16 Қаңтар, 2016

Дағдарыс тұсында да жағдайымыз қанағаттанарлық

309 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін
эмблема 100 нақты қадам-цвКеше Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған бірқатар Үкімет мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді. Шарада өткен 2015 жылдың экономикалық нәтижелері сөз болды. Онда бірінші кезекте, әлемде орын алып отырған экономикалық қиындықтарға қарамай, жыл қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімін 1,2 пайызда ұстап қалудың айтарлықтай жетістік болып табылатыны айтылды. Оған қоса, қазіргі жаһандық дағдарысқа қарамай стратегиялық реформаларды іркіліссіз жүзеге асыру ісінің тоқтамағаны, керісінше, биылғы жылы тағы да жалғасын таба беретіні әңгіме арқауына айналды. УкиметҮкімет басшысының бірінші орынбасары өткен жылдың еліміз үшін оңай жыл болмағанын айтып, әлем елдеріндегі экономикалық қиындықтарға тоқталды. «Былтыр бәріміз әлемдік экономиканы шайқалтқан оқиғаларға куә болдық. Олардың қатарында Қазақстанның сауда мен экономикада жақын әріптестері болып табылатын Ресей мен Қытайдағы күрделі экономикалық ахуал жаһандық экономиканың өсіміне кәдімгідей әсерін тигізді. Дәл қазіргі таңда Қытай экспорт пен инвестициялардан ішкі тұтынуды ынталандыру мен қызмет көрсетуді дамытуда көшпелі кезеңінен өтіп жатыр. Бұл жағдай сарапшы экономистердің болжамы бойынша, орта мерзімді перс­пективада Қытай экономикасы өсімінің айтарлықтай баяулауына әкеліп соғады. Ресей экономикасы да өткен жылдан бас­тап рецессия жағдайында тұр. Білікті сарапшылардың саралап, бағалауы бойынша, 2016 жылы мұнайдың тым төмен бағасы мен Батыс елдері тарапынан салынған санкциялар ішкі жалпы өнімді тежеп әрі төмендетіп, экономикадағы дағдарысты үдерістерді одан әрі күшейте түседі. Мұнымен бірге әлемдегі көптеген елдердің ұлттық валюталарының құнсыздануы орын алды. Мұнайдың әлемдік бағаларының қарқынды түрде төмендеуінің де куәсі болдық. Әлемдік экономиканың әлсіз өсімі мен шикізат қорының шамадан тыс көп болуы мұның негізгі себепшісі болды деп айта аламыз. Бұл жерде доллардың нығаюы да маңызды рөл атқарды. Осы жағдай мұнай бағасының тартымдылығына өз зиянын тигізді. Барлық осы жағымсыз факторлар, әсіресе, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі Қытайдың біздің отандық өнімімізге деген сұранысының төмендеуі өткен жыл бойы ел экономикасының дамуына қысым жасады. Жақындап келе жатқан дағдарыс құбылыстарына лайықты қарсы тұру үшін Мемлекет басшысы 2014 жылдың өзінде инфрақұрылымдарды жаңғыртып дамытудың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жария етті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет экономика өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жедел шаралар жоспарын және ерекше кезең жоспарын қабылдады. Осы шаралардың арқасында, алдын ала деректерге сәйкес, Қазақстан экономикасының өсімі 2015 жылы 1,2 пайызды құрады», деді Б.Сағынтаев. Сөйтіп, негізгі капиталға инвестиция­лар бірінші кезекте «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 3,7 пайызға өскенін атап өтті. Мұнымен қатар, әлеуметтік салада да жетістіктер бар екеніне назар аудартты. «Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, әлеуметтік саладағы ахуал тұрақты болып қалуда. Өткен жылы жұмыссыздық бес пайыз деңгейінде болды», деп жалғады сөзін бірінші вице-премьер. ERA_6252+Бүгінгі күнде Қазақстанның астық экспорты әлеуеті 7,5 млн. тоннаны құрайды екен. Әлеуметтік салаға біршама тоқталған Үкімет басшысының бірінші орынбасары еліміздің ауыл шаруашылығындағы жағдай жөнінде де айтып өтті. «Ауыл шаруашылығында өнім өндіру көлемінің өсімі 4,4 пайызды құрады. Ол өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісі көлемінің – 5,6, ал мал шаруашылығы өнімдері өсімінің 3,2 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді. Алғашқы салмақта шамамен 27 млн. тонна астық бастырылды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 3,4 млн. тоннаға артық. Экспорттық әлеует 7,5 млн. тоннаны құрайды», деді Б.Сағынтаев. Сөз ретінде Қытай тарапы Қазақстанның ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі өнімдеріне қызығушылық танытып отырғанына да тоқталып өтті. «Біз бұған дейін Қытайға еліміздің мал шаруашылығы өнімдерін жеткізбеген болатынбыз. Енді ҚХР тұрғындары органикалық өнімдерді тұтынуға сұраныс жасауда. Тиісті шешім Қытай компартиясының ОК пленумында қабылданып, олар Қазақстанның өнімдеріне айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. Көршілеріміз біз өндірген өнімдердің барлығын алатындықтарын мәлімдеді», деді Б.