2016 жылымыз енді бастау алып жатыр, бір жылда 365 күн болса, соның ішіндегі айтулы мерекелердің кереметі – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы екендігіне ешкім дау айта қоймас. Міне, осы айтулы жылдың басын Елбасы еліне арнаған көшелі сөзінен бастады. Ұлт арманы қалай өріліп, баба қазақтың түсінде көрген бостандықтың уызына тойған бүгінгі бала қазақтың өзгелермен еңсесі теңеліп, рухы биіктеп, қасқайып тұруы үшін неге ұмтылуы керектігін айтыпты. Мына егемен ел, тәуелсіз мемлекет болғанға дейін мың өліп, мың тірілген халықтың бүгінгі өскелең ұрпағы әр таңы арайлап атқан қазіргі кезеңде, ең бақытты шағында мемлекет тағдырына әсерін тигізер келелі істерді қалай бастауы керектігін, неден бастауы керектігін айтыпты.
Менің дархан елім Қазақстанымның даласы батысы Атыраудың айдынды ақбурыл теңізі Каспийдің буырқанған бұйра толқындарынан бастау алса, шығысы Алтайдың ақбас шыңдарына арқасын сүйеген, ол терістігі Сібірдің ну ормандарынан, түстіктегі Тянь-Шань жоталарына барып тірелген алып дала. Міне, біз осынау Жерұйық мекеннің перзенттері – Қазақ деген дана да дарқан, батыл да батыр, есті де зерек, білімді де еңбекқор халықтың перзентіміз. Ендеше, неге біз өз жеріміздің байлығы мен оның орасан зор әлеуетін ертеңгі бақуатты тіршілігімізге жұмыс жасатпаймыз. Жаңа технологияларды меңгеріп, қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған өндірістік қуаттарды іске қосып, осы мыңжылдықта қазақ баласы неге жаңаша армандай алмаймыз. Армандай аламыз, және оны жүзеге де асырамыз.
Оны менің елімнің Тәуелсіздік таңы арай берген 24 жылдан бері өзін әлемге таныта білген дарабоз мінезінен, өзгеге ұқсамайтын Көк байрақ-туымыздан, қанатты пырақтар асқақ көтерген елтаңбамыз бен әлемде теңдесі жоқ Әнұранымыздан, «Менің Қазақстаным» шырқалған шартараптан өзгеге біздің елдің келбетін көрсететін мәтінінен анық аңғарамыз. Рас, қазіргі күні дүниежүзін шарпыған экономикалық қиындықтар, қашаннан іргелері бекіген алпауыт елдерге де оңай соғып жатқан жоқ. Бірақ алға биік мақсат қойылмаса, оған ұмтылмаса, сол жолда тер төгіліп, еңбек етілмесе аңсар болып, арман болып жеткен тәуелсіздікті нық ұстау да қиын. Осыны елдің жас-кәрісі бар жан-тәнімен ұғынып, ұмтылған тұста алынбас биік болмас, сірә.
Бүгінде іңгәлаған нәрестеден бастап, мектебіне білімге құлшынған алты жасар еліміздің ертеңгі тірегі бүлдіршінінен, басын ақ қырау шалған аталарымыз бен ақжаулықты – тұтас елдің анасына айналған әр ауыл, әр аймақ, әр үйдегі кең пейілді кейуанаға дейін «Менің Қазақстаным» деп кеудесін керіп еркін тыныстайды, еркін демалады. Ал оның ұрпақтардан ұрпақтарға жетіп, Ұлы Даланың мәңгілік мұратына, сөнбес шырағына айналуы бізге байланысты.
Біз ежелден елім деп еңірген, оның тізгінін берік ұстап жарқын болашақтарға бастаған алып тұлғаларын пір тұтып, соның артынан лайықты түрде ере білген елміз. Ал қазіргі қазақ халқы қолдап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі-сыртқы саясаттағы Абылайдай айбынды қадамына әркез қолдау көрсетуді парыз санайды. Өйткені, ел мұраты да, ер мұраты да бір. Ол – ұлттың арманына жетуі.
Біз осынау көк байрақты көпэтностың бірлігін берік сақтаған оның түп тамыры – қазақ халқы болғанымызды әр кез мақтан етеміз. Бұл құр мақтан ғана емес, ол бірлік пен татулықта өзгеге үлгі болған, еңбекте атқарған әр ісі тиянақты тиімді бола білген елдің тірегі атанған халықпыз. Өйткені, алға қойған мақсатымыз айқын.
Ал, осынау дарқан елдің бір шетіндегі тарихы тереңге тамыр тартқан Торғай деген дара өлкенің әр перзенті тәуелсіз елдің ертеңі нұрлы, бүгіні жақұтты болсын деп еңбекке араласады. Ендеше, туған елім менің, алтын аймағым, Қазақстаным гүлдене бергей.
Біздің өзгеден өзгеше бір еншіміз сөйлесе қара сөзбен өрнек салған, ақындарша әр сөзін тастүйін өрген шешендігінде жатса керек. Өйткені, менің тілім – қазақ тілі, ол ананың ақ сүтімен бойымызға тараған. Сондықтан кеудеміздегі әр жүректен тасқын атқан таза қанымыз бен ана тіліміз ардағымызға айналып отыр. Тілі бар халық тірі халық деген нақыл сөз де қалыптасты. Бұл шынайы ақиқат.
Ендеше, тобықтай түйін түйсек, менің елім алып даласы, сән-салтанатқа бөленген ондаған қаласы, күн сайын құлпырған Астанадай бас қаласы, әр ауылда берекесі шайқалмаған, қазаны ортаймаған елі, алтын дәні әлемді мойындатқан ас атаулының атасы – тоқтықты паш еткен тәтті де нәрлі тоқаш наны көл-көсір ел. Жерінің үсті де байлық, асты да байлық, өзені мен көлдері ел ырысы байлық бастауының бірі балығы тулаған, төрт түлігі мыңғырған қасиетті мекен.
Міне, біз осынау өлкенің ұрпағы өнерде де, білімде де, салт пен санада да, еңбекте де тек бүгініміз емес ертеңіміз нұрлы боларына сенімді ұрпақ – барымызды бағамдап қастерлей білетін топтанбыз. Ал мұндай елде тұрып өмір сүру кім-кімге де болсын бақыт! Бақыттың бақшасында ұл-қыз өсірген әр шаңырақтың тілегі де, тілеуі де осы. Ендеше, елім менің – Қазақстаным жасай бер, жайнай бер. Ел рәміздеріміз – көкбайрағың алып бүркіт көтерген туың жығылмасын. Пырақты қос арғымағын жоғары өрлеткен Елтаңбаңның еңсесі түспейді. Асқан үнді Әнұраның мәңгі шарықтайды. Өйткені, бұл өзін әлемге танытқан алып елім. Менің Қазақстаным, тілімнің тірегі, елімнің жүрегі болғай, алтын бесік жақұтты мекенім Қазақстаным!
Жанар ЖҰМАҒҰЛОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы.