13 Қаңтар, 2016

Заман және замандас

972 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
GetFotoЗаман мен адам, қоғам мен тұлға жайлы қанатты сөз көп. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» – дейді ел. Мұны әркім әркелкі түсінуі мүмкін. Тазы болып шалып, халықтың қалтасына қол салғандар, бір салғанда мол салғандар жетерлік. «Заманына қарай – амалы» – дейді жұрт. Амалын тауып – академик, есебін тауып – ақын, жолын тауып – қайраткер болып жүргендер де баршылық. «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» – дейді данышпан Абай. Күйлегенін білетін, замана илеп жатқанын сезгісі келмейтін, жағалай иіліп бүгілген, көрген көз түңілген рухани байғұстар қаншама?! Бүгінгі қоғам, нақты айтқанда, қазіргі зиялылар қоғамы осыларға ұлттық деңгейде баға бере ала ма? Әуелі өзін, содан кейін өзінің ортасын ру­хани жұтқа ұшыратып жатқандарын көре тұра тоқ­татуға күш салып жүр ме? Бұл сауалдарға айқын жауап жоқ. Сол жауапты ел мүддесінің биігінен тебіреніп іздейтін азаматты табу да оңай емес. Шынымды айтайын, осындай күрделі ой төңі­ре­гінде терең толғайтын замандастар сирек. Сон­дай аздың бірі – Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер Рамазан Сәрпеков. Мен осы азаматтың бүгінгі қоғам мен адам жайлы ойына ой қоса отырып, заман және замандастарым туралы әңгіме қозғауды жөн көрдім. Рамазан, қазақша айтсақ, кәдімгі атқамінер. Қырықтан аспай жатып Торғай облыстық сотының төрағасы болған. Елуге жетпей республиканың жоғарғы заң шығару орнына депутат болып сайланған. Жадағай жұрттың көзімен қарағанда, жалына қол тигізбейтін шу асаудың нақ өзі. «Ал мұндай адамның, әсіресе, құқық қорғау секілді елден қалтарыстағы орындарда еңбек еткен адамның, заман, қоғам, пенде дегендерге бас ауыртып несі бар?» деуіңіз мүмкін. Сол Рамазанмен Мәжілістің кейінгі екі ша­қырылымында бірге қызмет етіп келемін. Белсенді, жалпы отырыстарда заң жобаларын талқылауға жиі қатысады. Қай заң туралы сөйлесе де ойы анық, дәлелді болып шығады. Әредікте рухани мәселелерге де араласады. Ұлттық жөн-жобадан, әдебиеттен хабары бар екені аңғарылады. Бір-екі рет әңгімеге тартып көрмек болдым да, құқық қорғау саласының адамдарынан аулақтау жүрген дұрыс шығар деген оймен тізгін тарттым. Депутат болған соң заң жүзінде берілген мүм­кіндікті пайдаланып, халықтың мақсат-мұратын айту парыз. Жазушы-журналист ретінде қазақтың мәдени-әлеуметтік, рухани-шығармашылық та­лап-тілектерін әлсін-әлсін көтеріп жүрдік. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін нығайту, тек қана қазақ тілінде хабар тарататын жеке телеарна ашу, сырттағы этностық қазақтардың елге ора­луын жеңілдету, ұлт тарихын көркемсөз бен кино өнерінде қайта жаңғырту, ашаршылық құр­бан­дарына Астанада ескерткіш орнату, шетелдерде етек алып бара жатқан зиянды әдеттердің елімізге таралуына жол бермеу секілді талай-талай депутаттық сауалдарымызды Мәжіліс мінбесінен жариялай бастадық. Сондай сәттерде Рамазан ұдайы қолдау көр­сетіп жүрді. Сөйлесе қалсақ, әңгімеміз жарасады. Уақыт өте келе жақынырақ таныстық. Қоғамдағы ахуал жайлы ой бөлісетін болдық. «Атқамінерім» халықтың салт-дәстүрін жақсы білетін, біліп қана қоймай, үй-ішімен ұстанатын, әдебиетке де бір кісідей қанық, қазақы ортадан іргесі сөгілмеген, ұлттық қаны қою азамат болып шықты. Тарихы қалың Жаркентте туып-өскен. Балапандай шүпірлеген он балдырғанның бірі. Кеңес Одағы кезіндегі қарапайым отбасында дүниеге келген баланың маңдайына жазылған ойлы-қырлы жолдан түгелдей өткен. Орта мектепті жақсы бітірсе де, әлде қолдың қысқалығынан, құрылысшы болыпты. Одан кеңес армиясы, әскерден соң тағы да қара жұмыс, жоғары оқу орнындағы жартықұрсақ жылдар... Торғайдың қай қырына қарасаң да көз сүрінбейтін қиян даласы. Бүгінде жасы алпыс-жетпісті алқымдаған біздердің көбіміз осындай өмір мектебін көрдік. Тәлімгеріміз бар ғұмырында бейнеттен көз ашпаған ата-ана, сол тұстағы саясат пен тұрмыстың талай қыл көпірінен өтсе де даланың қарапайым даналығынан жаңылмаған қариялар, таңның атуы, күннің батуы толастамайтын еңбек, ынтымағы жарасқан, ғибраты мол ауыл еді. Рамазан балғын шағы туралы жазбаларының бірінде сол алыс күндерді сағынышпен жаңғыртады. «Менің екі шешем болды. Туған анам жас кезінде ерте қайтты. Содан екінші шешемнің бауы­рында өстім. Әкеден ерте қалсақ та мейріміне бөлеп, мәпеледі, – деп жазады. – Сол кісінің тәлі­мін алып, қолында ержеттім. Марқұм 104-ке келіп дүниеден озды. Қайтыс болғанға дейін намазын қаза қылмаған діндәр кісі еді. Құбылаға қарап құлайтын да жататын. Жалпы, апам бар­да үйден кісі үзілмейтін. Ұдайы ауылдың ұйғы­ры мен қазағы біздің үйде бас қосып, көне діни қиссаларды айтатын. Біз, балалар, сол шал­дардың тізесіне басымызды қойып, үлкендердің айтқанын ұйып тыңдаушы едік. Ақсақалдар қазіргі уағызшылардай жаттап алып емес, өмірден көрген-білгенін көңілге түйіп айтатын, санамызға сіңіріп, жеткізіп айтатын. Бала кезімде шалдардан естіген сол ғибратты әңгімелер біздің бой түзеуімізге қатты ықпал етті. Ақсақалдардың сол аталы сөзін есіме алсам, осы күнге дейін өзімді ғаділетті һәм турашыл болуға қайрап жүремін». Иә, алыстағы ауылдардың әулие сынды қариялары мен кейуаналары заманының илеуінде кетпей, әлімсақтан бар ұлттық ұлағатқа барынша адал болды ғой. Сол қасиетімен ауырды жеңілдетті, қисықты түзетті, өздері де өнегелі өмір сүрді, соңында иманды ұрпақ қалдырды. Бүгінде қайда сол киелі қарттар мен әжелер? Жастармен бірге шарап ішіп, арсыл-гүрсіл сөйлеп, бәденді қыз-келіншек көрсе текекөзденіп тесірейе қадалатын сақалды сайтандар қайдан шықты? Алпысында балтырын, жетпісінде омырауын жаппаған, немерені ауырсынған, жалғанның қы­зы­ғына тоймаған сайқымазақ кем­пірлер неге көбейіп барады? Атажұртының сал­тынан жеріген, жат дәстүрге майдай еріген, жете­гіндегі баламен өзге тілде сөй­лескен, мұ­ны­­ңыз қа­лай де­сең, жерлеп түгіңді қоймаған шала дінді, шұбар тіл­ді кәрі-құртаңнан құтылар күн қайда бар? Бұлар – отбасының да, қоғамның да кеселі. Сол кеселдің себеп-салдарын іздегенде, кешегі Кеңес Одағының саясатына итере саламыз. Шындығында солай ма? Жоқ. Қызыл идеологияның тауқыметін Рамазан басын иген қариялар тартты. Атылды, асылды, ашықты, өтемі жоқ қу бейнеттен тұралады, алайда, діннен безген жоқ, тілін өлтірген жоқ, салтын сатқан жоқ. Ал бүгінгі сақалсыз шалдар солар көрмеген қызықтың талайын көрді, тамағы тоқ, көйлегі көк болды, дәстүрін ұстаса қудаланған емес, дініне пейіл берсе ит жеккенге айдалған жоқ, өз ортасында ана тілінде еркін көсілуге мүмкіндігі болды. Бірақ ұлты мен ұлттың қасиетін жүрегінде дәріптей алмады. Рамазан екеуміз кейде осы кереғарлықтар жайлы толғанатынбыз. Әредікте сол әңгімеміз Мәжілістің өткен шақырылымында Қазақстан Президентінің Парламенттегі өкілдігін басқарған Асқар Бейсенбаевтың жұмыс бөлмесінде жал­ғасатын. Сөз тарамдала келе тектілік төңірегінде өрбитін. 32-нің аштығы мен 37-нің қуғын-сүргінінде қазақ халқы саяси-рухани және экономика салаларындағы асылдарынан түгелге жуық айырылды ғой. «Бүгінгі егделердің бойындағы кейбір келеңсіздіктер соның салдары емес пе?» – деген сауал суырылып шыға келетін. Асылында тектілік – өз алдына бөлек тарихи-философиялық сала бола алатын аса маңызды ұғым. Оның, біздің пайымдауымызша, үш тармағы бар. Бірінші – азаматтың жеке басының тектілігі. «Жаманнан жақсы туады – адам айтса нанғысыз» дегізетін дара тектілік. Екіншісі – әулет тектілігі. «Қанша жаман болса да, тартпай қоймас негізге» дегізген тұқым тектілігі. Үшінші – азамат пен әулет тектілігінен қайнарланатын ұлттың тектілігі. «Заманға күйлетпейтін, заманаға илетпейтін» осы үш қасиет. Бұлардың бірінсіз бірі жетім. Текті азаматын әулеті қолдамаса, текті әулетін қоғамы жатырқаса, айналып-үйіріліп келгенде, халық ұтылады. Солай болып жүрмесін деңіз. «Бүгінде қазақта батыр көбейіп кетті» дейтін сөз шығып жүр. Ел есін жиып, рухани қайта тазарып, ғасырға жуық уақыт дәріптей алмаған ерлеріне, қадірлей алмаған айбындыларына жаппай құрмет көрсетсе несі айып?! Қазіргі балаң күн­мен қария тарих солай жалғаспай ма?! Өшкенің жан­бай ма, өлгенің тірілмей ме?! Жан-жағынан ғасыр­лар бойы анталаған көп дұшпаннан аз ғана қа­зақ екінің бірі ер болмаса, қалай қорғанар еді?! Осы­нау ұлан-байтақ жерге қалай ие болып қалар еді?! Ата-баба тектілігі мен қазақта батыр көп де­ген­нен шығады, Рамазан да елім десе – ерден, жерім десе – тоғысар жерден табылған баталы әулеттен тамырланады екен. Арғы атасы Сатайдың балалары Кезеңғара мен Әтікей заманында елдің туын жықпаған баһадүрлер болыпты. Әтікей батыр жайлы Қазақстан ұлттық энциклопедиясында баяндалған. «Әтікей Қазақбайұлы (1869-1902 ж.ж.) – Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күрескен батыр. Суан тайпасынан шыққан. Жетісу жеріне келімсектердің жаппай қоныстануына байланысты Сарбел, Көктал, Өсек, Тышқан, Бұрқан өзенінің бойындағы елде де дүрбелең басталады. Нұржекей батырмен бірлесіп, ел жігіттерінен жасақ құрып, ұзақ уақыт мұғажырлардың Жаркент өңіріне келіп қоныс тебуіне қарулы қарсылық көрсетті. Ақырында жау әскері оны атып өлтірген. Қос батырдың ерлігін мадақтайтын «Әтікей-Нұржекей» дастаны бар. Дастан тұңғыш рет 1986 жылы «Мұра» журналының 3-санында (ҚХР) жарық көрді. Оны «Жалын» баспасы біршама толықтырып, 1993 жылы «Алмас қылыш» атты кітапта шығарды» – деген жолдарды оқимыз. Осындай