Сағынтаев. ҚХР тарапы өсімдік майларын, азық-түлік, кондитерлік өнімдерді сатып алуға ниет білдіруде. Осы орайда аталған елмен бұл бағытта тығыз сауда-саттық жүргізу қарастырылып отыр екен. «Естеріңізде болса, бұған дейін Қытай елі біздің дәнді дақылдарымызды қаптап әкелуімізді талап ететін. Бүгінде осы сияқты бірқатар кедергілер жойылып, Аспанасты еліне экспортталатын тауарларымыз вагондармен, яғни контейнерлермен, сондай-ақ, автомобильдермен де шығарыла беретін болды. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы саласындағы еңбеккерлеріміздің пайдасын молайтып, ынтасын арттыра түсетіні анық», деді ол. Оның келтірген мәліметтеріне сүйене отырып айтар болсақ, өнеркәсіп өндірістерін қолдау жөніндегі нақты шараларды дер уақытында қабылдаудың арқасында елде өндіріс көлемі төмендеген жоқ. Дегенмен, өнеркәсіп өндірісі 1,6 пайызға, тау-кен өндірісі 2,5 пайызға төмендеген. Мұнай өндіру көлемі – 1,7, көмір – 5, темір кені 22 пайызға төмендеген. «Бұл Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуіне байланысты жайт. Бірақ, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде 0,2 пайыз деңгейіндегі өсім қарқыны байқалады. Түсті метталургия өнімдерін шығару – 23,6, ал қара металлургия 0,9 пайызға өсті», деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Мұнай бағасының төмендеуі мен көрші Ресей елінде бензиннің арзан­дауы да ел экономикасының кідірістеуіне әсер етіп, өз кезегінде жанар-жағармай өнімдері көлемінің біршама жоғары болғанын айтты. «Бұл жағдайға байланысты бізде бірқатар мемлекеттік шектеулер болды. Атап айтқанда, Ресейден тасымалданатын жанар-жағармайдың көлемін қысқартуға тура келді. Сөйтіп, мұнай өнімдерін импорттауды азайта отырып, өзіміздің мұнай өңдеу зауыттарының баяулаған жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік бердік. Ал электр қуатын өндіру бойынша бұрнағы жылғы көрсеткішке жете алмасақ та қазіргі дағдарыс кезінде қанағаттанарлық деп айтуға ауыз барады», деді Б.Сағынтаев. Оның сөзіне қарағанда, елімізде өндірілген энергия қоры мол. Себебі, өткен жылдың көктем және күз айларының жылы болуы өндірілген энергияны үнемдеуге көп мүмкіндік берген. Сондай-ақ, ірі кәсіпорындар да бүгінгі таңда қуат көзін барынша үнемдеп жұмсайтын болған. Осы шаралардың арқасында резервтегі электр қуаты таяу уақытта тапшылық тудыра қоймайды. Өткен жылы құрылыс саласының өсімі 4,3 пайызды құрапты. «Құрылыс саласында біз оң динамиканы көріп отырмыз. Атап айтар болсақ, өсім 4,3 пайызды құрайды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы аумағы 2014 жылмен салыстырғанда 18,9 пайызға артып, шамамен 9 млн. шаршы метрге жетіп отыр. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру өсімі еліміздің барлық өңірлерінде байқалды десек те болады», деген Үкімет басшысының бірінші орынбасары, баспана құрылысы Алматы, Қызылорда облыс­тары мен Астана қаласында қарқынды жүргізіліп, өзге өңірлерге қарағанда, біршама жоғары болғандығын айрықша атап өтті. Көлік тасымалы мен инфра­құ­ры­лымды жаңарту жұмыстары жөнінде баяндаған Б.Сағынтаев бұл салалардағы оң нәтижелерді әңгімеледі. Сөйтіп, экономикалық мәселелерге қайта бұрылды. Қаржы секторындағы мәселелер жөнінде мәлімет бере келіп, 2015 жылғы республикалық бюджет түсімі 6,2 трлн. теңгені құрағанына назар аудартты. «2015 жылы республикалық бюджет түсімі 6,2 трлн. теңгеден асып, 4,4 пайызға өсті. 2015 жылдағы жоспардың орындалуы 105,6 пайызды құрады. Республикалық бюджет шығыстары жоспарды 99,8 пайыз орындап, 7,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл ретте 2014 жылмен салыстырғанда шығыстар өсімі 1,3 пайызды құрап отыр», деді ол. Өткен жылдың экономикалық қорытындыларын тізбектей келе Премьер-Министрдің бірінші орынбасары былтыр орындалған немесе бастау алған бірқатар тапсырмаларға тоқталды. «Бірінші кезекте «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ, оларды іске асырудың заңдық негіздері жасалды. Сөйтіп, ауқымды реформалар басталып кетті. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырыла бастаған дәл осы реформалар ел экономикасының драйвері болып табылады. Ал «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Мемлекет басшысы әрқайсымызға тиісті міндеттер жүктеді. Енді сол міндеттерді мүлтіксіз атқарып шығуға тиіспіз», деп жалғады сөзін Б.Сағынтаев. Былтырғы жылы экономиканың іркіліссіз алға жылжуына «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы негіз болғанын айтқан бірінші вице-премьер ауқымды жобаның жүзеге асырылу барысына қайта тоқталды. «2015 жылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 550 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі автомагис­тральдар мен теміржолдарды, сондай-ақ, жаңа әуе жолдарын ашуға жұмсалды. Оған қоса көптеген инфрақұрылымдарды жаңартып, жаңғырту жұмыстарына бағытталды. Бұлардың қатарында көліктік-логистикалық хабты құру ісі де бар», деді Б.Сағынтаев. Осы жобаларды іске асыру барысында 100 мыңға жуық адам жұмысқа тартылған. Осыны жеткізген ол, ағымдағы жылдан бастап қосымша шараларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға арналған арнайы қор бөлінетінін білдірді. «2016 жылы арнайы қорға 225,5 млрд. теңге сомасында қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржы жұмыспен қамту шараларын қолдауға, сондай-ақ, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржыландыруға және басқа да шараларға жұмсалатын болады», деді ол. Баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарындағы шикі мұнай өңдеу көлемінің біршама төмендеуінің де бірнеше себебін айтып өтті. «Мұның бірқатар объективті себебі бар. Өздеріңіз де білетіндей, рубль бағамының өзгеруі ресейлік мұнай өнімдері бағасының төмендеуіне әсер еткен болатын. Осыған байланысты біздің зауыттарымыздың резервуарлық парктерінде, сонымен қатар, қоймаларда өнім іркілісі байқалды. Бұл біздің мұнай өнімдеріміздің ресейліктерге қарағанда, біршама қымбаттауынан орын алған еді», деп түсіндірген Б.Сағынтаев, «Бұл біздерге зауыттарымызды жартылай босатуға мүмкіндік берді және зауыттарымыздың мұнай өңдеуін одан әрі қысқартуына жол бермеді», деп атап көрсетті. Мұнай бағасының құлдырауы жағдайындағы экономика дамуының сценарийі мен мемлекеттік бюджетті оңтайландыруға байланысты 19 қаңтарда Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтеді екен. «Мұнай бағасының қарқынды құлдырауы мен әлемдік нарықтағы келеңсіздіктерді ескере келе, Мемлекет басшысы Үкіметке мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 20 долларға құлдыраған жағдайда да Қазақстан экономикасын дамытудың мүмкін сценарийін әзірлеуді тапсырған болатын. Осынау сценарийлік болжамдар сейсенбі, яғни 19 қаңтар күні Үкімет жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында қаралады. Бюджет бойынша қатаң шешімдер қабылдауға тура келуі де мүмкін. Шығыстарға тексеру жүргізіліп, қаржыландырудың тиімсіз бағыттары айқындалады», деді Б.Сағынтаев. Бірінші вице-премьер «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы мен әлеуметтік сала шығыстары сақталатынын тағы да баса айтып, 2016 жылы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға 225,5 млрд. теңге көлемінде арнайы резерв бөлінгенін қайыра еске салды. Сөйтіп, аталған қаражат бірінші кезекте жұмыспен қамту іс-шараларын қамтамасыз етуге және «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының жобаларын жүзеге асыруға бағытталатынын айтты. Оған қоса, 2015 жылы Қазақ­станның агроөнеркәсіптік кешенінің кәсіпорындарын қаржылық сауықтыруға 65 млрд. теңге берілетініне тоқталды. «АӨК саласында көптеген құрылымдық реформалар жүргізілді. Бұл тұрғыда шағын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бірігуіне бөгет болған кедергілер жойылып, органикалық өнімдер өндірісін дамытуға жағдайлар жасалды. Алдыңғы қатарлы жетістіктерді пайдалануға қолдау көрсетілді. «ҚазАгро» холдингі арқылы АӨК-ті қолдаудың барша бағыттары бойынша 317 млрд. теңгеге тарта қаржы бөлінді. Оның ішінде 65 млрд. теңге кәсіпорындарды сауықтыру үшін қаржыландыруға берілді. Бұл өз кезегінде 2015 жылы 29 мыңнан астам адамның жұмыспен қамтылуына және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді», деді ол. Үкімет басшысының бірінші орын­басарының мәліметтеріне сүйенсек, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 203 млрд. теңгеге 15,5 мың несие берілген. «ҚазАгро» АҚ арқылы қаржыландырылатын жобалар 121 аудан мен 25 қалада жүзеге асырылып жатыр екен. Бұған қоса, құны 41,5 млрд. теңгені құрайтын 92 жоба іске қосылыпты. Белгілі бір уақыттан кейін Ұлттық қордағы қаражат таусылады деген жалған ақпаратты да Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жоққа шығарды. Ол бұл мәселеде қорқуға негіз жоқ деп сендірді. Сөйтіп, бүгінде қордағы қаражат мақсатсыз жұмсалып жатпағанын жеткізді. «Егер қазір біз Ұлттық қордағы қаражатты толық көлемде жұмсай бастасақ, соның ішінде теңге бағамын ұстап тұруға пайдалансақ, яғни еш мақсатсыз жұмсайтын болсақ, әрине, белгілі бір уақыттан кейін қордағы қаржы таусылады. Мемлекет басшысы да осыған көңіл бөліп отыр. Сондықтан Үкіметке Ұлттық қордағы қаржыны жұмсауға тыйым салды. Бұл ретте дағдарысқа қарсы жоспар қабылданды. Онда біздің әрбір қадамымыз айқындалған», деп сөзін нықтады ол. Бүгінде тек «Нұрлы Жол» бағдарламасы ғана Ұлттық қордан қаржыландырылатынын, сондай-ақ, оған халықаралық қаржы ұйымдарынан да инвестиция тартылып жатқанын айтты. «Сондықтан, менің ойымша, бүгінгі күні бізге белгілі бір уақыттан кейін Ұлттық қордағы қаражат таусылады деп алаңдаудың қажеті жоқ», деді Б.Сағынтаев. Елдегі жоспарланған жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанына тоқталған Үкімет басшысының бірінші орынбасары, Ақтау порты мен Құрық стансасындағы жетістіктерді, сондай-ақ, теміржол саласында атқарылған ауқымды істерді айтып өтті. Атырау мұнай-химия зауытының жаңғыртылып жатқанына назар аударып, онда өндірілетін өнімдердің сапасы мен ел экономикасына әкелер пайдасын атап көрсетті. Б.Сағынтаевтың негізгі баяндамасынан кейін баспасөз мәслихаты сұрақ-жауап бөліміне көшті. Жоғарыда атап өткеніміздей, брифингке Премьер-Министрдің бірінші орынбасарымен қатар Үкіметтің тағы бірқатар мүшелері – Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков, Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов, Энергетика министрі Владимир Школьник қатысып отырған болатын. Олар өткен жылдың экономикалық дамуының қорытындыларына байланысты тілшілер тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Әр министр өздері басқарып отырған салаға қатысты ақпараттармен бөлісті. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев өз кезегінде Қазақстан Үкіметі энергия ресурстарына әлемдік бағалардың төмендеуіне байланысты республикалық бюджет параметрлері мен макроэкономикалық көрсеткіштерді қайта қарауға көшкендігін атап өтті. «Біз Қаржы министрлігімен бірлесе отырып бұл жұмысты бастап кеттік. Мемлекеттік кірістер комитеті мұнай бағасының төмендеуіне байланысты мүмкін болатын кірістердің келмеуі бо­йынша қайта есептеуді бастады. Бұл жұмыс жалғасуда және сейсенбі күні өтетін Экономикалық саясат кеңесінің отырысында 2016 жылы экономика дамуының сценарийі талқыланып, республикалық бюджетті нақтылауға қатысты қабылдануы мүмкін іс-шаралар қарастырылады», деді Е.Досаев. Сондай-ақ, ол Парламентке 2016 жылдың республикалық бюджетінің жобасын ұсынған кезде мұнай баррелінің бағасы 40 доллар шамасында қарастырылғанын, бірақ қазір 40 доллар артта қалғанын еске салып өтті. Тіпті, таңертең мұнай бағасы 31 доллар шамасында болғандығын да мысалға келтіріп өтті. Сонымен қатар, министрдің айтуынша, 2014 және 2015 жыл көрсетіп отырғандай, мұнай баррелінің орташа жылдық бағасы 52 доллар шамасында болып отыр. Бағаның өзгеруі 35 пен 70 доллар аралығында болды. «Сондықтан, бізге қазір бұл үрдістерді бекітуге белгілі бір уақыт керек. Биылғы жылдың алғашқы екі айы мұнай бағасына қатысты жағдай қалай қалыптасатынын көрсетеді. Осыған байланысты біздің еліміздің дамуының макропараметрлерін қайта қарастыруға байланысты шешім қабылдаймыз. Оның ішінде бюджеттік параметрлер де қайта қарастырылады», деді ведомство басшысы. Сондай-ақ, ол инвестициялық банк­тер мен сарапшылардың болжамдары әртүрлі екендігін айтып өтті. «Жылдың соңында мұнай бағасы көтерілуі мүмкін, мұнымен қатар, оның бағасы 20 долларға дейін төмендеуі де ықтимал. Сондықтан, біз әлемдік нарықтағы фактіге байланыс­ты әрекет еткіміз келеді. Бұл ретте тиісті жұмыс аяқталғаннан кейін Үкімет алдағы уақыттың жоспарын хабарлайтын болады», деді министр. Е.Досаевтың айтуынша, бүгінгі таңда дағдарыстың себептері тек әлем экономикасындағы макроэкономикалық параметрлерге ғана емес, сондай-ақ, Қытай мен басқа да жетекші елдердегі өсу қарқынының төмендеуімен де байланысты. Алайда, сонымен қатар, мұнда америкалық доллардың нығаюы, дамушы елдерден инвестициялардың кетуі мәселесі және басқалар да әсер етеді. «Бұл ретте тиісті жұмыс аяқталғаннан кейін Үкімет алдағы уақыттың жоспарын хабарлайтын болады», деп толықтырды министр. Е.Досаев сондай-ақ, журналис­тер тарапынан жолданған дағдарыстық жағдайдағы Қазақстан ахуалына қатысты сұрақтарға өз пайымын білдірді. «Біздің елде болып жатқан жағдайларға өз жауапкершіліктеріңізді сезінесіздер ме?» деген сауал тек маған емес, барша Үкімет мүшелеріне қойылды деп ойлаймын. Қазақстан әлемнің бір бөлшегі атанғанына 25 жыл болды. Экономикада орын алып жатқан үдерістер бізде ғана емес, барша әлем елдерінде де болып жатыр. Дамыған елдерде дамудың төмендеуі байқалғанда, Қазақстан өткен жылғы көрсеткіштер бойынша өсім көрсетті. Ол алдыңғы жылдармен салыстырғанда аз, 2014 жылы 4,3 пайыз өсім болса, былтыр 1,2 пайыз өсім байқалды. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің қолға алып жатқан дағдарысқа қарсы шаралары мен барлық салаларда болған нәтижелер біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді», деді министр. Оның айтуынша, мемлекетте қолға алынған негізгі жобалар биыл одан да үлкен қарқынмен жүзеге асырылатын болады. «Дағдарысқа қарсы жоспарда көрсетілген мәселелердің барлығын тармақ-тармақ бойынша орындайтын боламыз. Біз мұнай бағасының құлдырауына қатысты түзетулерді айтып отырмыз. Даму сценарийлері бар, біз қазір жоспардың барлығын жаңартып жатырмыз», деп атап өтті Е.Досаев. Ұлттық экономика министрі зей­нетақы қорларына қатысты туындаған сұрақтарға да жауап берді. Оның мәлімдеуінше, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаттары қайда жұмсалатыны ақпан айында анықталмақ. «2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, Ұлттық қорды басқару мен БЖЗҚ басқару кеңестері біріктірілді. Зейнетақы қорындағы қаражаттарды қайда инвестициялау қажеттігі туралы шешім көп ұзамай қабылданады. Меніңше, бұндай шешім ақпанда қабылдануы да мүмкін. Сол кезде кеңес отырысы өтеді. Онда Ұлттық банк пен Үкімет 2016 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаттарын қайда бағыттау керектігін анықтайтын болады», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе жаңа жылға дейін де бірнеше мәрте қаралған. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен екінші деңгейлі банктердің теңге өтімділігін қолдау бойынша ұсыныстары мен қайда инвестициялау қажеттігі туралы мәселелер талқыланды. Себебі, ол – Үкіметтің, Ұлттық банктің қаражаты емес, біздің зейнеткерлеріміздің, xалқымыздың ақшасы. Сондықтан, инвестициялардың міндетті табысы жеткілікті деңгейде болуы тиіс. Екінші мәселе – оның қауіпсіздігі. Сол себепті бұл мәселеде өте салмақты шешім шығаруға тырысамыз. Экономиканың нақты секторларын қаржыландыру мүмкіндіктері едәуір үлкен. Ұлттық банкпен жұмыс жалғасуда. Біз барлық аймақтардан барлық ұсыныстарды жинадық. Қазіргі уақытта жобаларға зейнетақы қорынан бөлінетін қаражат көлемі анықталып жатыр», деп атап өтті министр. Теңге құны төмендегеннен бері елді мазалаған тағы бір мәселе салымшылардың банктердегі депозиттерінің, жинаған қаражаттарының жайы болатын. Осыған байланысты тілшілер министр назарына «Халықтың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі салымдарының жайы қалай болып жатыр?» деген сұрақ қойды. Бұл ретте, Е.Досаев теңгенің әлсіреуіне байланысты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымдары бойынша өтемақы төлеу екі транш арқылы – жалпы 60,9 млрд. теңге сомамен 2016 жылдың шілдесінде және 2017 жылдың қазанында жүзеге асырылады, деп мәлімдеді. «Төлемдер 2016 жылдың шілдесінде және 2017 жылдың қазанында екі транш арқылы жүзеге асырылып, өтемақы төленеді. Өтемақылардың жалпы көлемі немесе бар сомаға пайыздық қатынаста 35,5 пайызды құрайды», деді ҰЭМ басшысы. Министр айтып өткендей, өткен жылдың соңында Экономикалық сая­сат жөніндегі кеңесте қабылданған салымдарға өтемақы төлеу бойынша тиісті шешім бүгінде «Бәйтерек» ұлттық холдингімен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірге және Үкімет аясында пысықталуда. Бүгінгі таңда 20 тамызға бекітілген сома – 171 млрд. теңге, бұл сол уақыттағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ клиенттері салымдарының сомасы. Министрдің мәліметінше, өтемақының жалпы көлемі 60,9 млрд. теңгені құрайды, олардың ішінде 24 млрд. теңгені 2016-2017 жылдары ТҚЖБ табыс­тарымен өтемақы төленеді деп күтілуде. Қалған қаражат, Е.Досаевтың айтуын­ша, Үкімет резервінен биыл және келесі жылы, барлығы 36,9 млрд. теңге түспек. Әлемдік дағдарыс жағдайында сыртқы экономикалық байланыстар немесе ірі кәсіпорындардың ахуалы ғана емес, негізінен қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы айрықша Үкімет назарында болуы маңызды. Әсіресе, бюджеттің ықшамдалып, қысқарып жатқан шағында халықты қиындық қыспағына салмай алып шығу Үкімет алдындағы аса маңызды міндеттің бірі. Осыған орай журналистер «Бюджеттің қысқаруы қыстың көзі қырауда туындайтын кейбір төтенше жағдайлардан шығу кезінде қиындықтар тудырмай ма?» деген сауал тастады. Бұл ретте министр елімізде биыл коммуналдық жүйелерді, инфрақұрылымдық нысандарды қаржыландыру бағыты қысқармайтындығын жеткізді. «2015 жылы екі бағдарламадан қаржы бөлінді, біріншісі – «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында 60 млрд. теңге, екіншісі –«Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бағытында 66,2 млрд. теңге. Биыл қосымша «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы 90 млрд. теңге қарастырылып отыр. Осы қаражаттың барлығы жергілікті әкімдіктерге трансферттермен келіп жатыр», деді Е.Досаев. Бұдан бөлек, екі жыл бұрын басталған жұмыстардың аясында Дүниежүзілік банкпен, Еуропа Қайта құру және даму банкімен келіссөздер тұрғысында 153 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржы 2017 жылға дейін бөлінеді. «Осы қаражаттың барлығы еліміздегі коммуналдық саладағы құрылыстарына бағытталады. Мұнайдың бағасы түсе берген жағдайда бюджетте қандай өзгерістер болатынын алдағы уақытта көреміз. Дегенмен, 2016 жылға «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы қамтылған 90 млрд. теңге қысқартылмайды», деп түйді министр өз сөзін. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов та Ұлттық қорға қатысты алаңдаулы сұраққа өз тарапынан жауап қатты. «Ұлттық қордың қаржысын «жеп қою» қаупі жоқ. Атап айтқанда, Ұлттық қордың қаржысын басқарудың нақты жұмыс істеп тұрған тұжырымдамасы бар, сонымен қатар, біз ұстанып отырған белгілі бір шектеулер мен лимиттер ескерілген», деді министр. Мұнымен қоса, Ұлттық қор жұмысының тетігіне тоқталған ол, оған мұнай-газ секторынан түскен барлық табыстар бағытталатынын және белгілі бір көлемде одан қаржы алынатынын жеткізді. «Биыл біз плюс 15 пайыз ережесінен бас тарттық, яғни Ұлттық қордың қолданыстағы тұжырымдамасы бойынша тек 8 млрд. доллар көлеміндегі қаржыны кепілдендірілген трансферт қаражаты түрінде аламыз. Өткен жылы бізге 1,8 трлн. теңге түсті, 1,7 трлн. теңге кепілдендірілген трансферт түрінде пайдаланылды. «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыруға мақсатты трансферт қаржысы жұмсалды. Яғни, бұлар дағдарысқа қарсы шаралар болып табылады. Егер де Ұлттық қорға келетін түсім нөлге тең болса да, біз онда шоғырланған қаржыны тез арада шығындамаймыз, себебі, бізге Ұлттық қор қаржысын пайдалану бойынша қадамдарды қайта қарастыру мақсаты жүктелді және осы жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді Б.Сұлтанов. Б.Сұлтанов жекешелендіру жұмыстарына қатысты да бірқатар маңызды ақпараттармен бөлісті. Министрдің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда мемлекеттік ұйымдардың саны 25893-ті құрайды. Олардың баланстық құны 9 трл.теңге. Мемлекеттік активтердің үлесі ішкі жалпы өнімнің 43 пайызын құрайды. Біздің мақсатымыз оны 2020 жылға дейін 15 пайызға төмендету. Мемлекеттік ұйымдардың ішінде саны жағынан ең көбі – коммуналдық кәсіпорындар – 22 мың. Жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде екі жылдың ішінде 241 нысан сатылды. Сондай-ақ, осы аралықта 399 нысан таратылды, 217 нысан қайта құрылды. Жаңадан 208 кәсіпорын ашылды. Екі жыл ішінде республикалық кәсіпорындардың саны 17 пайызға қысқарды. Бірақ керісінше, коммуналдық кәсіпорындар 8 пайызға өсті. Бұлар негізінен жаңадан пайда болған әлеуметтік нысандардың есебінен көбейді. Жекешелендірілген кәсіпорындардың жұмысшыларына қатысты айтатын болсақ, еңбек қатынастары меншік түріне қарамастан Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі. Барлық жұмысшылардың құқықтары толықтай сақталған. Бұған тағы да қосымша айтатынымыз, кәсіпорынды тиімді басқару дегеніміз – ол осы кәсіпорынды одан әрі дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жалақыны көбейту. Өткен тәжірибеден сабақ алу бойынша, нысандарды сату бойынша және олардың сату мерзімінің ұзақтығы бойынша проблемалар болды. Бұл проблемалар талданды және заңнамалық өзгерістер енгізілді. 2015 жылы 4 желтоқсанда жекешелендіру үдерісіндегі кейбір шектеулерді алып тас­тайтын және осы үдерісті тездететін түзетулерді қарастыратын «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға қол қойылды. Бұл түзетулер бойынша нысанды баланстық құнынан төмен сату, бірақ әділ нарықтық баға бойынша, сауда-саттыққа үш рет қойылғаннан кейін мәжбүрлі тарату, хабарландыру мерзімін қысқарту және халықаралық консультанттарды қатыстыру қарастырылған. Сонымен бірге, тікелей атаулы сату құқығы енгізілген және кәсіпорындарды сатқан кездегі қосымша шарттар алынып тас­талды. Жариялылық пен ашықтық әділ жекешелендірудің кепілі болып табылады. Не сатылып жатыр, қандай бағамен сатылып жатыр, сондай-ақ, сатылатын компаниялардың есептілігін gosreestr.kz. веб-сайтынан көруге болады. Қаржы министрі сондай-ақ, жекешелендіруден кейін кәсіпорындарда жұмыс орындарын қысқарту болмайтынын алға тартты. «Жекешелендірудің әрбір нысаны бойынша ерекше жағдайлар қабылданады, яғни әр кәсіпорынның ерекшеліктері қарастырылады. Бірінші кезекте кәсіпорын қызметінің бағытын, сондай-ақ, әрине, жұмыс орындарын сақтап қалу мәселесі қарастырылады. Атап айтқанда, кәсіпорынның жаңа серіктесі немесе жаңа иесі айқындалғанда жоғарыда айтылған ұстанымдар ең бастылардың бірі болып табылады», деді Б.Сұлтанов тілшілердің сауалына жауап беру кезінде. Қазақстанда 2015 жылдың қоры­тындылары бойынша инвестиция­лар көлемі 30-40 пайызға төмендеуі мүмкін. Ал бұл жөнінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті. «Әлемдік экономикада болып жатқан жаһандық сын-қатерлер әлемдегі инвестицияларға да әсер етеді. Тікелей инвестициялар қауіпсіз нарықтарға ойысып жатыр. Дамыған елдерге ағылуда. Сондықтан дамушы елдерде инвестициялар көлемі кеміп отыр», деді Ә.Исекешев. Оның сөзіне қарағанда, бұл үдеріс Қазақстанға да кері әсерін тигізді. «Былтырғы жылғы статистика жоқ, дегенмен инвестициялар бойынша 30-40 пайыз төмендеу болады деп болжап отырмыз», деді министр. Алайда оның сөзі бойынша, индустрияландыру аясында жасалған жұмыстар оң нәтижелерге әкелді. «Бізде инвестициялар негізінен мұнай-газ, тау-кен саласында – 70 пайыз, құрылыста 50 пайызға төмендеу болды. Өңдеуші салада ахуал тәуір, шамамен 10 пайызды құрады», деп атап өтті министр. ИДМ басшысы мәлім еткеніндей, соңғы жылдары Қазақстан инвестицияларды тарту бағытында қыруар жұмыстар атқарып келеді. «Бізде барлық деңгейлерде жұмыс жолға қойылған. Елде ұлттық инвесторлардың көмегімен 150 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, олар Қазақстан үшін жаңа салалар болып табылады», деді Ә.Исекешев. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдық жобалары бойынша жұмыс түзетілуі мүмкін жоспарға сәйкес жалғасады. «Жаңа сынақтарды ескере отырып, нақты бір бейімделу болатыны түсінікті, түзету болуы да мүмкін, бірақ жалпы барлық осы жобалар бойынша жұмыс кестеге сәйкес жалғасады», деді Ә.Исекешев. Сонымен қатар, министрдің айтуынша, әртараптандыру саясаты екі қағидаға негізделеді. Бірінші – бұл кезеңмен жүзеге асыру, екіншісі – жаңа сынақтарға сәйкес жаңа тетіктер мен қағидаттар енгізу. «Осы жылы біз дәстүрлі салаларды жаңғырту жұмысын жалғастыратын боламыз, ол жоғары өнімділікке ие тауарлардың жоғары бағасына әсер ету арқылы жүзеге асырылады. Бізде әрбір кәсіпорын бойынша нақты қадам мен жоспар бар», деді ол. Сонымен қатар, министр жаңа индустрияларды құру жүргізіліп жатқандығын айтты. «Бірінші бесжылдықта басталған инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Бұл химиялық тыңайтқыштар бойынша саланы Жамбыл, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жалғастыру, Атырау облысында мұнай химиясы саласын дамыту, Алматы және Маңғыстау облыстарында көлік-логистикалық саланы дамыту, металлургияның жекелеген түрлерін дамыту. Осылардың әрқайсысы бойынша нақты жоспар мен инвестор бар», деді ИДМ басшысы. Энергетика министрі Владимир Школьник өз кезегінде мұнай бағасындағы өзгерістер кен орнын пайдалану құқығын алу мен геологиялық барлауға қаржы салу бағытындағы дүрлігуді төмендеткенін атап өтті. «Дегенмен де, біз мұнай-газ секторында геологиялық барлауға жариялаған тендерде инвесторлар бар екенін көріп отырмыз. Келісімшарттар қарастырылып, бекітіліп жатыр. Атап айтқанда, қазіргі төмен бағаға қарамастан, адамдар геологиялық барлауға барып жатыр», деді министр. Мысал ретінде ол Теңіз кен орнын кеңейтудің екінші кезегі бойынша құрылыс жұмыстарына тоқталды. «Қазіргі кезде осы жобаны бекіту туралы мәселені шешіп жатырмыз. ТШО-ны кеңейтуде алдағы бес жылда 38 млрд. доллар инвестиция салынады», деді министр. «Биыл Қашаған жобасын іске асырамыз. Келесі жылдан бастап, ол мұнай өндіру көлеміне өз үлесін қоса бастайды», деді В.Школьник. Оның мәліметтері бойынша, Қашағанда алғашқы жылы 7 млн. тонна мұнай өндіріле бастайды, келесі жылы – 11 млн. тонна, ал одан кейінгі кезеңдерде 13 млн. тонна мұнай шығарылмақ. Сонымен қатар, министрдің атап өткеніндей, биыл Қазақстан 77 миллион тонна мұнай шығаруды жоспарлауда. Еске салсақ, Қашаған кенішіндегі мұнай өндірісі 2013 жылдың 11 қыркүйегінде бас­талады деп жоспарланған болатын. Алайда 24 қыркүйекте кеніштегі өндіру жұмыстары қайта тоқтады. Ондағы газ құбырлары жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Қашағанның геологиялық қоры 4,8 млрд. тонна мұнайды құрап отыр. Жалпы, 38 миллиард баррель мұнай мен 1 триллион текше метр газ қоры жинақталған. Қарашығанақты кеңейту жобасына 12 млрд. доллар инвестиция салынған. «Қарашығанақтың екінші кезеңі 2017 жылы басталады. Каспий құбыр желісі концорциумы бойынша мұнай тасымалдауды 67 млн. тоннаға дейін шығарудамыз. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының аяқталуы күтілуде. 2017 жылы 10 млрд. текше метр­ге дейін газ тасымалдау жоспарланып отыр», деді министр. В.Школьник сондай-ақ, сөз арасында елді мекендерді газдандыру туралы да біраз мәліметтермен бөлісті. 2018 жылға дейін 430 мыңнан астам қазақстандық газбен қамтылады. Қазіргі уақытта 14 аймақтың 10-ы газбен қамтамасыз етілген. Яғни, халықтың 42 пайызы газ игілігін көріп отыр. Министр қазіргі уақытта ведомство «ҚазТрансГаз» компаниясымен бірге елді газдандыру бойынша мәселені шешіп жатқандығын атап өтті. «Бюджеттен газдандыру жұмыстарына 10 млрд. теңге бөлінді және біздің ұлттық компания ОҚО, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы жүйелерді жаңғыртуға қосымша 93 млрд. теңге инвестиция бөліп отыр», деп нақтылады В. Школьник. Энергетика министрінің хабарлауынша, 2016-2018 жылдары бюджеттен 66 елді мекенді газдандыруға қаражаттар қарастырылып отыр. «Ол ең бірінші кезекте Ақтөбе, БҚО, ОҚО, Қостанай облыстарындағы елді мекендер. Шамамен 160 мың адам газбен қамтылады. Оның үстіне ұлттық компания есебінен 2018 жылы тағы 270 мың адам көгілдір отынға қол жеткізетін болады», деді В.Школьник. Өткен жылдың экономикалық дамуының қорытындыларына қатысты баспасөз мәслихатында мәлім болған деректерді саралай келсек, еліміздің ахуалы орнықты, бастысы – өсім бар. Иә, қазіргі таңда аузын айға білеген алып мемлекеттердің өзінде экономикалық өсім аз, тіпті, керісінше төмен құлдырап жатыр. Ал мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі көптеген елдерге үлкен ауыртпалық әкеліп отырғаны анық. Соған орай, биыл бүкіл әлемде экономикалық өсімнің баяулауы байқалды. Мысалы, Дүниежүзілік банктің осы жаңа жылдан кейінгі болжамдарына сүйенсек, әлемдік экономика өсімі 2,9 пайызды межелеп отыр, бұл өткен жылғыдан 0,4 пайызға төмен. Ал мұнай бағасының әзірге көтерілер түрі көрінбейді. Тіпті әлемдік сарапшылар алдағы уақытта мұнай бағасы 20-30 долларға дейін құлдырайтынын айтуда. Осы ретте, көрші елдердің де экономикалық өсімі көңіл көншітпей отырғанын айта кетпесе болмас. Мәселен, Қытай Халық Республикасының халықаралық қоры 2015 жылы рекордтық көрсеткішпен 512,6 млрд. доллардан 3,33 трлн. долларға дейін қысқарған. Ал бұл Қытай экономикасындағы ахуалдың едәуір қиындағанын білдіреді. Көрші Ресейдің де жағдайы онша емес. Олар қазірдің өзінде мұнай бағасының одан әрі төмендеуіне дайындалып, бюджетті 10 пайызға дейін қысқарту шараларына әзірленуде. Біздің елдің Үкіметі де мұнай бағасының құлдырауына сай бюджет бағдарламасын өзгерткелі отыр. Жалпы алғанда, 2015 жылдың экономикалық даму қорытындылары әлемдегі қиындықтарға қарамастан, еліміз еңсесін түсірмей, қайта өсіммен жоғары өрлегенін алға тартты. Ал алдағы жылдың ауыртпалығы биылғыдан да басым болатыны жөнінде болжамдар айтылуда. Алайда, біздің Үкімет ол жағдайдан да жақсылықпен шығатын жоспарларын әзірлеп жатыр. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».