1. Ізгілікті істер ұмытылмайды
Курстастарым мені «Қожакеевтің сүйікті шәкірті» деп кеткен еді. Айтса айтқандай-ақ, ҚазМУ-дың журналистика факультетінің ұлағатты ұстазы, филология ғылымдарының докторы, қарымды қаламгер, зерттеуші-ғалым Темірбек Қожакеевтің маған деген ықыласы ерекше болатын. Қазір ойлап қарасам, ол кісі еңбекқорлықты, студенттің білімге деген ұмтылысын, қарапайым адамдық қасиеттерді жоғары бағалайтын болуы керек. Ол кезде түске дейін аудиторияда дәріс тыңдап, семинарға қатысып, түстен кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып еңбек ететінмін. Материалдарым жиі жарияланып жатты.
Бір күні ауылдан келсем, курстастарым: «Сені Қожакеев (ұстазымызды бәріміз фамилиясымен атаушы едік
.) шақырып жатыр» деді алып-ұшып, бір шетінен таңғалып, бір шетінен әлдеқандай жаңалық күткендей. Темірбек Қожакеев онда журфактің Мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі. Мен осы кафедрада болатынмын.
Ұстаз кабинетіне имене кірдім. Бұрыннан аты мен атақ-даңқына қанық болып, дәрісін күнделікті тыңдап жүргенмен, Темірбек ағамен бірінші рет жүзбе-жүз кездесіп отырған бетім осы. «Қалқа, сенбісің? Кел, отыр» деді. Өзі әлдене жазып отыр. Әлден кейін басын көтеріп, көзілдірігін төмен түсіріп, маған бір қарап алып:
– Сен осы газетте істеп жүрсің бе? – деді.
– Иә.
– Жұмыс істесең, өзің үшін істейсің. Сабағың қалай, қалдырып жүрген жоқпысың?
– Жоқ, аға.
– Онда дұрыс. Сабақты тастамау керек. Сендердің бірінші міндеттерің – оқу. Егер жұмыс істегің келсе сырттайға ауыс. Материалдарыңды оқып жүрмін. Қазақстан Журналистер одағы баспасөзде көрініп жүрген студенттерге стипендия бермекші, соған сені ұсындым. Енді ай сайын алып тұрасың.
– Рахмет, аға! – дедім іштей сан түрлі сезімді бастан кешіп. Сол жолы мен бірінші рет ұстазыммен әңгімелесе алдым. Дұрысы, сауалдарына жауап беріп отырдым. Ауылдың қарапайым көп балалы отбасынан шыққанымды білгеннен кейін бе, әйтеуір жылы сөйлеп отырды. Жұмыстан бұрын сабағыма көп көңіл бөлуімді талап ететінін сөз арасында ескертіп өтті. Расында, көп ұзамай Темірбек ағаның ұсынуымен Қазақстан Журналистер одағының стипендиаты атандым. Бұл баспасөздегі еңбегім үшін қол жеткен ең алғашқы табысым еді. Сондай ыстық, сондай қадірлі. Оның үстіне, қазақ баспасөзінің майталманы өзі ұсынып отырса! Бұл 1992 жылғы наурыз айы болатын.
Осы кезден бастап Темірбек ағаға қатты жақындап, қоян-қолтық араласып кетпесем де сырттай маған деген қабағының ашық, көңілінің таза екенін медеу тұтып жүрдім. Бірақ, сену былай тұрсын, жауапкершілігім арта түсті. Профессордың дәрісінен себепсіз қалған емеспін. Курстық жұмыс болсын, өндірістік практика материалдары болсын, дер кезінде орындауға тырысатын болдым. Сосын болар мені сырттай курстастарыма үлгі етіп жүретін.
Темірбек ағаны диплом жетекшісі етіп бекітуді өтіндім. Тақырыпты да сол кісімен кеңесе келе, таңдап алдым. Профессордың ұсынысын ескере отырып, ақылын ала жүріп, кезінде журналист, ақын, редактор болған, кеңестік идеология уақытында аты атаусыз қалған Қалдыбай Абдуллиннің шығармашылығын зерттеуге ден қойдым. Біраз деректерді, кейбір материалдардың тақырыбын, қай басылымда жарияланғанын ұстазым көрсетіп берді. Әрі қарай дендете зерделеу, құрастырып жазу, газеттерге беру ісіне кірісіп кеттім. Алматы облысының Жамбыл ауданында тұратын Қ.Абдуллиннің бауырының баласы, байырғы теміржолшыға жолығып, тың деректер мен бірқатар суреттерін алдым. Көп ұзамай «Жас Алашта» материалым жарияланды. Ұстазым бұл еңбегімді жоғары бағалады.
Сол кездері курстастарым диплом жайын уайым қылып, маған: «Ой, сен несіне қорқасың, жетекшің Қожакеев ағай ғой. «Беске» тапсырасың» деп қызыға қарайтын. Сөйтіп, диплом жұмысын алғашқылардың бірі ретінде қорғап шықтым. Бұл оқиға туралы 1993 жылы 3 маусымда күнделігіме: «Қалдыбай Абдуллин – журналист» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғадым. Комиссия мүшелері «Өте жақсы және атап өтілсін» деген қаулы қабылдап, жоғары бағалады» деп жазыппын. Кейін жетекшім Темірбек Қожакеев бұл еңбекті кеңейтіп, дендете зерттеп, кандидаттық жұмыс жазуымды ұсыныс етті. Тіпті, тақырып кафедрада бекітілді. Бұл кезде «Жас Алашта» едім. Бөлім меңгерушім, белгілі журналист Бауыржан Омаров та «кандидаттықты қорғап алсаңшы» деп жиі кеңес беретін.