қаһармандары жоқ халық – қорғансыз. Дәуірлер таңғалған ерлікті – ұраныңа, ғасырлар қайран қалған ерлікті – тұмарыңа айналдыр. Елдің екі сүйем жерін қорғап қалған жүректіні де ұмытпа. Ел тағдырын шешетін даналық көптік ет­пей­ді. Ұлтан елді сұлтан елге айналдырған кемең­герлік көптік етпейді. Халықтың қорған қамалы болған ерлер көптік етпейді. Бірде Рамазанның «Жас қазақ» газетінен «Тек­тілік және намыс қағидасы» деген тақырыппен бе­рілген мақаласын оқыдым. Жазушы-драматург Жолтай Жұматтың «Қуана білейік, ағайын» атты ой-толғауына үн қосу ниетімен жазылыпты. Екі азаматтың қозғап отырғаны бір мәселе – ұлттық ерекшелігіміздің қайнарына айналған адами асыл қасиеттерімізді жоғалтып алмау, жақсының нұрын тасыту, жаманның құтын қашыру, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет. Абайша түйіндегенде, «көп айтса – көніп, жұрт айтса – сеніп» жүре бермеу, «өтірік пен өсекті жүндей сабамау», «алашқа іші жау болып, сырты күлмеу». Осындай ой өрбіте отырып Рамазан кешегі әкелер мен ше­ше­лерді еске алады. «Ауылдан өрбіген үлкен ағаларымыз тұр­мақ, елуді еңсеріп тастаған менің замандастарымның басым көпші­лі­гінің әке-шешелері оқымаған кісілер болды. Сауаттысы бастауыш сынып дең­гейінде білім алғандар. Алайда, сол кісілердің тағдыры мен өмір сүрген кезеңіне көз жүгіртіп, зер­делеп ойласақ, жарықтықтардың ой-өрісі, біліктілігі мен рухани байлықтары, ағайынға деген ыстық-ықыласы мен ақ көңіл адалдығы еріксіз таңдандырады. Қарапайым шаруаға тән тұрмыс деңгейінде жүріп, адал көңіл мен ашық алақанын ағайын-туыс пен көрші-қолаңның татулығына арнап, соңында тек қана жақсы сөз, үлгі-өнеге қалдыруы ғажап емес пе?!» – дейді. Қазір ше? Бар ма осы ынтымақ пен бауыр­мал­дық? Жоқ дей алмаймыз, сұйыла бастағанын да жоққа шығармаймыз. Сондықтан шығар, ұяты жұтаған қыз, намысын ұмытқан ұл жайлы екі күннің бірінде еститін болдық. Ой, сұмдық-ай! Кәме­летке толмай жүкті болғандар, көр-жер үшін кісі қанын төгетіндер көбейіп барады. Баласы бар – пана­сыз, ағайыны бар – шарасыз қариялардың Қарт­тар үйінде қажығанын көру қандай ауыр? Мейман­ханаларда шетелдіктердің жетегінде желіп бара жатқан қазақтың қыздарын көру қандай қорлық? Осының бәрін көріп жүріп, ұлттың рухани келе­шегі жайлы ойлағанда, қалың күдік ұлардай шу­лайды. Қазақтың баяғы бауырмалдығының, «қыз­ға қырық үйден тыйым» салған намыс ортақ­ты­ғының әлсіреуінен дегізеді. Ұлттың сүйегіне таңба болған әлгіндей сұмдықтарға елдің еті өліп бара жатқаны, естісе елеңдескен болып, іле ұмытатыны үрейлендіреді. Сонда бүлінгенді кім түзейді? Ұлттық тарихи дәстүрлі құндылықтарды сақ­тау, құрметтеу, уақыт талабына сай жаңғырту мақ­сатын мемлекеттік ұстанымға, рухани консти­туцияға айналдыру керек шығар. Ұлттық парыздарды айқындап алуымыз қажет шығар. Біз осылай жасап отырмыз ба? Ақпарат селдей тасыған, өркениеттер мен мәдениеттер сәт сайын текетірескен ғасырда ұлттық құндылықтарды қорғаудың тұтас жүйесін жасадық па? Батыстың көргенсіз әдет-қылығы қазақ елінде неге қойдай жамырап жүр?! Діни жат ағымдарға біржола тоқтау салынар күн бола ма, жоқ па? Бұлардың түбі рухани жұт екенін кім ойлайды? Заманың осылай ала-құла, ал замандас сен қандайсың? Рамазанды да, бізді де қинайтыны осындай салмақты сауалдар. Бұл сұрақтарға жауапты ұлт болып, билік болып, қоғам болып табатын, өзімізге өзіміз ұлттық биіктен көз тастап, кем­шіліктерді батыл айтатын, тосқауылды халық болып қоятын кез келді. Ал олқылықтар аз емес. Соларды саралап келіп, менің замандасым: «Қылмыс пен жемқорлық, қазына қаржысын тонау мен көзбояушылық, халыққа адал қызмет етуге міндетті шенеуніктердің жауапсыздығы мен немқұрайды әрекеті, басқа да толып жатқан келеңсіздіктерден арыла алмай жүрміз. Атқамінер арасындағы жемқор мен ұрыны, парақор мен алаяқты, бюрократ пен өтірікшіні сынамақ түгіл, сыбап тұрып әшкерелеп, қоғамнан аластауға құлшына атсалысу қажет», – дейді. Ашығын айтайықшы, осы күні биліктің түрлі сатысында жүрген азаматтар мен халықтың арасында рухани байланыс бар ма? Бар деп қайсыңыз кесіп айта аласыз? Егер бар болса, бюджет қаржысын жаппай жеу етек алар ма еді?! Кейбір ақпарат құралдары күн сайынғы жаңалықтар хабарының бісімілләсін сол жемқорлардан бас­тайды. Олардың арасында бәрі бар: ауыл, қала, аудан, облыс әкімдері, министрлер, бұлардан былайғылар. «Құдай-ау!» – дейсің. – Бұл азаматтық ар-ұяттың құлдырауы ғой». Әлгілердің, ел мен билік сенгендердің санасынан «халық», «парыз», «ынсап» дейтін ұғымдардың біржола өшкені емес пе?! Ұлт, Отан, солардың алдындағы азаматтық міндет туралы ойлайтын адам халықтың ала жібін аттамас еді ғой. Ал ұлт пен зиялы қауымның арасы бұлай алшақтауы қатерлі құбылыс. Ха­лық­ты тонау жәй әшейін қомағайлық емес, билік­тегі талайлардың мемлекеттік қайраткерлік дең­гейге көтеріле алмағандығының, ел басқару мәде­ниетінен жұрдай екендігінің көрінісі, қазіргі қазақ заманының шаншудай шаншылған дерті. Рамазанмен осы төңіректе әңгіме-дүкен құрғанда, азаматтардың әлгіндей арзандануына ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың үзілуі, ұлттың ұзақ уақыт өз қазанында өзі қайнамауы себеп деген байлам да айтылатын. Ал тарихи даму жолынан сыртқы себептердің (Ресейдің отар­лауы, ұлттық атаулыға бөрідей тиген коммунистік режім) салдарынан жаңылған халықтың элитасы Тәуелсіздік алысымен елдік мұраттарды ту етіп, барынша ширығып, туған жеріне періштедей пәктікпен қызмет етуге тиіс еді ғой. Мемлекеттік сал­мақты жобалар мен бағдарламаларда ұлттық мүдде негізге алынуы қажет еді ғой. Осыдан бір жыл бұрын мемлекеттің мәде­ниет саласындағы ұзақ мерзімге арналған тұжы­рым­дамасы жасалды. Талқыладық. Тұжырымдамада «қазақ мәдениеті» деген бір ауыз сөз жоқ екенін айттық. Оның орнына «бүкілқазақстандық мәдениетке жаңа көзқарасты қалыптастыру» делінген. Сонда бұл қандай мәдениет? «Бүкіл­қазақ­стандық» дегенде нені негізге алып отыр? Ел мәдениеті ұсақ диаспоралардың мәдениетінен құра­лады деген сөз бе? Егер тұжырымдаманы әзір­леушілер солай ұйғарып отырса, бұл қателік қой. Анығында тәуелсіз Қазақстан Республикасының мәдениеті мемлекет құрушы ұлт – қазақ ұл­ты­ның мәдениеті болып табылады. Ал түрлі ұлт­тар өкілдерінің мәдениеті – сол темірқазық мәде­ниет­тің