13 Қаңтар, 2016

Сеңгірбай батыр

667 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Гульзадага!)Сеңгірбай батыр (1707-1779 жылдар) қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай өңірінде, Сеңгір өзенінің бойында дүниеге келген. Бәлкім аты да сол жер-су атауларына байланысты қойылуы мүмкін деген болжамға өз басым имандай иланамын. Бабамыз туралы әкемнің аузынан естіген ертедегі әңгімелерге орай көп мәрте қолыма қалам алуға оқталғаныммен, соның нәсібі маған енді бұйырған сияқты. Әрине, сұрастыра келсең, қай қазақтың да осалы жоқ, екінің бірінің бабасы не батыр, не би бола қалатыны қалжыңға айнала бастағанмен, шын мәніндегі батырларымыз бен билеріміздің әруағына деген адалдығымыз өткенге, кешегі тарихқа қатысты мәселеге келгенде өте абай, сақ болуға міндеттейді. Өйткені тарихты, ата-бабалар тағылымын ұмыту адам баласына кешірілмес үлкен күнә болып саналады. Оның үстіне Жаратқан иемнің өзі қазақтың ой көшін осы тақырыпқа, Қазақ хандығының 550 жылдығына бұрып әкелуінің өзі тегін болмаса керек-ті. Соған орай өңірдегі көзі тірі көнекөздердің өкілі ретінде өзімнің көптен бері көңілімде жүрген осы ойларымды ақ қағаздың бетіне түсіруге тәуекел етуім, тегімді мақтанып, малдану мақсатынан емес, кейінгі ұрпақ өзінен бұрынғы тарихта небір ғаламат тұлғалар өмір сүргенін біліп өссін, біліп қана қоймай, сол жақсылықтармен, ізгіліктермен молынан суарылсын деген ниеттен туған шын таза пейілім еді. «Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?», демекші, мен де әңгімеміз дәйекті болуы үшін сол кезеңдегі ақын-жыраулардың, қаламгерлердің ол адам жайындағы бірсыпыра көркем туындыларын зерттеп, оқуыма тура келді. Адамның шыққан тегіне көп нәрсе байланысты деген сөз рас. Сеңгірбайдың әкесі Малқара батырдың өзі тегін адам болмағанын оның кезінде Абылай ханның қасындағы ең сенімді кеңес­шісі болғаны мүлтіксіз дә­лелдейді. Тарихтан мәлім, атақты Аңырақай шайқасына қатысқан батырдың үйіндегі шешеміз Қазыбек бимен туыс болып келеді. Ата-анасының Қазыбек биге үлкен құрмет көрсетіп, Сеңгірбай батырдың атын қойдыртқаны тарих бетінің тағы бір бұлтартпас шындығы болып есептеледі. Тәттімбеттің «Малқара» күйін естулеріңіз болса, міне, сол ғажайып туынды Малқара батырға музыка сазымен соғылған ғажайып ескерткіш. Ал, енді әкесі солай өз заманының қаһарман перзенті ретінде тарихта өшпестей атын қалдырған айбарлы тұлға болғанда, оның кіндігінен тараған ұл қалай осал болмақ? «Абылай ханның – бас жарғышы. Ең сүйікті батырларының бірі болады». «Хан құпиясын сақтаған епті елшісі» делінген І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогия­сы­ның «Жанталас» кітабында (506-538 бет). «Беклер бегі» дәрежесіне көтерілгенде, «хан ғұзыры» аманат етіліп, «ханжығар», «хан атасы» деген дәрежеге ие болады. Сол кезде Жетісудың желдей жүйрік Майкөт ақыны Сеңгірбай бабамыз жайында былай деп толғаған екен: «Сеңгірбай «бек» – «жар­ғыш» болған Абылайға, Тәубе қыл, әлі де Алла, бір Құдайға. Бөрі-екем! Одан туған батыр болған, Өтірік мақтамаймын, осылай ма?». Ақынның Бөрі деп отырған адамы – Сеңгірбай батырдың бесінші баласы. «Жарғыш» деген сөзді