09 Қаңтар, 2016

Елтану сабағы

571 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Зейнеп БазарбаеваАбай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласындағы жүйеқұраушы фактор – оның мәселелері мен іске асыру перспективалары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғалымдар жоғары оқу орындарының студенттері үшін «Мәңгілік Ел» пәнін оқу бағдарламасына енгізу керектігін алға тартты. Демокрит «Ел басқару – өнер атаулының төресі» деген екен. Ондай «ел басқару» ерлігіне азаматтың азаматы, батырдың батыры ғана бара алар». «Менің кластасым Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сан алуан ауырлығын алға тосқан аумалы-төкпелі заманда, мың өліп, мың тіріліп, ақырында тәуелсіздігін алған біздің мемлекетіміздің бастауында тұрып, оның тізгінін мықтап қолына ұстап, оны қалыптастырып, экономикасын реформалап, мәдениетін, әлеуетін көтеріп, елін де, өзін де дүниежүзіне мойындатқан» («Егемен Қазақстан», 26.12.2015 ж.). Алысты болжай білетін замандасы, халықтың сенімін ақтап, Қазақстанды айдай әлемге паш еткен, мәртебесін көтерген шын мәніндегі айтулы тұлға туралы сыныптасы Сайлаубек Қыдыралиев жазған естелікті оқып шыққанда, шынымды айтайын, қайраткердің бойындағы адами қасиеттерге оның таза риясыз кейіпте енгені сондай, мұнда бала күннен білетін өзіңнің ет жақын адамыңның қарапайым қалыбына барынша үңіліп, кісілік келбетін танудан асқан дүниеде зор еңбек жоқтығына көзің айқын жете түседі. Және де осы лебіз көп адамның жүрек түбіне ораулы маржан ойлар сепкендей әсер қалдырды. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – біздің дүниетанымымызды, болмысымызды жаңа замана талабына сәйкес қайта жаңғыртуға, еліміздің алдыңғы қатарлы қуатты мемлекеттер ішіндегі орнын айқындауға, халқымыздың өз рухын, бірегей тарихи-мәдени құндылықтарын мұқият сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге үндейді. Елбасымыз Тәуелсіздік күні туралы: «1991 жылдың 16 желтоқсанында біздің жаңа тарихымыз басталып, әлем көгінде Қазақстанның жарық жұлдызы атып, жарқырап тұрғанына біз куә болдық», – деді. «Бұл – бабаларымыз ұмтылған аңсарлы армандары еді. Сондықтан бұл – қуанышты әрі маңызды мереке...Ұлы Дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын», – деген ұлы тілегі жалпы көпшіліктің рухын еселеді. Елбасымыз «Қазір ұлт өрлеуінің даңқты дәуірі» деп бүгінгі күнге айрықша мән берді. Елбасы бұл сөзін әрі қарай жалғастырып («Егемен Қазақстан» 16 желтоқсан 2015 ж.), Үзбен Құрманбайұлы деген азамат (қоғам қайраткері, жазушы) «Қазақтың алтын дәуірі» деген мақаласын тікелей тарихқа негіздеп баяндады. Онда ол 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының «алтын дәуірі» Тәуекел ханның (1582-1598 жж.) тұсы деп бағалайды. Ол уақытта Тәуекелдің басты бақталасы Бұхар ханы Абдолла одан жеңіліс тауып, қарамағындағы Ақси, Әндіжан, Ташкент, Самарқанд қалаларынан айырылады. Елбасымыздың былтырғы 30 қарашадағы халыққа Жолдауы күрделі кезеңде – әлемдік дағдарыс кезінде жарияланды. Еліміз әлемдік экономиканың құрамдас бөлігі болғандықтан – біз де дағдарысқа тап болдық. Елбасының тікелей тапсырысымен іске асырылып жат­қан еліміздің үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасының аясында біз шикізат (мұнай) ресурстарына қарап қалмайтын экономика құрай бастадық: индустриялық өнеркәсіпті дамыттық, мысалы, өңдеу өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын шығару өндірісі, жаңадан машина жасау өнеркәсібі, бұдан басқа жеке кәсіпкерлерге жағдай жасалып, олар өндірісін дамытып жатыр. «Бес институттық реформа» мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жүзеге асырыла бастады. Ең бастысы, біздің халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайы төмендемеді. Жаңа кәсіпкерлер жаңа мүлік, жаңа қаржы иесі болды. «Мәңгілік Ел» ұлттық идея­сы жас ұрпақтың өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімі мен патриотизмін, ұлттық тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрмет тағылымын қалыптастырады, елжандылыққа тәрбиелейді. Сондай-ақ, ұлттық идея қай жағынан алып қарағанда да студенттер үшін аса құнды байлық болып табылады. Мұның жастарымыздың бойындағы бәсекелестік қабілетті арттыруға тигізер септігі мол. Сол жолға жас ұрпақты баулып, жасампаздық үдерісінің аумағын ұлғайту, олардың білімде де, ізденісте де алда жүруін қамтамасыз ету, жан-жақтылыққа тәрбиелеу – оқу орындары алдында тұрған ең жауапты мәселе. Сондықтан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, академик Серік Пірәлиевтің бас­тамасымен жаңа оқулық, тың жоба әзірленді. Оған еліміздің білім саласында көп жылдардан бері жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар білікті, тәжірибелі мамандар қатыстырылғаны мәлім етілді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бас ғимаратында өткен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушы белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, мұғалімдер тың жоба авторы – Серік Жайлауұлының бұл ұсынысын бірауыздан қолдайтындықтарын, өскелең ұрпақтың санасына елтану мен ұлттық идея рухтарын сіңіру ұрпақ тәрбиесіндегі басым бағыттың бірі болып қала беретінін жеткізді. Конференцияда тұщымды пікірлер ортаға салынды. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын оқу үдерісіне енгізуге ғалымдар өте-мөте қатты көңіл бөліп отыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, профессорлар С.Сатыбалдин мен Ә.Нысанбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары, философия ғылымдарының докторы Ж.Молдабеков, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы педагогика кафедрасының профессоры К.Жанпейісов, осы оқу орнының психология ғылыми-зерттеу институтының директоры, психология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ж.Намазбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Хан және басқалар өздерінің тақырыптық баяндамаларында ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының ғылыми негіздерін жан-жақты талдай келіп, жоғары оқу орындарына арналған «Мәңгілік Ел» пәнін келешекте оқу орындары студенттеріне кеңінен пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Конференцияға қатысушылар Білім және ғылым министрлігіне «Мәңгілік Ел» пәнін жоғары кәсіби білім беру стандарттарына сай енгізу жөнінде ұсыныстарын жолдады. «Мәңгілік Ел» оқулығы ғалымдар қолдауымен бірауыздан мақұлданды. Зейнеп БАЗАРБАЕВА, ҰҒА корреспондент-мүшесі.