құрамдас бөліктері. Франция өткен ғасырдың 80-ші жылдары «Ықшам мәдениет» тұжырымдамасын қабылдап, елдегі иммигранттарға төл мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтау үшін ассоциациялар құруға мүм­кіндік туғызды. Белгілі уақыт өткен соң Президент Жискар де Эстен бұл тұжырымның күшін жойды. Оның себебін былайша түсіндірді: «Түрлі мәдениеттер үшін француздың дәстүрлі ұлттық мәдениетінен бас тартып, ұсақ мәдениеттерге бөлінуге тура келді. Ал бұл өліммен бірдей». Қазақ бұл орайда: «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін», – дейді. Біз жерімізде тұрып жатқан ұлт өкілдерін өзімізді құрметтей отырып, қадірлеуге тиіспіз. «Қазақстандық» сөзінің орнына «қазақ» сөзі көбірек қолданылуы керек. Республикамыздың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты», екенін бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Халықтың қалтасын қағатындар, ұлттан бөлініп қалғандар, ұлттық бет-бейнесін жоғалтқандар кімдер десек, олар сол мәдениеттен, рухани болмысынан ажырағандар. Мұндай келеңсіздіктер арлы азаматты бей-жай қалдырмасы анық. Асан қайғыша айтқанда: «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адасып қалған» кеуделілерге қоғам болып тыйым салатын кез келді ғой. Сол секілді елдің сөзін сөйлеп жүрген азаматтардың ой төркінін дұрыс түсініп, дер кезінде қостай білу де әлеумет үшін маңызды. Кейде керісінше жасап жататын тұстарымыз да бар. Рамазанша таратсақ: «Небір салауатты әңгіменің астарына үңілмей, айтушысы лауазымды адам болса бітті, атқа теріс мінгізе салуға дайын тұрамыз. Нәтижесінде, ұлттық мүддеге пайдалы ойлар қайдағы бір көлденең көк аттының сайқымазағына айналады». Соның бір дәлелі ретінде, менің балаларды зиянды ақпараттардың теріс ықпалынан, өршіп бара жатқан зорлық-зомбылықтан қорғау, бір жыныстыларға тосқауыл қою жөнінде жасаған депутаттық сауалымның тонын теріс айналдырып, кекетіп-мұқатуға дейін барғандардың табылғанын келтіреді. Солай бол­ғаны рас еді. 2015 жыл­дың алғашқы бес айында ғана балаларға түрлі сипаттағы 632 қатыгездік жасалды. Ал соңғы бес жылда жас­өспірімдер жыныстық азғындардың тарапынан бес жүзден астам рет жапа шеккен. Соңғы екі жылға жетпейтін уақытта интернет сайттарда 467 рет сексуалдық зорлық-зомбылық әрекеттері насихатталды. Осының бәрін ескере отырып, интернетті шектеу, балаларға азғындық жасағандарға жазаны қатайту қажет дегенбіз. Орыс тілді газеттер мен электронды ақпарат құралдарында мені оңды-солды әжуалағандардың сөздері жамырай жөнелді. Ішінде қазақ азаматтары да баршылық. Мен интернеттің жауы екенмін, бір жыныстылардың құқығы мен таңдауына надандықпен шабуыл жасаппын. Тағысын-тағылар. Мейлі дедік. Санасы мен рухы іріп-шірігендер шулай берсін. Өкініштісі, әлгілер мені кекетіп-мұқатумен бірге ұлттың тазалығына, дәстүрі мен салтына, ұрпақтың ар-ұятына оқ атып жатқанда қазақ азаматтарының үнсіз қалғаны. Әшейінде мінбелерде ұлт жайлы көсілетін ағайынның бір де біреуі бұқаралық ақпарат құралдарының бе­тінде көтеріп отырған мәселемнің дұрыстығын дәлел­деп айтып бере алмады. Бұл да қазіргі заман ада­мының біз әлі