07 Қаңтар, 2016

Қазанатты іздеген азамат

630 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
EVG_2746Тұлпар тектес асылдары­мыздың бірі Асқар Сүлей­ме­новтің «Басқа халық маймылдан жаралса жаралған шығар, ал біздің қазақ жылқыдан жа­рал­ған» деген сөзі қанатты қағи­даға айналып кетті. Дуалы ауыздың халқымызға тән асыл қасиеттерді, тектілікті, шыны­дан қарағандай шынайы шындықты бір ауыз сөзге түйіп жібергені айызыңды қандырады. Осы бір ауыз сөз көзі қарақты адамға қазақтың бүкіл өмірі – ішер асы да, ауырса дәруі де, шөлдесе сусыны, мінер көлігі де жылқы болғанын меңзейді. Бірақ заманалар белесінде, уақыттың дауылында халқымыз жылқының ерге қанат, батырға қолғанат болған қазанат секілді асыл тұ­қым­дарын жоғалтып алды. Жыл­қы жайындағы мәселе шаш етек­тен еді. Жалпы, еліміздегі жылқы түлігінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, барын өзгеге паш етіп жүрген санаулы ғалымдардың бірі – Нәбидолла Кикебаев. Қазақтың қай ұлы да қаз тұрысымен шыбықты ат қып мініп ойнады, тайға мінсе атасы ержетті деп қуанды, ал бозбала шағында ат жалын тартып мінді. Нәбидолла Ақанұлының да барлық өмірі жылқы жалына байланғандай әсер береді. Қазақстандағы ертеден тарихы мен дәстүрі бар атақты жылқы зауыттарының бірі Алматы облысындағы Дегерес жылқы зауыты орналасқан ауылда дүниеге келген Нәбидолла бала кезінен небір сәйгүліктерді көріп өсті. Ауылдағы үлкеннің де, кішінің де жылқы жайлы қызынып айтқан әңгімесін тыңдаудан жалықпайтын. Сабақта отырған қара баланың ойы шығандап, қырдағы жылқы үйіріне кетіп қалушы еді. Ауылда кімде қандай бие, қандай құлын, қандай үйір бар екенін кішкентай кезінен көзін жұмып айтар еді. Орыс сыныбында білім алғанымен бойынан қазақы бояудың кемімеуі, өз халқының салт-дәстүрін бойына сіңіріп өсуі Нәбидолла Ақанұлының жылқыға деген ерекше құмарлығынан, балапан қанат баланың «ұяда көргенін алып ұшуынан» болар. Мектепті үздік бітірген бозбаланы арғы­мақ-арман жетелеп, Алматы мал­­­- дәрігерлік-зоотехникалық инс­­титутына әкелген. Жоғары оқу ор­нын қызыл дипломмен бі­тір­ді. Қазір ойлап отырса, білім ордасындағы оқу жүйесі мықты, тәртіп қатаң, профессорлар құрамы өте білікті екен. Ұстаздары ынталы студенттерді ғылымға бейімдейтін. Нәбидолла Кикебаев өзге курстастарынан зеректігімен, еңбекқорлығымен, ғылымға құштарлығымен ерек­шеленетін. Студенттердің ғылы­ми конференцияларында те­рең ізденістермен жазылған «ДНК», «Генетикалық код», «Транс­ферриннің және жануарлар қанындағы гемоглобиннің полиморфизмі» және тағы басқа да күрделі тақырыпқа жасаған баяндамалардан ұстаздары Нәбидолла Ақанұлының ғылымға деген табанды талпынысын танығандай еді. Ғылымның жолы жеңіл емес екенін, маңдай тер бұршақтап ақпаса ғылымның қия жолымен екінің бірі жүре бере алмайтынын түсінді. Бірақ ол жылқы жолында ғылымның қандай қиындығына да төзуге даяр болатын. Кеңес Одағы кезінде жылқы түлігін зерттеу орталығы Ресейдің Рязань қаласы еді, осындағы Бүкілодақтық жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының даңқы жер жаратын. Нәбидолла Кикебаев осы институтта қазақ жылқысына арналған алғашқы диссертациясын қорғады. Ғалымдар диссертациялық жұмыстың ғы­лыми тереңдігін әділ бағалады. Онда жас ғалым жылқының бұл­шық еті мен сүйектерінің құлын кезінен бастап, 3 жасқа дейінгі динамикасын анықтап, оның өсу заңдылықтарын зерттеген болатын. Өткен ғасырдың аяқ жағына қарай Қазақстанда жылқының ет-сүт бағытындағы Мұғалжар жаңа тұқымы пайда болды. Мамандардың айтуынша, жыл он екі ай далада тебіндейтін, етті төгіп беретін, аса күтімді керек етпейтін, өнімділігі өте жоғары Мұғалжар жылқысының, оның Сарыарқа желісінің дүние жүзінде баламасы жоқ. Оның салмағы 600 килоға дейін тартады, дәмі тіл үйіреді. Ал осы жаңа тұқым авторларының бірі де Нәбидолла Кикебаев болатын. Ғалымдар мұны селекциялық жұмыстың, ғылыми таланттың шыңы деп бағалады. – 1990 жылы жылқының жаңа шыққан Сарыарқа зауыт­тық түрін Мәскеуде тіркету ке­рек болды. Осы жұмыс бары­сында ежелден келе жатқан қазақ жылқысының өзі одақтық реестрде, не дүниежүзілік жылқы тұқымдары тізімінде, қысқасы, еш жерде тіркелмегені анықталды. Сонда қазақ жылқы ұстап көрмеген болып шықпай ма? Халқымыздың сайын далада мыңдап жылқы айдағанын, небір арғымақтар мен Құлагер секілді сәйгүліктердің иесі екенін ешкім білмегені ғой? Жылқы – қазақтың намысы, біздің де қанымыз басқа шапты. Тиісті орындарға табандылықпен талап қойып, соңынан қалмай жүріп, 1990 жылы желтоқсан айында КСРО мемлекеттік комиссиясының №238 бұйрығын шығартып, қазақ жылқысы тұқымын дүние жүзі жылқы тұқымдарының тізіміне енгіздім. Осы арқылы қазақ жылқысының авторы қазақ халқы екенін жаһан жұрты білді, – дейді Нәбидолла Ақанұлы. Дегенмен, ғалымды қазақ жылқысының бүгінгі жайы ойлантады. Әсіресе, жылқының азықтық жағын айтқанда, табиғи жайылымда өсіп-өнетін, өнімі экологиялық таза қазақ жылқысының жарнамасы да, осы саладағы жұмыс та алшысынан тұрмағанын айтады Нәбең. Жылқы етінің адам ағзасына пайдалы жағын білетін еуропалықтар қазір Қамбар ата түлігіне басқаша қарай бастады. Мысалы, Францияда жылдық тұтынылатын еттің 30 пайызын жылқы еті құрайды, сондай-ақ, Германия мен Италия да сырттан жылқы етін таси бастаған. – Жалпы, қазақ жыл­қы­сының қырда өсуі, таби­ғи жайылымда жайылуы ет сапасының жоғары көр­сеткішін береді. Бұл әрі текті түлікті көбейтудің өлшеусіз мүмкіндігі емес пе? Жылқыдан алатын пайда шаш етектен. Елімізде жылқыға қатысты бар мәселені шешіп, түліктің осы түрін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институты керек-ақ. Институт үлкен ауқымдағы жұмыстардан бас­тап, ет, қымыз өндіру секілді басқа да өзекті мәселелерді шешумен шұғылданар еді. Осындай орталықтың жоқтығынан атам заманнан қазаққа тән болып келген қазы-қартаны француздар, қымызды немістер, көкпарды қырғыздар иемденіп жүргенін көріп отырмыз. Сонда «жылқыдан жаралған» халқы­мыздың ұлттық брендінен не қалды? – деп ренішін жасырмайды Нәбидолла Ақанұлы. Ғалым айтқан мәселелердің барлығы қазақ жылқысының қасиетіне, оны сақтау мәселесіне келіп тіреледі. – Қазақы жылқының қа­сиеті неде? Мұны түсіндіру үшін бір-ақ мысал айтайын. Осы­дан бірнеше жыл бұрын саха жұр­тынан мамандар келіп, Қарағанды облысының Шет ауданындағы «Шолақ еспе» шаруашылығынан үш айғыр сатып алады. Жалпы, Якутия өлкесінің аса суық екені белгілі. Кейін бір кездескенде әлгі сахалар академик Игорь Нечаевке: «Біз бұған дейін талай жерден айғыр алған едік. Бірақ Сібірдің суығына шыдас бермей өле берген еді. Ал сіздердің малдарыңыз керемет екен. Барғанына бір жыл болмай жатып айғырлардың жүні өсіп, ұзындығы 10-11 сантиметрге жетті. Аязға қыңқ демейді. Тіпті, біз саха жылқысының түп атасы қазақ түлігі ме екен деген тоқтамға келіп отырмыз», депті. Міне, қазақ жылқысының қасиеті. Ал ол елімізде тек Ақтөбе облысы мен Қарағандының әлгі Шет ауданында ғана қалды, – дейді Нәбидолла Ақанұлы. Елдің атын тек байлық емес, өнер, спорт шығаратынын Ел­басы айтып жүр. Бұл орайда да жылқының қосар үлесі мол. 1999 жылы Нәбидолла Кикебаев Қостанайдағы асыл тұқымды жылқы зауытына басшылыққа келді. Шаруашылықтың бір бөлімшесі ғана болып саналған зауытқа басшылар мән бермеген екен. Зауыттағы жылқылар өзімен-өзі көбейіп, айғыр жаңар­тылмағандықтан, ғылыми жұ­мыстар жүргізілмегендіктен асыл тұқымның да генетикалық сапасы түсе бастапты. Тәуелсіздік алып, жан-жағымызды түген­дегенде, жоғалтқанымыздың бірі де осы асыл текті жылқымыз екенін Қамбар ата түлігіне бейжай қарай алмайтын адамдар түсінді. Қазақтың дархан даласында батырларымыздың мінсе – көлігі, жауға шапса – серігі, ашықса азығы болған, шаршаса – жалын төсеген Қазанаты, шапқанда шашасына шаң жұқтырмас тұлпарлары қайда?! Бұл ел Президентінің де назарына алдымен ілікті. 2000 жылы Қостанай жылқы зауыты Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығына алынды. Соның арқасында Нәбидолла Кикебаев шабыттана іске кірісіп кетті. «Қазақ тұлпары» деп өзгертіліп аталған жылқы зауытындағы жұмыстың барлығы қайта құрылды. Зауытта патша заманынан қалған ат қорадан басқаның бәрі жаңартылды. Спорттық жылқылардың генетикасын жақсарту мақсатында сырттан араб, ағылшын тұқымдас айғырлар сатып алынды. Бірақ айғыр жаңартумен іс бітпейтіні ғалым басшыға анық еді. Германиядан әкелінген құрал-жабдықтар арқылы айғырлар ұрығын 196 градустық суықтағы сұйытылған азотта қатыру ісі жолға қойылды. Осындай жұмыстың арқасында биелер жасанды жолмен ұрықтандырылады. Бұл уақытты та, қаржыны да үнемдейді. Ғылым дәлелдегендей, асыл тұқымды айғырлардың лаборатория­да сұйық азотқа қатырылған тұ­қымы жүз жылға дейін сапасын жоғалтпай сақталады. – Қазақ даласында Құлагер сынды талай арғымақтар болды ғой. Олардың бүкіл тектілігі де, жақсы қасиеттері де өздерімен бірге кетті. Тіпті, кешегі Кеңес Одағы кезінде атағы жер жар­ған әйгілі Абсенттен, осы Қостанай зауытының іргесіне сүйегін арулап көмген Неон және Билитер деген асыл тұқымды айғырлардан да тұқым алынбаған, – дейді ғалым басшы Нәбидолла Кикебаев. Зауытта жылқының гене­тикалық тегін анықтаумен қатар биелердің күйін және құрсақтағы құлынның