12 Қаңтар, 2016

Ветеринария саласы салғырттықты көтермейді

2645 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
ветеринария Қазірде тарихтың қалтарысында қалып бара жатқан Кеңес өкіметі кезінде совхоздар мен колхоздардағы түрлі фермаларда 20-30 мың бас қой, мыңдаған бас сиыр, жылқы өсірілген еді. Әрбір аудандағы шаруашылықтарда, оның бөлімдерінде білікті мал дәрігерлері жұмыс істеді. Олар ел аралап жүріп малдың ауруға шалдықпауын қатты қадағалады. Бұрынғы мен қазіргі жағдайды салыстырсақ, бүгінгі күні малдың сау болуы ең алдымен сол малдың иесін алаңдатады. Кеңес өкіметі тұсында мал мемлекеттің меншігінде болды. Ал қазір мал халықтың жекеменшігінде. Ауру мал шықса, дереу бақылауға алынып, өзге өңірге тарап кетпеуі үшін ветеринарлық жұмыстар жүргізілді. Вакцина жеткілікті болды. Ал қазір бір ауданда қанша мал басы бар, соған орай ғана санаулы дәрі-дәрмек беріледі. Ал есепке енбей қалған малдың бірінен ауру шықса, не басқа жақтан келген мал болса бүкіл малға жұқтырады. Сондай-ақ, қазір малды егуге қажетті дәрі-дәрмек шығаратын мекемелер жоқтың қасы, бұрын ол әр өңірде болатын. Малды егуге арналған дәрі-дәрмектің жаңа түрін жасауда Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің «Агротехнопарк» ғылыми орталығында заманауи, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған орталықтың әлеуеті жоғары деуге болады. Мұндағы агротехнологиялар, ветеринария, студенттердің кәсіпкерлік орта­лықтары іске қосылған техно­логиялар залы, болашақ ауыл­шаруашылық мамандарына және ветеринар, биотехнолог мамандарына арналған зертхана­мен жабдықталған, мұнда мал ауруларының түрін емдеуге арналған дәрілер жасалады. – Біз соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы бойынша 13 жобамен жұмыс істедік, – дейді Шәкәрім атындағы мем­лекеттік университеттің прорек­торы Құмарбек Әмірханов, – биыл тұңғыш рет етті, сүтті тұ­қым ба­ғытындағы малдарды қауіпті дерттерден сақтау және ем­­­деу үшін Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­лігінің тапсырысымен жұ­мыс істеуді бастадық. Бұл жо­баның құны 37 млн. теңге тұрады. Онымен қоса облыстық ауылшаруашылығы басқармасының екі жобасын қолға алдық. 25 келісімшартымыз бар. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында түлектерді жеке кәсіп­керлікпен айналысуға дайындау­дамыз. Ол үшін жас фермер­лер мектебі, Консалтинг орта­лы­­ғы жұмыс істейді. Осы агро­тех­­нопаркіміздің арқасында об­лыстың агрокешендерімен тығыз байланысқа шығуға әзірміз. Ал­ғашқы тапсырыстарымыз бар. «Агротехнопарк» аясында атқа­рылатын ғылыми жұмыстар мен оқу үдерісіндегі инновациялық жетістіктерді енгізу және жетілдіру мақсатын әрі қарай дамытуда тәжірибе алмасу үшін Ресей, АҚШ, Англия, Түркия, Болгария, Польша, Германия және Чехия мемле­кеттерінен профессор-оқы­ту­шылар келіп, дәріс оқып, «ше­берлік-сыныптары» сағаттары аясында іс-шаралар көрсеткен. Қазіргі таңда агротехнопарк кешені тарапынан ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, зоо­тех­никалық селекциялық және аса қауіпті