зерттеп болмаған бір қыры шығар. Бі­летініміз – мұндай мінездің, шектен тыс немқұрай­дылықтың қазақ үшін, жоғалтқаны көп ұлт үшін зиян екендігі. Осы күнгі қазақ заманының көлеңкелі тұсының бірі – ислам дінін түрлі тармаққа бөлушілердің өз ішімізден табылуы. Дінтанушылардың деректеріне қарағанда, әлемдік ислам елуден астам, тағы бір мәлімет бойынша жетпіске жуық сектаға бөлінген. Соның кейбірі ХХІ ғасырда қазақ еліне де келіп жетті. Салафизм, вахабизм, құранит, т.б. ағымдар қара танытып қана қоймай, белсенді әрекет етуде. Республика Парламенті діни бірлестіктер туралы алғаш қабылдаған заң солқылдақ болып шықты. Христиан, будда, иудаизм діндерінен жіктелген, көбіне Еуропа елдерінде тыйым салынған секталардың қазақ қоғамына емін-еркін енуіне жол ашып берді. Исламның ата-бабамыз ұстанған ханафия мазхабына қайшы көзқарастағы діни бағыттарды насихаттаушылар ат ойнатып шыға келді. Ата-баба рухын, салт-дәстүрлерді, ұлттық тұрмыстық жоралғыларды жоққа шығара келді. Жастар сақалдылар мен сақалсыздарға бөлініп, қыз-келін шымқай қара оранды, көп әйел алу уағыздалды. Мәжілістің өткен шақырылымында Діни бірлестік туралы сол заңның жаңа жобасы талқы­ланған еді. Ол алғашқы нұсқадан да сұйық болып шықты. Зиянды секталарға тосқауыл қоюдың орнына, бірлестік, діни топ түрінде тіркелу тәртібін жеңіл­дететін баптар енгізілді. Бір топ депутат қарсы болдық, бірақ орынды ұсыныстарымыз қол­дау таппады. Парламенттің қос палатасы қабыл­дап жіберді. Алайда, Президент қол қойған жоқ. Конс­титуциялық Кеңес Ата Заңға қайшы деп тапты. Осыдан соң Үкімет заңның тағы бір жоба­сын әзірледі. Оның алғашқы екі жобаға қарағанда иманжүзді болып шығуына сол тұста Дін істері агент­тігін басқарған Қайрат Лама Шариф елеулі еңбек сіңірді. Осындай жаңа жобаның тағдыры оны Мәжілісте жан-жақты талқылайтын жұмыс тобына, соған жетекшілік ететін депутаттың ұлтжандылығы мен біліктілігіне тығыз байланыс­ты еді. Бұл міндет Рамазанға жүктелді. Зар­дап­ты секталардың жолын кесуге ұмтылғандар мен күмәнді діни ағымдарды ауыздығымен алыс­тыр­ғысы келгендердің арасында бітіспес күрес басталды да кетті. Қазақ ұлтын іштен ыдыратуды мақсат еткен түрлі ұйымдар: «Қазақстанда дін бостандығы бұзылуда» деп аттанады. Өзіміздің кейбір ағайы­нымыз қызға хиджаб кигіз, мемлекеттік, басқа да мекемелерде діни рәсім өткізетін орын аш», – деп өршеленді. Егер осылай жасасақ, қызмет ғимараттары мен оқу орындарында шоқынатын, пұтқа табынатын, т.б. орындар қаптап кететін еді. Рамазан бірде дипломатияға салды, бірде қатты кетті, біздің діни экстремизм мен рухани азғындауға жол бермейтін ұсыныстарымыздың қабылдануына күш салып бақты. Заң жобасы қос палатада мақұлданып, Елбасы қол қойған соң, елдегі теріс пиғылды діни ағымдар қайта тіркеуден өте алмай, жұмысын тоқтатты. Бұл саяси да, рухани да маңызы зор жеңіс еді. Міне, замандасым Рамазан екеуміздің қазіргі заман мен адам жайлы кейбір пайымдауымыз осын­дай. Сіз де заман жайлы, заманына сай заман­дасыңыз жайлы ой толғаңыз. Қалғып кеткенді оятып, ояуды ойландырармыз. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.