Ол жыл басынан жалақы мен зейнетақы, өтемақылардың өсуінен танылды
Жаңа басталып отырған жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің, дәрігерлердің еңбекақылары, зейнетақылар, сондай-ақ, әлеуметтік төлемақылар көлемі өсірілді. Бұл көптеген қазақстандықтарды қуанышқа бөлеп, қазіргідей күрделі жағдайда олардың ертеңгі күнге деген сенімдерін арттыра түсті. Соған орай, біз меншікті тілшілерге жаңа жылдың алғашқы күндерінде облыстар тұрғындарына хабарласып, олардың пікірлерін редакцияға жеткізуді тапсырған болатынбыз. Төменде сондай пікірлердің бір тобын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Қазіргі экономикалық жағдай қай елге де оңай соғып отырған жоқ. Мұнай бағасының төмендеуі көптеген елді тығырыққа тіреді. Дағдарыстан шығудың амалын ойластырған мемлекеттер шығындарын қысқартып, бюджетті де барынша икемдей түсуге мәжбүр. Біздің ел де қиын кезеңнен теңселмей шығудың бар амалын қарастырып, тиімді шешімдер қабылдауға көшті. Соған қарамастан, халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеу басты назарға алынып, әлеуметтік төлемдерді ұлғайтуды ұстанып отыр. Бұл туралы Елбасы Үкіметке арнайы тапсырма берді. «Бүгінгі қиын жағдайда адамдарға қолдау көрсету керек. Сондықтан, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көмек көрсету бойынша бірнеше шараны қолға аламыз. Біріншіден, азаматтық қызметшілердің еңбегін төлеу моделін енгізу, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысы мен мүгедектердің жәрдемақысы және стипендияны арттыру туралы жариялаған болатынбыз. Қаржы жетпегендіктен, Үкімет мұны 2017 жылға шегерген еді. Бүгінгі жағдайда мен Үкіметке бұл мерзімді бір жыл ерте бастап, 2016 жылдың 1 қаңтарынан арттыруды ұсынамын. Бұл біздің азаматтар үшін үлкен қолдау болады», деді Президент. Осылайша 2017 жылға жоспарланған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бір жылға ерте басталды. «Қазір барлық елдерге қиын. Әлемдік нарықтар көмірсутектеріне, металдарға, біздің өзге де экспорттық өнімдерімізге бағаның құлдырауымен жауап беріп отыр. Бізге де оңай болмайды. Мұны да назарға алу керек. Сондықтан бізге де бюджеттің шығыс бөліктерін қысқарту қадамына баруға тура келеді. Бірақ мұның әлеуметтік шығыстарға қатысы болмайды. Өздеріңіз білетіндей, мен қазірдің өзінде Үкіметке халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуге тапсырма бердім», деді Мемлекет басшысы. Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында базалық зейнетақы төлемі мөлшерінің жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстелуі қарастырылған. Өткен жылдың 29 тамызындағы Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында мақұлданған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, тұтыну бағасының индексі 6-8 пайызды құрады. Сол себепті 2016 жылдың қаңтар айынан бастап зейнетақы төлемінің мөлшері 9 пайызға артып отыр. Сонымен қатар, базалық зейнетақы төлемі «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңмен 11 965 теңге көлемінде белгіленді, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 25 824 теңге болды. Осылайша, 2016 жылы зейнетақы төлемінің төменгі мөлшері, яғни ең төменгі зейнетақы мен базалық зейнетақыны қосқанда 37 789 теңге болды. Ал мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 7 пайызға ұлғайып отыр. Сонымен қатар, Елбасының 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 1 қаңтардан бастап тағы 25 пайызға өсті. Сондай-ақ, №1 және №2 тізім бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты ұлғаятын болады. Ал 2016 жылғы АЕК 2121 теңгені құрады, ол 2015 жылы 1982 теңге болған еді. Айтпақшы, 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі 29 пайызға дейін және өзге сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға дейін артып отыр. 2016 жылдан бастап енгізілетін азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісіне сәйкес, олардың лауазымын біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлу көзделген. Біріншісі, ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы персонал блогы (A блогы). Аталған блогқа ұйым басшылары мен басшылардың орынбасарлары, ұйымдардың бағыну деңгейіне тәуелді (немесе басқару жауапкершілігінің деңгейіне байланысты: республикалық, облыстық, аудандық) құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен басшылардың орынбасарлары кіреді. Екінші – ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін, негізгі персонал блогы (B блогы). Бұл блогқа дәрігерлер, мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік жұмысшылар, ЖОО оқытушылары және ұйымның негізгі функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлер кіреді. Аталған қызметкерлер үшін үш қызмет саласы: «Денсаулық сақтау» «Білім беру» және «Өзге де салалар» бойынша лауазымдық жалақыларды саралап есептеуді енгізу ұсынылады. Үшінші – әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік персонал блогы (C блогы). Лауазымдардың аталмыш блогы заңгерлерді, есепшілерді, экономистерді, аудармашыларды, шаруашылық қызметінің меңгерушілерін және тағы басқаларды қамтиды. Төртіншісі – қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы персонал блогы (D блогы). Бұл блогқа іс-қағаздарын жүргізушілер, архивариустер, кассирлер, коменданттар мен хатшылар кіреді. Азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеудегі төрт тәсіл мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік қамсыздандыру саласының қызметкерлері еңбегінің мәртебесін арттырып, халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартады, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жоғарылатып, лауазымының өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне байланысты негізгі персоналдың еңбекақысын арттыру тапсырмасын іске асыруды қамтамасыз етеді: денсаулық сақтау саласында – 7 пайыздан 28 пайызға дейін, білім беру саласында – 15 пайыздан 29 пайызға дейін, өзге салаларда – 28 пайыздан 40 пайызға дейін. Аталған үлгіні 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу үшін республикалық бюджеттен қосымша 272,6 млрд. теңге, оның ішінде жергілікті бюджетке мақсатты трансферттер ретінде 228,8 млрд. теңге бөлінді. Жаңа ереже мемлекеттік қызметкер болып есептелмейтін мемлекеттік және қазыналық ұйым қызметкерлеріне қатысты болмақ. Қазақстанда барлығы 1 млн.-нан астам азаматтық қызметкерлер бар, олар – мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері, тағы басқалар. Айта кетсек, әлеуметтік төлемдерге өткен жылы 1,6 триллион теңге жұмсалған болса, биыл бұл сома 1,8 триллион теңгені құрады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше