12 Қаңтар, 2016

Президенттің жұмыс кестесі: 2015 жылдың негізгі қорытындылары

253 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
042915 Инагурация (1)2015 жыл тек қана маңызды мерекелік күндерімен ғана емес, сонымен бірге, елеулі жаңа сынақтарымен де қазақстандықтардың есінде қалды. Осының бәрі Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанды әлемде болып жатқан қарышты өзгерістерге бейімдеу жөніндегі ойластырылған және жүйелі қадамдар жасауын талап етті. Жыл бойы Президент Н.Ә.Назар­баевтың қатысуымен шетел­дік сапарларды, өңірлерге жасалған жұмыс сапарларын, түрлі мәжілістер мен кеңестерді, халықаралық және республикалық форумдарды, конференциялар мен съездерді, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдауларды, жұртшылық пен еңбек ұжымдарының өкілдерімен кездесулерді, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарға баруды қамтитын 700-ге тарта хаттамалық іс-шара болып өтті. Мемлекет басшысы 17 кеңес өт­кізді, солардың қатарында Үкімет мүшелерінің, Президент Әкімшілігі басшылығының, орталық мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен өткен – 13, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен өткізілген 2 кеңес және 2 көшпелі мәжіліс бар. Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген 3 мәжілісі, Шетел инвесторлары кеңесінің 1 отырысы және Қауіпсіздік Кеңесінің 5 мәжілісі, соның ішінде 2 шұғыл кеңес болып өтті. Жыл бойы Президент Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысып, палаталардың төрағаларымен және парламенттік фракциялардың жетекшілерімен ұдайы кездесе отырып, депутаттық корпуспен тұрақты негізде өзара бірлесе жұмыс жүргізді. Мемлекет басшысы еліміздің өңір­лері­не 15 жұмыс сапарын жасады, Алматы қаласында үш рет, Ақмола, Жам­был, Оңтүстік Қазақстан облыстарында екі реттен, сондай-ақ, Ақтөбе, Алма­ты, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыс­тарында болды. Бұдан басқа, Прези­дент Астана қаласы бойынша да тұрақ­ты түрде жұмыс сапарларына шығып тұрды. Екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелдерге жасалған 9 сапарды, сондай-ақ, 11 халықаралық саммит пен 5 халықаралық форумды қосқанда, Президенттің қатысуымен халықаралық сипаттағы 100-ден астам кездесу мен іс-шара болып өтті. Н.Ә.Назарбаев 22 баспасөз мәс­лихаты мен брифингін өткізді, отандық және шетелдік БАҚ-тарға 10 сұхбат берді, 5 бейнежазба үндеу жолдап, 3 мақала жариялады. Жыл бойы Президент 6 300-ден астам құжатқа қол қойды, олардың қатарында 168 заң, 216 жарлық, 67 өкім, 16 мәжіліс хаттамасы, 1 208 қыз­меттік құжат, 4 400 талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материал, азаматтардың 269 арыз-шағымы бар. Осы кезеңде Мемлекет басшысы барлығы 52 күн сапарда болды, соның 27 күні шетелдерде және 25 күні республика өңірлерінде өтті. * * * 2015 жылғы елдің қоғамдық-саяси күнтізбесі Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сияқты мерейтойлық даталарға толы болды. Сонымен бірге, жылдың басты саяси оқиғасы 26 сәуірде өткен президенттік сайлау болғаны күмәнсіз, онда Н.Ә.Назарбаев Қазақстан хал­қы тарапынан кең қолдау тапты. Сайлау қорытындылары шын мә­нінде теңдессіз болып шықты. Атап айтқанда, электораттың қатысуы сайлау­шылардың 95,22%-ын құрап, рекордтық көрсеткішке жетті, солардың 97,75%-ы дауыстарын іс басындағы Мемлекет басшысына берді. Әлемнің 37 елінен және Еуропарламентті, ЕҚЫҰ-ны, ТМД-ны, ШЫҰ-ны, ИЫҰ мен ҰҚШҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдардан келген көптеген халықаралық байқаушылар ұйымдастырудың жоғары деңгейін, өткен сайлаудың ашықтығы мен әділдігін атап өтті. Президенттік сайлауда айқын жеңіске жетуге Н.Ә.Назарбаевтың Ел­басы ретіндегі шүбәсіз абырой-беделі­мен бірге оның «Нұр Отан» партия­сының ХVI съезінде жария етілген жаңа президенттік мерзімге арналған стра­тегиялық бағдарламасы да ықпал етті. Оның негізін қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру мен экономикалық өсімді жалғастыру, ұлттың біртектілігі мен бірлігін қалыптастыру және есеп беретін мемлекетті дамыту сияқты бағыттарды қамтыған 5 институттық реформа құрады. Сайлаудан кейін институттық реформаларды практика жүзінде іске асыру мақсатында 100 нақты қадамнан тұратын және өзінің ауқымы жөнінен Қазақстан 1990-шы жылдары жүзеге асырған құрылымдық реформаларымен сәйкес келетін Ұлт Жоспары әзірленді. Шын мәнінде, Ұлт Жоспары әлемдік экономикалық дағдарыстың тереңдеуі мен халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында дүниежүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуы жолындағы жаһандық және ішкі сын-қатерлерге Қазақстанның берген жауа­бы болып шықты. Ұлт Жоспарын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдары мен азаматтық қоғам институттарының іс-қимылын үйлестіру үшін Мемлекет басшысының бастамасымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Қыркүйекте Парламент реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге кірісіп, жылдың аяғында-ақ 59 тиісті заң, соның ішінде 3 кодекс, 15 жаңа заң мен қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 41 заң қабылданды. Реформалардың табыстылығы негізінен мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен ішкі ынта-ықыласына тәуелді екенін назарға ала отырып, Президент мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғырту, сыбайлас жемқорлықпен батыл күрес, мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің жұмысын нақты нәтижелері бойынша бағалау қажеттігін мәлімдеді. Осы мәселелердің барлығын тиімді үйлестіру мақсатында, Президенттің тапсырмасы бойынша, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро құрылды. Ұлт Жоспарымен бүкілхалықтық жұмыс жүргізу барысында оның әлеуе­тін ой елегінен өткізуге және тереңдетуге мерейтойлық даталар қосымша серпін берді. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбы бойынша сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев қазақстандықтарды Ассамблеяның 20 жылдығымен құттықтай отырып, оның шешуші міндеті – негізін қоғамның жалпыазаматтық құндылықтары мен рухани императиві ретінде жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясы құрайтын болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру жөніндегі институттық реформаны жүзеге асыруға қатысу екенін мәлімдеді. Тамызда Мемлекет басшысы еліміздің Негізгі Заңының 20 жыл­дығына арналған «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Құттықтау сөзінде Елбасы Ұлт Жоспарының аса маңызды міндеттерінің бірі «Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан да кеңірек аша түсу екендігін» атап айта келіп, институттық реформаның 5 бағытының әрқайсысы бойынша онда белгіленген құқықтық тетіктерге нақтылы тоқталды. Жыл бойы елде тағы да екі ірі тарихи дата атап өтілді. 7 мамырда Жоғарғы Бас қолбасшы Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жыл­дығына орай өткізілген Әскери парад­ты қабылдады, сондай-ақ, Астана қаласында Кеңес Одағының Баты­ры генерал И.В.Панфиловтың ескерт­кі­шін ашты. «Екі мерекенің қатар келуі­нің символдық мәні бар. Бұл Ұлы Отан соғысындағы жеңімпаздар мен Отан қорғаушыларымыздың бүгін­гі буынының әскери дәстүр­лерінің сабақтастығын білдіреді. ...Әкелері­міздің ерлігі мен анала­рымыздың еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Біздің же­ңістеріміздің тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі», – деді Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде. Күзде Мемлекет басшысы Астана мен Тараз қалаларында Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығына арнал­ған бірқатар іс-шараға қатысты. Аста­на­дағы Тәуелсіздік сарайында Түркиядан, Қыр­ғызстаннан, Түрік­менстаннан және Әзербайжаннан келген жоғары мәр­те­белі қонақтар қатысқан салтанат­ты жиналыста сөз сөйлей отырып, ол қазақстандықтардың қазіргі ұр­пағының көп ғасырлар бойы еліміз­дің бостандығы мен тәуелсіздігін қор­ғаған бабалардың рухы алдында ерек­ше жауапты екендігін атап өтті. «Қазақ хандығының 550 жылдығын мере­келеу халқымыздың даңқты шежі­ресіне тағзым ету үшін өткізіліп отыр. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұрпа­ғы ел мәртебесін бұрын-соңды бол­маған биіктерге көтеріп, ата-бабалары­мыздың сан ғасырлық арманын жүзеге асырды», – деп мәлімдеді Президент. «Назарбаев Университетті» ал­ғашқы студенттердің бітіріп шығуы да жылдың елеулі оқиғасы болды. «Уни­верситеттегі даярлық деңгейін сіздер арқылы, сіздердің істеріңіз арқы­лы бағалайтын болады, бұл – айрық­ша жауапкершілік. Мен сіздердің әр­қай­сыңыздың құлшыныстарыңыз зор, кәсіби деңгейлеріңіз жоғары болуын қалаймын. Сіздердің оқу­ларыңыз алғашқы дипломды алумен аяқтал­майды. Ол өмір бойы жалғасады. ...Өз ісінің нағыз кәсіпқойы тек біліп қана қоймай­ды, білгенін нақты іске асыра да алады. Сіздер осындай кәсіп­қой­лар болады деп сенемін», – деді Н.Ә.Назар­баев түлектерге ақ жол тілей отырып. Тәуелсіздік күніне байланысты өткі­зілген салтанатты жиналыста жылды қорытындылаған Елбасы Қазақстан өз тәуелсіздігінің 25 жылдығына сали­қалы жетістіктермен қадам бас­қалы отырғанын айрықша атап өтті. «Қазіргі қиындықтарға қарамастан, тәуелсіздіктің 24-ші жылы Қазақстан үшін айрықша маңызы бар біраз жан тебірентерлік оқиғалармен есте қалды, – деп ризашылықпен атап өтті Президент. – Біз экономикамыздың өсімінің оң қарқынын сақтап қалдық. Индустриялық дамудың екінші бес­жылдығы мен «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы бас­тау алды. Қазақстан Дүние­жүзілік сауда ұйымына кірді. Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады. Қазақстан әлемдік 50 жетекші экспорттаушы елдің санатына еніп, онда 43-ші орынды иеленді. Қазақстан МАГАТЭ-мен бірлесе отырып, Халықаралық ядролық отын банкін құрды, ол біздің елімізде орналастырылатын болады. Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов Жер төңірегіндегі орбитаға барып қайтты. Ең бастысы, біз Ұлт Жоспарын орындауға кірістік». * * * Мемлекеттің 2015 жылғы әлеу­меттік-экономикалық саясаты те­рең­деп бара жатқан әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында белгіленген стратегиялық жоспарларды толық орындауға мүмкіндік беретін тиімді жолдарды іздестіруге бағытталды. Мәселен, Президент ұсынған Ұлт Жоспарында экономикалық дамуға баса назар аударылды: мәлім етілген 100 қадамның 50-і экономикамен байланыс­ты әрі бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында оны түбегейлі жаңғыртуға бағытталды. Жаңа Экономикалық Саясат міндеттерінің қатарында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру, адами капиталын дамыту, жерасты қазба байлықтарын пайдалану, энергетика, құрылыс және көлік салаларында халықаралық стандарттарға көшу жөніндегі іс-шаралар көзделген. Қазақстанның жаңа экономикалық стратегиясы Президенттің қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын халыққа Жолдауында қорытындыланды. Жолдаудың арқауы ретінде «жаһандық дағдарыс – тек қатер ғана емес, сонымен бірге, жаңа мүмкіндіктер» деген идеяны тірек етіп алған Елбасы әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайындағы іс-әрекеттің нақты алгоритмін ұсынды. Алғашқы практикалық қадамдар аясында Ұлттық банктің қызметі тү­бегейлі қайта қаралды. Д.Т.Ақышев жетекшілік ететін банк басшылығының алдына Президент регулятордың құрылымы мен функцияларын оңтай­ландыру міндетін қойды. Осыған байланысты Бірыңғай зейнетақы қоры, Проблемасы бар кредиттер қоры сияқты бейінді емес активтер мен басқа да бір­қатар қаржы институттары Ұлттық банк­тің бақылауынан шығарылуы тиіс еді. Сондай-ақ, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және елдің алтын-валюта қорын сақтап қалу мақ­сатында валюта дәлізін жойып, ұлт­тық валютаның еркін айналымы баға­мына көшу жөніндегі қиын, бірақ қажетті шешім қабылданды. Сонымен қатар, Н.