13 Қаңтар, 2016

Баршаға ортақ жауапкершілік

418 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік тойына – терең толғам

Отандастарымыз Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары –  қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жаңа еңбегін қызу қолдауда

7979Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарапынан «Нұр Отан» партия­сына бес институттық реформаны жүзеге асыруда үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осыған орай, кеше аталған саяси құрылымның баспасөз орталығында партияның идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшысы Фархад Қуанғанов және партия Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Құрманғали арнайы брифинг өткізді. Б.Құрманғали өз сөзінде Ел­басының әлемдегі дамыған 30 ел­дің қатарына ену үшін мемлекет­ті нығайтуға бағытталған бес институттық реформаны айқындап бергендігін тілге тиек етті. «Осы реформаларды кезең-кезеңімен іске асыру арқылы бүгінгі жаһандық күрделі экономикалық ахуалдың елімізге тигізер әсерін мейлінше жұмсартып, өзіндік даму жолын қалыптастыруды көздейді. Осыған орай, Мемлекет басшысы жуырда жария еткен «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған жол картасы деп айтсақ орынды. Онда бес институттық реформаны практикалық тұрғыдан жүзеге асыру тетіктерін ашатын бағыт-бағдар десек те болады», деді Б.Құрманғали. Жалпы, биылғы жылға арналған бес институттық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асуы барысын мониторингтеу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша өткізілген баспасөз брифингінде партияда бес бағыт бойынша жұмыс тобы құрылғандығына ерекше назар аударылды. Оның құрамына партия Орталық аппаратының қызметкерлері, партияның Парламенттегі фракция мүшелері, орталық мемлекеттік органдар басшылығы, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және қоғам белсенділері кіріп отыр. Олардың негізгі мақсаты мемлекетті кәсібилендіру, құқық қорғау мен заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру мен эко­но­микалық өсімге қол жеткізу, ұлттық бірлікті сақтау, транспарентті және есеп беретін мемлекетті құру сияқты мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін болады. Сонымен қатар, партияның «Мирас» қоғамдық кеңесі, Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық кеңес, Кә­сіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес, Партия жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен қарым-қатынас жөніндегі кеңес, «Аманат» интеллектуалдық клубы және тағы басқа да отырыстарда Ұлт Жоспарын іске асыру барысындағы кедергілер талқыланып, олардың оң шешім табуына ықпал етілетіні ерекше аталды. Бұл ретте Ұлт Жос­пары жүзеге аса бастағалы бері мем­лекетті, экономика мен қоғам­ды дамытуға қатысты 59 заң қабылданғанын да айта кеткен жөн. Заңдық құжаттар жаңа ең­бек қатынастарын орнатуға, тұр­ғындарды әлеуметтік қорғау мәселелерін реттеуге, жер қа­тынастары саласындағы қарым-қатынастарды оңтайландыруға, кәсіпкерлікпен және саудамен айналысу, оңалту және банкроттық және өзге де мәселелерге ар­налған. Бағдарламалық құжат әрбір қазақстандықтың әл-ау­қатын жақсарту, оның құқығы мен бостандығын қорғау, білім алу мен денсаулық сақтау салаларындағы теңқұқықтығын қамтамасыз ету және өзге де мәселелерге құрылған. Орайы келгенде заңнаманы жетілдіру үдерістері барысында партияның барлық құрылымдары мен үкіметтік емес ұйымдары тарапынан берген ұсыныстар ортақ талқыдан өткеннен кейін Парламенттегі партия фракция­сы мен орталық мемлекеттік органдарға жолданады. Ал Ұлт Жоспарын іске асыруға қатысты айтар болсақ, онда бұл мәселе бойынша аптасына екі рет оның орындалуы барысы туралы брифинг өтетіні де аталмай қалмады. Сондай-ақ, Ұлт Жоспарын ақ­параттық қолдау үшін партияның тағы бір жаңа интернет-ресурсы іске қосылып отыр. Аталған сайтта Ұлт Жоспарының заңнамалық базасы, орындалу барысы және де қоғам тарапынан болатын ұсыныстар үнемі жаңартылып жарияланып отырылады. Бұдан басқа, Ұлт Жоспарының әр тар­мағына арналған 100 бей­неро­лик түсіріліп, «Астана» телеарнасы эфирінен беру көзделген. Сонымен қатар, мұнда белгілі қоғам қайрат­кер­лерінің қатысуымен «Кеш емес», «Ашық студия» бағ­дарламалары жол тартады. Ал «Айқын», «Литер» және «Түр­кістан» басылымдарында бұл ақпараттар инфографика түрінде көрініс табады деп күтілуде. Және де Ұлт Жоспарын әлеуметтік желілер арқылы насихаттау жұмыстары да қолға алынатын болады. Журналистер мен блогерлер арасында бағдарламалық құжатты ақпараттық ілгерілету мақсатында арнайы семинардың өткізілетіні де алға тартылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».