19 Қаңтар, 2016

ФИФА Блаттерге жалақы төлеуін тоқтатқан жоқ

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
19-01-2016-blatter 01АСТАНА. 19 қаңтар. Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) бұрынғы президенті Йозеф Блаттер футбол саласында қызмет атқаруға тыйым салынғанына қарамастан, аталған ұйымнан әлі жалақы алып келеді. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Өткен жылдың желтоқсан айында ФИФА-ның этика жөніндегі комитеті 1998 жылдан бері ұйымды басқарып келген Блаттерді футболдан 8 жылға аластау туралы шешім шығарған болатын. Одан бөлек, ФИФА-ның вице-президенті, Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) басшысы Мишель Платини де сондай мерзімге шеттетілді. Аталған комитетке қарасты тергеу палатасының баспасөз-хатшы Андреас Бантел мәлімдегендей, Блаттердің жалақы алуы ешқандай заңға қайшы емес. Бұл жөнінде ол: «Ұйымның жаңа президентін сайлау 26 ақпанда өтеді. Ал ол мерзімге дейін Йозеф Блаттер ФИФА-ның заңды түрде сайланған президенті болып саналады. Сондықтан келесі сайлауға дейін ол келісімшартта көрсетілгендей жалақы алып тұруға толық құқылы», – деді. Өткен жылдың қыркүйек айында Швейцария прокуратурасы Платинидің есепшотына 2 млн. Швейцария франкін аударғаны үшін Блаттерге қатысты іс қозғаған еді. Ақша 2011 жылы аударылған. Бұл француздың 1999-2002 жылдар аралығында көрсеткен қызметі үшін төленген қаржы. Алайда, қос тарап бұл әрекеттерін қағаз жүзінде бекітпеген. Айта кетейік, бүгінде Блаттер мен Платиниден жемқорлыққа қатысты тағылған барлық айып алынып тасталды. Алайда, олардың екеуі де сыйлық қабылдау, адалдық, жалпы тәртіп ережелері, мүдделер қақтығысы сынды ФИФА-ның этика кодексіндегі кейбір тармақтарды бұзғаны үшін кінәлі деп танылып отыр. Еламан Қоңыр. Дерек: reuters.com. Сурет: gazeta.ru.