Президент белгілеп берген Ұлт Жоспары бүгінде нақты іс-қимылға, күнделікті әдет-тәртібімізге айнала бастағанына куә болып отырмыз. Осы орайда айтайын дегенім, біздің бала кезімізде арман деген ұғым мен түсінік жеке адамға, жасөспірім қыз-бозбалаға телініп айтылатындай көрінетін. Осы жолы Елбасы бұл ұғымның ауқымын тұтастай мемлекеттік деңгейге көтеріпті. Оның жаңаша мазмұны қазақстандық арман делінген. Егер жеке адам өз алдына арман-мақсат қойса, бұл қоғамның игілігі үшін қаланатын бір кірпіштің басы болса, тұтастай қазақстандық арман алға қойылса, бұл кешегі күні Мемлекет басшысы тайға таңба басқандай етіп атап көрсеткендей, ХXI ғасырда көшбасшы отыз мемлекеттің қатарында болуға қол жеткізетін жол екен.
Әлемдегі мемлекеттер дамуының арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, мемлекеттіліктің қалыптасуы аса күрделі әрі ұзақ үдеріс екенін бағамдай аламыз. Осы арада мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жөніндегі мәселе қай кезде де бірінші орынға қойылып келгеніне көз жеткізу қиын емес. Бұған қол жеткізудің басты факторларының бірі – мемлекеттік қызметшілердің өз орнына лайықтылығы. Кез келген мемлекеттің діңгегін шайқалтатын артық салмақтар, артық балластар, ортақ іске өз үлесін қоспай босқа жүретіндер деуге болады. Бұған дейінгі тәжірибеге мұндай топтағылар мемлекеттік аппараттарда жиірек кездескені жасырын емес. Елбасының кешегі ұлағатты сөзінен түсінгенім мен түйсінгенім алдағы уақытта мұндай жағдайға жол берілмейтін болғандығы.
Жасыратын несі бар, тәжірибесі бар ма, жоқ па, адамдармен ортақ тіл табысып қызмет жасай ала ма, әлде өзіне тапсырылған істі ақсатып жібере ме, мұны ескерместен әлдебіреулерді мемлекеттік қызметке қонжитып қоя салатын көріністер орын алғанына ел-жұрт куә. Енді бұлай болмайтыны біз секілді аға буын өкілдерінің жанына майдай жағып отыр. Кәсіби біліктілік деген аса мәнді мәселе алға қойылыпты. Мұны қалайша қолдамасқа?!
Менің ойымша, соңғы уақытта өмірлік және өндірістік тәжірибе деген мәселе екінші, үшінші, тіпті, соңғы кезекке ысырылып қалғандай көрінетін. Соған іштей қапаланушы едім. Біз секілді аға буын өкілдерінің осы ішкі ойын Елбасымыздың тап басқанына қайран қалып отырмын. Төмендегі істің жай-күйін білмегендіктен, мемлекеттік қызметті ақсататындар кездесіп жүргені рас. Мұның басты бір себебі, биік лауазымға бірден қонжия қалғандықтан болатындығы да өмірдің шындығы. Бұл арада тамыр-таныстық арқылы осындай теріс көрініске жол берілетіндігі де рас. Алдағы уақытта белгіленіп отырған конкурстық негіз мұндай теріс құбылыстарға тосқауыл қоя алатынына күмән келтіре алмаймын. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеу жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына және көлемі мен нәтижесіне байланысты екені де мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің басты шарты бола алады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін белгіленген Ұлт Жоспарына қатысты қойылған жаңа талаптары мен міндеттеріне орай көкейге келген кейбір ойларым осындай.
Уәлиолла ӘБІШЕВ,
Казталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Батыс Қазақстан облысы.