Ойлау жүйесі бойынша өз заманынан сәл асып түсетін адамдар болады. Мәселен, КСРО-да жетпіс жылдан астам уақыт билік тізгінін ешкімді тыпыр еткізбей ұстаған социалистік-партиялық жүйені алайық. Бұл кезде өзгеше ойлауға, қалыптасқан партиялық нормалардан ауытқуға, соның ішінде ұлттық мақсат-мүдделерді бірінші кезекке қоюға мүлдем болмайтын. Әсіресе, осы жылдарда аудандық, облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметіндегілер бұл талаптарды бұлжытпай сақтайтын. Сондықтан да мұндай лауазымға ие болғандарда ел-жұрт арасындағы шынайы өз абырой-беделінен гөрі, компартияның темір тоқпағы арқылы келетін жалған әрі арзан бедел көбірек көрініс беретін.
Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз сонау алпысыншы-жетпісінші жылдар аралығында Жымпиты, Жәнібек және Орда аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған Рахметолла Егізбаевты бұл қатарға мүлдем қоса алмаймыз. Сонда мұны қалай түсінуге болады деген ой тұрған шығар оқырман көңілінде. Жоқ, әлде бұл кісі партиялық ноқтадан басын ала қашып, өз ауанымен жүрді ме?! Олай емес, әрине. Қыздың жолынан да жіңішке, қатаң партиялық жүйеде бұлайша бір күн де істей алмасың айдан анық.
Бар гәп Рахметолла Сүйіндікұлының азуы алты қарыс дерліктей жоғарыда аталған социалистік қоғамдағы биік лауазымды иелене жүріп, халықтың ой-санасындағы мәселелердің шешімін табуына ұмтылыс жасауында. Ұмтылыс жасап қана қоймай, осы мақсатын тікелей іске асырып, нақты нәтижеге жетуінде. Әрине, шөп шабылар, егін орылар, мал басы толығар. Гәп басқада. Гәп – кеңестік кезеңде елдің атын ер шығарады дегендей, ұлтымыздың рухын көтерген тарихи тұлғаларымыздың есімдерін асқақтата білуде емес пе?
Айталық, компартияның қылышынан қаны тамып тұрған тұста облыс, аудан орталықтарында күн көсем Лениннің көкке қолын созған ескерткіштері және Карл Маркс пен Энгельстің, Дзержинскийдің кеуде мүсіндері ғана орнатылатын. Ал халқымыздың сана-сезімінен орын тепкен тарихи тұлғаларға ескерткіш орнату тек арман ғана еді. Осындай тар кезеңде аудандық деңгейдегі партиялық басшы қазақтың батыр ұл-қызы Ерденбек Ниетқалиев пен Мәншүк Мәметоваға, қазақтан сайланған тұңғыш халық комиссары, алғашқы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Хаби Халиуллинге, қазақтың көрнекті ақыны Тайыр Жароковке, халықтың қамын көксеп өткен есіл ерлер Ғабит Сарбаев пен Бейсен Жанекешевке ескерткіштер тұрғызуға бастамашы бола білді. Мұның өзін, жоғарыда айтылғандай, сол уақытта халықтың көкейінде жүрген мәселе деп есептеуіміз керек. Социалистік заманда мүмкін еместей көрінген бұл істер қалайша мүмкін болды?
Біз бұл сауалды сол кезде Рахаңның жанынан табылған белгілі журналист, кәсіпқой аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғарифолла Көшеновке қойған едік. Ғарекең біздің ойымызды түсіністікпен қабыл алып, сыр тиегін былайша ағытты.
– Рахаң тұрғызған барлық ескерткіштердің мән-жайын біле бермеймін. Дегенмен, қазақтың дауылпаз, арқалы ақыны Тайыр Жароковке алпысыншы жылдардың аяғында ескерткіштің қалай орнатылғанын айтып беруге болады, – деді журналистика майталманы. – Айтайын дегенім, кеңес дәуірінде коммунистік көсемдерден өзге пендеге адамның кеудесі ғана бейнеленетін бюст болмаса, тұғырдың үстінде тұтас бойы құрыштан құйылатын үлкен ескерткіш орнатылмайтын. Тіпті, орнатыла қалған күннің өзінде, оған КСРО Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысын шығарту қажет болатын.
Ал Тайыр ақынның қолына өлең кітабын ұстап, арқырап жыр оқып тұрған тұтас бейнесі сомдалған мына ескерткіш осы бір міндетті рәсімді айналып өтіп, жартылай астыртын орнатылды десе де болады. Қасаң қағидасы қия бастырмайтын сол кезеңнің өзінде қазақтың арқалы ақынына тұтастай ескерткіш құйдырып, осындай көзсіз тәуекелге барған Жәнібек аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы, өзі де сөз қадірін тереңнен түйсіне білетін ақынжанды азамат Рахметолла Сүйіндікұлы Егізбаев ағамыз болатын.
Біздің байқағанымыз әрі іштей аңғарғанымыз ол кісі ескерткіштің нобайын дайындатқан да, жеке таныстығын пайдалана отырып, Қазақстанмен шектес Ресейдің Волгоград қаласындағы көркем шеберханаға тапсырыс бергізген. Бұл өзі Еділ бойындағы белгілі «Отан-Ана» және «Мамай қорғаны» мемориалдарын жасап шыққан танымал шеберхана болатын. Сол шеберхана мүсіншілерінің тілін тапқан Рахметолла ағамыз қаражатын кеңшардың есебінен төлеттіріп, дайын ескерткішті әкелдірген де, тұғырға қондыртқан. Кейін осы ескерткішке байланысты әңгіме едәуір деңгейде көтеріліп, Рахметолла Егізбаевтың партиялық жаза алғанынан да хабарымыз бар. Жазаны қойшы, берілді-алынды. Есесіне Нарынның Махамбеттен кейінгі жалынды жыршысы Тайыр ақынның қола мүсіні тұтас бойымен тұғыр үстінде тұрды да қалды.
Біз білетін Рахаң әдебиет пен өнерге жақын жүретін, оған жаны ашитын, тіпті, қажет жерінде тиісті көмегін аямайтын мәрт азамат еді. Ол өзі де өте сезімтал, табиғатынан ақынжанды азамат болатын. Көзі тірісінде «Жазушы» баспасынан «Шешуші күш», «Қараша қаздар», «Дала бұлбұлдары» атты жыр жинақтары жарық көрді. Өмірден өткеннен кейін «Іздедім сені» атты өлеңдер топтамасы шықты. Рахметолла ағамыз елдің шеті, желдің өтінде орналасқан шалғай өңірде өнер фестивальдарын және ақын-жазушылармен кездесулерді жиі өткізуге мұрындық болып отырушы еді. Жұбан Молдағалиев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ғафу Қайырбеков, Сағынғали Сейітов, Ғарифолла Құрманғалиев және Оразақын Асқар секілді әдебиет және өнер тарландарының елге жиі атбасын бұруы да дәл осы тұста орын алды.
Сондай-ақ, Рахаң өте шебер, шешен сөйлей білетін, аузы дуалы азамат еді. Ол кісінің қарапайымдылығы мен достыққа адалдығы да өз алдына бір бөлек әңгіме. Кейін ол облыстық және республикалық деңгейдегі үлкен лауазымды қызметтерді атқарып жүрген кезінде де, елге келген сапарларында мектепте бірге оқыған достарымен кездесуге уақыт табатын. Бала кезде құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досы Әбутәліп Мұханғалиевті өзімен бірге ертіп алатын.
Қазағымыздың қиян шеттегі алақандай бір ауылында дүниеге келсе де, кейіннен тұтастай елдік мүддеге саналы ғұмырын сарп еткен Рахметолла Егізбаевтай ердің артына қалдырған бедерлі ізі мен өнегелі ісі бүгінде жеті қарақшы жұлдызындай сайрап жатыр.
Асқар АТАЕВ,
Мұстақым Ықсанов атындағы қордың төрағасы,
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
Суретте: Рахметолла ЕГІЗБАЕВ.