12 Қаңтар, 2016

Операның Отанын мойындатып қайтты

555 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ескі жыл есігімізден шығып, жаңа жыл босағамыздан аттаған уақытта еліміздің мәртебесін мәдениет саласында бір саты жоғарылатып қайтқан «Астана Опера» театры солистерінің жетіс­тіктерін жеткізбесек, ұлт­тық си­патымызға сын болары сөзсіз. Біздің әртістер төрт күн бойы операның Отаны саналатын Италиядағы Карло Феличе театрының сахнасында Дж. Пуччинидің «Богема» операсының тұсаукесерінде өнер көрсетті. Осыған орай кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өткен болатын. Төрт күнге созылған операда Мими партиясын Айгүл Ниязова, Рудольфті Медет Шотабаев, Мюзеттаны Салтанат Ахметова, Марсельді Талғат Мұсабаев, Шонарды Ев­гений Чайников, Колленді Артұр Қайыпқұлов, ал екінші қаңтарда «Астана Опера» солистерімен Мимиді италиялық сопрано Серена Гамбертони, Рудольфті Леонардо Каими орындағанын естеріңізге саламыз. «II Sole 24 Ore Domenica» газетінің тілшісі қазақстандық жас труппаға, әртістер еуропалық операға шығыс лебін қосты деп баға берді. «Этторе Сколаның қойылымына толығымен қазақ­стандық әншілерден тұратын құрамның табыс әкелгені сөзсіз. Опера сахнасының жұлдызы – Айгүл Ниязова (Мими) өз партиясын тамаша меңгергенін паш етті. Медет Шотабаев (Рудольф) жоғары нотаны жас кезіндегі Паваротти орындағандай алды. Әсіресе, Салтанат Ахметованың тама­ша орындауындағы Мюзетта ерекше ұнады, оның сыңғырлаған, жарқын тембрі таңдай қақтырады. Шонардың партиясын сомдаған Евгений Чайниковтің дауысын­да батысқа тән реңк бар», – делінген 2016 жылғы 3 қаңтардағы мақалада. – Бұл режиссер, дирижер, со­лис­тер, оркестр музыканттары мен хордан құралатын шетелдік құ­раммен Еуропа театры сахна­сында айшықталған маңызды тәжірибе болды. Біздің әншілер италиялық әріптестерден еш кем емес. Дауыс ырғағы, актерлік шеберлігі жағынан барлығы жоғары дәрежеде көрінді. Біз тек «Астана Опера» театрының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәртебесін асқақтаттық, – деп атап өтті жиын барысында сөз ал­ған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова. Әртістердің айтуынша, екінші, үшінші, төртінші күндерден соң, қазақ әртістерін жанкүйерлер сыртта қолтаңба алу үшін торуылдап тұратын болған. Сонымен қатар, Италияда оқып жатқан бір топ қазақстандық студенттер де қазақ әншілерін тыңдауға арнайы келген. Орындаушылық шеберлікті тыңдармандар ғана емес, дирижерлер де жоғары бағалады. Қазақстандық әншілерге болашақта бірлесіп жұмыс жасау жөнінде бірқатар ұсыныстар түсіпті. Сондай-ақ, Дж. Пуччинидің «Богема» спектаклі астаналық сахнада 3 ақпанда өтетінін де естеріңізге саламыз. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».