленіп жүргені рас. Майқұдықтың сондай саңлақ ұлдарының бірі, сөз жоқ бүгінгі күнде әлемдік бокстың «GGG» танымал таңбалы тренді болған – Геннадий Головкин. Әуесқойлар арасында әлем чемпионы, Афины-2004 Олимпиадасының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокста WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы осы елді мекендегі №14 шағын ауданда қарапайым кеншінің отбасында дүниеге келген. Болашақ чемпионның балалық шағы да осы жерде өтті. Осындағы №65 орта мектепте оқыған. Аудандағы «Фазанканың» спорт залында бокс деген өнермен алғаш қауышқан...
Қарағанды халқы Майқұдықтан түлеп ұшқан мұзбалағымен орынды мақтанады. Мақтанып қана қоймай, чемпионға лайықты деңгейде сый-құрмет көрсетуге келгенде де жолдан жығылған емес. Сөзіміз жалаң болмас үшін, мына мысалды келтірсек те жеткілікті. Биыл қала әкімдігі Геннадий Головкин туып-өскен Майқұдықтың осы 14-ші шағын ауданында Денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға шешім қабылдады. Амандық болса, 2016 жылдың соңына таман пайдалануға берілмекші бұл кешенді Головкиннің есімімен атау ойда бар. Бүгінгі күнде әкімдік бұл мәселенің жай-жапсарын қарастырып жатыр. Яғни, бұл айтылған игі идеялар жүзеге асса, кезінде болашақ чемпион өзі құралпы балалармен доп қуып, бокс әлеміне алғаш қадам басқан шағын ауданда өңірде теңдесі жоқ спорттық кешен бой көтермек.
Жалпы, қазіргі таңдағы қалыптасқан қиын жағдайға қарамастан, мұндай бірегей жобаны іске асыру – белгілі бір дәрежеде тәуекелді талап ететін дүние. Оның үстіне, облыстық әкімдіктің шешімімен келесі жылға жоспарланған құрылыс біткеннің тоқтатыла тұратынын еске алсақ, бұл ғимараттың бүгінгі күннің шындығынан қарағандағы мән-маңызы арта түседі.
Әлем чемпионының есімімен аталмақшы болашақ Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ішінде 25 метрлік төрт жолақты жүзу бассейні болады. Сонымен қатар, 140 адам емін-еркін сыйып кететін трибунасы бар ойын залы, ауыр атлеттерге арналған және боксшылар жаттығатын залдар да жоба жоспарынан ойып орын алған. Спорт кешенінің іші осындай болғанда, сырты да көз сүйсінтетіндей сұлу сымбатқа ие болмақ. Ғимараттың атшаптырым аумағында спорттық ойындарға арналған ашық алаңқайлар, жасанды төсеніші бар футбол алаңы және де 140 автокөлікке арналған тұрақ салынады.
Қарағанды қаласының басшылығы айтқандай, бұл спорттық ғимарат заманауи сапа талаптарының бәріне жауап бере алатын кешен болмақ. Оның сыртқы келбеті архитектуралық органдармен келісілген. Ішіндегі спорт жабдықтары да бүгінгі күннің сұранысын өтейтін деңгейде болатыны белгілі.
Сөз жоқ, Майқұдықтың қажетін ашып, ажарын сұлуландыра түсетін келешек денешынықтыру-сауықтыру кешенінің әлеуметтік маңызын ауызбен айтып жеткізу қиын. Неге десеңіз, дәл осы шағын аудан тұрмақ, бүкіл Майқұдықтың өзінде мұндай кешен атымен болған емес.
Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бар. Головкиндей бокстағы ғажап құбылыс түлеген топырақта мұндай болашақ чемпиондардың ұясы болатын ғимараттың бой көтеруі – заңдылық!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.