2. «Баланы көбейту керек…»
Анда-санда Темірбек ағаға телефон шалатынмын. Көбіне өз шаруаммен немесе мейраммен құттықтап емес, өзгенің өтінішін орындау үшін ұстазыма хабарласатынмын. Темірбек аға берілген тапсырманы орындамаған, сөзінде тұрмаған, той-тойлап құр уақыт «өлтірген» студенттерге ымырасыз еді. Бірақ, шыншыл, әділ болатын. Бетің бар, жүзің бар демей, ақиқатты айтқанда алмас қылыштай тіліп түсетін. Мәймөңкелегенді жаны жек көретін. Әлденеге риза болса, қарқылдап, бүкіл жан-дүниесімен ақтарыла күлетін. Профессор, әсіресе, өндірістік практикадан өтпеген, «бір ай бойы не газет редакциясын көрмеген, не бір бет материал тұрмақ, не «бір жол хабар жазбаған» (ұстаздың сөз саптауы –
автор) студенттерге «зачет» қоймайтын. Біз «қарға тамырлы» қазақ емеспіз бе?! Баяғы әдетімізбен таныс іздейміз ғой. Қожакеевке кім жақын? Кімнің қолы қойылған мінездеме болса, тез «зачет» ала алады? Міне, осыған келгенде біздің студенттер «мәстүр». Сондайда тауып алып жатады. Темірбек аға болса, маған сенгендіктен болар, беттерін қайтарғанын естімедім. Сол қыз-жігіттердің біразы бүгінде мықты журналист болып жүр. Профессордың қатаң да болса әділетті талабын іштей мойындай тұра, жастықтың желігіне еріп кететін кемшіліктерін күліп айтып отырады бұл күндері. Ал, ол кезде бір «зачет» алмағандықтан оқудан шығып кеткендер аз болған жоқ.
Бірде біреулердің өтінішімен Темірбек ағаға хабарласқаным есімде. Ұстаз болса, амандық-саулықтан кейін, «қанша балалы болдың?» деді.
– Бір қызымыз бар, аға.
– Сендер жассыңдар. Баланы көбейту керек. Біреумен шектелуге болмайды, – деді.
Содан кейін:
– Жұмысың не болды? Сен алдағы «Жас Алашта» қашанғы жүрем дейсің. Одан да қорғап ал. Көрсет жұмысыңды, – деді қамқор көңілмен.
– Жарайды, аға.
Міне, осылайша уақыт өте берді…
3.Қайтпас қайсар
Аяулы ұстазымды ұлағатты деумен бірге, күрескер тұлға деуімнің өзіндік себептері бар. 86-жылғы «Қазақ желтоқсанында» жапа шегіп, қудаланып, жұмыссыз қалып, «ұлтшыл атанып», кеңестік идеологияның «құрбанына» айналды. Сонда да ағамыз азан шақырып қойған атына сай темірдей шыңдала түсіп, қайрат-жігері құм болмай, күрескерліктің арқасында қаламын – серік, ақылын – дос, иманын – қару етті. «Шырмауықтан» шыңдалып шығып, ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік, зерттеушілік шыңға қайтадан, бірақ бұл жолы мәңгіге көтеріліп еді. Жанына жақын тақырыбы – сатирасын сара жолға салды. Арыстарымызды архивтен алып шығып, халыққа танытты. Бірнеше кітап жазып, тасқа басып қалдырды. Шәкірттері қаншама. Бір адам үшін аз еңбек емес. Қаншама күн-түн ұйқысыз, уайыммен, күлкісіз, ізденіспен өтті десеңізші… Тұлғалар ғана көтере алар жүк. «Шоқпарды да алып жүре алатын адамға» бермейтін бе еді бабаларымыз…
Ұлағатты ұстаз, күрескер тұлға – Темірбек Қожакеевтің есімі аталған сәтте осындай ой құшағына берілемін.
Біз 1998 жылы ақпандатып, жұмыс бабымен Астанаға көштік. Бір-екі рет қана (ұмытпасам жаңа жылда, сосын мұғалімдер күнінде) мейраммен құттықтап телефон соққаным болмаса, енді ойласам ұстазыммен емен-жарқын сырласпаппын...
Күйбең тірліктің қамытына жегілгенің сондай, бұл дүниенің жалған екенін есіңе ала бермейсің. Ұзақ жер басып жүре беретін сияқтысың. Кенет… табанда аяулы адамыңнан айырылып қалғаныңда барып, өмірге қонақ екеніңді мойындайсың еріксізден-еріксіз. Пенделік қылығың жар бермей жүргенмен, жазмыш-тағдыр тәубеңе түсіреді өстіп. Естелік жазғаныңнан басқа амалың қалмайды өстіп… Өйткені, біз сынақ-дүниенің қонағымыз ғой, маңдайымызға не жазылғанын бір жаратушымыз – Алладан басқа ешкім білмейді, білмек те емес.
Нұрлан ҚАЛҚА,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
АСТАНА.