Елбасы «Егеменде» жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында елімізді алдағы жылдары үлкен міндеттер күтіп тұрғанын айтыпты. Әрине, экономиканың тұрақтылығы, өркендеу жолдары, жаңа өзгерістер ауыл-қаладағы әлеуметтік мәселелердің де жүзеге асуына байланысты. Өзім қызмет жасайтын Байқоныс ауылдық аумағында Қызылтаң, Тілеубай ауылдарында 1,5 мыңдай халық тұрады. Арамызда қазақпен баяғыдан араласып-құраласқан әртүрлі ұлт өкілдері бар. Тіршілік жақсаруы, ел ішінде бірліктің болуы сияқты Елбасы үнемі айтып келе жатқан жайттардың осы мақалада да тағы қайталануы тегін емес. Қазір айналамыз мазасыз. Сондықтан бірлік керек екені сөзсіз. Еліміздің алдағы болашағына бағдар салған барлық мемлекеттік тұжырымдамалар мен ұстанымдар «Қазақстан-2050» Стратегиялық жоспарында бар. Елбасының ұсынысымен қабылданған «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары осы маңызды стратегияны жүзеге асыруға бағытталғанын бәріміз де білеміз. Осы жолғы мақала да бәрімізге жігерленіңдер, алға ұмтылайық, заманға ілесе қимылдап қызмет жасайық дегенді айтады.
«Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді», деп жазады Елбасы. Бәріміз де еліміз, туған жеріміз, ауылымызды сүйеміз. Аудан әкімдігі бастап, біздер қостап жоғарыдан тапсырылған үлкен ауқымды міндеттерге ілесу үшін еңбек етудеміз. Кіреберіс жол ауылдың ішіне дейін барып, жаңарып, асфальт төселгені, ауылдағы әрбір үйге судың келіп тұруы елімізде қабылданған «Ақбұлақ» бағдарламасының жүзеге асуының бір көрінісі. Ауылдар қазір қысқа дайын, отын-су, көмір, бау-бақша, күзгі жиын-терін бәрі де бар. Дастарқан толы. Біздің де күнделікті жұмысымыз – ауылдағы халықтың тұрмыс-тіршілігіне бас-көз болып, қызмет жасау. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамыту бағытында мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары қабылданды.
«Біз өз жеріміз бен оның байлығының ұқыпты иесі болуға үйренудеміз, жаңа технологияларды меңгеріп, тарихымызда ешқашан болып көрмеген өндірістік қуаттар мен экономиканың тұтас салаларын іске қосудамыз.
Және ең бастысы, біз жаңаша армандауды, Тәуелсіз Қазақстанымыз бір бөлшегі болып отырған әлемдегі қиындықтарға қарамастан, ел мен қоғамды дамытуда нақты міндеттер қоюды және оларды шешуді үйрендік...», деп жазды Елбасы. Иә, рас біз көп нәрсеге үйрендік. Әлі де үйренеріміз жетеді. Өркениетке жету дегеніміз – өзгелерден үйреніп, әлемдік өзгерістерге ілесу,талпыну, жаңаша армандап өмір сүру.
Елбасы мақаласындағы «Жеріміздің ұқыпты иесі» деген сөз қандай жақсы айтылған. Көбіміз осыны түсінбей, білмей жүрміз. Ал, жер байлық көзі. Жаңаша армандауды үйрендік. Жаңа технологиялар ауылға да келді.
Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының негізінде өздерінің жеке шаруашылығын дамытуды мақсат тұтқан 7 отбасы өткен жылы несие алып, ірі қара мал сатып алды. Ертіс өзенінің жағасындағы жайылма жерлер шаруа қожалықтары мен ауылдың игілігінде. Қысқы мал азығы мол. Байқоныста 500-ден астам ірі қара мал мен 300-ге тарта қой қоралаған «Илларбек» шаруа қожалығын басқарып отырған Андрей Гордиенко ет-сүт өнімдерін өзі өндіріп, егін егумен айналысады. Жаңа технологияларды меңгердік деген осы. Сонымен қатар, ет-шұжық өнімдерін даярлап, облыс көлемінде таратуда. Қазір цех мамандары жаңа технологиялардың қыр-сырын үйреніп, меңгеруде. Қаңтар айының соңында шұжық цехы толық қуатында пайдалануға берілмекші. Қызылтаң ауылында 300-ден астам ірі қара мал өсіріп отырған «Қызылтаң» шаруа қожалығының басшысы Әділбек Кемпірбаев ауылға жұмыс беріп, еңбек етуде. Жердің ұқыпты иелері деген міне, осы кәсіпкерлер. Үлкен істер ауыл-қалалардағы осындай шағын бастамалардан басталады. Елбасының «Біздің Қазақстанымыз серпіндірек, лайықтырақ, сенімдірек және дәулеттірек болады», деген сөзінің шындық екені күмәнсіз.
Қайрат АЛТАЕВ,
Байқоныс ауылының әкімі.
Павлодар облысы,
Қашыр ауданы.