бұрмалап түсініп қалып жүр­меңіздер, ол бұл арада бас ке­ңесші деген мағынада айтылып отыр. Мұндай зор атақ, дәрежені билердің арасынан Әйтеке би иеленген. Ақын Балабек Шопанұлы­ның (1846-1925 ж.) толғауына жүгініп көрсек: «Арғы атамыз – Сеңгірбай «бек», Хан қасында болған «бек». Қару-жарақ асынбай, Дұшпанынан алған кек» деген жыр жолдары батыр қасиетін барынша аша түсіп тұрғаны анық. «Бек» ханнан кейінгі Ордадағы екінші лауазымды адам болып саналған және хан жоқ жерде билікті жүргізе беруге құқылы болған екен. Сеңгірбай батыр «Беклер бегі» дәрежесіне қол жеткізгенде Майкөт ақын «ханжығар», «хан атасы» деп тағы да өзінің толғауына қосады. Бұл жердегі «ханжығар» деген атау «хан ғұзыры» деген мағына береді. (Тарихшы, этнограф, әдебиет зерттеушісі Нығымет Мыңжанидың «Қазақтың қысқаша тарихы» еңбегінен). Абылай ханның сенімін ақтаған батыр туралы Майкөт ақын: «Сеңгірбай бек Ұлы жүзге елші барған, Ұлығын – датқаларын жиып алған. Сөзбенен әрбір түрлі, қамап алып, Датқалар жауап таппай тұрып алған», дейді. Бұдан ержүрек тұлғаның қазақ ішіндегі қадір-қасиеті қаншалық ардақ тұтылғанын анық аңғару қиын емес. Балабек ақын: – Жаратқан – Құдай артық Сеңгірбай бекті, Жасынан «қамал бұзған» батыр, – депті. Қолына Абылайдың олжа салып, Үш жүздің батырынан болған епті, – деп жырлаған Сеңгірбай батырдың бір басына қарап отырсаңыз, қаншама лауазым мен атақ берілген. Ол туралы тарихи жазбаларды парақтап отырып, «Абылай ханның сүйікті батырларының бірі: «Алтайдың ақбас атаны, ер Сеңгірбай батыр» (518-519 бет), «Орта жүздің жасақтары ішінде ерекше көзге түсіп жүрген атышулы Қарабура Сеңгірбай батыр» (554 бет) , «Даңқы жер жарған батырлардың ішінде де Сеңгірбай батыр ерекше көзге түседі» (551 бет) деген жолдарға кезігесіз. Айта кету керек, Сүгір мен Ықыластың Сеңгірбайға, баласы Итемген биге, сондай-ақ Қылыш, Нұрша мен Әймен билерге арнаған күйлерін ұлттық мұрамыздағы алдағы уақытта әлі де егжей-тегжейлі зерттелуді қажет ететін тың сүрлеуі деп түсінеміз. Сеңгірбайдың тікелей ұрпағы туралы айтқанда, оның кіндігінен тараған бес баласы – Итемген, Арғынбай, Аралбай, Маралбай, Бөрі, бәрі де әкелерінің даңқына сай олар да жауынан қаймықпайтын қазақтың нағыз батыр ұлдары болғанын нақтылайтын тарихи жазбалар жоқ емес. Қарағанды алабында қасиетті бес тау бар. Олар: Желтау, Қызылтау, Ортау, Ақтау, Бестау (қазіргі Қаражал қаласы). Осы тауларды әлгі бес батыр торуылдаған дұшпаннан қорғаған, мұндай адал оққағарлардың арқасында пиғылы жат қаскөйлер өз жоспарларын жүзеге асыра алмай, дымдары құрыған. Енді сол кезеңдерден бүгінге дін-аман сақталып жеткен бір аса құнды жәдігер туралы айрықша тоқталып өткім келеді. Сеңгірбайдың үлкен баласы Итемген бидің орыс патшасы, Император Николай І-ден «Күміс медаль» тағуы өз алдына қызық оқиға. Бұл медаль қазір батырдың тікелей ұрпақтары Саудыр Мағзұмовтардың қолында сақтаулы. Ал Итемгеннің немересі Нұрша би болса Николай ІІ-ден күміс алқа таққан. Ұрпақтары көз қарашығындай сақтай алған осы мұралармен қатар Нұршаның тағы мөрінің бар екенін білетін едік. Алдағы уақытта қызығушылық танытып жататын жандар үшін хабар бере кетсек, қазіргі