түр-түсінің, дене бітімінің жетілуін бақылауға мүмкіндік беретін ультрадыбыстық аппарат та бар. Сонымен қатар, әр жылқыға жеке идентификациялық нөмір енгізетін ерекше құрал да іске қосылған. Халықаралық стан­дартқа сай келетін бұл құрылғы арқылы енгізілген жеке код жыл­қыны шекарадан өткізгенде немесе даулы мәселелер болғанда шешуші рөл атқарады. Үш зертхана жұмыс істеп тұр. Онда жас ғалымдар жұмыс істейді, Нәби­долла Ақанұлының жетек­шілігімен бірнеше ғылыми диссертациялық еңбектер де қорғалды. Ғалым басқаратын «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауыты еліміздегі жылқы ша­руашылығында жұмыстың барлығын ғылыми жүргізетін бірден-бір мекеме деп айтуға болады. Оның басты себебі бар. – Біздің зауыттағы жұ­мыс­тың басты мақсаты – тұқымы жоғалып кеткен Қа­занатымызды орнына келтіру. Бұл ұлттық мақ­танышымыз ғана емес, ұлттық сананы сілку, ояту үшін де керек іс. Орыстар мен украиндар тұқымы жоғалып кеткен «рус­ская верховая», «украинская верховая» деген жылқы тұқымын өткен ғасырдың 70-90-шы жыл­дары қалпына келті­ріп алды. Өйткені, Кеңес Ода­ғы кезінде Мәскеуден қазақ­стандық ғалымдарға «сен­дер ет бағытындағы жылқы тұ­қымының сапасын жақсар­тыңдар» деген нұсқау берілді. Ал Ресейде орыстың ұлттық рухын көтеретін «русская верховая» деген жылқыны қалпына келтіру жұмысына шұқшия кірісті. Әрине, орыс ұлтының мақтанышы мен мүддесін ойлаған бұл істен сол кездегі үкімет ештеңесін аянып қалған жоқ, нәтижесінде көздеген мақсатқа жетті. Ал біз қазақтың Қазанатын қалпына келтіру мәселесін көтеруге шамамыз келген жоқ, – дейді ғалым шындықты шырқыратып. Ғұлама ғалым Ақжан Ма­­шани ғылымдағы шын­дықтың бірі қазақтың тілінен шығатынын айтқан екен. Қазанаттың «Рус­ская верховая» сияқты суреті қалған жоқ, оның сынын халқы­мыздың эпостық жырларынан, Абайдан бастап ақындар өлең­дерінен, атақты қазақ атбегі­ле­рі­нің, сыншыларының айт­қандарынан елестетеміз. Нәби­долла Қазанаттың қайта ораларына сенімді. Соңғы он-он бес жыл аралығында «Қазақ тұлпары» командасы республика бойынша таза қанды импортты жылқылармен қатал бәсекелестік жағдайларында 369 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 147 – бірінші орын, 125 – екінші орын және 87 – үшінші орынды иеленген екен, 19 автокөлік еншіледі. «Тайбурыл-2004» маман­дан­дырылған жылқы көрмесіне 11 түрлі тұқымды жылқылардан 70 жылқы қатысып, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының Бота (Аргон-Бандуристка) атты биесі «Абсолютті чемпион» де­ген атаққа ие болып, «Бас сый­лық» иегері атанды. Мұның барлығы ауыл ша­руа­­шылығы ғылымдарының док­торы Нәбидолла Кикебаев бас­қаратын «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауы­тын­­дағы ғылыми және жарыс­қа жылқыларды дайындау жұ­мыс­тарының нәтижесі. Және біз­дің баянымыз жылқы шаруа­шылығын жақсартуда Нәби­долла Ақанұлы атқарған жұмыс­тың бір парасы ғана. Ол жылқы тұқымын жақсартудағы әрбір игі істі Қазанатқа барар жол деп біледі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Қостанай ауданы.