15 Қаңтар, 2016

Білім беруге – жаңа технология

427 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
МусинаМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық ма­қаласында білім беру саласын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайтынын атап көрсетті. Сонымен бірге, мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңаша үйлестірілген стан­дарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты. Мен бү­гін осы атал­ған жұмыстардың тікелей басы-қасында жүрген кә­сі­би жә­не практикалық маман-ұйымдастырушы әрі әдіскер ре­тінде өз ой-пікірімді ортаға салғым келеді. Талас жоқ, барлық өрке­ниетті елдердегі үдемелі үде­рістер секілді біздің ортақ отанымыз – Қазақстан да білім берудің жаңа әдістері мен стандарттарына көшуі керек. Жаңа әдістер дегенде бұған дейін бізде қашықтан және онлайн режімінде оқы­ту секілді тәсілдер орнығып үл­гергенін айта кеткен орын­ды. Алдағы уақытта Президент қойып отырған жаңа міндет отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді енгізу болып отыр. Бұл үшін бірінші кезекте Елбасы атап көрсеткендей, мектепке де­йінгі тәрбиеге баса көңіл бөлінуі қажет. Оның басты бір жолы – мектепке дейінгі ұйымдардың вариативті желісін ұлғайту деп түсінемін. Бұл арада демографиялық жағдай және инклюзивті білім беру ерекшеліктері ескерілуге тиісті. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін алғашқы кезекте білім беру жүйесінің ұзақ мерзімді жоспарын жаса­ғанымыз жөн демекпін. Республикамызда бұған дейін «Балапан» бағдарламасы тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Осы тәжірибені одан әрі байытып, кемелдендіре түскеннің еш артықшылығы жоқ. Осы орайда аталған бағдарлама аясында Орал өңірінде де нәтижелі істер тындырылды. Бүгінде осы істер одан әрі жалғасын табуда. Атап айтқанда, облыс орталығында тоғыз жеке балабақша мен төрт жеке шағын орталық жемісті жұмыс атқарып келеді. Мұнда 793 бала тәрбие алады. Бұл фактор мемлекеттік балабақша кезеңінде тұр­ған балдырғандардың са­ны азаюына оң ықпалын тигізді. Сонымен бірге, үш же­кеменшік балабақшаға 150 бүлдіршін мемлекеттік тапсырыс бойынша орналас­тырылды. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев эконо­микалық және әлеуметтік сала­лардың барлық ошақ­тарын­да мемлекет-жеке­меншік әріп­тестігін орнық­тыру қажеттілігін ұдайы айтып келеді. Ұлт Жоспары мен бес реформаны практикалық тұрғыдан іске асыру орайында Елбасы бұл міндетті тағы да шегелей тап­сырды. Біз қызмет атқарып жүрген Хисмет Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы осы мемлекет-жекеменшік әріптестігінің жарқын мысалы бола алады. Аталған оқу-тәрбие ке­шенінде бүгінде 170-ке тарта бала тәрбие мен білім алуда. Оның басты құ­рылымын балабақша мен 1-4 сынып аралығындағы бастауыш мектеп құрайды. Жалпы, үлгідегі үш қабатты оқу-тәрбие кешені ғимаратында балғын тәрбиеленушілерге барлық жағ­дайлар жасалған. Мұнда оларға арналған спорт залы мен жүзу хауызы, хореография, мәжіліс залдары бар. Мамандар үшін жабдықталған кабинеттерде де мін жоқ. Мұндағы кітап­хана балаларға қажетті ең соңғы әдебиеттермен және әдіс­темелік құралдармен ұдайы толықтырылып отырады. Біздің қазіргі мақсатымыз – еркін елдің ертеңіне уақыт пен заман талабына сай тәрбие мен білім беру және олардың болашақтарына айқын жолдама әзірлеу болып отыр. Бұл үшін бұған дейінгі тиімсіз білім беру тәсілдерінен бас тартылып, жаңа технологиялар қолданылуда. Осы технологияларға сәйкес ар­найы оқыту түрлері бе­кітілген. Гимназияның бас­қа білім ошақтарынан бас­ты айырмашылығы – оқу бағ­дар­­ламалары ұлттық және халық­аралық талаптар негізінде жүр­гізілуінде. Шәкірттерге білім қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерінде беріледі. Осы арада Ұлт Жоспарында Мемлекет басшысы қойған басты талаптың бірі де осы екенін еске сала кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Айрықша білім ошағы ұжы­мының алға қойған мақсаттарының бірі – ха­лықаралық бака­лавриат ұйымына мүше болу. Қазір бұл бағыттағы әзірлік жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Біздегі қолданылып жүрген жаңа технологиялардың бірі – ба­лалардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға негізделген әрі олардың қозғалыс белсенділіктерін көтеруге бағытталған. Сала­мат­ты өмір салтын үйрету тәсілі – осы денсаулық сақтау технология­сы­ның құрамдас бір бөлігі. Гимназияда денсаулық сақтау іс-әрекетінің негізгі бағдарына санитарлық-эпидемиологиялық тәртіп пен гигиеналық талаптар да кіреді. Мұның сыртында дұрыс тамақтана білу, балалардың оқу-тәрбие үдерісі кезіндегі пси­хологиялық қауіпсіздігі және емдеу-профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру деген мәселелер де бар. Бұған дейінгі тәжірибе педагогтардың іс-әрекеті әрбір баланың денсаулық жағдайы және дене дамуының деңгейі туралы ақпараттар алынғаннан кейін ғана жасалуы керектігін көрсетеді. Денсаулық сақтау әре­кетінің тиімділігі көп жағ­дайларда педагог, ма­ман­дардың тәрбие­ленушілер отбасының өмір сүру жағ­дайымен де таныс болуына байланысты екені анық. Мұның бәрі ұйымдастырудың кешенді тәсілдемесінде жан-жақты қарастырылған. Жалпы, бүгінгі білім беру ісінің заманауи тұжы­рым­дамасы әр жастың жеке тұлға ретінде дамып, өсіп-жетілуіне бағытталғаны белгілі. Олардың туабітті шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру ісі де дәл осы қатарда тұр. Біздің бүгінгі ұстанатын басты бағытымыз да осы арнадан тамыр тартады демекпін. Президент белгілеп берген жаңаша үйлестірілген стандарттарға біз тек осындай жолдармен жете аламыз. Міне, Ұлт Жоспарына орай Елбасымыздың бағдар­ламалық мақаласында ай­тылған білім мен тәрбие беру ісіне байланысты көкейге келген ой-пікірлерімнің кейбір ұшқындары осындай. Светлана МУСИНА, Хисмет Қапанов атын­дағы Орал халық­­аралық гимназиясы директорының орынбасары. Батыс Қазақстан облысы.