таңда Алматы мемлекеттік мұрағатында сол мөрдің көшірмесі сақтаулы. Императордың тікелей өз қолынан мұндай қымбат сыйды қазақтың сұлтан-билерінің ішінде алған жандар бар ма екен өзі. Мен бұл жерде қазақ даласын өзінің отары санап, халқын тек бодандықта ұстаған орыс патшасының шалқақ кеудесін төмен идіріп, өзінің мықтылығын мойындата алған бабаларымыздың асқақ тұлғасын одан сайын асыра түсу үшін айтып отырмын мұны. Тарих бойынша Абайдың баласы Тұрағұлдың Ресей патшасынан сыйға күміс қасық алғанын білетінмін. Тіпті атақты Шорманның Мұсасының өзі генерал-губернатордың қолынан алған екен сыйлықты. Кейінгі ұрпақ біле жүруі үшін өте керек дерек – Императордың өз қолынан сыйға ие болған әкелі-балалы тұлғалардың сондағы күміс жәдігерлері мұнан былайғы уақытта еліміздің жүрегі – елордадағы музейлерде тұруға әбден лайық деп есептеймін. Мұраның тікелей иегерлері де менің бұл ойымды қош көретініне имандай сенемін. Өйткені, жәдігерлер – тек өткеннің бағалы заты ғана емес, ол сайрап тұрған тарихтың қайнар көзі. Оны түгендеп, халқымен қауыштыру жұмысы тарихтың ашылмаған ақтаңдақ бетіндегі ақиқатты бері алып шығумен бара-бар амал болмақ. Шоқанмен аға сұлтандыққа таласқа түсіп, жеңген Атбасар дуанының аға сұлтаны Санды­байдың Ерденінің қызы, Әй­мен бидің әйелі Айбала еді. Менің шыққан ата-тегім осы та­мырдан бастау алады. Атам Би­менде Әймен мен Айба­ладан туған. Тағы бір атамыз Арғынбай туралы да ел ішінде аңыз-әңгіме өте көп. Өйткені, ол өзінің жеке ұстаханасы бар, зергерлік өнерімен танылған, мықты шебер адам болған. Әскери сауыт-саймандарды, найза мен қылышты өзі соққан. Ұстаханасы Манақа өзенінің бойында орналасқан көрінеді. Бұл кісінің тамаша қолөнер туындысы – бес білезіктің тарихы маған жақсы мәлім. Бұл құнды жәдігер қазір менің жеке қорымда сақтаулы. Оларды бұйыртса, алдағы күндерде елордадағы Ұлттық музейге ме, Президент музейіне ме тапсырмақпыз. Дәл осы мезетте сол тарихи жәдігерлердің құжаттарын дайындаумен айналысып жатырмын. Бес білезіктің тарихы өз алдына бөлек әңгімеге арқау болатын қызық хикая. Оның бетіндегі таңбаларды мен Жезқазған өңірі, Қаракеңгір өзенінің бойындағы Алашаханның құлпытасынан кездестірдім. Мұның ар жағында ғажайып сыр тұнып тұр. Ғұмырымыз жетсе, сол тылсымға батудың өзі адамға асқақ арман деген ой менің де осы жолдағы ізденісіме біраз қанат бітіріп тастады. Себебі, әр таңбаның астарында халықтың қиял құрышынан жаратылған керемет маржан ойлар жатыр. Оны зерттеп, зерделеу, өзімізге тиесілі міндетті абыройлы атқару қазіргі жұмысымыздың басты бағыты саналады. Әйтпесе, батырларына туған халқы, кейінгі ұрпағы құрмет көрсетпей жатыр дей алмайсыз. Мысалы, Сеңгірбай батырға арнап кесене тұрғызылды. Төрт тұстан мәрмәрдан құлпытас қойылды. Оның басы-қасында жүрген Сәбит Жөкенов пен Қосар Исатаев сияқты елдің меценат азаматтары кесененің бой көтеруіне көп еңбек сіңірді. Атамыздың рухына бағышталған аста менің де жан-дүниемді құдіретті бір саз тербеп өтті. Аруағыңнан айналайын, бабаларымның рухы шығар шалқыма сезіммен шабыт қысып тұрғаны... Рымкүл БИМЕНДИНА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.