аурулардың алдын алу мен оларға мониторинг жасау сияқты бірқатар ғылыми-зерт­теу жұмыстары бюджеттік жә­не тікелей шаруашылық есеп айырысу арқылы жүзеге асып отыр. Бұрын аурулардың ішінде жиі кездесетіні тек бруцеллез еді. Қазір аусыл, сібір жарасы секілді небір аурулардың легі шықты. Ша­руа қожалығы иесі малын кү­тіп ұстағысы келсе қарайтын мал дәрігерін ұстар еді. Бірақ мал дәрігерін ұстау қожалық иесіне тиімсіз. Қазірде мал маманы жоқ емес, бар, бірақ олар аз немесе басқа салаға кетіп жатады. Жоғары оқу орындары дайындап та жатыр. Бірақ ол мамандарды қажетсініп отырған мал иелері жоқ. Малдәрігерлік қызмет саласы салғырттықты көтермейтіндігін ескерген жөн. Бұл бағыттағы іс-қимыл, атқарылған шаралардың бар­лығы бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Совхоздар мен колхоздар тараған кезеңнен бастап ауыл шаруашылығының дамуы ауыл­дағылардың жаппай қалаға қоныс аударуына орай біршама тұралап қалды. Соған қарамастан мал шаруашылығындағы қалыптасқан жағдай кез келген қазақты ойландырумен келеді. Қазір де қай жерде болмасын малды асылдандыру, шаруашылықты өркендету ісінде ғылым жетістіктерін қолдану жұмыстары айтылады. – Бірақ осы жұмыстардың атқарылуы көңіл көншітпейді, – дейді зейнеткер қарт Нұрбек Әбса­паров. – Қазақстанның таби­ғатына бейімделген етті, сүтті мал тұқымдары жылдан-жылға азып барады. Осы дұрыс деп шет­­елден тасымалдануда көбі. Мә­селен, кешегі жоғары сапалы бия­зы жүн, құнарлы ет беретін меринос, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, байыс қойлары қайта қалпына келсе жақсы болар еді. Селекциялық жұмысты дұрыс жолға қоймай елімізде мал шаруашылығы дамымайды. Сонымен қатар, ветерина­риялық қауіпсіздік жайы да елді қатты алаңдатады. Ауылдар тар­қағаннан бері еліміздегі ветеринария жүйесі ақсап қалды. Бұрын әрбір шаруашылықта мал дәрігерлері қызмет ететін, үй жа­нуарларына да арнайы вакцина салынатын, әрбір шара жос­парлы түрде жүргізілетін. Біз өзімізді Америка немесе Еуропа ел­дерімен теңестірмеуіміз керек. Оларда бұл сала жақсы дамыған, жүйелі жолға қойылған. Көп жағ­дайда қауіпті аурулардың ошағы мүлде өшірілген деуге болады. Біздің елдегі ветеринария саласының деңгейі халықаралық талапқа сай болу мақсатында ғана қатардағы шараларды жүзеге асыруда. Баяғыда қауіпті кеселдердің ошақтары белгіленіп, арнайы картаға түсіріліп, ол жерлер қатаң бақылауға алынушы еді. Бүгінгі таңда соның бәрі назардан тыс қалып отырғаны өкінішті. Семей қаласы әкімдігінде Ермак Сәлімовтің төрағалығымен өткен жиынның басты мақсаты да осы сала қызметін реттеуге ба­ғытталды. Семей аумағындағы ве­теринария қызметінің жұмысы жөнінде ұйымдастырылған бас­қосуға облыстық ветеринария бас­қармасының бастығы Нұржан Тоқсейітов бастаған мекемелер өкілдері қатысты. Жиында мал шаруашылығын дамыту ту­ралы көп айтылды. Қалай бол­ғанда да, мал шаруашылығын дамытудағы олқы тұстар аз емес. Мал шаруашылығы әңгіме бола қалса, маман жоқ дегенді естиміз. Шынымен мал мамандары жетпей ме, әлде бұл мамандық иелері қажетсіз болып отыр ма? Қалай десек те, маман қашанда керек. Алдымен аумақтағы малдәрігерлік қызмет турасында Семей қалалық ветеринария бөлімі бастығының орынбасары С.Мукияновтың есе­бі тыңдалды. Оның есебінде ай­тылған қаражат, автокөлік, маман санының жетіспеушілігі, ауыл­дағы қосындарда Интернет бай­ланысының жоқтығы уақы­тында көтерілген проблемалар деуге бо­лады. Облыстық басқарма бас­шысы Нұржан Тілеужанұлы алды­мен қолдағы бар мүмкіндікті пай­даланып та талай жұмыс тын­дыруға болатынын, қазіргі көте­р­­­­іліп отырған мәселені шешуге қа­тысты басқармаға бірде-бір ұсы­ныс түспегенін ашық жеткізді. Мәселен, қызметтік көлік қалалық бөлімде болмағанымен, ауылдық ветеринарлық қосындардың бар­лығы автокөлікпен қамтамасыз етілген. Әзірге солармен септесіп, тиісті жұмыстарды жандандыруға болатынын айтты. Сол себепті, аумақтағы ветеринарлық қыз­мет тиісті бөлімі тарапынан дұ­рыс ұйымдастырылмай отыр деген мәселе қозғалды. Ай­тыл­ған сынның кейбіріне тоқ­тал­сақ, ауылдық округтердегі өлек­се көму орындарын толық құ­жат­тандырмау, бруцеллезге шал­­дыққан малды мерзімінде ет комбинатына өткізбеу, қаң­ғыбас иттердің азаймауы, «Сары» базарындағы жәрмеңкенің анти­санитарлық жағдайы сияқты бір­қатар ескертулер айтылды. Жиын барысында қала әкімі Ермак Сәлі­мов ветеринария бөлімінің қыз­метіне қатысты көзқарасын ашық білдірді. Бөлімнің атқарған жұмыс­та­рына тиісінше дұрыс баға бе­рілуі үшін, арнайы комиссия құрылды. Алдағы уақытта комис­сия құрамы заң аясында талдау­лар жасап, бөлімге жүктелген міндеттердің қандай деңгейде жүзеге асырылғаны жөнінде өз қорытындыларын шығарады. Сол кезде жүргізілген жұмыстардың нақты бағасы берілетін болады. Бүтіндей бір өңірге қатер төндіретін жұқпалы індеттің шы­ғуына кінәлі ветеринария мамандары және сол салаға басшылық ететіндер жауап беруі тиіс деп ой­лаймыз. Шаруашылықта жұ­мыс жасап жүрген ветеринария мамандарының жауапкершілігін арттыру қажет. Бізде қабылданған ветеринария туралы заң бар. Заң талаптарын орындау аграрлық саладағы азаматтардың міндеті. Біздің ел аграрлы мемлекет, сондықтан да, мал дәрігерлерін даярлау мәселесіне мемлекет тарапынан жете көңіл бөлу керек. Соңғы жылдары мемлекетіміз ветеринарияға көңіл бөліп, түрлі заңнамалық құжаттар қабылдап жатыр. Жалпы, ветеринария мал шаруашылығының ең беделді саласы болып табылады. Себебі, ветеринария жолға қойылса, мал ауруға ұшырамайды. Ал сау мал­дың етін жеген адам аурудан алыс болады, деді қала басшысы. Семейлік ғалым Серғазы Дүй­сем­баевтың ветеринария са­ласындағы еңбектері Қазақстанға танымал. Бүгінде Секең Семей қаласындағы аймақтық сынақ зертханасы – «Радиоэкологиялық зерттеулердің ғылыми орталы­ғына» жетекшілік етеді. Ол Ал­матыдағы Қазақ ұлттық аграр­лық университетінде «Марал гель­минтоздарындағы сойыс өнім­­дерін ветеринариялық-сани­тарлық сараптау» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Серғазы Тұрлыбекұлы профессор ретінде ветеринария саласында шәкірттерімен бір­лесіп жүргізген 30-дан астам ғы­лыми еңбегі нәтижелерін беріп, тәжі­рибеге кіргізілуде. – Совхоздар мен колхоздар тараған кезеңнен бастап ауыл шаруашылығының дамуы бір­шама тұралап қалғаны рас, – дейді радиоэкологиялық зерттеу­лер зертханасын таныстыру барысында Серғазы Тұрлыбекұлы, – әсіресе, мал шаруашылығындағы қалыптасқан жағдай бізді ойландырумен келеді. Қазірде қай жерде болмасын малды асылдандыру, шаруашылықты өркендету ісінде ғылым жетістіктерін қолдану жұмыстарын қолданған жөн. Айтайын дегенім, шекарадағы вете­ринариялық бақылаудың осал­дығы. Мәселен, кейбір бұ­қаралық ақпарат құралдары шекара жанындағы ауданға аусыл көрші мемлекеттен келді деген мәліметтер таратып жатады. Шын­дығына келгенде, сол індет­тің қандай жолмен келгенін бірде-бір маман нақты тап басып айта алмайды. Тағы бір себеп, ветеринария саласында мамандардың жетіспеуі. Соңғы мәліметтерге қарағанда, елімізде мал дәрігерлері 20 пайыздай кемшін. Қазір барлық мал жекеменшіктің қолында. Бұрын 700-800 сиырға бір маман бекітілетін де, басқа да мал саны есептеліп, қанша маман керектігі шығарылатын. Бұл практикада дәлелденген мәселе. Өкінішке қарай, бүгінде бірнеше отар қой, табын-табын сиыр, үйірлі жылқы айдап жүрген шаруа қожалығында мал дәрігері жоқ. Әлі де болса ауыл шаруашылығы нысандарының басшылары ветеринарияның маңызын түсінгілері келмейтіндей. Жергілікті жерлерде қауіпті ауруға шалдыққан малдың көзін жою мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппай отыр. Мал иесіне берілетін өтемақының мөлшері де мардымсыз. Ауыл әкімдерінің қауқары белгілі. Малының жұқ­палы дертке шалдыққанын біле тұра, кейбір азаматтар пайда та­буға тәуекел жасайды. Егер мал иелеріне нарық бағасы бойынша өтемақы төленсе, бұндай проблема туындамас еді. Бұрынғыдай барлық аудандарда, қалаларда ветеринарлық стансаларды және қажетті ветеринария нысандарын қалпына келтіріп, қатаң бақылау орнату үшін ветеринарлық полиция қызметін ашу қажет секілді. Олар ешкімге тәуелді болмауы тиіс деп ойлаймын. Біздің ел аграрлы мемлекет, сондықтан да мал дәрігерлерін дайындау мәселесіне мемлекет тарапынан жете көңіл бөлу керек. Әлі де болса, бұл салаға бөлінетін мемлекеттік гранттың мөлшері аз. Мәселен, еліміздің шығыс өңірінде ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын бірден-бір оқу орны – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне тиген грант санын айтудың өзі ұят. Бұрындары Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институты жылына 250 ветеринария маманын дайындайтын. Ал қазір біздің оқу орнын жылына 25-30 түлек қана бітіреді. Олардың басым көпшілігі басқа салаға кетіп қалады. Оның айтуынша, орта буын маман­дар даярлауды да қал­пына келтіру керек. Бүгінде ауылдағы мал мамандарының орташа жасы 50-ді құрап отыр. Сонымен қатар, мал дәрігерінің мәртебесін әлеуметтік маңызды сала қызметкерлерімен теңестірген жөн. Сонда ғана жас мамандар ауыл шаруашылығына баратын болады. Алдағы жеті жыл ішінде Қазақстан Үкіметі ветеринария саласына екі миллиард еуро бөлмек. Бұл қаражат көптеген проблемалардың шешімін табуға бағытталатын болады. Раушан Нұғманбекова. СЕМЕЙ.