Ә.Назарбаев Ұлт­тық қорды басқарудың әдіс-тәсіл­дерін қайта қарау мақсатқа сай келетіндігіне назар аударды: «Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу көрегендік емес. Біз алдағы жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым нақты: Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек. Үкіметке жаңа жаһандық ахуал жағдайында Ұлттық қор қаржыларын жаңа жа­һандық өмір шындығы жағдайында қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын», – деді Пре­зидент. Мемлекеттік активтерді басқаруға жауапты корпоративтік секторды қайта құру тағы бір маңызды қадам болды. Президенттің тапсыруы бойынша ұйымдық құрылымды оңтайландыру, корпоративтік бас­қаруды жетілдіру, активтерді қайта құрылымдау, шығындарды азайту, «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро» және «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингтері қызметкерлерінің санын қысқарту жөнінде ауқымды жұмыс басталды. Сондай-ақ, сыртқы қолайсыз конъюнктураның күрделілігіне қарамастан, Қазақстан үдемелі индус­трияландыру бағытын жалғастырды. Еліміз мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес­жылдығын 2014 жылы табысты аяқтап, өткен жылы оның екінші бесжылдығын жүзеге асыруға кірісті. «Тұтасымен алғанда, индус­трияландырудың барысы еліміздің экономикасын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға лайықты серпін берді. 890 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылды, 85 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Біз 3,8 трлн. теңге жұмсаған сол 890 кәсіпорын 5,4 трлн. теңгенің өнімін шығарды. Іске қосылған кәсіп­орындардың 95%-ы жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, ол кәсіпорындар өз өнім­дерін өзге елдердің нарығына экспорт­қа шығарады», – деп мәлімдеді Н.Ә.Назарбаев екінші бесжылдықтың қоры­тындылары шығарылған желтоқ­сан­дағы жалпыұлттық телекөпір барысында. «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ел ішінде 7 мың шақырым автожолдарды салу және қайта жөндеу міндеті алдымызда тұр. Нәтижесінде 2019 жылға қарай ірі қалалар арасында жұмсалатын жол уақыты үштен бір мөлшерге қысқарады, елдің бірыңғай қуат жүйесі қалыптасатын болады және, ең бастысы, экономиканың бірыңғай нарыққа бірігуіне қол жеткізіледі. Алдағы 3 жылда бағдарламаны іске асыруға барлығы 20 млрд. доллардан астам қаржы бағытталады, соның үштен бір бөлігінен астамын халықаралық қаржы институттары бөледі. 4 жылдың көлемінде бағдарлама ІЖӨ-нің өсіміне, барлығын қоса алғанда, 16% қосады деп болжанып отыр. Еліміздің Еуразиялық экономи­калық одаққа кіруіне (ол туралы шарт 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді), сондай-ақ, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланыс­ты өткен жылы ұлттық экономикамыз үшін мүлде жаңа мүмкіндіктер ашылды. «ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің Үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз экономикамыз үшін ең шетін мәселелерге қатысты позициялар бойынша келісім жасастық. ...Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа белестерге бастайды. Кә­­сіп­орындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді, ал тұты­нушылар үшін тауарлар мен қыз­меттердің кең ауқымына таңдау жа­сау­ға жол ашады. Бүгінде сауда-сатты­ғымыздың 90%-ы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі. Сондықтан бұл шешім біздер үшін өте маңызды. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады», – деп мәлімдеді Президент Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы келіссөздердің аяқталуына байланысты Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесінде. ДСҰ-ға кіру Қазақстанның реформалар саласындағы және қазіргі заманғы нарықтық экономика мен сауданы құрудағы табыстарының халықаралық деңгейде мойындалуын айқын айғақтайтын тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы маңызды кезең болды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де Қазақстанның әлемдік экономикаға одан әрі интеграциялануы міндеттеріне ықпал етуі тиіс. Мемлекет басшысының жыл барысында соған әзірлік мәселелеріне әлденеше рет мән беруі кездейсоқ емес. Сәуірде ол елордада салынып жатқан «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешеніне арнайы барып, құрылыс жұмыстары барысымен танысты. ЭКСПО-2017 көрмесіне әзірлік мәселелерін Президент, сондай-ақ, шілде мен қарашада өткізілген кеңестерде қарады. Осы тұста Н.Ә.Назарбаевтың келешекте ЭКСПО көрме кешенінің базасында Халықаралық қаржы орталығын құру туралы қабылдаған шешімі орынды болып шықты. Іс жүзінде 2018 жылы жұмыс істей бастайтын жаңа орталықтың ерекшелігі қызметінің британ құқығы негізінде реттелетіндігінде еді, ал оған қатысушылар салық төлеуден 50 жылға босатылады. Бұдан басқа, шетелдік қаржы орталықтарының үлгісі бойынша, оның аумағында Қазақстанның юрисдикциясынан тыс арнаулы сот жұмыс істейтін болады. Қазақстан өңірлерінің бұл үдеріс­терге мүдделі әрі белсенді түрде қатысуынсыз алға қойылған міндеттерді шешуде қандай да бір табысқа жетуге үміт артуға болмайтындығы түсінікті. Сондықтан, Президент өңірлердің дамуына барынша жіті назар аударды. Сол себепті, Н.Ә.Назарбаев былтыр 2 республикалық кездесу, сондай-ақ, Ақмола облысының Зеренді ауданында солтүстік облыстардың әкімдерімен және Атырау қаласында батыс облыстардың әкімдерімен 2 өңірлік кеңес өткізді, сондай-ақ, елдің көптеген өңірлеріне жұмыс сапарларымен барды. * * * 2015 жылы Қазақстанның дәстүрлі көпвекторлы сыртқы саясатында оның бітімгершілік сипаты айтарлықтай арта түсті. Украинадағы дағдарысқа байланысты халықаралық ахуалдың шиеленісуі тұсында Қазақстан Прези­денті жылдың басынан бастап-ақ келісім жолдарын іздестіруге және жанжалдасушы тараптар арасындағы үнқатысуды қалпына келтіруге бағытталған белсенді бітімгерлік әрекеттер жасады. Мәселен, қаңтар-ақпанда Н.Ә.Назарбаев Ресей, Украина, АҚШ, Фран­ция, Бе­ларусь басшыларымен телефон арқы­лы белсенді келіссөздер жүргіз­ді. Соны­мен бірге, Мемлекет басшы­сы канцлер А.Меркельмен келіссөз­дер жүргізу үшін Германияға жұмыс са­пары­мен барды. Бұл күш-жігердің нәтижесі – оқ атылудың тоқтатылып, жанжалды бейбіт реттеу жөніндегі аса маңызды келісімдермен аяқталған Украина, Ресей, Франция және ГФР басшылары қатысқан «норманд төрттігінің» Минск кездесуі. Одан арғы үнқатысу да қазанда Украина президенті П.А.По­рошенконың Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында жалғасты. Қарашада Сирияда Ресей әскери ұшағын Түркия әскери-әуе күштерінің атып түсіруіне байланысты Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қаты­нас­тардың өріс алуы барысында да Қа­зақ­стан Президенті осындай салиқалы көзқарас ұстанды. Мемлекет басшысы көптарапты пішімде де жүйелі бітімгерлік ба­ғыт­ты ұстанды. Қазақстан 2015 жылы бей­біт­шілік пен қауіпсіздікке ықпал ету жө­ніндегі жаһандық бастамалар­ды іл­ге­рілету үшін халықаралық үнқа­ты­судың әлеуетін пайдалануды жалғас­тырды. Маусымда Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі болып өтті. «Дін лидерлері мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» тақырыбына арналған форум құрамы жөнінен өте ауқымды болды. Оның жұмысына 42 елден 80 деле­гацияның, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, Иордания королі ІІ Абдал­ланың, Финляндия президенті С.Нин­нистенің қатысуы осыны аңғартады. Қазақстан Президентінің қыр­күйектің аяғында Нью-Йорк қала­сында болып өткен БҰҰ Бас Ассамблея­сының мерейтойлық 70-ші сессиясына қатысуы да сыртқы саясаттағы маңызы зор оқиға болды. Оның мінбе­рінен Н.Ә.Назарбаев айтқан «Жаһандық стратегиялық бастама – 2045 жоспарын» әзірлеудің мақсатқа сай екендігі, Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі БҰҰ-ның жалпыға ортақ декларациясын қабылдау, БҰҰ аясында терроризмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құру және БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға ауыстыру туралы ұсыныстар халықаралық деңгейдегі маңызды пікірлердің туындауына түрткі болды. Қазақстанның өз аумағында Халық­ара­лық ядролық отын банкін орналас­тыру жөніндегі МАГАТЭ-мен бірлесе отырып жасаған қадамы да әлем­дік қоғамдастық тарапынан дәл сондай жоғары баға иеленді. Бұл қадам Қазақ­станның жаһандық ядролық қауіпсіз­дікке қосқан нақты үлесіне айналды. Жалпы, 2015 жылы Мемлекет бас­шысы 5 халықаралық форумға – ДСҰ-ның Бас кеңесінің отырысына (Швей­цария), Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съе­зіне (Қазақстан), VII Астана экономикалық форумына (Қазақстан), БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясына (АҚШ), ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясына (Франция), сондай-ақ, 11 мемлекетаралық саммитке – ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне (Ресей), ШЫҰ-ға Мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына (Ресей), БРИКС саммитіне (Ресей), ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2 сессиясына (Тәжікстан, Ресей), Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХII форумына (Ресей), ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына (Қазақстан), Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 3 отырысына қатысты. Уфа қаласында өткен ШЫҰ мен БРИКС елдері басшыларының шілдедегі саммиттері де маңызды халық­аралық оқиға болды. Қазақстан Президенті өз сөзінде ЕАЭО, ШЫҰ және БРИКС-тің әлемдегі арта түскен рөлін атап көрсете отырып былай деді: «ЕАЭО-ШЫҰ көлбеу көлік артериясы мен БРИКС-тің тік көлік артериясының қосылуы сауданың күрт өсуіне ықпал ете алады. Болашақта біздің аумақтарымызда ортақ бірлестік және ортақ еркін аймақ құруға болады». Қыркүйекте Астанада болып өткен Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақтастығы кеңесінің V мерейтой­лық отырысын да маңызды халық­аралық саммиттер қатарына қосуға болады. Саммитте сөз сөйлеген Н.Ә.Назарбаев бүгінде түркі әлеміне жаһан­дағы түрлі геосаяси және геоэко­номикалық өзгерістер әсер етіп отырға­нын атап өтті. Осыған байланысты ол Түркі әлемі интеграциясының тұжы­рым­дамасын қабылдауды тездету қа­жеттігіне назар аударды. Қазақ­стан басшысының пікірінше, интегра­цияның өзегі бірлескен көлік-логис­тика инфрақұрылымын дамыту болар еді, ол Түркі кеңесіне мүше мемлекеттерге Қытайдың, Ресейдің, Еуро­па­ның, Таяу Шығыстың, Кавказ бен Орта­лық Азияның экономикалық және ком­муникациялық желілерін жалғай­тын құрлықаралық көпірге айналуға мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастағалы бері оған мүше мемлекеттердің қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты. Беларуське қатысты екіжақты ынты­мақтастық мәселелерімен бірге, Украи­надағы жанжалды бәсеңдету жөнін­дегі бірлескен жұмыс елеулі орын алды. Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан жеке үлесі үшін президент А.Г.Лу­кашенко Н.Ә.Назарбаевты «Халықтар достығы» орденімен марапаттады. Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосы­луына байланысты тамызда Қазақстан Президентінің осы елге жасаған жұмыс сапары аясында мемлекеттік шекараның Қазақстан-Қырғыз учаскесінде кедендік бақылауды өзгерту рәсімі болып өтті. Сонымен бірге, еуразиялық инте­грацияның векторы Ресеймен қарым-қатынастарды айқындағаны күмәнсіз. Онымен стратегиялық серіктестікті тереңдету мемлекеттер басшыларының өзара сапарларының, көппішімді түрлі халықаралық іс-шаралардың, соның ішінде, Сочи қаласында Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХІІ форумы аясында өткен көптеген кездесулер арқылы жүріп жатты. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамытуға сіңірген еңбегін және оның интеграциялық үдерістерді ілгерілету жөніндегі екі­жақты өзара іс-қимылға қосқан белсенді үлесін жоғары бағалай отырып, Ресей басшысы Қазақстан Президентіне Алек­сандр Невский орденін тапсырды. Жыл бойы ЕАЭО-ға қатысушылар үш рет – мамырда, қазанда және желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында бас қосты. Сол кездесулер барысында экономиканың нақты секторындағы байланыстарды дамыту, шарттық-құқықтық базаны ұлғайту, жылжымалы тауарларды ЕАЭО аясында электрондық декларациялауға көшіру, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Украина мен ЕО арасында еркін сауда аймағының жұмыс істей бастауы жағдайында бірлескен іс-қимылдың стратегиясы және т.б. туралы келісімдерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысы 2015 жылы жел­тоқсанда Мәскеу қаласында ЕЖЭК-тің қорытынды отырысында сөз сөйлей отырып, оған мүше мемле­кеттердің дамуы үшін үлкен әлеуеті бар Еуразиялық экономикалық одақ қыз­метіне Қазақстанның айрықша маңыз беретінін атап өтті. «Әлемдік эконо­микалық конъюнктураның тұрақ­сыздығына байланысты 2016 жыл­дың күрделі болатынын, бізге айрық­ша жағдайларда жұмыс істеуге тура ке­летінін түсінеміз. Қазақстан интеграциялық бірлестігіміздің одан әрі ырғақты дамуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайды және өз төрағалығы кезінде Шанхай ынтымақтастық ұйымымен байланыстарды тереңдету бағытында белсене жұмыс істейтін болады», – деді Н.Ә.Назарбаев. Еуразия кеңістігіндегі интегра­циялық үдерістер ТМД және ҰҚШҰ сияқты бірлестіктер аясында да өзі­нің дамуын жалғастырды, олардың әрқай­сысы 2015 жылы екі-екіден саммит өткізді. Қазақстанның Батыс елдерімен қарым-қатынасы да осылайша қарқын­ды әрі жемісті дамыды. АҚШ-пен стратегиялық серік­тес­тіктің одан әрі нығая түсуіне Қазақ­стан басшысының БҰҰ Бас Ассамблея­сының 70-ші сессиясы аясында Құрама Штаттардың президенті Б.Обамамен келіссөздері және содан кейінгі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж.Керридің Қазақстанға сапары ықпал етті. Қазақстан Президентінің жыл бойы Германияға, Италияға, Ұлыбритания мен Францияға жасаған сапарлары барысында сауда-экономикалық және инвестициялық, соның ішінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі желісі бойынша да ықпалдастықты артты­ру және тереңдету жөнінде маңыз­ды келісімдерге қол жеткізілді. Қаржы­лай есептегенде, осы сапарлар­дың қорытындысы бойынша, Ұлы­бри­таниядан тартылған инвестициялардың көлемі 9 млрд. доллардан, Франциядан тартылған инвестициялар 2 млрд. доллардан асып түсті. Азия мемлекеттерімен ынты­мақтастық та өрістей түсті. Қытаймен қарым-қатынас айтар­лықтай қарқынды сипат алды, ол экономиканың машина жасау мен ресурс­тарды қайта өңдеуді қамтитын өңдеуші секторларындағы ықпалдастықтың ұлғаюымен ерекшеленді. Мәселен, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақ­станға жасаған ресми сапарының және Н.Ә.Назарбаевтың Қытайға жаса­ған мемлекеттік сапарының қорытын­дылары бойынша (Президент онда қы­тай халқының жапон милитаристеріне қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жыл­ды­ғына байланысты салтанатты әскери парадқа қатысты) Қазақстан мен Қытай арасында 2015-2020 жылдарға арнал­ған Өңіраралық ынтымақтастық бағдар­ламасы сияқты маңызды құжаттарға, сондай-ақ, 23 млрд. доллар қаражатты қам­титын бірлескен жобаларды жүзе­ге асыру туралы келісімдерге қол қойылды. Қазақстан-Қытай қатынастары контексінде Мемлекет басшысының ЕАЭО мен ШЫҰ, сондай-ақ, «Жібек жо­лы экономикалық белдеуі» арасындағы тығыз кооперация туралы ұстанымының сөзсіз зор маңызы болды. Үндістанмен қарым-қатынастарда елеулі оң ілгерілеушіліктер байқалды. Қазақстан Президентінің елімізге шілдеде ресми сапармен келген Үндістан премьер-министрі Н.