09 Қаңтар, 2016

Сейіл орны – сырғанақ

665 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қыстың көзі қырауда қала тұрғындарына арналған демалыс орындары қажет-ақ. Әсіресе, ақтүтек бораны мен қалың қасат қары, бет шымшыған аязы бірге келетін Шығыс өңірінің шыңылтыр қысында қысқы спорт түрімен шұғылданға не жетсін?! 004Осы орайда Өскемен мен Семей қалаларында тұрғын­дардың қысқы демалысына толық жағдай жасалды деуге болады. Алтай мен Арқаның аязы табысатын Ертіс өзенінің бойын­дағы қос қалада мұз айдындары мен шаңғы жолдары ашылып, халыққа қызмет көрсетіп жатқанына бірнеше күн. Күнде келсе де қыс қызығына бүлдір­шіндер мен балалар тояр емес. Қазір облыс орталығында екі мұз айдыны жұмыс істеп тұр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда тәулігіне 5 мыңға жуық адам келеді екен. Жарқылдаған шыршаны айнала коньки тепкен қалың қауымды тамашалаудың өзі ғажап! Ком­сомол аралында балаларға ар­нал­ған сырғанақтар да пайда болды. Ал Семей қаласында «Цемен­т­­ник», «Локомотив» стадиондары мен Орталық мәдениет саябағы, «Құ­рылысшы» профилакториясына 4 мұз айдыны құйылды. Өскеменде Комен­дантка мен Үлбі өзендерінің жағала­уында 2 шаңғы трассасы пайда­лануға берілді. Алдағы уақытта тағы үшіншісі ашылмақ. Семейде қала тұрғындарының дем­алысына арналған 5 шаңғы базасы күнделікті жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, «Тисса», олимпиялық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, «Құрылысшы», Шә­кәрім атындағы Семей мем­ле­кеттік университеті мен Семей мемлекеттік медицина уни­вер­ситетінің шаңғы базалары бар. Сонымен бірге, қала аумағында 3 демалыс базасы, жалпы білім беру мектептері мен интернаттарында 35 хоккей қорабы жұмыс істеуде. Өңірдегі барлық мұз айдын­дарында демалушыларға ыңғай­лы болуы үшін шаңғы мен конь­киді жалға беру нүктелері ашыл­ды. Әлеуметтік тұрғыда аз қам­тылған отбасылар мен балалар үй­лерінің тәрбиеленушілеріне тегін сырғанақ тебу мүмкіндігі берілді. Сырғанақтардың жанында қоғамдық тамақтану орындары қызмет көрсетеді. Ал Өске­мен қаласының орталық ала­ңын­­­да орналасқан алып шырша әсем безендірілуімен көз тартады. Республика алаңы аумағында сейіл­­деушілер үшін де бірқатар жағдай жасалыпты. Балалардың ат­қа мініп серуендеп, бойлары то­ңа­­­зыса ыстық шай ішіп жүргенін байқадық. – Әр күнді көңілді өткізуге болады. Күні бойы компьютер ал­дында отырғанша, бірауық достармен сырғанақ тепкен абзал емес пе?! Әсіресе, маған орта­сындағы жасыл шыршасы көз тартатын Комсомол аралындағы мұз айдыны қатты ұнады, – дейді өскемендік Санжар Тілеухан есімді 7 сынып оқушысы. Қыс қызығынан құр қалмаңыз! Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».  Шығыс Қазақстан облысы.