АҚТӨБЕ. 13 қаңтар. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе хром қосындылары зауыты басшылығы және жұмысшыларымен кездесуде кәсіпорындарда жұмысшылардың қысқаруына жол бермеуге айрықша назар аударды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бердібек Сапарбаев сонымен қатар, экономикалық дағдарыстың әлеуметтік төлемдердің жәрдемақылар мен жеңілдіктердің, сондай-ақ, ұйымдарда еңбекақының кешігіп төленуіне себеп бола алмайтынын қадап айтты. Жыл қорытындысы бойынша жұмыссыздық облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 4,9 пайызын құрайды, бұл көрсеткіш жалпы республикалықтан 0,2 пайызға төмен. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылды, еңбек ұжымдары арасында тұрақтылық сақталуда.
Сонымен бірге, өңір басшысы Қазақстан бойынша, оның ішінде Ақтөбенің де негізгі саласы өнеркәсіптің экономикалық сипаттағы сыртқы теріс әсерлерден қашып құтыла алмағанын жасырған жоқ. Облыс бұл ретте экспортқа бағытталған. Сондықтан да әлемдік дағдарыс нәтижесінде 2014 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 4,5 пайызға төмендеді.
«Осыған байланысты біз ірі кәсіпорындардың басшыларымен тығыз жұмыс істеудеміз, сондай-ақ, жұмыс тобы құрылды. Қосымша резервтер мен тың көздерді іздестіруіміз қажет, шығындардың орнын толтыру үшін оладың бар екені анық», – деп атап көрсетті Бердібек Машбекұлы.
Өз кезегінде «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқарма төрағасы Алексей Химич кәсіпорынның 2015 жылғы негізгі жұмыс қорытындыларына тоқталды. Оның айтуынша, зауыт ұжымдық еңбек келісімшартында жазылған барлық шарттарды және өздеріне алған әлеуметтік міндеттемелерін орындаған.
«Қазіргі уақытта Ақтөбе хром қосындылары зауытында 2 057 адам еңбек етеді, өткен жылы осы ұжым мүшелерінің жемісті жұмысы нәтижесінде 25 миллиард теңгеден астам қаржының тауарлары мен өнімдері өндірілді», – дейді ол.
Еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшылар үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелерінде алдағы уақыттағы келісілген іс-әрекеттер және өзара түсіністік болуы үшін облыс әкімшілігі, кәсіпорын басшылығы және аумақтық кәсіподақ бірлестігі арасында меморандумға қол қойылды. Мұндай кездесулер таяу уақытта өңірдегі басқа да ірі кәсіпорындарда өткізілетін болады.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.