Модимен келіссөздері қорытындылары бойынша 5 млрд. доллар қаражатты қамтитын бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылды. Солардың аясында «Сәтбаев» мұнай кенішінде барлау жұмыстарын бастау, Үндістанға уран экспорттау, сондай-ақ, үнді компанияларының ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы көзделген. Н.Ә.Назарбаевтың қазанның аяғында Орталық Азияға жасаған сапары аясында Қазақстанға келген Жапонияның премьер-министрі С.Абэмен өткен келіссөздерінің зор маңызы болды. Соның барысында қол қойылған этанол өндірісі, онкологиялық аурулардың диагностикасы, Қазақстанда көлік терминалдарын салу туралы және т.б. келісімдер 1 млрд. доллардан астам қаржыны қамтитын инвестициялар тартуды көздейді. Мұсылман әлемі елдерімен қарым-қатынастардың оң қарқыны сақталды. Мәселен, Қазақстан Президентінің қазанда Катарға жасаған ресми сапары барысында сауда қатынастарын ұлғайту, бірлескен энергетикалық, соның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы жобаларды іске асыру, сондай-ақ, екі елдің мәдени және гума­нитарлық ынтымақтастығын дамыту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанға сапармен келген Түркия президенті Р.Ер­доғанмен және Ауғанстан президенті М.Ғанимен, Иордания королі ІІ Абдал­ламен, Малайзия премьер-министрі Н.Разакпен және Пәкістан премьер-министрі Н.Шарифпен келіссөздері де жемісті болды. Мемлекет басшысы 2015 жылы екіжақты қатынастар желісі бойынша барлығы 9 шетелдік сапар, соның ішінде 1 мемлекеттік, 6 ресми және 2 жұмыс сапарын жасады. Атап айтқанда, ол мемлекеттік сапармен Қытайға (31 тамыз – 3 қыркүйек), ресми сапармен Ресейге (8 мамыр), Италияға (27-28 маусым), Тәжікстанға (14 қыркүйек), Катарға (26 қазан), Ұлыбританияға (3-4 қараша), Францияға (5 қараша), жұмыс сапарымен Германияға (9 қаңтар) және Қырғызстанға (12 тамыз) барды. Жыл бойы Н.Ә.Назарбаев, сондай-ақ, АҚШ, Ресей, Беларусь, Украина, Германия, Франция, Түрікменстан, БАӘ, Сербия, Әзербайжан, Венгрия, Қытай, Малайзия, Түркия, Бахрейн, Египет, Чехия, Иран, Моңғолия, Сауд Арабиясы, Израиль басшыларымен телефон арқылы 50-ден астам келіссөз жүргізді. Президентке 14 шет мемлекеттің – Кувейттің, АҚШ-тың, Пәкістанның, Болгарияның, Сауд Арабиясының, Корея Республикасының, Иорданияның, Испанияның, Палестинаның, Латвия­ның, Польшаның, Түркияның, Вен­грия­ның, Вьетнамның елшілері, сондай-ақ, ЕО-ның Қазақстандағы Өкілдігі басшысының атынан Сенім грамоталары тапсырылды. Әлемде геосаяси шиеленіс пен дау-жанжалдардың арта түскенін назарға ала отырып, Президент жыл бойы ұлттық қауіпсіздікті нығайту жөнінде жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, оның төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің 5 отырысы өткізілді. Күн тәртібіне Қарулы Күштерді нығайту, терроризмге қарсы іс-қимыл, арнаулы органдардың қызметін жетілдіру, халықаралық геосаяси ахуал мәселелері енгізілді. Бұдан басқа, Н.Ә.Назарбаев мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін жаңғыртуға қатыс­ты кеңес өткізді, ал желтоқсанда Қорғаныс министрлігінің басшылық құра­мымен кездесіп, елордада ашыл­ған Ұлттық әскери-патриоттық орта­лық­та болды. * * * Жалпы алғанда, 2015 жыл тек жаңа сын-қатерлерімен ғана емес, ашылған жаңа мүмкіндіктерімен де қазақстандықтардың есінде қалды. Қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың сақталуы, сондай-ақ, мемлекеттілікті одан әрі нығайту және жаңа жағдайда экономиканы дамыту жөніндегі реформалар төңірегіне ұлтты ұйыстыру оның басты жетістігі болды. Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы.